Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
23:37, 02 февраля 2014

Ұлт әдебиетінің дамуына өзіндік өлшеусіз үлесін қосқан Сәкен серіні оқырманы ұмытпайды

ҚазАқпарат, 01.02.2014

Blog post imageБүгін Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлық иегері Сәкен Нұрмақұлы Жүнісов 80-ге толды. Көзі тірісінде Сәкен сері атанып кеткен қазақ әдебиетіндегі аса көрнекті тұлғаның қаламынан туындаған эпикалық-прозалық туындылар, драмалық шығармалар біздің өнерімізге, мәдениетімізге сол санатта ұлттық әдебиетімізге олжа салған дүниелер болып табылады. Сәкен сері Нұрмақұлы - ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақтың әдебиетіндегі аса көрнекті, ұлы өкілдердің бірі. Осы орайда бұл атаулы күннің қарсаңында Сәкен Нұрмақұлының қарындасы Роза апаны әңгімеге тартуды жөн көрдік.

- Сері ағамыз дүнидеден өткеніне сегіз жыл өтті. Биыл Сәкен ағаның туғанына сексен жыл толады екен. Осы атаулы күнге қатысты дайындық шаралары қалай жүріп жатыр?

- Бұл тұрғыда үлкен жұмыстар атқарылып жатыр деп айта алмаймын. Мәселен, жазушының есіміне көше атауын беру бойынша тиісті мекемелерге жолыққан болатынмын. Бірақ бұл жұмыстар іске аспай жатыр.Сәкеңнің туған жері Көкшетау өңірінің әкімдігіне де хаттар жіберген едік. Енді осымен белсенді айналысатын адам болмай тұр.

Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметов мырзаға жіберген хатта қазақтың халық жазушысының мерейтойына орай мұндай тойларды өткізу, сол юбилярдың туған жеріне, еліне жүктелу дәстүрге айналғанын жазған болатынбыз. Онда торқалы тойды Көкшетау қаласында, Уәлиханов ауданында (бұрынғы Қызылту ауданында) өткізу, бұдан жиырма жыл бұрын арнайы салына бастаған Бурабай кентіндегі құрылысы аяқталмаған мұражайды бітіру мәселелерін көтерген едік. Ағамыз - Көкшетау қаласы мен Уәлиханов ауданының құрметті азаматы. Сәкен аға туып өскен жердің ел ағасы ретінде аяулы азаматты мәңгі есте қалдыру үшін Кішкенекөл кентінде, Көкшетау қаласында мәдени орындар мен мектепке есімін беру, көше атауын беру сияқты сауап істерді қолға алуды өтіндік. Бір барғанда аудан орталығы мәдениет үйінің атын Сәкеңнің атына бергенін естідік. Ол кісінің пьесалары республикалық және облыстық театрларда сахналанғаны белгілі. Осы орайда кішігірім тетрдың болсын атын Сәкеннің атына беріп қала ма деген ниеттеміз. Қазіргі кезде Астанадан серінің есіміне арнап көше беру мәселесімен айналысып жүрмін.

- Өткен жылы елордада халық жазушысына ескерткіш тақта орнатылғаны есімізде...

- Иә, Астанада ағам тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Осы шараға қатты қуандық және қуанышымды жасыра алмаймын. Ескерткіштің ашылуы бүкіл халқы үшін, туған-туыстары үшін зор мәртебе деп білемін. Елорда Сарыарқа жеріне ауысқан кезде ағам жас баладай  шын ниетімен қуанды. Өздеріңіз білесіздер, сол жылдары Астанаға бірқатар зиялы қауым өкілдері қоныс аударды. Сәкен ағам да бастапқы жылдары осында көшіп келді. Қазір Бараев көшесінде тұрған үйінде аталған ескерткіш тақта орнатылған. Ағаның бастамаларына қолдау болу үшін, шығармаларын жас буынға таныстыру, сондай-ақ шықпай қалған қолжазбаларын басып шығару мақсатында өзім де Алматыдан Астанаға келдім.

- «Сері» деген атты Ғабит Мүсірепов сынды ұлы жазушы қойды деген шын ба?

-«Ақан сері» романын жазғанда Ғабит Мүсірепов  ағамызға «сегіз қырлы, бір сырлы талантың үшін бұл атқа ие болдың» деп айтқан еді. Жалпы Сәкеңнің жақын туысы ретінде оның батырлығы мен ақылдылығын, спортқа жақындығын, күйшілігін, әншілігін және ұлтжандылығы жайында ұзақ тарқатып айта беруге болады. Өзі қазақтың тілі мен намысы үшін жастайынан күресумен болды. Атап айтқанда, тың өлкесі басталған уақытта Ресейден келген ұлт өкілдері біздің жерімізге келіп, жергілікті халықтың намысына тиетін әрекеттер жиілеп кетті. Маңайдағы ауылдар мен аудан орталықтарының атаулары және көше атаулары орысшалана бастады. Осы кезде ағам жиындарда өз ойын ашық айтып, бұндай іс-қимылдарға қарсылығын білдірді. Кейін оның соңына адамдар түсіп, ізін аңдушылар пайда болды. Ақыры, ағама елде жүру қиындап кетті. Нағашым, Мұқан мотоциклмен түнделетіп, Сәкенді Көкшетауға дейін жеткізіп салды. Үйдегілердің барлығы «оны жауып тастамаса екен» деп алаңдаумен ұзақ жүрді. Әйтеуір, ағам Алматыға жетіп, «Пионер» журналына жұмысқа орналасып, өмірінің жаңа парақтарын ашты. Жалпы осы оқиға «Жапандағы жалғыз үй» романының дүниеге келуіне арқау болды.

- Сәкен аға өмірде қандай еді?

- Шындығында, ол тура сөйлейтін. Өсек-өтірікті, жағынуды, біреудің ығына жығылуды білмейтін. Ағам көпшіл әрі туысшыл адам болды. Ол үйге келгенде барлығымыз кәдімгідей керемет бір жасап қалатынбыз. Елді аузына қаратып әңгімелерін айтып, арқа-жарқа болып таң атқанша ойын-күлкімен отыратынбыз. Достарын жиып алып ән шырқағанды жақсы көретін. Ақанның әндерін мәнеріне келтіріп орындайтын.

- Ақан серінің домбырасы Сәкен ағаның қолында дегенді естіген едік. Осы домбыраның тағдыры не болды?

- Жалпы осы аспапты қазақ халқы тамашалап жүргені орынды ғой. Мен де осыны қалаймын. Өйткені, өнеге мен өсиет жолында Сәкеннің жинаған естелік заттарын, домбыраларын, шығармаларын, сонымен қатар Ақан серінің домбырасын көпшілік назарына ұсыну керек. Бірақ, жоғарыда айттып өттім ғой, көптен бері Бурабайда құрылысы бітпей жатқан мұражайы бар. Соған қазір қолғабыс етіп, бір нәтиже жасаймын деп тырысқаныммен, болмай жатыр. Көзімнің тірісінде қолымнан келгенше Сәкен серінің естелігі үшін бұл жұмыстарды атқаруға тырысамын. Ақан шерткен домбыра ағамның Гүлмира деген қызының қолында. Сәкен секілді қаламгерді ұмытпаса екен деген оймен осы естеліктердің барлығын Бурабайдағы мұражайға жинап, сол жерде тұрса екен деген арманым бар.

- Әңгімеңізге рахмет!

Айта кетейік, Сәкен Жүнісов - Қазақстанның халық жазушысы, драматург. «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, КСРО Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметтерін атқарған. Қаламгердің «Аманай мен Заманай» романы  бойынша «Заманай» атты көркем фильм түсірілген. Оның «Ажар мен ажал», «Тұтқындар», «Жаралы гүлдер», «Қызым, саған айтам», «Қос анар», «Әр үйдің еркесі», «Қысылғаннан қыз болдық», «Кроссворд», «Елім-ай», «Сабалақ Абылай», «Сәукеле» және тағы да басқа пьесалары республикалық және облыстық театрларда сахналанған. «Сонарда», «Әжем мен емші және дәрігер», «Кімнің мекені жақсы?» атты әңгімелер мен повестер жинағы, «Жапандағы жалғыз үй» , «Ақан сері»  романдары жарық көрген. Көптеген шығармалары шет ел тілдеріне аударылған. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері.

Руслан Ғаббасов

0
614
0