Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
-5
11:19, 20 ноября 2013

Қазақ қазақ тілімен ғана ел болады

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын! 

Бұл орыс тіліндегі бір мақалаға жазылған орысша жауаптың аудармасы. Бір қазақ әйелінің блогінде жарияланған бұл мақала көптен бері көкейде жүрген ойлардың тиегін ағытқан мақала болды. Бір сәтте жазылған қысқаша жауаптың қолжазба түрінде өзімде қалған нұсқасын қайта қарап, оны толықтыра отырып қайта жазып шығып оқырмандар назарына ұсынып отырмын. 

«Сіз ата-анаңыздың өзіңізді, қазақша білмейтін кішкентай қазақ қызын қазақ мектебіне бергенін айтасыз. Әрине, сіз ана тілін білсін деген ниетпен. Бірақ, сізге қиын болып, сабақ үлгерімізге теріс әсер еткен соң сіз оны өзіңізге жасалған зор қиянат деп білесіз. 

Егер бұл қиянат болатын болса, онда орысша білмейтін қазақ баласын орыс мектебіне беру де қиянат. Өйткені, оның түбі қазақ, ділі қазақ, тіпті, ет пен сүйегіне дейін қазақ, бірақ оны ата-анасы орыс мектебіне береді. Нағыз қиянат дегеніміз осы емес пе? Бірақ, көптеген қазақтар ол жайлы ойламайды. Сіз неге оларға ой салмайсыз?

Балалары мен немерелерін орыс мектебіне берген ондай қазақтар үшін балалары жердің кіндігіне айналады. Олар балаларын шырқ айналып кейбірі тіпті орысшаны дұрыс білмесе де олармен орысша сөйлесіп әуреге қалады. Сол арқылы олар балалары орысшаны тез үйреніп кетсін десе, бір жағынан өздері де орысша сөйлеп үйренгілері келеді. 

Ал бала орысшаны жақсы біліп кеткен кезде де олар одан әрі де онымен орысша сөйлесе береді. Өйткені, ол бала қазақша дұрыс түсінбейтін болып қалады. Осылайша бір баланың себебімен орыс тілі олардың отбасылық тіліне айналады. Бірақ, бұл жағдай әке мен шешені алаңдатпайды. Олар баланың жақсы оқуы қажет деп есептейді. Өйткені, ол болашақ жетістіктердің кепілі. Ал жақсы оқуы үшін бала орыс тілін жақсы игеруге тиісті. 

Бұл жерде бір тілді жақсы игеру үшін екінші бір тілді ұмыту қажет пе деген сауал туындайды. Соның ішінде де өз тіліңді? Олай болса ағылшынша үйрене бастағанда оны жақсы игеруге бөгет болмас үшін орыс тілін де ұмытқан жөн болар еді. Бірақ, ақылды адамдар олай істемейді. Сонда біздің қазақтардың ақылдары жоқ болғаны ма? 

Сондай-ақ, тілді жақсы игеру сабақты жақсы оқудың кепілі болып табыла ма? Олай болған жағдайда орыс мектептерінде оқитын орыс балаларының үлгерімдері жақсы болған болар еді. Бірақ, шындығында олай емес. Демек, мәселе тек тіл игеруде ғана емес екен. Олай болса соған бола өз тіліңді құрбан ету дұрыс болар ма екен? 

Бірақ, ол қазақтар бұған бас қатырмайды, өйткені олар орыс тілін өркениеттіліктің белгісі ретінде санайды. Сондықтан олар өркениетті болып көріну үшін өз үйлерінде де орысша сөйлейді. Егер олар ағылшынша білген болса, онда бірден ағылшыншаға көшіп кеткен болар еді. Өйткені, ағылшын тілі олар үшін нағыз өркениеттіліктің шыңы болып табылады. 

Осылайша олар балаларына өз тілін, қазақ тілін үйренуге еш мүмкіндік бермейді. Өйткені, ол балалар мектепте де, үйде де өзге тілде сөйлеуге мәжбүр болады. Бірақ, ата-анасы мұны уайым етпейді. Өйткені, олар «қазақ тілін білу міндетті емес, Қазақстанда бұл тілсіз де өмір сүруге болады» деп ойлайды. Бұл шын мәнінде сұмдық ой емес пе? Қалайша Қазақстанда, қазақтардың жерінде қазақ тілінсіз-ақ өмір сүруге болады? Егер ол Қазақстанда пайдаға аспаса, басқа қай жерде пайдаға асуы мүмкін? 

Әке-шешесінің осындай «қамқорлығының» арқасында, өз әкесі мен атасының «болашағы» болып табылатын қазақтың баласы өз тегінен, бар қазақтығынан ажыраған «қазақ» болып өседі. Осынау «қамқор» ата-ана өздерінің бәйек болған «қамқорлықтарының» арқасында балаларын өз жақындарына жат, рухани мүгедек етіп алғандарын аңғармайды. 

Бұл ата-аналар жетістікке жеткен, болып-толған адам болу үшін қазақ тілін білу міндетті емес, өйткені, онсыз да өмір сүруге болады деп есептейді. Бірақ, қазақтың тілі қазақты өз жанының нәзік иірімдерімен байланыстып тұр. Сондықтан да тілінен ажырау қазақты өзінің жанынан, қазақтық түп-тамыры бойынша қалыптасқан жанынан ажыратады. Бұл ажырау текке кетпей қазақтың жаны оңбай зақымданады. 

Қазақ халқы шығыс халқы болып табылады. Бұл оның салт-дәстүрлерінде де көрініс тапқан. Ал орыстар болса батыс халқына жатады. Сондықтан да ол қазіргі кезеңде батыстың іріткі әсеріне көп бой алдырған. Тек қана ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас тұрғысынан алатын болсақ, батыста балалар әке-шешесінен неғұрлым ертерек, неғұрлым алыс кетіп, неғұрлым олармен қатыспауға тырысады. 

Осы батыстық өмір салты орыс мәдениеті арқылы қазақ арасына да сыналап енуде. Орыс мектебінде оқыған қазақ, орыс тілі арқылы орыс мәдениетін, сол арқылы орыстық өмір салтын бойына сіңіреді. Ал орыстық өмір салты қазіргі кезеңде батыстық өмір салтымен бірдей болып кетті. Сондықтан да қазақ тілінен, сол арқылы қазақы өмір салтынан бас тартқан қазақтың басы батыстық өмір салтына байланады. 

Мұндай қазақ әке-шешесінен неғұрлым ертерек, неғұрлым алыс кетіп, неғұрлым олармен қатыспауға тырысады. Осылайша батыс мәдениеті мен батыстық өмір салтын таңдап балаларын орыс, немесе тіпті ағылшын мектептеріне берген әке-шешелер түптің түбінде балаларынан айрылып, қартайған шақтарында ұмытылып, жалғыздықта қалады. Бұл олардың тегін сатқан тексіздіктерінің жазасы. 

Батыстық өмір салты жеке бас бостандығына негізделген. Онда жеке бастың мүддесі бәрінен де жоғары қойылады. Сондықтан да батыстық адамдар тек өзі үшін ғана өмір сүреді. Сол себепті де олар отбасын құруға онша ықыласты болмайды. Өйткені, отбасы адамға белгілі бір жауапкершіліктер жүктейді. Ал бұл болса олардың жеке бас бостандығын шектейтін болады. Сол себепті де батыстық еркектер мен әйелдер үйленіп, тұрмысқа шығуға асықпайды. 

Тек қырық, елу жастарға келгенде ғана отбасын құруға бел байлайтын олар, онда да балалы болуға онша тырыса қоймайды. Өйткені, олар отбасына бастарының байланғанын қаламайды. Сондықтан да балалы болуға бел буған жағдайда да олар үшін бір, әрі кеткенде екі бала жеткілікті. Өйткені, олар артында ұрпақ қалдырып, тұқымын жалғастыру мәселесіне көп қайғырғырмайды. Олар үшін ең бастысы қара басы үшін ғана өмір сүріп, өмірдің қызықтарын барынша тамашалау. 

Мұндай өмір салты, өмірге деген мұндай жеңіл көзқарас қазіргі кезде қазақтар үшінде жат болудан қалды. Олар оны батыстық тіл мен мәдениет арқылы, соның ішінде де орыс тілі мен мәдениеті арқылы бойларына сіңіруде. Олар европа тілдерін үйреніп, батыс мәдениетін қабылдап, батыстық өмір салтымен өмір сүруге ұмтылуда. Олар үшін бұлар өркениеттіліктің эталоны болып табылады. 

Осындай «өркениетті» қазақтар өздерінің батыстық кумирлері тәрізді отбасын құруға асықпайды, және балалы болуды да қаламайды. Олар да тек қана өздері үшін ғана өмір сүріп, ештеңеден де тартынбай өмірден барынша ләззат алуға тырысуда. Олар батыс мәдениеті арқылы өзімшілдік пен арсыздықтың торына түсіп қалды. Олар осы мәдениеттің ықпалымен зинақорларға, гомосексуалистер мен лесбиянкілерге айналуда. Оларда дұрыс отбасы да болмайды, оларда дұрыс балалар да болмайды. Алланың қарғысына ұшыраған түрде олардың тұқымдары құрып кетеді. 

Қазақтың рухы, қазақтың тілі, қазақтың өмір салты ажырамастай болып Ислам дінімен қабысып жатыр. Ал Ислам діні болса ең өміршең дін болып табылады. Сондықтан да ол адамды еш күйремейтін өміршеңдікпен қамтамассыз етеді. Бірақ, европаланып кеткен ақылдары тайыз қазақтар қазақтың рухын, қазақтың тілін, қазақтың өмір салтын менсінбей мұрындарын шүйіруде. 

Олар қазақтың рухын, қазақтың тілін, қазақтың өмір салтын зиянды, тіпті жиркенішті нәрседей көріп олардан тезірек құтылуға тырысуда. Сол себепті де олар балаларын орыс, тіпті ағылшын мектептеріне беріп, өз балаларының болашақтарының жарқын екендіктеріне еш күмәнсіз сенуде. Бірақ өз істерінің жемістерін көрген кезде олар үшін бәрі де кеш болады. 

Кейбір қазақ тілін білетін қазақтардың өздері де қазақ тілін ұнатпайтындықтарын, тіпті оны жек көретіндіктерін жасырмай, оны «мәмбеттердің» тілі деп атайды. Қазақтардың өз тілдерін «ұнатпаймын» деп айтуы ауытқушылық. Бұл қазақ халқының қайғысы. Қазақ тілін, қазақ халқын қандай жағдайға жеткіздік? Олардың жазығы не? 

Сіз «шынымды айтсам, осы кезге дейін қазақ тілі бір рет те болса менің пайдама аспады» дейсіз. Бұл бір қызық пікір. Сіз өзіңіз аз да болса қазақ тілінің пайдасына жарадыңыз ба? Егер сіз сияқты қазақтар жұмысында қазақша сөйлемесе, ол қашан пайдаға асады? Егер сіз тіпті үйіңізде де қазақша сөйлемейтін болсаңыз, ол басқа қай жерде пайдаға асуы мүмкін? Сіз оны өзіңіз жарамсыз етесіз де, сонан соң өзіңізді ақтағыңыз келеді! 

Мүмкін, мен қателесіп тұрған да шығармын, бірақ сіз маған өз тіліңізге пайдақорлық тұрғысынан қарайтын сияқты көрінесіз. Өйткені, сіз «бір рет те болса пайдама аспады» дейсіз. Қалайша өз тіліңе, ата-баба тіліне пайда тұрғысынан қарауға болды? Қандай есі дұрыс адам ешқандай пайдасына жарамаса да өз ата-анасынан бас тартады? 

Қазақ тілі белгілі бір қиындықтарды бастан кешіп жатса да қазақ ретінде ол сізді алаңдатпайды. Сіз үшін оның тағдыры бәрібір сияқты. Сізді тек орыс тілінің жағдайы ғана алаңдатады. Сіз «егер қазақ тілінің қолданыс ауқымы кеңейетін болса, онда ол орыс тілін ығысырып шығарады» дейсіз. Қазақ ретінде сіз неге бірінші кезекте өз тіліңіз үшін алаңдамайсыз? Шындығында орыс тілінің көптеген салалардан қазақ тілін ығыстырып шыққанын көрмей жүрсіз бе? Сіз оның қазақ тілін мүлде жойып жібергенін қалайсыз ба? 

Шындығында орыс тілінен біржола бас тартайын деп жүрген қазақтар жоқ. Тіпті кейбір қазақтар бас тартқысы келсе де қазіргі кезеңде ол мүмкін емес. Өйткені, қазір кейбір қазақтардың өздері қазақ тілінен құлшына бас тартып жатқан уақыт. Олар жай ғана бас тартып жатқан жоқ, олар шамалары келгендерінше оны ығыстырып жатыр. Олар орыс тілінің қолданыс ауқымының кеңейуіне орыстардың өздерінен артық мүдделі. 

Бұл қазақтар тіпті өз үйлерінде, туыстар арасында да қазақша сөйлегілері келмейді. Және онымен қоймай қазақ тілді ортаға орыс тілін енгізуге барынша тырысуда. Егер қазақтардың өздері осылай етсе, басқалар не ісемейді? Негізінде, өзгелер қазақ тілін үйренгілері келеді, бірақ орыс тілді қазақтар оған мүдделі емес, сол себепті олар бұл үрдісті мейлінше тежеуде. «Іштен шыққан жау жаман» деп аталарымыз бекер айтпаған. 

Осындай қазақтардың кесірінен көптеген қазақтар орыс тілін қазақтар жақтырмауда. Егер ол қазақтар өз тілдеріне немқұрайы қарамай, оны біліп, қадір тұтса орыс тілі одан ешқандай да зардап шекпеген болар еді. Өйткені, ол дүниежүзілік тілдердің бірі. Сол себепті ол қазақтарға әлемдік ілім-білімге жол ашады. 

Бірақ, орысшыл қазақтардың кесірінен орыс тілі қазақ тілін өзінің заңды кеңістігінен ығыстырушы тілге айналды. Бұл өз тілі мен өз ұлтын сүйетін қазақтардың әділ наразылығын тудыруда. Бұл орыс тілінің кінәсі емес, бұл қазақтардың өздерінің кінәсі. Бұл өздерін ұлт ретінде ешқандай да силамайтын қазақтардың кінәсі. 

Сіз «егер қазақ тілі барлық салада үстем бола бастаса, онда орыстілді мамандардың көпшілігі Қазақстаннан кетіп қалады. Ал бұл болса республиканың дамуына кері әсерін тигізеді» деп пайымдайсыз. Бірақ, шындығында орыстілділердің көпшілігінің бұл жерден кетпек ойлары жоқ. Тіпті кетеміз деп жатса да біз, қазақтар не істеуіміз керек? Оларды ұстап қалу үшін өз тілімізден бас тартуымыз қажет пе? 

Орыстілділердің қатарына орыстілді қазақтар да кіреді. Сонда ол қазақтар өз тілдерін үйренудің орнына «егер бізге қазақ тілін зорлап таңатын болсаңдар, біз Қазақстаннан кетіп қаламыз» деп өзге қазақтарға қыр көрсете ме? «Өз тілімізді үйренгеннен көрі бұл елден кетіп қалған жақсы» деу арқылы олар өз халықын да, өздерін де қорлап тұрғандарын түсіне ме екен? 

Сіздіңше орыс тілінсіз ешқандай ілгерілеу мүмкін емес пе? Сіз көптеген халықтардың орыс тілінсіз-ақ жоғары дамуға қол жеткізгенін ұмытпаңыз. Сондықтан да «қазақтар орыс тілі арқылы ғана адам болды, орыс тілі болмаса олар қайтадан малға айналады» дейтін отаршылдардың қасаң көзқарасын қостамаңыз. 

Тек құлдық санадағы халық қана күні өткен отаршылдық қасаң көзқарастан құтыла алмайды. Бізге, қазақтарға «орыс тілі болмаса біз құримыз», «орыс тілді халық кетсе біз құримыз» деген құлдық санадан құтылу қажет. Жоқ, біз құрымаймыз! Біз ол қиындықты да оңай еңсереміз! Өйткені, Алла Тағаланың бізге қабағы түзу! 

Тіл өзінің ерекшеліктерімен ғасырлар бой халықтың белгілі бір қасиеттерін қалыптастырады. Біз, қазақтар өз тіліміздің арқасында жеткілікті шамада ақылды, алғыр, дарынды, ізгі халық болып қалыптастық. Егер біз қабілетсіз, топас халық болсақ бізге ешқандай да өзге тіл көмектеспеген болар еді. Ол тіл тіпті қаншалықты кемел, «ұлы да құдіретті» болса да. 

Өзге тілге табыну арқылы өз тіліңді кемсіту дұрыс емес. Өз тіліңді кемсіту, бұл өзіңді өзің кемсіту. Бірақ, мұны біздің кейбір қандастарымыз түсінер емес. Олар өзге тілдерге құл тәрізді табынып, сол тіл арқылы қадірлерін артырғысы келеді. Сол арқылы олар өз тілімізбенмен мал болып жүріп, орыс тілі арқылы ғана адам болдық дейтіндей. 

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары түрлі «пайғамбарлар» «қазақтар мемлекет құра алмайды» деп әулиелік жасады. Және «қазақтар көп ұзамай тізерлеп келіп аяғымызға жығылады» деп бірін-бірі сендірумен болды. Олар бізді, қазақтарды тиісінше бағаламады. Өйткені, біз өзімізді өзіміз бағаламадық. Сондықтан да әркімнің жетегінде жүргенді жақсы көрдік. Бірақ, өрлеудің алғы шарты жасалды, енді оны ешкім де тоқтата алмас! Ин шаа Аллаһ! 

01.09.13. Түп көзі: http://galym.jimdo.com/

-5
335
0