Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
2
22:15, 13 марта 2016

Наурыз мейрамын жаңаша өткізудің тұжырымдамасынан

Blog post image

Наурызды ежелгі түркілік онекімүшелдік күнтізбеге қатыссыз қарай алмаймыз. Бұл мерекелік рәсім – аталған дүниетанымға негізделген Уақыт пен Кеңісті әмбебап онекімүшелдік жүйеге жіктеудің бір көрінісі

3. Наурыз бен түркілік миф
Жалпы алғанда, түркілік ғаламдық танымды паш ететін мынадай мифтік көріністен аттап өтуге болмайды. Ол көрініс мифологиялық арқау ретінде түркілік ертегілерге тән болып келеді. Айдалада бәйтерек өсіп тұрады, оның басына ұя салған самұрық құс тұрады екен, бірақ самұрықтың балапандарын жалмайтын айдаһар бәйтеректің түбінде мекендейді. Сөйтіп, айдаһарды өлтіретін асқақ батыр туылмайынша, самұрық бұл тажалдан құтылмайды екен. Батыр туылады, айдаһармен айқас болады, жігіт жеңеді, самұрық оның мұратына жетуге қызмет етеді. Міне, бұл – типтік мифологиялық арқау.

Blog post image

Бұл жерде әңгіме әдеттегідей Жақсылық пен Жамандықтың күресі турасында емес, ғалам мен адамның қарым-қатынасы жөнінде. Бәйтерек – адамзаттың арманы, аңсары, Көкке өрлеу жолы, ғұмыры. Бәйтерек – түркілік танымдағы ғаламдық ағаш. Ал, бәйтеректі орап жататын жылан кейіпті жеті басты айдаһар – Уақыт. Айдаһардың жеті басты болуы оның о бастан аса жетілген ғаламдық құдыретті дүлей (стихия) екендігінде. Жеті санымен түркілер құдыретті кемелдікті таныған. Ал, самұрық – Бақ құсы, адамның мұраты, арманға жеткізер «көлігі»! Уақыттың талай тажалына төзген адам ғана мұратқа жетеді, Көкке самғайды, Жоғарғы әлемге тиесілі деген даналық жатыр бұл әфсанада. Міне, осы мифарқаудағы бәйтерек Наурыз рәсімінде Йол (жолтерек, бақан) ретінде кейіптелсе, ал айдаһардың рөлін «йолды» айнала тізбектелген адамдар атқарған. Бұл кейін христиандық Туылыс/Рождество мейрамының ғұрпы мен атрибутына айналды. Бір қызығы, қол ұстасқан адамдар он екі айдың немесе он екі мүшелдік жылдың болмаса үш жүз алпыс бес күннің кейпінде билеп айналған деп топшылаймыз. Мұндағы Жер мен Көкті жалғаушы Бәйтерек – Кеңістің бейнесі де, ал айдаһар – Уақыттың кейпі. Кеңіс геометриялық жағынан (ұзындық, ендік, биіктік) үшөлшемді болса, ал мифтік кеңіс те үшөлшемді: жоғарғы (бас), ортаңғы (бел), төменгі (аяқ). Біз атаған мифологиялық аңыз бен Наурыздың мазмұны барынша жуық. Бұл аңыз, адам көзімен қарағанда жауыздық пен бауырлықтың арбасуы болғанымен, түпкі идеясы ғаламдық үйлесімді паш ету. Міне, Наурыз – сол үйлесімге қызмет етудің басты рәсімі еді.

4. Наурыз бен түркілік күнтізбе
Адам баласы Уақытты есептеу мен бағалай білгеннен бастап, бейнелі ойлау қабілеті туған сәттен Наурызды мерекелеу қажеттігі туындаған болар. Бізді осындай ойға жетелейтін бес мың жыл бұрынғы Алматының солтүстік батысындағы 170 шақырым жердегі Аңырақай тауындағы жартаста қашалған ежелгі суреттер. Онда жер бетілік мақұлықтардан бірнеше есе ірі екі тұлға бейнеленіпті: оң жағында күндидарлы адамкейіпті киелі тұлға бері қарап тұр, бұл «Тәңір» аталып жүрген жарқын күш болса керек, оның сол жағында әрі қарап, түндидарлы сайтанкейіпті – Ыңыр (Іңір – бұл қазақтарда күн батқаннан кейінгі кеш түскен уақытты білдіретін ұғым түрінде қалған); олардың ортасында сағат тіліне қарсы бағыт бойынша Сиыр жылының төрт маусымы бейнеленген: жаңа туған бұзау, оның үстін ала баспақ жайылып тұр, ал оның сол жағында семіз де мүйізі қарағайдай ірі бұқа Тәңірге қарап тұр да, оның астын ала мүйізі түскен, ауру да көтерем сыйыр тәлтіректеп тұр. Бұл сәйкес түрде бейнеленген жылдың төрт мезгілі – көктем, жаз, күз және қыс. Бұлардың бәрінің астында түрлі айуан бейнесіндегі он екі адам билеп жүр. Бұл – ежелгі наурыз мерекесінің рәсімі, жоралғысы! Бұл – сиыр жылының Наурызын мейрамдау көрінісі! Бұл – Күн мен Түннің теңесу сәті.

Blog post image

Наурызды ежелгі түркілік онекімүшелдік күнтізбеге қатыссыз қарай алмаймыз. Бұл мерекелік рәсім аталған дүниетанымға негізделген Уақыт пен Кеңісті әмбебап онекімүшелдік жүйеге жіктеудің бір көрінісі. Бұл жүйе бойынша адам мен айуан денесінің он екі мүшеден тұруы ғаламдық құрылымның он екілік жүйесінен алынған.

Толығырақ оқу


2
3727
0