Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
02:57, 11 декабря 2013

«Дін және азаматтық қоғам»

2013 жылдың 11 желтоқсанында Алматыдағы «Достық Үйінде» Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі, «Қазақстанның Азаматтық альянсы» ЗТБ және «Астана-Зерттеу» ҚҚ бірлесе ұйымдастыруымен «Дін және азаматтық қоғам» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы болып өтті.

Конференция жұмысына Астана, Алматы қалаларынан, елдің облыс орталықтарынан 100 адам қатысты. Олардың ішінде дінтану, саясаттану, әлеуметтану, философия саласының танымал ғалымдары, сарапшылар қауымы және мемлекеттік органдардың өкілдері, азаматтық қоғамның беделді институттарының, талдау құрылымдарының жетекшілері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.

Дін және азаматтық қоғам арақатынасындағы ең өзекті де, тәжірибелік маңызы бар мәселелерді талқыға салу, сондай-ақ дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру барысында азаматтық қоғам өкілдерінің сындарлы әрекеттесуіне азаматтық қоғам өкілдерін тарту конференцияның мақсаты болып табылды. Үкіметтік ұйымдар әлеуетін халықты діни ағартуға кеңінен тарту қажеттілігі конференциядағы баяндамалардың негізгі арқауына айналды, әлбетте, бұл қай мағынада болмасын діни насихатты білдірмейді.

Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Шойкин Ғалым Нұрмағамбетұлы конференцияны «Азаматтық қоғам институттарының дін саласындағы   мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысуының ұтымды бағыттары» атты кіріспе баяндамасымен ашып, отырысты басқарып отырды.

Пленарлық отырыста Алматы қаласы Әкімінің орынбасары Аманжолова Зәуреш Жұманалиқызы құттықтау сөз сөйледі.

Пленарлық отырыс баяндамаларындағы негізгі зейін жалпы мәселелерге қойылды: мемлекеттік-конфессияаралық қатынастар аясындағы зайырлылық мәселесіне (Нұрмұратов С.Е.), Қазақстандағы конфессияаралық қатынастар ерекшеліктеріне (Әбуов А.П.), діншілдік және діни сауатсыздық мәселесіне (Сабдин А.Қ.), ислам ілімі тұрғысындағы құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам идеялары мәселесіне (Сатершинов Б.М.). Баяндамалардың басқа бөлігі мына мәселелерге арналды: елдегі лаңкестік және экстремизм деңгейін төмендетудегі азаматтық қоғам рөлі (Платонов А.С.), дін және азаматтық қоғамды зерттеудегі әлеуметтанушылық аспект (Телебаев Ғ.Т.), діни экстремизм мен деструктивті діни ағымдардың алдын алудағы әлеуметтік жұмыстың рөлі (Оразбаева Г.К.).

Одан әрі конференция жұмысы үш секцияда жалғасты.

«Дін азаматтық қоғам назарында: сараптамалық-талдаулық көзқарас» атты бірінші секцияда негізгі зейін діндерді және діни ұйымдардың іс-әрекетін зерттеу мәселелеріне қойылды. Қазақстандағы діндердің ықпалын сарапшылық бағалау, діни бірлестіктердің іс-әрекетін құқықтық реттеу, Қазақстандағы жаңа діни ағымдар, Шығыс-Қазақстан облысындағы діни ахуалды зерттеу, жалпы, дін саласындағы талдау қызметі және басқалар бойынша баяндамалар ұсынылды.

Екінші секция жұмысы маңызды тақырыпқа: «Дін саласында ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру мен өткізуде ҮЕҰ әлеуетін қолдану» мәселесіне арналды.

Секцияда халықтың діни сауаттылығын арттырудағы БАҚ рөлі, азаматтық қоғам аясында ислам және христиандық диалогының қағидалары, қоғамда діни иммунитеттің айқындалып, қалыптасуы мәселесі, дін саласындағы ақпараттық-түсіндірме жұмысын жүргізудің жалпы ерекшеліктері секілді теориялық бағыттағы баяндамалармен қатар; тәжірибелік бағыттағы баяндамалар: дін саласында ҮЕҰ тарта отырып ақпараттық-насихаттау топтарының жұмыс жасау ерекшеліктері, лаңкестікке қарсы әрекет ретінде әлеуметтік маңызы бар құндылықтардың қалыптасуы, діннің отбасылық-тұрмыстық қатынастарға ықпал етуі және дін саласында ақпараттық-насихаттау жұмысын ұйымдастырудағы Қостанай облысының ҮЕҰ тәжірибесі турасында сөз қозғалды.

Үшінші секцияда аса өзекті де, өткір мәселе талқыға салынды: «ҮЕҰ-ның деструктивтік ағымдар мен ұйымдардан зардап шеккен тұлғаларды оңалтудағы рөлі». Бастапқыда радикалды діни құрылымдарға қарсы әрекет ету тұрғысында Қазақстандағы діни ахуалдың даму динамикасының жалпылама мәселелері, радикалды жалған-діни ықпалдан зардап шеккен тұлғалармен, жастар мен дәстүрлі емес ағымдар және т.б. оңалту жұмыстарын жасаудың ерекшеліктері талқыланды. Одан соң тәжірибелік жұмыстар ұсынылды: «Виктория» орталығының жұмысы, Павлодар облысының ҮЕҰ, «мазхаб» ұғымын пайдалану, түрлі қырлардағы мемлекеттік құрылымдар мен ҮЕҰ өзара әрекеттесуі.

Конференция қатысушыларының барлық ұсыныстары мен пікірлері мемлекеттік органдар тарапынан талданып, дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру барысында қолданылатын болады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының 2013-2017 жж. арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру кезінде үкіметтік емес ұйымдар әлеуетін кең пайдалану механизмдері жасалатынын айтып өту керек.

 
0
607
0