Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
08:24, 14 февраля 2014

Әскери қызметшілер интернационалист жауынгерлерді еске алу іс-шараларына қатысады

Ертең Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстаннан шығарылғанына 25 жыл толады. Осыған орай Қазақстанның барлық қалаларында қаза болған жауынгерлерді еске алуға арналған митингілер өтеді.

Астана, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Семей, Тараз, Талдықорған, Өскемен, Шымкент, Балқаш қалаларының әкімдіктері мен ардагерлер ұйымдары өткізетін салтанатты іс-шараларға Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері де қатысады.

Ескерткіштерге гүл дестелерін қою кезінде жауынгерлік құрмет көрсету үшін Қарулы Күштерден құрметті қарауыл мен әскери оркестрлер бөлініп отыр.

Қазіргі уақытта Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарында Ауған соғысына қатысқан бірнеше офицерлер мен генералдар абыроймен қызмет етіп жүр.

Жас ұрпаққа қазақстандық жауынгерлердің ерлігін насихаттау үшін және Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 25 жыл толуына арналған іс-шаралар шеңберінде ҚР Қорғаныс министрлігі бірқатар шаралар өткізді. Талдықорғанда жастар арасында әскери-патриоттық әндер конкурсы ұйымдастырылды. Астанадағы 68665 әскери бөлімі базасында әскери қызметшілер мен интернационалист жауынгерлер арасында атыстан ашық турнир өткізілді. Жыл бойына спорттың әскери-қолданбалы түрінен жарыстар өткізілетін болады.

Кеңес әскерлері Ауғанстаннан 1989 жығы 15 ақпанда шығарылды. Он жылға созылған Ауған соғысына 22 269 қазақстандық қатысты. Оның 924-і қаза болса, 1015 адам мүгедек болып оралды. 21 жігіт із-түзсіз кетті.

Қорғаныс министрлігінің басшылығы мен Қарулы Күштердің әскери қызметшілері интернационалист жауынгерлерді Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстаннан шығарылғанына 25 жыл толуымен құттықтайды. Қазақстандық жауынгерлердің ерлігі жас ұрпақты отаншыл рухта тәрбиелеу ісінде жарқын үлгі бола бермек.

ҚР ҚМ Баспасөз қызметі

0
2125
0