Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
04:24, 28 января 2014

ФАРИЗА АПАҒА

Тәтті мұңмен талықсып таңың ата,

Жай отындай жырыңмен жалын ата,

Аңырата, жұртыңды жамырата

Сен де өттің -ау дүниеден, жаным апа!

 

Жетім менен жесірге жан ашынып,

Кеудең бір күн тыншымай аласұрып,

Мың қаршының отына жалғыз күйіп,

Жалған күнді шын еттің дара сүріп!

 

Жырың болып жөңкілсе құт ала күй,

Жарқыраған жұлдыздай жұтаған үй.

Сен барында бар еді ер Махамбет,

Сен барында тірі еді Мұқағали!

 

Кіл арзаннан даралап сендік есті,

Кім жалғайды, дариға-ай, енді көшті?!

Саған қарап сағынып Төлегенді,

Сен арқылы сүюші ек Меңдікешті!

 

Бірің - қара, бірің - көз ағы сынды

Жанардай боп жүретін жан ішулі...

«Егіз қозым» деп кеткен Айсәуле ана,

Кімге тастап барасың Әбішіңді?!

 

Кілт үзілді тілегім оңға ұласқан,

Айым құлап, түнерді мөлдір аспан.

Ұлылықтың сарқыты ең, жаным апа!

Іріліктің ізі едің соңғы басқан!

 

Найза- жырың қадалса жатқа өшігіп,

Һақ нұрымен жуынып жатты есімің...

... Ақырып тұр аспаны алты алаштың!

Аһ ұрып тұр өлеңнің ақ бесігі!

 

Сен барында ар-намыс сауық құрып,

Сыйлаушы еді сарсылған халыққа үміт!

Көп наданнан алмастай мінезіңмен

Есемізді қайтардың жарып тұрып!

 

Зұлымдарды зымыстан жатқан бұғып,

Туралығың тастайтын тақтан жұлып.

Сен халқыңды аластап жүруші едің

Ұсақтық пен күңкілден сақтандырып!

 

Жүйрік мініп, жебе атып жыр майданнан

Болмысыңды кезің жоқ бұлдай қалған.

Баласына, қазақтың даласына

Қыз да болсаң болып ең ұлдай қорған!

 

Сан жетімді сыйғызып кеңдігіңе,

Ес сыйладың ерлерге! Елдігіме!

Жалқы туған жүректі жұртқа тастап,

Жалғыз кетіп барасың енді, міне!

 

Жаным апа! Жаныммен мәңгі ұғысқан...

Армандарың көп еді таңды құшқан...

... Сен деп білер енді елің шыр-шыр етіп

Сынық қанат құс көрсе жалғыз ұшқан!

 

Бақұл бол, АПА! Елена Мажиткызы ӘБДІХАЛЫҚОВА 23. 01. 2014

0
546
0