Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
00:43, 13 февраля 2014

ҚАЗАҚ ТІЛІ: ЕЛДІҢ ШЕТІНДЕ, ЖЕЛДІҢ ӨТІНДЕ ҚАЛМАСЫН

«Көкіректегі көркем ойдың,ауыздан шыққан соң әрі қашады» демекші, аудандағы қос бірдей әлеуетті- мәдениет және тілдерді дамыту мен білім беру бөлімдері, округтер әкімдері мен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық ұйымы, редакциямен біріге отырып Тілдер күні қарсаңында  ұйымдастырған дәстүрлі онкүндігі осы жолы «Қазақ тілі-ұлттық рухтың негізі,елдігіміздің тұғыры» тақырыбында ұйымдастырылғанымен оның іске асырылуы әр округте түрлі деңгейде болып шықты.

Барлығы да белсенділікке байланысты

Алдын ала жіберілген нұсқаулықта бұл акцияның мақсаты осы саладағы арнайы бағдарламаның іске асырылуы мен мемлекеттік тілдің қолданысы деңгейін зерделеу екендігі анық көрсетілгенімен біз барған Көктоғай, Өрлік, Есбол, Елтай, Жарсуат, Бөденедегі шараларға қатынасушылардың белсенділігі діттеген жерден көрінбей жатты. Оның үстіне Есбол мен Бөденеден басқа жерде тұрғындардың белсенділігін айтпағанда  әкімшіліктің осы салаға жауапты мамандарының хабарлама жасамақ түгілі төбелері де көрінбеді. Мұның өзі бүгінде жүріп жатқан  халыққа қызмет көрсету сапасын көтеру жағдайында орын алуы тіпті түсініксіз.

Сонымен бұл акция барысында  алдымен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық ұйымының төрағасы Б. Шыныбай сөз алып, сонау 1989 жылы басталған қазақ тілінің мәртебесі туралы талас-тартыс пен тәуелсіздікке қол жеткен соң Елбасымен бекітілген «Тілдер туралы» Заңының орындалуы жайына тоқталды.

-Аталған заң бойынша қазақ тілі-мемлекеттік  деңгейіне көтеріліп, Астанадан бастап түрлі іс-қағаздар ана тілімізде жүргізілетін болды. Әйтсе де осы заңдағы ресми  орыс тілінің мемлекеттік тілмен қатар қолданылуы бұл мақсаттың толық іске асуына әлі күнге кедергі келтіріп келеді. Соған қарамастан Атырауда, соның ішінде Индер ауданында іс-қағаздары 100 пайыз мемлекеттік тілде жүргізіліп отыр. Алайда Астанадан, облыстағы басқарма, департаменттерден қағаздар мен нұсқаулықтар ресми, ал «ИсиГипс-Индер» сынды кәсіпорындарда бірнеше тілде келіп түсіп жатады. Бұл мәселе аудандық әкімдікте, мәслихатта өткен жиын-сессияларда талқыланып, тиісті шаралары белгіленді. Әу баста  ауданда көптеп құрылған қоғамдық ұйымдар, бүгінде тек мектептерде ғана жұмыс істеп тұр. Олар бүкіл ауылдағы тілді насихаттау жұмыстарына белсене араласып, бұл бағыттағы пәрменділік танытпағандарымен оқушылардың бойында тілге деген құрметті қалыптастыруға үлестерін қосып келеді. Оны Махамбет, Мұрат тану бағытындағы жұмыстардан, оқушылар арасындағы айтыстардан көріп жүрміз.Елбасы Жолдауында қойылған міндетке сай 2025 жылға қарай қазақ тілін қолдану деңгейі реттелуі тиіс. Оны оқу жылы басында оқушылармен кездескенде Н.Ә.Назарбаев «Сендер бір-бірлеріңмен қазақша сөйлесіңдер. Ұлтты сүю алдымен тілді,туған ана тілді сүюден басталады» деп  тағы қайталап, енді «Қазақ елі» пәні оқытылуы сол істердің бастауы екендігін атап көрсетті,-деді қоғамдық ұйым жетекшісі. Ол сондай-ақ ата тек пен аты-жөнді жазудағы әрқилылықты, жастардың жаргондарға әуестеніп бара жатқандығын сынға алды.Бір ғана Мөлдір сөзін алты түрде жазып жүргендігімізді еске алып, ата-аналарды дүниеге келген сәбиге ат қойғанда өзгеге еліктеуден арылып, дәстүр жолын ұмытпауға шақырды.

Даланың дархандығы, көңілдің кеңдігінің айнасы

Мұндай ізгі тілекті Қазақстан Журналистер одағы аудандық ұйымының жетекшісі Кеңес Сахи да әр ауылда өткен кездесулерде қайталады.

-Әлемдегі ең құнарлы,бай тілдер қатарына жататын қазақ тіліне деген қызығушылық кезінде де, қазірде де жоғары болып келеді. Оған бірнеше шет елдік ғалымдардың Абай тіліне қызығып одан ғылымдық дәрежелерін қорғағанының өзі дәлел бола алады.Атақты ғалым Радловтың қазақтың сөздері мен жаңылтпаш, жұмбақтарын зерттеп, жазған  «Алтын сандық» атты еңбегінің өзі неге тұрады.Даласының дарқандығы, көңілінің кеңдігімен ұштасқан бай қазақ тілін ардақтап, насихаттауымыз қажет. Сондықтан жастар интернетке сеніп қалмай  өз тілімізді терең меңгеруге, ол үшін кітап пен газеттерді көп оқуға жетілуі керек. Интернет әлбетте таным-білімді кеңейткенімен, әдебиеттерді терең меңгеруге, көркем сөйлеуге машықтандырмайды. Содан сақтанайық. Әлгінде айтқан ат қоюға келгенде де үлкендеріміздің қазақи дәстүр жолын ұмытпағандары жөн.Қазақта  жақсылық жасаған адамдарға ризашылық білдіріп, Микоян, Климент деген тағдырлы есімдер қойғанын білемін. Ал Диана, Эльвира, Элона секілді  құр еліктеуден туған аттардың қазақ даласына енуіне жол болсын. Мұндай есімдерді қазақ баласының жылдар бойына арқалап өтуіне қандай еңбегі сіңіпті. Дүниеге келген жанның ұлты, оның тілі, мемлекеті болады, біз соны қорғай білуіміз керек,-деген қаламгер ағамыз өзінің «Ана тілім-тұғырым», «Тіл-өмір» атты өлеңдерін оқып берді.

Қате жарнамадан  қатер көп

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж. Тілепқалиеваның сөзі мемлекеттік тілдің жергілікті жерлерде, кәсіпкерлік нысандарда қолданылуы жайы, жалпы «Тілдер туралы» Заң талаптарына қатысты міндеттердің орындалуына арналды.

-Аудан бойынша «Тілдер туралы» Заң мен «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» орындалуы қатаң бақылауда ұсталынып отыр. Бұл тұрғыдан алғанда облыста алдыңғы қатардағылардың біріміз. Аудандық әкімдікте осы тіл мәселесіне, жарнамаға қатысты бірнеше жиналыстар өтіп, рейдтер ұйымдастырылды. Кәсіпкерлік нысандардың атаулары суретке түсіріліп, 260-тан аса көшенің атаулары тексерілді.Соған сәйкес бүгінде көше атауларын ретке келтіру, заңдастыру жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен қазақ тілі көшелерден,көрнекіліктерден әлі де дұрыс көрінбей келеді.Маңдайшалардың  өзінде стилистикалық, грамматикалық қателер өте көп. Үлкендер қате екенін білсе, жастар оны дұрыс деп санауы әбден мүмкін ғой. Сондықтан да «Тілдер туралы» Заңның 21-інші бабында көрсетілген талапты қатаң сақтауға шақырамын.Бұл жұмыстар алдымен жергілікті округ әкімдігінің бақылауында болуы тиіс.Жарнамаларды жазарда  және орнатарда аудандық сәулет және қалақұрылысы, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерімен міндетті түрде  хабарласу керек.Әйтпесе, бүгінде әр ауылдағы басқаны айтпағанда дүкендер мен кеңселердің маңдайшалары әркім білгенінше қолдан жаздырып іліп қойған. Көрген көзге қораш көрінеді, бұл елдікке сын. Облыста арнайы ондай көрнекіліктерді жасататын орындар бар. Соларға тапсырыспен сауатты жаздырып алу керек. Мұны жоғарыда аталған «Қазақ тілі» қоғамы бастауыш ұйымдарының төрағалары да ескерсе деймін. Жалпы олардың тек білім ордаларындағы жұмыстармен ғана шектеліп қалмағаны жөн. Тілге құрмет-елге құрмет, сондықтан бұл істе бірлік қажет,-деді бөлім басшысы.

Қоғамдық ұйымның ауылдық жерлердегі өкілдері ретінде бастауыш ұйым төрағалары мен өкілдері, атап айтқанда Көктоғайда Б.Нысанбаев атындағы орта мектептің мұғалімі С.Нығыметова, Өрлікте Қ.Абақанов атындағы орта мектептің мұғалімі Ж.Оспанова, Есболда округ әкімінің бас маманы Е. Сабыров, Жамбыл, Кулагино, гимназия мұғалімдері М.Көшенова, Р.Кенжеғалиева,А.Сапарова, Жарсуатта Махамбет атындағы орта мектептің мұғалімі М.Махметова, Бөденеде округтің маманы Ш. Мерғалиева, тағы басқалары сөйлеп, атқарылып жатқан жұмыстарын баяндады. Осы ретте Жамбыл атындағы орта мектепте (директоры М. Сабырова) тілге арналған шара өз мәнінде мазмұнды өткенін атап өткен дұрыс.

Көктоғайда сөз алған зейнеткер Қ. Сүлейменов:-Қазақ тіліне көзқарастың ерекше болуы керектігі өте дұрыс мәселе. Дегенмен соған алдымен Үкіметте, Парламентте, тағы да басқа жоғары орындарда баса назар аударылса, халыққа үлгі болса деймін. Олар өздері айтқандарымен, өздері өзге тілде сайрап, көңілімізге реніш ұялатады. Сондықтан заң баршаға ортақ екендігін ұмытпауымыз керек. Сондай-ақ бүгінде ҰБТ-ге назарда ұсталынып, мектептерде шәкірттерді дұрыс сөйлеу, ойын білдіруге үйрету жұмысы төмендеп кеткен сияқты. Осы жұмысқа назар аударылуын ұсынғым келеді,-деген пікірін өзгелер де құптады.

Бұл кездесулерге қатыса жүріп біз тіл мен кітаптың насихаты да өрістей түседі деген ойда болғанбыз, бірақ Есболда кітапханашы К. Ибатова мен Жарсуатта Б. Тастемірова ұйымдастырған шағын көрмелерден басқа ештеңені көре алмадық. Шынтуайтына келгенде ауылдық жердегі тіл мен кітаптың бірден бір жанашыры әрі осы саланың жауапты тұлғалары кітапханашылардың өздері де мәдениет үйі басшыларымен біріге осы ортаға оқырмандарын тартып, ой бөлісіп, белсенділік танытып жатса айып болып па?

Ал қашанда тілжанашырлары арасынан табылатын мектеп оқушылары осы шараларға белсене араласып, ән айтып, би билеп көркемсөздерін белсене оқыды. Сөйтіп, елді мекендерді аралау барысында жетістіктермен қатар осындай тілге деген салқын көзқарастың да сызын аңғарып қалдық. Қазақ тілі елдіктің шетінде, желдің өтінде қалмасын десек ендігі жерде осындай бейғамдықтан да арылғанымыз жөн сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?

СУЙЕУ ХАЛЫҚОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
топ мүшесі.
Көктоғай-Индербор-Жарсуат.

0
412
0