Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
3
03:45, 23 сентября 2014

Аралдың өткені мен бүгіні (ФОТО)

Өткен ғасырдың бел ортасы ауған тұста Арал теңізі тартыла бастап, Тәуелсіздік табалдырығын құрғаған теңізбен аттадық. Тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудан кейін, жаңа ғасырда жаңа бастамалар қолға алынды. Теңіздің Солтүстік бөлігін сақтап қалуда қам-қарекет жасалды. Қиын күндерді артқа тастаған теңізді жағалай қоныстанған халықтың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатына Арал өңіріне арнайы бардық. Көзіміз қаз-қатар тізіліп тұрған кемелерге түсті.  Әрине,  бұлар – өткен күннен қалған белгілер.

Blog post image

Аралдықтарға қайта үміт сыйлаған теңізге тоқталатын боламыз. Алдымен бүгінде тарихи жәдігерге айналған көріністерді шолып шығайық. Мынау –«Арал» мейрамханасы. Кезінде теңіздің толқыны осы жерге дейін келіп, қалаға қарай ентелеп тұрған.

Blog post image

Уақытында дәл осы жерде теңіз порты болды.

Blog post image

Ақ желкенін көтеріп, теңіздің толқынына қарсы жүзген  «Лев Берг» кемесі өткен күннен сыр шертіп тұр. Яғни, кеменің ішін мұражайға айналдырыпты.

Blog post image

Blog post image

Мұражайдағы ең құнды жәдігер. Бұл – 1925 жылдан бастап Арал балық шаруашылығын басқарған 15 басшы отырған үстел.

Blog post image

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары теңізде су маржанының 30-дан астам түрі болған. Сол балықтардың барлығы мұражайда сақтаулы.

Blog post image

Денсаулық, мәдениет, өрт, құқық қорғау органдарның мамандары арнайы құрал-жабдықпен жасақталған көлікпен қызмет көрсететіні белгілі. Ал Аралда әр салаға тиесілі арнайы кемелер болған. Осындай кемелермен елді-мекендерді аралап, қызмет көрсеткен.

Blog post image

Мына құралдың аты – шығыр. Жылым яғни, ау тартуға арналған. Қыстыгүні мұздың үстіне орнатылып, түйеге жегіледі. Екі өркешті жануар осылайша жылым тартады.

Blog post image

Түйелер мен жылқыларға арналған шаналар.

Blog post image

Blog post image

Балықшылардың қайығы.

Blog post image

Табанынан су кетсе де, жүрегінен жыр кетпеген аралдықтар қиыншылыққа мойынсұнған жоқ. Халықтың еңбексүйгіштігі, ертеңгі күнге деген сенімділігі болар, Кіші Арал қайта қалпына келе бастады. Елбасының бастамасымен «ғасыр жобасының» алғашқы кезеңі сәтті жүзеге асты. Қазір балықшылар ата-кәсіптеріне қайта кірісті.Blog post image

Жұбатқан Аймұратов бала күнінен балық аулайды. Ол есейгенде теңіз де тартыла бастады. Содан басқа саладан нан табуға тура келді. Дегенмен, ешқандай іске зауқы болмай, киім-кешегін жинап, Балқашқа бет алады. Сол жерде үйреншікті кәсібімен айналысады. Теңіздің қайта оралуымен Жұбатқан аға да туған жерге келіп, кәсібіне қайта кірісті.

Blog post image

Қазір теңіздің құрғаған 870 шақырымын су басып, балық түрлері көбейді. Судың тұздылығы төмендеді. Бұрын балықтың бір түрі қалса, қазір су маржанының саны жиырмадан асты. Балық аулау көлемі – 400 тоннадан 5 мың тоннаға жетті. Теңіз Арал қаласына 17 шақырымға дейін жақындады.

Blog post image

Балықшылар кешқұрым теңізге ау салып, таңмен таласа несібелерін алуға су айдынына шығады.

Blog post image

Олар ауа-райының да кері әсер ететін айтады. Желді күндері су маржанын ұстау қиынға соғады екен. Бірақ әрқайсысы несібелеріне қарай күніне 100 келіге дейін балық аулайды.

Blog post image

Blog post image

Айдыны шалқыған, шағаласы қалқыған, балығы тайдай тулаған көк теңізді жайлаған киелі қоныстағы тіршілік осылай жандана түсуде. Шағалалар балықшылардың басты бәсекелесі екен.

Blog post image

Blog post image

Жанұзақ Есендіков – өз ісінің хас шебері. Ауға түскен балықтарды ыждахаттылықпен алды.

Blog post image

Аудың бағасы 100 - 150 мың теңгенің аралығында екен. Балықшылар бір ау алты айға дейін жарамды дейді.

Blog post image

Мұнда балық арзан. Келісі 20 теңгеден басталады. Ең қымбаты тісті балық. Оның келісі – 400 теңге.

Blog post image

Blog post image

Бұл – Тастүбек елді мекенінің тұсы. «Бақыт» шаруа қожалығының қызметкерлері теңіздің басынан су маржанын өлшеп, қабылдап алады. Балықшылардың еңбекақысын сол жерде бірден есептеседі.

Blog post image

Бұдан соң өнім шағын мұздатқыш цехтарға жеткізіледі.

Blog post image

Онда балық алдымен тазаланып жуылады.

Blog post image

Blog post image

Мұнда күніне 5 тоннаға жуық балық әкелінеді. Су маржанын тазалап жуғаннан кейін, түрлеріне қарай бөледі.

Blog post image

Содан соң 25 гардус салқындықта тоңазытқыштарда қатырылады.

Blog post image

Blog post image

Облыс басшылығана Қырымбек Көшербаев келгеннен кейін, балық консорциумы құрылды. Өнделмеген балықты облыс аумағынан шығаруға тыйым салынды. Бұл бастама өңірімізде балық өңдеу зауыттарының қатарын көбейтуге сеп болды. Соңғы 5-6 жылдың көлемінде ондаған балық өңдеу кәсіпорындары ашылды. Бүгінде олардың жылдық қуаттылығы – 11 мың тоннаның үстінде. «Арал балық өңдеу» ЖШС зауыты – ең үлкені.

Blog post image

«Камбала балық» балықшылар өндіріс орталығы ЖШС 2005 жылы іске қосылған. Бұл зауыт жылына 2 мың тонна балықты шетелге экспорттап отыр.

Blog post image

Жалпы, зауыттарға келген су маржандары екі-үш қайтара таза сумен жуылып, бөлшектеп кесіледі.

Blog post image

Балық өңдеу көлемі соңғы бес жылда 4,5 есеге артты. Өнімдердің экспорттық әлеуеті де жоғарылап келеді. Мәселен, 2012 жылы облыстан құны 3 млн. 626 мың АҚШ доллары болатын 724 тонна балық өнімі сатылды.

Blog post image

Ал 2013 жылы  411,2 тонна  балық өнімдері Литва, Түркия, Грузия, Польша, Әзірбайжан, Өзбекстан, Ресей мемлекеттеріне экспортқа шығарылды.  Эспортқа шығарылған негізгі өнім – мұздатылған балық пен  көксерке балығының филесі. Ал биылғы жылдың 8 айында 362,3 тонна балық өнімдері шет ел асты.

Blog post image

Мынау балықтың алқымы. Дәмі тіл үйреді. Арнайы қаптама қапталып, сатылады.

Blog post image

Бір ғана «Камбала балық» балықшылар өндіріс орталығында су маржанының 13 түрі өнделеді.

Blog post image

Филеден бөлек, су маржандары ысталады, кептіріледі. Барлығы соңғы технологиямен жасалады.

Blog post image

Blog post image

Қақталған балық тұтынушыларға ыңғайлы қаптамаға да салынып сатылады.

Blog post image

Blog post image

Балықшылардың өмірі бейнетке толы екенін көрдік. Ақ ша­ғалалар қаңқыл қағып, сары сазандар мен ақ тырналар тіршілік тыныстарын кеңейткен өңірдің болашағы зор. Кезінде үдере көшкен аралдықтар туған топы­рағына қайта келіп, теңіз төс­кей­ін­дегі қайықтарының ақ желкен­де­рін қайта көре бастады.

«Ғасыр жобасының» екінші кезеңін қаржыландыруға байланысты жақында жиын өтті. Дүниежүзілік банкінің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Сародж Кумар Джа Сыр өңіріне арнайы келіп, жобаның екінші кезеңін  жүзеге асыруға ҚР Үкіметімен меморандумға қол қойды. Енді жыл соңына дейін құжаттар рәсімделіп, келер жылы құрылыс жұмыстары басталады. Жоба жүзеге асқан уақытта Солтүстік Арал теңізінің су басу ауданы 3151 шаршы шақырымнан 4645 шаршы шақырымға  дейін ұлғаяды, теңіздегі судың көлемі 27,1 текше шақырымнан 51,17 текше шақырымға дейін артады, балық аулау көлемі 30000 тоннаға жетеді. Сондай-ақ, балық шаруашылығы саласында 3 мыңға жуық жаңадан жұмыс орындары ашылады. Ал теңіз айдыны мен  Арал қаласының арақашықтығы 1 шақырым болады.  Сондықтан айбынды Аралдың келешегі кемел.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың “Мен Аралға кө­мек­тесемін деген арманыма жеткеніме қуаныштымын” деген сөзі барша аралдықтардың жүрегіне мәңгілікке жазылып қалды.

Источник: http://el.kz/m/articles/view/Аралдың-өткені-мен-бүгіні-фото

3
4862
2