Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
1
21:55, 17 марта 2015

«Дінді қарақшылармен және содырлармен байланыстыруға болмайды»

Bnews.kz» порталы. ҚР Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкиннің «Дінді қарақшылармен және содырлармен байланыстыруға болмайды» атты сұхбаты

Соңғы кездері әлемдік және отандық баспасөзде «діни экстремизм», «исламист», «лаңкестік», «ислам содырлары» ұғымы жиі қолданылуда. Террорлық оқиғаны міндетті түрде діннің немесе ұлттың өкілімен тікелей байланыстырып жариялауды өзіміз де әдетке айналдырдық. Мемлекет басшысының өзі осындай ақпараттық шабуылдың салдарынан исламофобия туындап жатқанын ескертті.

Қазіргі таңда келеңсіз оқиғалардың себебін неге бейбіт діннен іздейміз? Саяси күштер мұны қалай пайдалануда? Ақпараттық жауапкершілікті қайтсек арттырамыз? Біздің осы және өзге де сауалдарымызға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин жауап береді.

-Ғалым Нұрмағамбетұлы, жасыратыны жоқ, ақпараттық жаһандану заманында дін туралы түсінікке жеңіл қарайтын болдық. Оқиғаны жариялау барысында сөздің түп-төркініне аса мән бермейміз. Дінде экстремизм болмайтынын білсек те, «діни экстремизм» дегенді жиі қолданамыз. Бұл ақпараттық жауапкершіліктің азайғанын білдірмей ме?

-Өкінішке қарай, бұл мәселе дін тақырыбын қозғайтын көптеген шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарына тән. Мәселен, Сирия мен Мысырда болып жатқан оқиғаларды, сонымен қатар қазіргі замандағы ислам мен мұсылманды сипаттау барысында сөздің төркініне, мән-мағынасына назар аудармай, жеке редакциялық лексиканы пайдаланады. Нәтижесінде БАҚ-тағы ақпарат тарату жауапкершілігі мен сапасы барған сайын кері кетуде.

Тіпті, «Исламизм», «исламист», «жиһадшы», «ислам экстремисті», «ислам террористі», «ислам содырлары» деген сөздер қоғам қайраткерлері мен журналистердің, тіпті қатардағы оқырманның сөздік қорына терең бойлап кеткен.

-Олай болса ислам мен терроризмді қатар қолдануға тыйым салу керек шығар...

-Тыйым салу мүмкін емес, бірақ ұсынылған дұрыс болар. Жуырда көршілес Ресейдің парламент мүшелері жоғарыда айтқан сөздер мен сөйлемдерді БАҚ-та пайдалануды доғару керек деген орынды ұсыныс жасаған болатын. Бұл ретте Ш.Сералиев деген азамат: «Мұндай көзқарас адам санасында «Ислам мен терроризм – бір» деген сыңаржақ ой қалыптастырады. Мұсылмандардың барлығы автоматты түрде қарақшылардың, жан алғыштың, террористің қатарына жатқызылады», - деген дұрыс пікірін білдірген болатын. Оның ұсынысын Мемлекеттік дума ақпараттық саясат комитетінің мүшелері қолдап, «Известия» газеті бұл туралы ақпарат таратқан еді.

Ал АҚШ президенті Барак Обама болса, Францияда болған террорлық әрекеттерден соң, Париж қасіретіне қатысты өз мемлекетінің ұстанымын білдіре отырып, оны басқаша сипаттау қажеттігін айтты. «Charlie Hebdo» редакциясында болған террористік әрекетті айыптау барысында Б.Обама мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Д.Керри, жиһадшылық, исламизм және радикалды ислам жайында бірде бір сөз айтпай, «терроризм» және «экстремизм» түсініктерімен ғана шектелді.

-Бұдан Ресей мен АҚШ-тың ұстанымын қалай түсіндіруге болады?

-Бұл ретте террористердің барлығы дінді қанаушылық пен қатыгездікті ақтап алу үшін пайдаланатынын айтуымыз керек. Олардың көздеген мақсаты – әртүрлі мемлекеттерде халық пен ресми билік өкілдерінің дінге деген көзқарасын бұзу. Ал біз жоғарыда аталған «исламизм», «жиһадшылық», «радикалды исламист» және т.б. сөздер мен сөз тіркестерін қолдану, арқылы олардың іс-әрекеттерін бейбіт дінмен байланыстырамыз.

CNN тілшісі Обамадан осы сөздерден неліктен қашқақтайтынын сұрағанда, АҚШ президенті: «Ешқайсысы осы мәселелердің түп тамыры мұсылман қоғамдастықтарынан басталатынын жоққа шығармайды. Алайда мұсылмандардың басым көпшілігі аталмыш идеолгияға қарсы екенін де ескеруіміз қажет», - деген болатын.

Қазір көптеген батыстық және батыстық емес журналистер мен блогерлер ислам мен қанаушылықты, террорды және жаппай адам өлтіру әрекеттерін ұштастыру үшін белгілі бір қалыпты пайдаланады.

-Сонда, олардың пайдаланатын сөздері мен түсініктері кімге пайдалы? Шын мәнінде «исламист» деген кім?

-Бұлсөзді еркін түсіндіретін болсақ, онда «исламист» жауынгер мұсылман деген мағына береді. Ал Useful english dictionary немесе Принстон университетінің сөздігіндегі «исламист» - ислами білім-ғылымды меңгерген ғалым немесе қарапайым діндар мұсылман. Яғни, ислам жайында көп білетін, шариғат тәртібімен өмір сүруді қалайтын діншіл адамды білдіреді.

– «Әл-Каида» немесе Сирияда, не болмаса дүниенің басқа бөлігін шарлап жүрген, таңдап-талғамай, оңды-солды адам өлтіріп жүрген «ИГИШ-ті» исламист деп айтуға бола ма?!

–Әрине, жоқ. Мұндай адам – ең алдымен, қылмыскер, террористік ұйым мүшесі. Бұрын мұсылманшылықты ұстанып, секта немесе террористік ұйымға тартылған, діни сөздерді пайдаланып, исламның бұзылған, бұрмаланған талдамасы арқылы өз әрекеттерін жасыруға тырысқан адам.

Егер қарақшы топтың мүшелері, ислам дініне еш қатысы болмаса да, өздерін «Ислам мемлекеті» деп жарияласа, ислам мемлекеті деген түсінікті бұрмалап, оны БАҚ-та солай атау керек пе? Әрине, тағы да жоқ деп ойлаймын.

-Демек, қарақшы топ мүшелері исламға қатысы болмай-ақ, өздерін «Ислам мемлекеті» деп атаса, оны БАҚ-та дәл солай жарияласа, бұл ислам мемлекеті деген түсінікті бұрмалау болып табылмай ма?

-Еуропа мен Америка саясаткерлері ISIS, ISIL деген қысқартылған сөзді жиі пайдаланады. Олардың айтуына қарағанда, аталмыш топ өкілдері үшін дін – жауыздық әрекеттерді жасыру мақсатында қолданатын бүркеме аясы.

Экраннан санасы уланған балалардың «оқытушы-нұсқаушыларының» кеңесімен дінді қорғау үшін деп, оңай адам өлтіріп жатқанын көріп жүрміз. Алайда 40-тан астам әлем елдерінде өмір сүретін 1 млрд-тан астам мұсылман ИШИМ және оған ұқсас террористік ұйымдардың идеологиясын жақтамайды әрі олардың ислам дінін түсіндіру талпынысын алдау мен секта екенін түсініп, қабылдамайды да.

Көптеген ислам ғұламалары мен шейхтары «қасиетті жиһадты» түсіндіріп, оның жеке бас күналары мен құмарлықпен күрес, өз бойындағы кемшіліктерден арылу, іштарлық пен өшпенділікті тию екенін айтты, осылайша тиым салынған экстремистік және террористік ұйым мүшелері әрекетінің, олардың кінәсіз адамдарды – журналистерді, еріктілерді, әйелдер мен балаларды өлтіруін «жиһадпен» еш сәйкес келмейтінін ескертті.

-Біз не себепті бұған назар аудармаймыз?

-Шынында, біз «жиһадшы», «шахид», «исламист» және тағы басқа сөздерді қолдану арқылы адамдарды жалған түсінікке жетелеп келеміз. Осылайша, қарапайым мұсылман адамын зайырлы ақпарат көздерінен алыстатып отырмыз. Әрине, өзінің ақпараттық саясаты тұрғысынан «кіршіксіз таза» ақпарат құралдары дүние жүзі бойынша жоқ. Қазіргі БАҚ-тың саясатпен астарласып жататыны тағы бар. Сондықтан, бейтараптық сақтау барған сайын қиындай түсуде. Алайда, қоғам журналистерді нақ осы жоғары сапасы үшін бағалайды емес пе?

Сарапшылардың айтуынша, белгілі бір терминдерді қолданбау, баспасөзде сан алуан филологиялық қиындықтарға әкеп тірейді, сондықтан нақты террористік жағдайға әсер ету мүмкіндігі де болмайды. Мен бұған келіспеймін. Олардың қай дінге жататыны туралы ақпарат қаншалықты аз айтылатын болса, өздеріне назар аударту, әсіресе дінді дұрыс түсінетін жастарды өз құрамына тарту әрекеті де соншалықты азаятын болады.

Бүгін, әлемдік және аймақтық БАҚ-ты көріп, оқи отырып, дүние жүзінде ислам мен мұсылмандар туралы, олардың әлеуметтік-экономикалық саладағы жетістіктері, басқа дін өкілдерімен достық қарым-қатынастары, қиын жағдайда көмек көрсеткендері жайында бірде-бір жағымды жаңалық жоқ деген тұжырым қалыптасады. Сонда рейтинг пен кемшілік фактілер позитив пен татуластықтан маңызды болғаны ма? Біз осы теріс ақпараттар арқылы өзге сенім иелері мен мұсылмандар арасындағы өшпенділікті одан сайын өршітіп, экстремистер мен террористерге қолдау білдіріп жатқан жоқпыз ба?

-Яғни, отандық баспасөз діни терминдерді қолданғанда абайлау керек дейсіз ғой...

-Дәл солай. Мысалы, мұсылмандармен қатар өмір сүріп көрмеген протестанттық штаттардағы америкалықтар Американың ислам дін өкілдерін «жиһадшылар», «шахидтер» деп санап, оларды дүкендерден көрген кезде, ат-тонын ала қашатынын, не болмаса жастарының мұсылмандарды қара тасқа (Қағбаға) табынушы санайтынын оқығанда, көргенде, БАҚ-тың өз елдеріндегі қарапайым адамдарының санасы мен көзқарасына қаншалықты әсер ете алатынын түсінесің.

Сондықтан дін сияқты нәзік дүниені қозғаған кезде, материалды мәнмәтінмен байланыстырайық. Осы ретте қазақстандық БАҚ-ты, саясаткерлерді, қоғам қайраткерлерін террористер мен қылмыскерлердің діні мен ұлтына тиіспей, өз атымен атайық дегенді айтқым келеді.

Террорист – атеист, мұсылман немесе христиан бола ма, ол – ең алдымен, террорист. Сондықтан оған діни терминдерді қосу қажет емес. Біздің қоғам саны аз экстремистердің көп қырлы мұсылман әлемін тұтастай жек көрінішті етіп көрсету әрекетінің жетегінде кетпеу керек. Осы мәселені түсініп, бүгінде Қазақстан мемлекеті мен азаматтық қоғам бірлесе отырып, ксенофобияның, экстремизмнің, арандатушылық антиконфессиялық және өзара араздық әрекеттердің ел ішінде таралуын алдын алуы жолында барлық іс-шараларды жасап келеді. Бұл – біздің басты жетістігіміз.

Тобықтай сөздің түйінін айтар болсам, жақсылық пен төзімділік діні есептелетін нағыз дінді халықаралық қарақшылар мен содырларға теңеуді доғарайық.

Терминология мен тұжырымдалған ойды білу әрі пайдалану, олардың елімізде жасампаз немесе қиратушы рөл атқаратыны тек өзімізге, жауапкершілігіміз бен ұстанымымызға байланысты.

-Әңгімеңізге рахмет!

1
173
0