Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
1
00:45, 11 июля 2015

Жолдасым Хайдар — разрушитель мифов и стереотипов KZ

Жолдасым, однокашник с РФМШ, бауырым Хайдар(никнейм) - разрушитель мифов и стереотипов о Қазақском народе (как я его называю в шутку;), после долгих наших променадных бесед на Арбате славного города Қызыл Орда, прислал ряд интересных статей, с которыми я не могу не поделится с вами, уважаемые сограждане - Ұлт, Нация, Nation KZ, каждый из 17 миллинов, для того, чтобы мы глубже и безконфликтно понимали уникальную историю,традиции,ментальность каждого из 130 народов KZ, говорили не "на кухнях", а открыто и корректно, обсуждали, находили точки соприкосновения, единства и вместе созидали великое будущее наших Детей.

И так, PRедставляем:

Қазақтың жалқаулығы жайында бірер сөз.

 

90-шы жылдардың бастауында, Одақ тарқап, бөліне бастаған кезеңде, ел арасында: - "Алтын бас" еврейлер Израильге, "алтын қол" орыстар Ресейге кетіп қалады. Елде "алтын тіс" қазақтар ғана қалмақ. Ендігі жұмысты кім істемек?! - деген пікір тарай бастаған еді

Содан бері жиырма жыл өтіпті. Көп нәрсе өзгерді. Расымен де біздің көптеген азаматтар, біршама достарымыз жаңа өмір іздеп Қазақстаннан кетіп қалғаны өкінішті-ақ. Бұл шешімнің қаншалықты дұрыс болғандығына баға берер мен емеспін...

Біз оңай соқпаған талай тар жол, тайғақ кешулерді бастан өткердік. Мемлекетіміз ғана емес, сонымен қатарласа еліміздің азаматтары да қалыптасып, біршама нығайды.

Ал енді сол кездегі "алтын тіс" қазақтар туралы сөз қозғар болсақ (дәл солар жайында мен әрі қарай жазбақ болып отырмын), бұрындары "алтын бастылар" мен "алтын қолдылар" жасаған тірлікті енді қазақтарға жасауға тура келді.

Өзімнің қаным қазақ болғандықтан, әрі қарай "Біз" деп, жазылғанның барлығын өзіме де жатқыза отырайын...

Бүгінде мен корпоративтік, басқарушылық және технологиялық үрдістерден құралған күрделі жүйе болып табылатын өндірістік компанияны басқарамын. Бір сөзбен айтқанда, кезінде "алтын бастар" жасағанды жасап жүрмін. Менің қарамағымда бірнеше жүздеген қызметкер бар. Олардың 95 пайызын қазақтар құрайды. Кешегі бақташы, механизаторлар мен олардың балалары. Бұрындары "алтын қолдылар" жасағанды істеуде.

Өз жұмысымызды қаншалықты сәтті орындаудамыз?

Жағдайдың жақсы, басқалардан жаман еместігін дөп басып айта аламын!

Барлығы саралаудан танылып, бағаланады. Бізбен қатарласып, жанымызда, бизнес пен өндірістің дәл осы саласында бүгінде американдық, ресейлік және қытайлық компаниялар жұмыс істеуде. Мүмкін бізге американдықтардың жылтырағы, орыстардың қазымырлығы мен қытайлықтардың ширақтығы жетіспейтін шығар. Бірақ біздің қызметтің нәтижелері әріптестерімізден аспаса, кем түспейді. Тіпті, кейбір нәрселерге біз де оларды үйрете аламыз...

Әрине, қателіктер мен жетіспеушіліктерден де қашқақтамаймыз. Соған қарамастан, осының барлығына әрдайым бір себеп табамыз - БІЗ, қазақтар - жалқау халықпыз.

Бұл пікір қаншалықты шыншыл?

Ақ-қарасын бірге айырып көрейік…

Менің екі атам да, Ұзақ пен Шолпанқұл, Ұлы Отан соғысы жылдарында дүние салған. Майданға кетіп, біраз уақыттан соң олардың отбасыларына "Хабар-ошарсыз жоғалып кетті" деген хабар келді.

Менің әкем Дәукенді, тағы да бірнеше бала мен әйелді әкемнің атасы Алмабай күтіп-бағып өсірген болатын. Ол тазы иттер ұстап, үнемі аңшылықта жүретін. Түлкі-қоянның терісін сатып, соғыстың аптап жылдарында барлығына жерге азық тауып отырған. Колхозшының қарапайым сыбағасы оған жетпес еді.

Менің анамның анасы Сәлиха елуінші жылдары Түмен лагерьлерінде "кеңестерге қарсы әрекеті" үшін 16 жыл отырып шыққан молда Қағазбайға тұрмысқа шыққан болатын Сондықтан ол соғыста қаза таппай, бірақ туысқандары одан "халық жауы" болғандықтан бас тартуға мәжбүр болыпты.

Өз балалық шағым мен әсіресе мектеп демалыстарының кезеңі әлі де көз алдымда. Жаз кезінде біз бауырларымызбен бірге ауылға келіп, бойымыздан "қаланың еркелігін" тастап, ауылдың "қара қазақтарына" айналатынбыз. Оның ішінде мойнымызға қой бағу, бау-бақшаны суару және бақшаны өңдеу сынды міндеттер де іліп беретін.

Әрине одан "құтылып кетердің" жолын іздейтінбіз! Не дегенмен, жаз, демалыс қой! Ұйқыны қандырып, жаныңды жайлатып, дем алғың келеді!

Бірақ, сол кезде қария жасына қарамастан үй шаруасының ауырын тартып жүрген Қағазбай ақсақалға қарап, ұялатынбыз.

Ол бір тыным таппайтын! Таңның атысымен оянып, күніне бес рет намазын оқитын.

Таң сәріден бастап, күннің батысына дейін қыбырлап, іссіз отырмайтын еді - мал (ондаған қой мен бірен-саран ешкі) ұстап, азығын даярлап, жаз, күз, көктеміне қарамастан бауды күтетін. Жаздың ыстығында түстен кейін аздап демалатын.

Қария өңірдегі аздаған молдалардың бірі болатын. Оған өз ауылынан ғана емес, басқа ауылдар мен көрші аудандардан адамдар жиі келетін. Ол барлығына уақытын бөліп, аятын оқып, өсиет-кеңестерін беретін, дауларын да шешетұғын.

Олар менің Салиха апаммен қарапайым ғана өмір сүрген. Қаладағы бауырларына азық-түлік те жіберіп отыратын...

Біздің әрбіреуіміздің осыған ұқсас отбасы тарихы бар шығар деп ойлаймын. Сондықтан, бүгінде біз кім болсақ та - мен секілді жалақысы жоғары менеджер, немесе "КамАЗдың" қарапайым жүргізушісі болсақ та - түптің түбінде бәріміз бірміз. "Бір ауылдың топырағынан шыққан қазақтар"

Менің бабаларым Алмабай мен Қағазбай молда сынды адамдарды еске ала отырып, - Қазақтар - жалқау халық деп айтуға аузым бармайды.

Әрине, жоғарыда жазғанымның барлығы - бұл менің жеке сезімдерім ғана. Сондықтан, өзімнің басқару, экономика және әлеуметтану саласындағы кәсіби білімім мен өмірлік тәжірибеме сүйене отырып, мен осы сауалдың дәлелді талдауын жүргізуді қажет деп санадым.

Ең алдымен ЖАЛҚАУ деген ұғымға қатысты ой толғап алсақ.

Адам, соған теңдес кейбір белгілері бойынша ұқсас болып келетін адамдардың қауымы халық, "жалқау" деп есептер болсақ, келесі қасиеттерге ие болуы тиіс:

-  еңбекке деген ынтасыздығы мен қабілетсіздігі;

-  шабын және тартыншақ;

-  енжарлық пен жабығуға жақындық.

Соңғы екі санат бойынша, меніңше, басқа сауал болмауы керек. Біздің халқымыз өмірді сүйеді, ешбір сырттан төнер жағдаятқа қарамастан келешекке сенімді және тіптен тартыншақ емес. Бірнеше жыл бұрын "Бізге, қазақтарға, ең бастысы үнемі қозғалыста болу керек" деген "қазақы" күлдіргі ұзынқұлақ арасын жайлап жүргені, есте ме?

Бұл "қозғалыстар" жайында біз кейінірек сөз қозғармыз. Әзірше, еңбек қасиеттерін барынша толық қарастырайық.

________________________________________________

Еңбек — индивид пен қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған, адамның мақсатты, саналы әрекеті.

____________________________________________

Еңбектің өлшеуіші өндірілген өнім болып табылады. Еңбекке деген қабілеттілікті де қандай да бір бірдей жағдайлармен өндірілген өнімнің сапасы мен мөлшерін салыстыра отырып бағалау керек.

Ал енді біз сауалдың түбіне дейін жетуге бел буғандықтан, "түп тамырға", яғни дәстүрлі шаруашылық кезеңіне қайта оралайық.

Қазақтардың дәстүрлі шаруашылығы қандай болған?

Бүгінгі күні әрқайсымыз қазақтар - көшпенділер болған деп нақты айта аламыз. Сонымен қатар, бізде көшпенділердің бейнесі толық қалыптасқан. Ол үнемі садақ атып, іс арасында малдарын анда-мында айдап жүретін бейне бір орта ғасырлық шығыс ковбойына ұқсайды. Осы романтикалық бейнені мақтан тұтып, тіпті мәдениет пен мемлекеттің ерекше көшпенділік теориясын қалыптастыруға тырысамыз.

Сөздің расы керек - маған мұндай бейне мен менің халқыма қатысты осындай ой толғауға көңілім толмайды.

Көшпенділік, немесе номадизм - мал бағатын қоғамның ұйымдастыру формасын сипаттайтын термин, ұғым. Бұл ұйымдастырудың ең төменгі дәрежесі. Мұндай қоғамның белгілеріне әлсіз әлеуметтік құрылым, жерге деген қандай да бір құқықтардың болмауы жатады. Шаруашылық жүргізу мен жер өңдеу жайлы мүлде айтылмайды. Заманауи басқарушылық тілмен айтқанда - бизнес-үрдістер мен олардың айналымдылығы жоқ, басқарушылық нашар. Осының нәтижесінде ұйымдастыру мен еңбек өнімділігі төмен.

Мұндай бейне көбінесе жері де, меншігі де жоқ дәстүрлі сыған қоғамдарына тән. Сәйкесінше, бұл санаттардың қорғанысы мен сақталуы туралы қам жеудің қажеті шамалы болды.

Көшпенділік пен номадизм - зерттеу мен сараптау үшін жеке тақырып. Белгілі бір бағыты мен мақсаты жоқ, қысы-жазы киіз үйде тұратын, үнемі "қозғалыстағы" мәңгілік жауынгердің осы бір бейнесі бұрыннан бері таптаурын болып тағылып, бізді қатты артқа тартуда.

Бұл аңыздың пайда болу себептері мен көздері, сондай-ақ оның таралымының салдары - идеологиялық, саяси, экономикалық және әлеуметтік болып табылады - олар жайлы кейін айтармын.

Шаруашылыққа қайта оралайық.

Ұлттың негізгі белгілерінің бірі болып ұлттың қалыптасу кезеңіндегі экономика түрі болып табылады. Яғни, ол қоғамның көпшілігі айналысатын, және жалпы ішкі өнімді қалыптастырудың негізі болып табылатын шаруашылық әрекет.

Бұл жерде біз қазақтардың мал өсірген ұлт екендігін нақты айта аламыз. Барлығы мал өсірген. Бұл жыл бойына жүретін, айналымдық үрдіс. Қыстыгүні малды қыстауларда, құмда немесе өзен алқаптарында ұстаған. Жаздыгүні жайлауға көшіп отырған. Бұл жүйесіз және баяндалмайтын орын ауыстыру болмаған.

Біріншіден, әрбір ру мен отбасы топтарында қарапайым құқық нормаларымен бекітілген өз жерлері болған. Жерді қолданудың ережелерін бұзу жанжал туындатса да, бірақ ешкім де жалпы қабылданған заңның басымдығына қарсы шықпайтын.

Екіншіден, ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылық жүргізу ережелері жер қорын ақылмен пайдалануға негізделген. Сондықтан, жайылымды ауыстырудың айналымдылығы ең алдымен олардың тозуын болдырмауға бағытталған.

Үшіншіден, мал тұқымы: қойлар, жылқылар, түйелер мен ешкілер - жыл бойынша жайылымдық күтімді жүргізуге мүмкіндік берген. Бұл дегеніміз ірі селекциялық және ветеринарлық жұмыс!

Осы жерде: - Тағы да қазақтың мысқалдары! Қазақтың өткенінің тағы да бір идеализациясы! - деп айтатындар табылады.

Барынша егжей-тегжейлі талдауға көшсек.

Орташа қазақы шаруашылық пен орташа орыс шаруашылығының жалпы өнім өндірісін салыстырайық. Осы жерде қазақты өзбек немесе қытаймен қатар қоюға болады. Түрі де, нәтижесі де ұқсас келеді. Орыспен салыстыру түсініктірек болмақ.

Орташа шаруашылық ретінде негіздік отбасы - әкесі, бір-бірінен жекеленбеген бір-екі ересек баласы мен олардың әйелдері мен балаларын алайық. Жалпы, орташа алғанда екі жыныстан да бес ересек пен бес бала, жалпы он шақты адам.

Осы жерден дәстүрлі шаруашылықты, яғни ауылдық өндірістік индустрияландыруға дейінгі кезеңінде әрекет еткен шаруашылықты салыстыратындығымызды айта кетейін.

Сонымен, орташа қазақы шаруашылық не өндірді?

Бұл жердегі негізгі жалпы өнім - қолда бар малдың төлдері. Өзім мал өсіруге онша жақын емес адам болғандықтан, бастапқы қазақы активтер мен өндіріс құралдарының мөлшерін бірден бағалай алмадым. Бірақ, осы саладағы өзімнің белгілі бір білімімді қолдана отырып, жуықтап төмендегіні анықтадым:  __________________________________________________________

Өзіндік қажеттілік пен жұмысты қамтамасыз ету үшін шаруашылықта 50-100 қой мен 10-15 жылқы ұстау қажет әрі жеткілікті болған.                         ______________________________________________________

Басында бұл эмпирикалық есептеу болатын. Мен Қазақстанның кеңестік мал өсіру шаруашылықтарында малды бекіту нормаларын негізге алғанмын. Бір шопанның отбасына (екі ересек жұмысшы) бір отар қой - 500-ден астам бас бекітілген.

Әрине, кеңестік шаруашылықтарда еңбекті ұйымдастыру жоғары болды. Бірақ, барлық факторларды ескере отырып, мен шыншыл есептеу үшін 100+15 (жылқыны жоғалту он қойды жоғалтқанмен бірдей) деген мөлшерді барынша оңтайлы деп есептедім.

Кейінірек, мен 19 ғасырдың соңындағы, патшалық кезеңнің мәліметтерін тауып алдым. Қазір бұл мәселе бойынша ақпарат жеткілікті. Дайк-пресс баспасының "Қазақстанның аграрлық тарихы. Құжаттар жинағын" ұсынамын. Ол бойынша "шаруашылықтың малмен орташа қамсыздандырылуы" - ересек жылқыға шаққанда 25 басты құрайтын ұғымды білдіреді. Бұл баға тым төмендетілген. Шыншылсыздықтың мақсаты қазақтар үшін жер үлесінің негізгі қажеттіліктерін кесіп тастау болып табылатын - артық қалған жерлер отаршылдық жүйесі бойынша өткізіліп отырған. Қайнар көздерге сенсек, орташа шаруашылықта 80 қой мен 15 жылқы болған.

Жыл сайын малдың төлдеуі 80-90% қой мен 50-60% жылқыға тең болған. Нақтысы көбірек, қойлардың жергілікті тұқымдарының ерте өсіп-жетілуі мен 100 ұрғашы қойға 120-130 қозы өндіре алу қабілеттілігін ескеру керек. Орташа мәнді 60 қой мен 8 жылқы деп алайық.

Енді орташа орыс шаруасы отбасының өнімділік көрсеткіштерін қарастырайық.

Мұндай отбасы 25-30 десятина жерге иелік еткен (десятина жуықтап алғанда қазіргі гектарға тең). Олардың тек 5 десятинасы - егістік, қалғаны шабындық жерлер. 19 ғасырдың екінші жартысынан бастап қайта отарланған аумақтардағы - Ресейдің оңтүстігі, Сібір, Қазақстан, Алтай, Қиыр Шығыс - шаруалық үлестер көбірек болды. Осылайша жері жоқ, орталық Ресейден қоныстанған шаруаларға үкімет сый тартып отырған.

Бірақ, бір отбасы шаруашылық дәстүрлі формасымен ірі аумақта жұмыс істей алмайды. Көрсетілген аумақта дәнді дақылдарды өндірудің барлық технологиялық циклін сақтау жақсы темір "жаңа ресейлік" соқаны тарту үшін жеке меншік жылқылар мен бұқалардың болуын талап етті. Отбасы жұмысының жинақылығы қажет болды, себебі технологиялық циклдің ең азы 90-100 күнді құрайды. Бұл ретте нашар басқарылатын тәуекелдер - жауын, қар, құрғақшылық, шегіртке, т.б. көп болды.

Шабындықтар азық бөлігімен үй жануарларын - бірнеше қойды, шошқаны, сиыр мен жылқыны қамтамасыз етіп отырды.

Негізгі тауарлық көлемді егістіктер беріп отырды. Революцияға дейінгі Ресейдегі орташа өнімділік - дәнтектестерден (қарабидай, сұлы, арпа мен бидай) 8 ц/га құрайтын. Орташа цифр ретінде 10 ц/га алайық. Бірақ, бұл нәтижені қамтамасыз ету үшін отбасы "жатпай-тұрмай еңбек етуі" керек болғандығын түсіну керек.

Өзінің бес десятина егістігінен шаруа 50 центнер астық жинайды. Яғни, ең жақсы дегенде 5 тонна бидай шығады.

Барлық тауарлық көлем осы ғана!

Енді салыстырайық.

Егер қазіргі нарық құнымен санасақ, бидайдың 5 тоннасы бір жылқының бағасын да шығармайды. Бірақ, бұл объективті емес бағалау.

Революцияға дейінгі Ресейдегі астық пен мал бағасы бойынша ақпаратты табу қиын емес. Мысалы, поручик Андреевтың қазақтың Орта жүзіне барғандығы туралы, немесе поручик Валихановтың Шығыс Түркістанға барғандығы туралы есептері бар. Сол кездегі ресми статистика да бүгінде көптің қолы жететін болды.

Жуықтап алғанда есеп былай. Бидайдың бір пұтының (16 кг) бағасы 0,8 руб., жылқы бағасы - 35 руб., қойлар - 4 руб. құраған. Семейде, Орталық Ресейге қарағанда, жылқының нарықтық бағасы арзан, ал астық - қымбат.

Қиын емес арифметикалық есептеулер жолымен, қазақтың бақташысы орыс шаруасына қарағанда жоқ дегенде екі есе көп тауарлық көлем өндіргендігін анықтаймыз!

Осы жерде бір алақайлауға болады!

Асықпай, әрі қарай жүруді ұсынамын. Егер біз біздің еңбекке деген қатынасымызға әсер еткен барлық үрдістерді объективті бағалауды қолға алсақ, бұл сауалды барынша кешенді қарастыру керек.

ЕҢБЕК деген ұғымға оралайық.

Жұмыс индивид пен қоғамның қажеттілігін қаншалықты толық қанағаттандырды?

Осы жерде адамның негізгі қажеттілігі тамақтану екендігін түсіну керек. Әрі қарай қарапайым қауіпсіздік - яғни, тұратын жер жүреді. Кейін - қажетті физиологиялық және рухани қажеттіліктерді қанағаттандыру - денсаулық, жыныстық қатынас, т.б. Ақырында барынша күрделі әлеуметтік қажеттіліктер - жалпылық, мәртебе, т.б.

Ал - ТАМАҚТАНУ.

Өмір сүруді қамтамасыз ету үшін ағзаға ақуыздар, майлар, көмірсулар, дәрумендер мен амин қышқылдары қажет. Ақуыздар - бұл ет, құс, балық, сүт тағамдары. Майлар - жануарлар немесе өсімдік тектес. Көмірсулар - негізінен астық тектес өнімдер мен құрамында глюкоза бар өнімдер. Дәрумендерді ағза органикалық және жануар тектес өнімдерден алады (мысалы - апельсин шырыны немесе қымыз). Немесе, ағза басқа құрамдас азықты жеткілікті мөлшерде алып, осы дәрумендерді өзі синтездеуге үйренеді.

Ет, майлылығына қарай, 400-500 кКалл/100 гр береді. Құс - 200-300. Балық 150-200. Тіпті мұхиттық майлы балық 350-ге дейін жетпейді. Осыдан күлдіргі де шыққан - Ең жақсы балық - ет! Ұнтақтар түріндегі көмірсулар 300-350 кКалл/100 гр береді.

Тіршілік ортасына, өмір түрі мен белсенділігіне байланысты адам өзінің тамақтану рационын қалыптастырады. Кейбір ерекше жағдайларда рацион тек жануар тектес азық-түліктен ғана тұруы мүмкін. Мысалы, чукчалар Қиыр Солтүстік жағдайында "бүғы мен итбалық" етімен ғана күн көреді. Соған қарамастан оңды өмір сүруде!... Кейбіреулері тіптен ет жемейтін болып кетеді. Олардың ойлау жүйесі қалай істейтіндігін түсінбеймін!...

Бірақ, адам ағзасы үшін аталғанның барлығын кешенді түрде алып отырған дұрыс. Осы жерде, адам ағзасы үшін 100 гр етті қорыту осынша мөлшердегі ұнтақ пен шөпті қорытуға қарағанда жеңілірек екендігін түсіну керек. Және энергетикалық жағынан еттің 100 гр алмастыру үшін бізге бір жарым есе көп мөлшерде ботқа жеу керек. Немесе бір килограммнан артық салат керек. Бірақ біз сиыр емеспіз ғой!..

Мұның барлығын мен адамның тамақтану физиологиясындағы танымымды көрсету үшін жазған жоқпын. Біз дәстүрлі шаруашылық әрекеттің адамның негізгі қажеттіліктерін толтырудың толықтығын ғана дұрыс бағалау үшін жазғаным жоқ. Сонымен бірге сапасы да бар! Сонымен қатар, осыдан кейін басқа да қажеттілік түрлерін қанағаттандыруға қалғанын да түсіндіргім келді.

Адамның орташа физиологиялық қажеттілігі күніне 2500-3000 кКалл құрайды. Жылына, дәстүрлі шаруашылықты құрайтын отбасыға 10 млн кКалл жуық қажет.

Қазақ тағамының негізін ет құрайды. Біз: "Қазақ етті тұтыну жағынан қасқырдан кейін екінші орын алады" деп мақтана отырып айта аламыз!

Содан кейін сүт тағамдары жүреді. Жылдың жылы уақытында, әсіресе жазда, олар рационның негізін құраған. Қымыз, шұбат, айран, ірімшік, қатық, қаймақ, кілегей, құрт пен сүзбе дастарханда молынан орын алатын. Наурыз мейрамының басты батасы да "Ақ мол болсын!" деп беріледі.

Біздің асханада көмірсулар бауырсақ, шелпек, талқан, ботқа сынды дәстүрлі тағамдармен кездеседі. Ал бесбармақ - қазақ асханасының аңызы болып табылады! Бірақ бұл тағамды біз өзіміз атаған жоқпыз. Біз үшін ол жай ғана "ас, тамақ" болатын. Ал бесбармақ енгеннен кейін, біз ол туралы, осы аттың шығуы туралы өз қонақтарымызға мақтана айтамыз.

Тағам өнімдерін тұтыну нормалары бойынша дәстүрлі қоғамда ресми ақпарат онша көп емес. Бірақ "Қазақстанның аграрлық тарихында" кейбір цифрларды кездестіруге болады. Сонымен қатар, Дайк-пресс баспасының, авторы антропология бойынша әлемдік жетекші маман А.Н.Хазановтың "Көшпенділер мен сыртқы әлем" атты тамаша жұмысын ұсынамын.

Жылына малшылар отбасы ет түрінде бір жылқы (соғым) мен отыз қой тұтынған. Сүт пен сұт тағамдары сүт есебінде бір адамға шаққанда 500 литрдей тұтынылған. Тым жоғары цифр болып көрінеді. Бірақ, бұл күніне сүт немесе айранның 0,7 литрі мен құрт немесе ірімшіктің 120-150 гр құрайды. Ыстық күні шөлді басу үшін су ішкенде әжелеріміз айқай салатынын еске алуға болады - айран шөлді басып қана қоймай, қарынды да аштырмайды!

Ет те, сүт тағамдары да тойымды болған. Соғымға дайындалған жылқы қабырғасындағы май үш-төрт саусаққа жеткенге дейін семіртілген. Сүт ретінде негізінен қой сүті қолданылған - лактация үшін 50 қой қозыларына шығын келтірместен бір отбасыны сүттің қажетті мөлшерімен қамтамасыз ете алады.

Қазақ ортасында қалыптасқан таптаурындарға қарамастан, көмірсулардың көп бөлігін біз өзіміз өндірдік. Барлық жерде тары егілген. Кейбір аймақтарда бидаймен бірге арпа өсірілген. Орыстың алғашқы қоныстанушылары Сырдариядағы қазақтардың ирригациялық жер өңдеу деңгейі мен Алматы ауданындағы суармалы егістіктердің сапасына таң қалып отырған. Ауыстыру немесе сауда жоылмен жетіспейтін астық пен ақ ұн алынып отырған.

Енді бірнеше қиын емес есептер жүргізейік.

Жылқы соғымға 300 кг ет береді. Қой орташа алғанда 30 кг. Жалпы 1200 кг ет тұтынылады. Ет негізінен майлы, калориясы 450кКалл/100 гр дейін жетеді. Бұл жылдың суық мерзімінде энергияның көп мөлшерін береді. Барлығы 5 500 000 кКалл.

Қой сүті де жоғары майлылығымен ерекшеленеді, ол 7% аз емес. Майға алмастырғанда калориясы 500кКалл/100гр, барлық сүт - 2 000 000 кКалл.

Қалған 2 500 000 кКалл көмірсулардан жиналуы керек. Энергия туындатуы бойынша 330 кКалл/100 гр - 750 кг астық.

Қайтадан "Қазақстанның аграрлық тарихына" көз жүгіртсек, бір шаруашылықтың бір десятина егістікті өңдегенін көреміз.

Ауыл шаруашылығымен қалай да таныс адам өсімдік өсірудің ең нашар нәтижесі - егіс нормасы 2 цн/га болғанда 5 цн/га өнім. Бүгінде, төртеу болғанда өнімді жинау мақсатты емес. Бірақ, 4 цн/га - іске олақтық көрінген қатал құрғақшылықтың нәтижесі.

Бірақ қазақ үшін осы төрт центнер де жеткілікті болған. Себебі бұл "негізгі бизнес" болған жоқ. Табысты мал өсіру қамтамасыз ететін. Астық өндірісі "азық-түліктік қауіпсіздік" рөлін атқарды. Бастысы, шығындар өзін-өзі ақтап отырды. Шығындар ірі болған жоқ. Жерді өңдеместен екті, бастысы жер жеткілікті болды. Егістен кейін барлығы "жайлауға" кетіп отырды. "Қыстауда" қалған бір-екі адам ауылдың үш-төрт гектар егістігін қарап отыруға жеткілікті болды. Жаз соңында жайлаудан оралып, өнімді жинап отырған. Минимум 1:2. Жартысын тұқымға, жартысын тұтынуға жұмсап отырған. Ал жауын уақытылы өткен кездерде өнім көбірек болуы мүмкін болған!.. Қазақтардың "онша тер төкпей" өздерін астықпен қалай қамтамасыз еткендері туралы қазақ халқының атақты ұлы, бірегей кеңестік қолбасшы Бауыржан Момышұлы өзінің "Біздің жанұя" атты кітабында ерекше тебірене отырып жазып кеткен.

Астықтың қалған 500 кг, бір бөлігін ұн түрінде келген көпестер - "сарттардан" немесе "ноғайлардан" алмастырып алған немесе базарларда сатып алған. Кейін орыстармен де дөп осылай. Келісімнің ең тиімсіз шарттарында бұл 10 қойға теңдестірілген.

Ақырында, орташа отбасыны тамақтандыру үшін бір жылқы мен 50 қой тұтынылған. Оған қоса жеке меншік өндірістің сүт тағамдары да бар. Осы жерде "өнім себеті" жақсы теңгерілгендігін және жоғары сапалылығын атап өту керек!

Қалған басқа қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін отбасыда 10 қой мен жеті жылқы қалады. Салыстыруға алынған бағалар бойынша бұл 285 руб құрайды.

Осылайша орыс отбасының тұтынуын санап көрейік.

Бұл сауал бойынша қол жетімді ақпарат жетерлік. Мысалы, С.А.Нефедовтың "Ресейдің әлеуметтік-экономикалық тарихының демографиялық-құрылымдық талдауы. 15 ғ.соңы - 20 ғ.басы" атты мазмұнды жұмысын алсақ. Менің эмпирикалық есептерім осы кітапта көрсетілген ақпаратпен расталады.

Өнімдерді тұтыну құрылымы негізінен ұқсас келеді. Сүт - жеке меншік сиырдан немесе ешкіден алынады. Ет - мал қорадағы сиыр бұзауларынан, сойылған шошқалардан, бір-екі бас қойдан және ауладағы құстардан алынған. Қалғаны - егістік пен бау-бақшадан: ботқаға арналған ұнтақ, шалқан, орамжапырақ, т.б.

Сүт пен сүт тағамдары шаруа рационының дәстүрлі, әрі өте маңызды құрамдастары болып табылды. Бірақ оның мөлшері малшыларға қарағанда біршама аз болды. Шаруашылықтың барлық "сүт өндіруші" қуаты - "Машка-кормилица", "коза-Дереза", тіпті екеу - лактация кезеңі үшін тауарлық сүттің 2500 литрінен астам бере алмады. 5% орташа майлылығы бойынша бұл 750 000 кКал құрады.

Барлық "ет өндіруші" қуаттары - "Борька" бұқасы, "Васька" шошқасы, бір-екі қой, қаз бен тауықтар 500 кг астам ет бере алмайды. Орташа калориясы 400кКалл/100гр болғанда ол 2 000 000 кКалл құрайды.

Қалған 7 250 000 көмірсулардан жинақтау керек. Бұл 2 200 кг астық. Статистика бойынша - шаруашылықтағы бір адам үшін орташа тұтынуға 15 пұт.

2800 кг астық қалады.

Бірақ бұл жерде тек шөп пен шабындық көмегімен 2500 литр сүт пен 500 кг ет өндіру мүмкін еместігін түсіну керек. Тіпті рационға бақшадан шалқан енгізсе де олай болмайды. 1 кг ет өндіру үшін 5 азықтық бірлік, құстан - 3 азықтық бірлік керек. Азықтық бірлік астық килограммына тең. Осы үшін аз дегенде 1000 кг астық шығындалуы керек. Осы жерде жылқы немесе өгізге де азық керек қой - басқаша болғанда, соқаға өздері жегілуі керек!...

Осылайша, тамақтанудан кейінгі басқа қалған қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін шаруа отбасына 1800 кг астыққа тең қор қалады. Салыстыру бағасымен алғанда 90 рубльге тең.

Мен кейбір жерлерде қателесуім мүмкін, бірақ нәтиже одан қатты өзгермейді. Қалай айналдырсаң да, орташа малшы (қазақ) отбасының "тұтынушылық қабілеттілігі" шаруа (орыс) отбасына қарағанда үш есе артық - 280 рубль мен 90. Сонымен қатар, тамақтану рационы (ал бұл өмір сапасы көрсеткіштерінің бірі) да малшыларда біршама жақсы болған.

Сонымен, мен қазақ өзінің негізгі жұмысында өзінің жер өңдеумен айналысқан шаруа әріптесіне қарағанда әлдеқайда өнімшіл болғандығын айтамын. Мұның дәлелдерін мен жоғарыда көрсеттім.

Бірақ, адам немесе қоғам әрекетінің кез келген үрдісі бірнеше  өлшеуіштер бойынша бағаланатындығын ұмытпау керек.

Негізінен, бұл келесі төрт өлшеуіш:

-өнімділік;

-басқарушылық;

-тиімділік;

-ұзақ мерзімділік.

Бірінші параметр - өнімділік, немесе табыстылық жағынан біз ой түйініне жеткен секілдіміз.

Жалғасы бар...

 
1
647
6