Алматы облысында «Қазбат» қазақстандық бітімгершілік батальонының арнайы мақсаттағы десанттық-шабуылдаушы роталарының жеке құрамының роталық-тактикалық оқу-жаттығуы аяқталды. Оқу-жаттығу 2014 оқу жылының жауынгерлік дайындық жоспарына «Көктал» оқу-жаттығу орталығында сәйкес өткізілді.
Жеке құрам әскери техникалармен Қапшағай қаласы - Сарыөзек кенті - «Көктал» оқу орталығы бағыты бойынша және кері қарай 600 шақырымдық марш жасады. Жаттығуға батальонның үш десанттық шабуылдау ротасы мен 60-қа жуық жауынгерлік техникасы қатысты. Роталық-тактикалық жаттығуға батальон командирі подполковник Болат Дүйсембаев жетекшілік етті.
Марш кезінде жүргізушілер таулы аймақтардан, бірнеше асулардан өтіп әскери техниканы басқару шеберліктерін шыңдады. Десанттық-шабуылдау роталары жаттығуды барлық штаттық атыс қаруынан жауынгерлік оқ атуымен аяқтады.
Бітімгершілік батальонының жеке құрамы жаттығу кезінде берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындап, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Әсіресе, арнайы мақсаттағы бірінші десанттық-шабуылдаушы ротасының лейтенант Нұрлан Төлегенов бастаған взводы жіті іс-қимылымен ерекше көзге түсіп, алдарына қойылған міндеттерді орындаудағы шеберлігімен тәнті етті.
Аэроұтқыр әскерлерінің бітімгершілері сәуір айының екінші жартысында өткізілетін бригадалық-тактикалық оқу-жаттығуға қатысатын болады.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі