Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
02:50, 21 февраля 2014

Денис Тен: Олимпиаданың алтын медалін олжалауды мақсат етіп отырмын

Денис Тен
Денис Теннің есімі Қазақстан үшін мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада жүлдесін алып берген алғашқы спортшы ретінде тарихта қалды. Ол өте қарапайым және ақкөңіл адам. Бізге ол спорттық қарым-қабілетінен бөлек, ой қабілеті де жоғары, өзінше бір пәлсапалық толғамдарға терең бойлай алатын адам ретінде сезілді. Егер қолына қалам алған болса, тамаша жазушы болар ма еді, кім білсін.

«ҚазАқпарат» тілшісіне берген экслюзивті сұхбатында Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем біріншілігінің вице-чемпионы өзінің болашақтағы жоспарларымен бөлісіп, өзге де тақыптардың бетін ашып берді.

- Қазақстандықтар бұл медальді көп күтті, олардың ақ үмітін сен толығымен ақтап шықтың. Өзіңнің Сочи Олимпиадасындағы өнеріңді қалай бағалар едің?

- Сөз жоқ, мәнерлеп сырғанауда өнеріңді өте тамаша көрсетуге болады. Менің ойымша, Олимпиадада көрсеткен нәтижем шынымен де өте жақсы. Бұл былтыр Лондонда шыққан кездегі өнерімнен өзгешелеу болды. Жанкүйерлер менің дәл сондай сезімге толы өнерімді көргілері келді. Бірақ Сочиде мен қыруар қиындықтарға тап болғанымды ескеру керек. Сондықтан оны сәтті еңсеріп, мұзда лайықты деңгейде өнер көрсетуім және жүлдеге ілінуім — мен үшін және бүкіл Қазақстан үшін керемет жетістік.

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атансаң, Олимпиада ойындарының фавориттарының біріне айналып шыға келесің. Маусым басында мен әрине үштікке кіруді жоспарлағаным рас. Бірақ кейін үлкен қиындықтар туа бастады. Бірінен соң бірі алған жарақаттарымнан кейін менің ойым жүлдеге таласу жайында емес, Олимпиадаға қалай дұрыс жаттығуым керек дегенге ойысты. Сіздер мәнерлеп сырғанау спортының қаншалықты биік деңгейге жеткенін көрдіңіздер, жеңіс тұғырына бірден 15 спортшы таласты. Қысқа бағдарламадан соң, мен тоғызыншы орында тұрдым. Үшінші орынға маған бірнеше ұпай жетпей қалды, ал бұл мәнерлеп сырғанауда өте аз. Сондықтан менің де жүлдеден үмітім бар еді. Бірақ мен өзіме бұл жауапкершілікпен ауыртпалық түсірмеуге тырыстым. Мақсатым — төрт жылда бір айналып келетін ең басты додада ең керемет өнерімді көпшілікке паш ету болды. Менің ойымша, бұл қолымнан келді.

- Ресей үміті — Евгений Плющенконың жарыстан шығу туралы шешімін қалай қабылдадың?

- Шынымды айтсам, мен ол жөнінде жарыстың соңына дейін білген жоқпын. Сайыстың соңында тізімді көрген кезде бір білдім. Мен оның өнерін командалық жарыстарда бақыладым. Бірнеше рет ота жасатып, қаншама қиындықтарға мойымай, жоғары деңгейде өнер көрсету — кім-кімді болмасын таң қалдырмай қоймайды.

- Сочидегі жарыс өзіңе ұнады ма? Олимпиада ойындары қандай деңгейде ұйымдастырылған?

- Олимпиаданың деңгейіне барлығы да тәнті. Жарыс нысандары өте жоғары деңгейде салынған. Бұл Олимпиада ойындары, дегенмен спортшылар өздерін құдды бір курортқа келгендей сезінуде. Бұл әрине қуантпай қоймайды. Мен Олимпиаданың ұйымдастырылуына өте жақсы деген баға беремін. Мен Ванкуверде болдым, бірақ Сочи таңдай қақтырды. Алматы қаласы 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізу құқығын жеңіп алады деп сенемін. Егер ол құқықты біз жеңіп алсақ, Сочиден кем ұйымдастырмайтынымыз анық. Қазақстан ірі спорттық жарыстарды ең жоғары деңгейде ұйымдастыратынын білеміз. Алматы жеңіп жатса, шетелдіктер қазақтың ділін, мәдениетін және қонақжайлығын толығымен танып білуге мүмкіндік алады.

- Болашақ жоспарларың қандай? Қоржыныңа Олимпиада ойындарының алтын медалін салу ойыңда бар ма?

- Мәнерлеп сырғанауда белгілі бір жоспарлар қою өте қиын. Барлығы бізге байланысты емес, мұнда не секундтар, не голдар жоқ. Сондықтан мен өзімді шыңдай түсуге тырысамын. Әрине әрбір спортшы Олимпиада чемпионы болуға талпынады. Мен өзімнің алғаш қадамдарым — сауда кешендерінің мұз айдындарында, ашық мұз үстінде басталған. Содан бері үлкен жетістіктерге қол жеткіздім. Бұл маған үлкен күш-қуат береді. Бүгінгі таңда бізде керемет мұз кешендері бар, жаттығуға қажетті заманауи жағдайлар жасалған, бұл қуантады. Менің ойымша, көп ұзамай Қазақстаннан шыққан өзге де спортшылар үлкен жүлделерге қол соза бастайды. Егер сәтін салып жатса, командалық турнирлерге де қатысармыз. Әрине мен Олимпиаданың алтын медалін жеңіп алуды армандаймын. Дұрыс жаттығудың, бапкердің сауатты жұмысының арқасында болашақта ірі жарыстарда қазылар алқасы менің өнерімді жоғары бағалайды деп ойлаймын.

- Айтпақшы, өзіңнің мұздағы шоуыңа кімдерді шақырасың?

- Былтырғы шоу бізде тамаша деңгейде өтті. Екі қалада өткен шоуда 10 мың адам барлық билеттерді қас-қағым сәтте сатып алып кетті. Алматыда үлкен аншлаг болды, тіпті достарымды шақыра алмай қалдым. Олимпиада ойындары әлі аяқталған жоқ. Қазір мен Олимпиада соңында өтетін дәстүрлі көрнекі орындауларға дайындалудамын. Содан соң ғана шоу қашан және қандай тақырыпта өтетінін, кімдер келе алатынын ойластыратын боламыз.  Спортшылардың уақыттары өте тығыз екендігін де ескеру керек. Биыл шоу ауқымдырақ болады. Келетін жұлдыздардың саны артады, сонымен қатар шоуды қазақстандықтардың көпшілігі тамашалай алады. Оның бәрі уақыт еншісінде. Қазір  нақты ештеңе айта алмаймын, дегенмен қазақстандықтар үлкен шараға дайындала берсе болады.

- Денис, жанкүйерлерге айтарыңыз бар ма?

- Жанкүйерлерге шексіз алғысымды жеткізгім келеді. Мен әлі күнге дейін олардан мыңдаған хаттар алып жатырмын. Әлеуметтік желілерде тіпті керемет. Ол жерде оқушыларым көбейіп, менің атыма құттықтаулар мен жылы сөздер түсіп жатыр. Адамдардың қолдауы мен махаббатын көру үлкен қуаныш сыйлайды. Ел менің еңбегімді бағалап жатыр. Адамдар менің қажыр-қайратымның қадірін түсінеді, соған ризамын. Сондықтан халқыма шынайы алғысымды білдіремін. Жақында Олимпиада жүлдесі маған қандай еңбекпен келгені туралы ағылшын және орыс тілдерінде жазған болатынмын. Онда адамға жігер беретін бірнеше сәттер бар, бұл болашақта адамдарды жаңа қадамдарға бастайды деп есептеймін. Өмірде алға жетелейтін жағымды сәттерді таба білу өте маңызды.

- Мазмұнды сұхбатыңа рахмет, Денис!

- Сізге де рахмет!

СОЧИ. ҚазАқпарат - Автор: Жасұлан Жолдыбаев
 
0
342
0