Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов42 подписчика
Всяко-разно
0
00:39, 01 июля 2015

ТЕРІС ПИҒЫЛДЫ ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ ЖАСТАР ҚАУЫМЫНА ӘСЕРІ МЕН ЗАРДАПТАРЫ

Қазіргі таңда тәуелсіз мемлекетімізді дамушы және дамыған елдерден ерекшелігі, ол – қоғамдағы діннің нығаюы мен елдегі діни ахуалдың тұрақты болуы. Соңғы жылдары еліміздің діни ахуалына талдау жасау барысында, халқымыздың сексен пайызға жуығы асыл дініміз исламды ұстанып, дінге бет бұрып жатқандығы және олардың басым бөлігін жастар құрайтыны белгілі болды. Бір жағынан – бұны жақсы хабарға баласақ, екінші жағынан –дәстүрлі дінімізбен мүлдем үйлеспейтін кейбір сан алуан пікірлер мен ұстанымдардың салдарынан туындайтын түрлі келеңсіз жәйіттер алаңдатады.

Осыған орай, еліміздің жарқын болашағын қалаушы – жас ұрпақтарымыздың санасын улап жатқан жат ағымдардың мән-мағынасын, әсер ету жолдары мен тигізер зияндарын ашып көрсетіп, оларға қысқаша тоқталуды мақсат еттік.

Дәстүрлі дінге қайшы ағымдарды қоғамда деструктивті немесе теріс пиғылды діни ағымдар деп атайды. Яғни, «деструктивті» деген сөз латын тілінен «құлату», «қалыптасқан жүйені бұзу» деген мағынаны білдіреді. Жалпы айтсақ, діннің атын жамылған жат ағымдардың/топтардың мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар жастарымызды өз қармақтарына түсіру үшін өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көрсетіп, Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дінімізге, қалыптасқан салт-дәстүрімізге күдік келтіріп, қарсы қояды. Тіпті, өздерінің істеген істерін және сөйлеген насихат сөздерін дәлелдеу мақсатында Қасиетті Құран мен хадистерден мысал келтіріп, жастардың санасын улап, жат идеологиясын таратады. Бұл деструктивті ағымның радикалды идеологияны таратудағы мақсаты екі түрлі: бірінші – заңсыз жолмен пайда табу; екінші – мемлекет мүддесіне нұқсан келтіріп, билікті басып алу.

Бүгін де, асыл дінімізбен мүлдем жанаспайтынжат ағымдар жетегінде кеткен қаншама қандастарымыз өз жақындарынан, достарынан теріс айналып жатқаны баршаға мәлім. Мұндай түрлі жат ағымдардың жетегіне ерген жас азаматтарымыз балаларына тиісті медициналық екпе ектіруден бас тартып, мектептегі сабақтарын тастап, мектеп жасындағы ұл-қыздардың музыка тыңдауына – қарсылық білдіріп, мемлекеттік әнұранды тыңдауды және туға құрмет көрсетуді харам дейтіндер де бар. Осындай бір ағымдардың теріс пиғылды уағыздарының салдарынан еліміздегі кейбір ұл-қыздарымыз отбасы мүшелерінен, үй-меншіктерінен айырылып, түрлі психикалық ауруларға шалдығып, өз-өзіне қол салып, әр түрлі жағымсыз жағдайларға тап болып жатқандарын да жоққа шығаруға болмайды.

Айта кетерлік жәйт, деструктивті ағымдардың жетегінде кеткен жастарды, жалпы адамдарды қоғамға қайтару аса қиынға соғады. Себебі олардың сана-сезімдерін уландырғаны соншама, олар кірген жат ағымның «көсемі» не айтса, соны екі етпей орындайтын жанды роботқа немесе сарбаздарға айналады.

Осындай қателіктерге жастарымызды ұрындыратын ең басты себеп – ара жікті ажырата алмау салдарынан ғаламтор кеңістігіндегі түрлі жат ағымдардың сайттарына кіру, діни сауатсыздық, отбасындағы жанжалдар мен келіспеушіліктер және тәрбиенің жеткіліксіздігі.

Қазіргі таңда, уәкілетті мемлекеттік органдардың деструктивті ағымдарға қарсы белсеңді күрестері мен алдын алу шаралары нәтижесінде көптеген радикалды сайттарға тосқауыл қойылып жатыр, сондай-ақ еліміздің түрлі оқу орындарында жас өспірімдердің діни сауатын арттыратын арнайы ақпараттық-насихаттау жұмыстары мен оқу-ағартушылық сабақтары өткізілуде. Сонымен қатар, ҚМДБ-ның және ҚР МСМ Дін істері комитетінің бастамасымен әр алуан ағартушылық сайттар мен порталдар іске қосылды, әр қилы деструктивтік ағымдардың салт-дәстүрімізге, дінімізге және ділімізге тигізетін зардаптары жайлы тиісті органдар мен дін өкілдерінің қатысуымен республикалық және аймақтық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында (телеарналарда, газеттерде және т.б.) арнайы сұхбаттар жүргізілуде.

Қорыта келе, ақпараттық кеңістіктегі түрлі діни сайттардың жұмысын қадағалаумен бірге, жастарымызды мұндай олқылықтардан сақтандыру үшін барынша, жұмылған жұдырықтай атсалысып, тәрбие мәселесіне басты назар аударуымыз қажет. Өйткені, жас ұрпақты тәрбиелеу – әр ата-ананың борышы. Осы ретте, жастарға қоғамның да, қоршаған ортаның да ықпал ететінің ескеруіміз керек. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда, оны түзете алмайсың» деген халқымыздың аталы сөзі бекер айтылмаған. Сондықтан да балалардың бойына жастайынан ізгілік, имандылық, отансүйгіштік, қайырымдылық, кішіпейілділік, адалдық секілді қасиеттерді сіңіру мен тәрбиелеуде отбасы маңызды рөл атқарады. Демек, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, баланы балабақшадан бастап тұлға ретінде қалыптастыруға, мектеп қабырғасында тілімізді, мәдениетімізді қастерлеуге, жоғарғы оқу орындарында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге үйретуіміз қажет. Тек сонда ғана осындай теріс пиғылды діни ағымдарға бөгет қоя аламыз.

Себебі, біздің халқымыздың мақсаты – ынтымағы мен бірлігінсақтап, бейбіт өмір сүру.

ҚР МСМ ДІК Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы

Конфессияаралық қатынастар бөлімінің аға сарапшысы

А.А. Ахметова

   
0
19456
0