Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
1
05:18, 28 мая 2014

Ойда бар нәрсе – істе бар!

Дизайнер болып, өзіндік брэнд ашуды армандайтын талантты да талапты бойжеткен Мариям Бақытжанның шығармашылығымен таныс болыңыздар!

Blog post image

-         Сәлем, Мариям! Дизайнерлік салаға деген қызығушылық қашан пайда болды?

-          Сәлем! Негізінде, дәл мына кез деп атап айта алмаймын, себебі, бала күнімнен сурет салуды жаным сүйетін. Әсіресе, сурет сабағына арналған альбомдарым тізілген қыздардың суретімен-ақ толатын. Мектепте де, математикадан бөлек, сурет сабақтарына ерек көңіл бөлетінім есімде... Менің қуыршақтарым да көп болатын, бірақ, ойнағаннан гөрі мен оларға сан түрлі сәнді киім тіккенді ұнататынмын.

Blog post image

-          Десе де, аталмыш саланы «болашағым» деп таңдауыңа түрткі болған нәрсе бар шығар?!

-          Иә, әрине. Менің дизайнер боламын деген мақсатты шешімімнен бұрын, осы саланы арман тұтуыма, бұл сала турасында дамуыма әсер еткен жан бар. Ол – әкемнің туған әпкесі.  Оның алтын қолдары, фантазиясы және тігін машинасы біріккен кезде, қайсыбір қуатты құралдың өзі оған тең келе алмайды.

-          Ал өнеріңді алғашқы болып байқаған кім?

-         Дәл сол кісі. Гүлнаш әпкем. Менің дизайнер болу жолындағы идеал тұтатын тұлғам да сол.

Blog post image

Blog post image

-          Сендік киім эскиздеріңнің басым бөлігі, білуімше, ұлттық нақышта. Мұндай таңдауды қалай жасадың? Және таңдауың болашақта сұраныс тудырады ма, қалай ойлайсың?

-          Қазақтың әрбір ою-өрнегі халқымыздың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертеді. Дегенмен, ол тек ұлттық символика болып қала беруге тиісті емес. Себебі, онда сан алуан психологиялық сыр бар. Ол тек сыр емес, сонымен бірге ол қазақ өмірінің бір бөлігі болған киелі дүние. Сондықтан да, ол бүгінде көбірек насихаттауды қажет етеді. Насихатталып жатыр да. Бұдан 4-5 жыл бұрынғымен салыстырғанда едәуір тәуір нәтиже бар екені хақ.

-          Иә, дұрыс айтасың. Қазіргі таңда, ұлттық нақыштағы заманауи киім ұсынатын дизайнерлер де көбейді. Олардың қатарына Ая Бапани, Жадыра Сахиева сынды нәзік жандыларды жатқызуға болады. Бірақ, бұл дизайнерлерден сенің айырмашылығың не болмақ?

-          Аталған дизайнерлерге мен аса құрметпен қараймын. Мүддеміз ортақ болғандықтан, олардың жұмыстарын үнемі қарап, дұрысын өзім үшін түртіп жүруге тырысамын. Дегенмен де, олардың киімдерінің құны қарапайым халық үшін келіңкіремейтінін атап айту керек. Ал мендік болашақ брэндтен барлығы да «нағыз қазақ» болып киіне алатынына мен кәміл сенемін. Қамтитын аудиториясы да кең, бағасы да қолжетімді болады.

Blog post image

Blog post image

-          Идеяңды құптаймын. Бірақ, қазақ халқы ненің болмасын байыбына жете білген халық қой. Тағам болса – ең дәмдісін, үй болса – ыңғайлысын, киім болса – бағалысын дегендей. Қазақтың киімдерінде үкінің, тері мен былғарының элементтері өте көп. Өзің білесің, бұл арзан тұратын материалдар емес. Қайтіп қолжетімді етпексің? Оның үстіне, «ит те, құс та жалайтын жайдақ су» іспетті құнсыз брэнд болып кетеді деп қорықпайсың ба?

-          Біріншіден, тауарым қолжетімді болады деп сендіріп, өзім де сенгенім – аудиториямның кеңдігіне кері пропорционал. Яғни, менің брэндіме сұраныс көп болады. Дегенмен, мұндай материалдардың арзан емес екендігін халық та біледі. Мен олар үшін күмән тудырып, я өзімді алдап, қымбатты арзан етемін дегем жоқ. Тек, өзге брэндтерге қарағанда, қарапайым халық қиналмай сатып алуға бар анағұрлым арзан болады дегенді алға тартқым келген. Екіншіден, Абайша айтқанда, «қолында құралы бар бірен-саранға ғана тиетін шыңыраудағы судан қойшы-қолаңшы, жалшы-жақыбайдың бәріне бірдей пайдасы тиетін жайдақ су болған артық» дегім келеді.

-          Қазақстандық дизайнерлерден бөлек, әлемдік аренадан кім ұнайды? Несімен?

-          Мен француз брэнді «Yves Saint Laurent» киімдеріне тәнтімін десем, артық айтқандық емес. Ерек талантты әрі әйгілі дизайнер Ив Сен Лоран өмірден озса да, оның брэнді ғажаптығын жоғалтпастан, ғұмырын әлі күнге жалғастырып келеді. Сонымен бірге, мен ливандық дизайнер Эль Саабтың жұмыстарын ерек жақсы көремін. Бұл екі дизайнердің ортақ қасиеті – олардың тамаша туындылары арқылы әрбір бойжеткен өзін ханшайым етіп сезіне алады.

Салтанаттылық, сәулеттілік дәл осы екі брэндтің синонимі деуге келеді. Ал мен, дәл осындай «шарм» іспетті биік ұғымды қарапайымдылықтың аясына сыйдырып көрсем деген ниеттемін!

Blog post image

Blog post image

-          Әрбір сала маманы өзін халыққа танытатын алғашқы қадамы туралы армандайды. Болашақ дизайнер ретінде алғашқы көрсетіліміңе көз жүгіртші. Сендік дебют қандай болмақ?

-          Шынымды айтсам, мен тау жағасында өтетін көрсетілім жайында армандаймын. Подиумның да, өтетін орынның да декорациясы, киімдерім іспетті заманауи қазақи нақышта болады. Мен, ең батыл деген армандарымның жетегінде кеткеннің өзінде, ешбір технология менің ойымдағыны қайталай алмайтындай көрінеді кейде. Десе де, ойымда бар нәрсе, істе де бар деп түсінемін!

Blog post image

Blog post image

* Мариямның компьютерлік графика арқылы жасаған эскиздері

-          Енді мынадай сұрақ: сен Қазақ Ұлттық Университетінің механика-математика факультетінің студентісің. Логика мен жүйеленген ойлау қабілетін қатал талап ететін техникалық мамандық пен нәзік қолдар мен көркемдік фантазияға негізделген дизайнерлік саладан нендей байланыс табасың?

-          Сізге өтірік, маған шын, бірақ үйлесімділік бар, сеніңіз (күліп)! Дизайнерліктен бөлек, мен – болашақ программист екенімді де мақтанышпен айтқым келеді. Бұл мамандықты таңдауға ұсыныс білдірген әкем болатын. Әрине, басында, қиналған кездері, мен әкеме ренішімді білдіріп те жүрдім. Дегенмен, математикаға деген махаббат мені осы факультеттің студентті етті. Және, дәл осы оқуымның арқасында бүгінде мен өз эскиздерімді компьютерлік графикаға салып, жаңашаландыру үстіндемін. Сондықтан да, менің механика-математикада оқып жүргенім дизайнерлік карьерама игі әсер етпесе, кері әсерін тигізіп жатқан жоқ. Десе де, болашақта өз қазанымда қайнауды жөн көремін. Сол себепті, дизайнерлікті бөлек оқу ойымда бар. Өткен жылы мен Марангони сән иститутына хат жолдаған болатынмын. Менің хатым жауапсыз қалмады. Кейіннен, мен оларға эскиздерімді жібердім. Филиалдары Милан, Париж, Лондонда орналасқан атақты институтан шақырту келгендегі менің түрімді көрсеңіз. Бірақ, аталмыш институтты өзіндік себептермен бүгінде ысырып қоюға тура келіп тұр.

-          Яғни, сенің дизайнерлік мамандыққа түсуіңе сенің әкең қарсы болды. Неліктен деп ойлайсың?

-          Қазақстан – дамушы мемлекет болғандықтан, аталмыш сала да әлі даму үстінде. Менің әкем сол үшін де, елімізде дизайнерлік саланың болашағы бар екеніне сеніммен қарай алмады. Сондықтан да, мамандық таңдау барысында біз ұзақ ақылдастық... Мен сияқты, өнер жолына бүйірі бұрып тұратын жастар қаншама бүгінде, солардың батыл түрде таңдау жасағанын қалаймын. Ол үшін еліміз бұл салаға шын ықылас қоюы керек. Яғни, аталмыш саланың дамуы үшін арнайы мектептердің, жоғарғы оқу орындарының ашылуы, тәжірибе алмасуымыз үшін дамыған елдерден мамандар шақыртуымыз қажет. Сонда ғана, ата-ана да сене алатын болады.

-          Әр кезеңнің өзіндік сән стандарты бар. Яғни өткен ғасырдағы нәзік жандылардан аталған аксиоманың дәлелі ретінде біз Мэрилин Монро, Софи Лорэн сияқты аңыз-әйелдерді атап өтсек, бүгінде ол 90-60-90 стандартын мақұл көретін арулар. Стандартқа ұмтылу дұрыс па, қалай ойлайсың?

-          Әр адамды Тәңір өзінше уникум, индивид етіп жаратты. Әрине, әдемілікке ұмтылуды ешкім өзгертіп, жойған жоқ, дегенмен, стандарттан бұрын адамның болмыс-табиғаты бар екенін ұмытпау керек деп түсінемін. Және осыны мен болашақта өз брэндымның киімдері арқылы дәлелдейтін боламын.

-           Кітап оқитын жастар қатарына жатасың ба?

-          Әрине! Сүйікті жанрым – классика. Қазір Достоевскийдің «Карамазов бауырларын» оқып жүрмін. Сонымен бірге, өз салам бойынша дамуыма септік тигізетін кітаптар ретінде Коко Шанельдің өмірбаяны жайлы кітаптар мен Ив Сен Лоранның «High fashion» авторлық кітабын атап өтер едім.

-          Сән туралы қазақша кітаптарға кезігіп көрдің бе?

-          Өз басым, кездестірмедім. Меніңше, олардың қажеті де жоқ. Себебі, қазақы киімдердің сырын ұғынып, түсіну үшін Әуезовтың «Абай жолын» оқудың өзі жеткілікті. Айтпағым, ондағы шолпы мен шашбау тағынып, бешпент киген қазақ бойжеткендерінің бейнесінен артығын еш жерден таба алмайсыз.

Blog post image

-          Дегеніңізге, діттегеніңізге қиындықтарды еңсеріп, жете беріңіз дей отыра, сындарлы сұхбатыңыз үшін алғыс білдіргім келеді. Рахмет!

-          Сізге де көп рахмет! Өнердің шыңынан көрінейік!

сұхбаттасқан: НАЗГҮЛ НАЗАР

фотограф: Балнұр Назарова

 
1
4208
0