Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
22:08, 24 января 2016

Қазақстандағы поляк ұлтының өкілдері: қалыптасу тарихы мен бүгіні

Blog post image

Аймақтағы саяси тұрғыда айдауда болған поляк ұлты өкілдерінің арасында сауатты азаматтардың саны көп болатын Қазақстан – жүз отыздан астам ұлт өкілдері береке мен бірлікте өмір сүріп жатқан жас мемлекет.
Мемлекетіміздің көпұлтты бейнесінің қалыптасуына өзіндік үлесі қосушы әрбір диаспораның қазақ жеріне түрлі жағдайда, тағдырдың тәлкегімен қадам басқандығы бүгінде баршаға белгілі.  Қазақстанның көп ұлтты, көп конфессиялы қоғамында өмір сүріп жатқан түрлі халықтың арасында поляк ұлты өкілдерінің де өзіндік орны бар.  Қысқаша ақпарат беретін болсақ, поляктар – славян текті, оның ішінде батыс славян тіл тармағына жатқызылатын, басым көпшілігі христиан дінінің католик тармағын ұстанатын еуропалық халық. Халықтың негізгі көпшілігі тарихы отаны Польша аумағын мекендейді [23, 382-б.].  Бүгінгі күні әлемнің көптеген мемлекеттерінде өмір сүріп жатқан поляк диаспорасы жалпылама «Полония» атауымен белгілі. Қазақстандық поляктардың қалыптасуы – түрлі саяси жағдайда жүзеге асқан, ұзаққа созылған күрделі үдеріс. Аталған тақырып аясын мейлінше аша түсу, мүмкіндігінше кешенді қарастыру мақаланың басты мақсаты болып табылады. Қазақстан мен Польша шалғай орналасқан елдер болғандықтан, поляк халқы өкілдерінің қазақ даласын мекендей бастауы негізінен Ресей отаршылдығы дәуірінде басталып, советтік кезеңде аяқталды. Сондықтан, «поляк иммиграциясын» Польшаның, Ресей мен Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы шеңберінде байланыстыра қарастыру қажет.  Қазақ даласына поляк ұлты өкілінің алғаш аяқ басуы ХІІІ ғасырда тіркелген. Атап айтқанда, 1245-1247 жылдары Джованни да Пиан дель Карпини елшілігінің құрамында вроцлавтық монах, францискандық Бенедикт Поляк (Бенедиктус Полонус) та өткен болатын. Арал далалары, Сырдария және Іле алқабы, Балқаш көлі арқылы өткен поляк ұлтының өкілі еуропалықтардан алғашқылардың бірі болып, алыстағы көшпенділердің жері, оның ұшы-қиыры жоқ кеңдігі, жат өлкенің табиғаты, көшпенділердің киіз үйі мен тұрмысы хақында қызықты ақпараттар қалдырған [37, 7-8-бб.].  ХVI-XVIII ғғ. аралығында Еуропа құрлығының Орталық және Шығыс аймағында, қала берді құрлықтың саяси өмірінде Польша мен Литваның бірлескен Речпосполита мемлекеті маңызы рөлге ие болды. Бірақ, XVIII ғасырдың екінші жартысынан қуатты мемлекеттің әлсіреуі басталып, көшілес орналасқан Австрия, Пруссия және Ресей сынды алпауыт бәсекелес мемлекеттер оның аумағына көз аларта бастады.  Бір кездегі қуатты мемлекеттің, өз бәсекелесінің әлсіреуіне Ресей мүдделі болды. Петр І билігі тұсында (1689-1725) Ресей Еуропаның перифериясындағы мемлекет деңгейінен күрт күшейіп, маңызды саяси ойындардың тікелей қатысушысына айналды [1, 144-б.]. ХVIII ғасырдың ортасынан көрші орналасқан Ресей, Пруссия мен Австрия сынды мемлекеттер өздерін католик діні басымдыққа ие ел аумағында діни азшылықтың құқығын қорғаушылар ретінде көрсетіп, түрлі сылтаулармен поляк-литов мемлекетінің ішкі істеріне араласуын бастайды.  Сыртқы күштердің ықпалына уақытылы тойтарыс беру мақсатында елдегі ішкі күштер де белсенділік таныта бастады. 1768 жылы Подолиядағы Бар қаласында (қазіргі Украинаның Винница облысындағы қала) дінді және Речпосполитаның Ресейден тәуелсіздігін қорғау мақсатында конфедерация құрылды. Конфедерация ел тәуелсіздігі жолында бірқатар жетістіктерге қол жеткізгенімен, тұтас алғанда жеңіліске ұшырады [1, 150-151-бб.]. Бар конфедерациясына қатысушылар Ресей тарапынан қатаң жазаланып, бірқатары Сібірге, оның ішінде қазіргі Қазақстан және іргелес аумақтарға жер аударылды.  Сібір – аймақ ретінде поляк ұлтының санасына берік енген ұғым. Себебі, Сібір 1770 жылдардан бастап тұтқындағы поляктарды айдауға жіберетін орын ретінде орнықты [26, 325-б.].  «Поляк мәселесі» Еуропа құрлығының күн тәртібіне шығарылып, Речпосполитаның ішкі саясатына ашық араласа бастаған Ресей, Пруссия мен Австрия уақыт өте өз саясаттарын белсендіре түсті.  1772 жылы үш мемлекет Речпосполитаны бөліске салу туралы келісімді жасасты. Аталған келісім негізіндегі алғашқы бөлініс барысында Речпосполита, бөліске қатысушы мемлекеттер пайдасына өз аумағының үштен бірінен, халқының 30%-ынан айырылғанымен, мемлекет ретінде өмір сүруін жалғастыра берді [1, 151-б.].  1791 жылы 3 мамырда Речпосполитаның мемлекеттік құрылымын ел халқының мүддесіне сай түбегейлі өзгерткен жаңа заң – конституция қабылданды. «Көршілершілер жауабы» да көп күттірмейді. Араға жыл сала поляк оппозициясының сұрауымен орыс әскерлері Украина мен Литва аумақтарына (аталған елдердің аумағы негізінен Речпосполита құрамында болатын) басып кірді, бірақ Речпосполита әскерлері тарапынан табанды қарсылыққа кезікті. Солтүстік пен батыстан енген прусс әскерлері де көп жерлерді басып алды.  Қалыптасқан жағдай поляк қоғамындағы патриоттық топтың ар-намысын таптады. Көтеріліс ұйымдастарылып, оның басшылығына Рыцар мектебінің өкілі, Америка тәуелсіздігі үшін болған соғыстың батыры Тадеуш Костюшко келді. Бірақ бірқатар жетістіктері мен жеңістеріне қарамастан, көтерілісшілер Ресейдің тұрақты әскерлерінің тегеурініне төтеп бере алмады. Мемлекеттің астанасы беріліп, көтеріліс жеңілді. Офицерлердің бір бөлігі эмиграцияға кетсе, екіншілері қатаң бақылауға алынды. Ал қатардағы көтерілісшілердің едәуір бөлігі Сібірге жер аударылып [1, 157-161-бб.], жекелегендері орыс әскелерінің қатарын толықтырды [2, 325-б.].  Речпосполита аумағындағы әскери қимылдар барысында Австрия, Пруссия мен Ресей мүмкіндігінше көп жерлерді басып алуға тырысты. 1795 жылы Речпосполитаны бөліске салудың үшінші келісімі бекітіліп, оның барысында поляк-литов біріккен мемлекеті халықаралық қатынастардың дербес субъектісі ретінде өмір сүруін тоқтатты [1, 162 б.]. Осылайша, поляк халқы ұзақ жылдарға өз тәуелсіздігінен айырылды.  Үш мемлекет басып алған аумақтарда тиісті мемлекеттік заңдар мен әкімшілік басқару жүйесін орнатып, қолданысқа өз тілдерін енгізе бастады. Он жылдан астам тәуелділікте өмір сүрген поляк халқының тәуелсіздік алуға қатысты үміттерін саяси сахнаға жаңа шыққан Наполеон Бонопарт қайта жаққандай болды.  Француз армиясы Пруссияға қарсы әскери қимылдарын бастаған тұста поляктардың ерікті әскери бөлімдері құрыла бастады. Қысқа мерзімде поляк әскерлерінің саны 30 мыңнан асып, соғыс тағдырына едәуір ықпал етті. Нәтижесінде, Наполеон уақытша үкімет – Билеуші комиссияны құрды. 1807 жылы Варшава княздығы құрылып, конституциясы бекітілді. Билікке саксон королі Фридрих Август келді.  1812 жылы Ресейге қарсы соғысты бастаған Наполеон Речпосполитаның бұрынғы барлық аумақтарын қайтаруға уәде етті. Ресейге қарсы соғыста Наполеон әскері сапында 70 мың поляк жауынгерлері соғысты [19, 235-б.].
Blog post image
Адольф Янушкевич
Алғашқы кезеңдегі жеңістер, Бородино шайқасы, Мәскеуді басып алу жүзеге асқанымен, Наполеон ресей әскерлерін талқандай алмады. Қайта өз әскерімен шегініп, аяздар мен бұрқасындар әскерлердің шегінісін жеңіліске ұластырды. Француздар ізімен ресей әскері еріп отырды. 1813 жылдың қаңтарында орыс әскерлері Варшава княздығының аумағына енді. Үкімет, француз елшілігі және армияның қалдықтары шұғыл түрде Краковқа көшірілді.  Наполеон жеңіліске ұшырап, соғыстан кейінгі Еуропадағы мемлекеттердің «саяси салмағы» мен құрлықтың тағдыры 1815 жылғы Вена конгрессінде қаралды. Бірақ, «поляк мәселесі» бойынша жағдай өзгеріссіз қалды.  Бұрынғы Речпосполита аумағының басым бөлігін иемденген Ресей империясы поляк жерлері есебінен Поляк Королдігін құрды. Жаңа конституцияға империя тарапынан сәйкес королдіктің өз үкіметі, сеймі (поляк парламенті), әскерінің болуына кепілдік берілді. Королдік 127 мың шаршы шақырым аумақты қамтып, ел аумағында 2,7 млн халық тұрып жатты [1, 169-72 бб.].  Наполеон жорықтарында Ресей империясына қарсы соғысқан поляк жауынгерлері қатаң жазалауға ұшырады. Тұтқынға түскен поляктар империяның ішкі, шалғай аумақтарына жер аударылды. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, 1812 жылдың қарашасы мен 1813 жылдың тамызы аралығында Астрахань губерниясының өзіне 999 наполеондық тұтқындар жер аударылған. Басым көпшілігін (83%) поляктар құраған тұтқындардың 14-і әйел, 5-уі жас балалар болған [40, 306-307-бб.]. Сонымен қатар, поляк тұтқындары Сібірге де жер аударылған. Сібірде тұтқындардың бір бөлігі Қазақстан шекарасына таяу орналасқан Есіл (Ишим) бекінісіне орналастырылған. 1813 жылғы мәліметке сәйкес елді мекенде тұтқындағы 237 поляк офицерлері болған және екі партиямен тағы 469 поляктардың келуі күтілген [26, 328-б.].  Аталған мәліметтерге негіздей отыра ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінің өзінде еліміздің бірқатар аймақтарында, атап айтқанда, Астрахан губерниясы арқылы қазіргі Атырау және ішінара Батыс Қазақстан облыстары аумақтарында (1876 жылдан Бөкей ордасы Астрахан губерниясына қарасты болды) аз болса да поляк халқы өкілдерінің қоныстана бастағандығына көз жеткіземіз.
0
1437
0