Қазақ өлеңі мен өнері ауыр қазаға ұшырады. Кеше ғана дәл осы уақытта біздің арнамыздағы "Айтылмаған әңгіме" бағдарламасына басты қонақ болып келіп, өзін ерекше құрметтейтін аға-інілерімен алпыс жылдығын атап өткен Есенқұл Жақыпбек ағамыз, бүгін дүние салды. Өмірінің отыз жылын айтыс өнеріне арнаған ақын, жазба өлеңнің де шебері еді. Өнері мен өлеңі өз алдына, бала-көңіл ақынның аңқылдаған мінезі туралы көп айтылды кеше. Ақынның ақырғы сәттері мен соңғы сұхбаты келесі бейнематериалда...
Нағыз ұлы адамдар қартайғанда да бала болып қалады, Есенқұл ағам да өтірік жоқ.
Бұл бағдарлама кеше кешкісін түсірілді. "Айтылмаған әңгіме" бағдарламасының басты қонағы - ақын Есенқұл Жақыпбек. Тақырып - "Жігіттердің төресі алпыс жаста".
ЕСЕНҚҰЛ ЖАҚЫПБЕК:
(14.11.2013. "Айтылмаған әңгіме")
Өзі екі туған күнім бар, біреуі - желтоқсанның 19-ы, екіншісі ақпанның оны. Шынында да желтоқсанның он тоғызында дүниеге келгенмін.
Өзі жақсы көретін аға-інілерінің ақ тілегін балаша қуанып, тыңдап еді. Өнері мен өлеңі өз алдына, өз үйін өнердегі інілерінің жата-жастана кететін баспанасына айналдырған, ағалық ақылын айтуға асығатын, бауырмал ағаның алпыс жылдығына ақ тілегін айтып келген інілері де көп болды.
СЕРІК ӘБІКЕНОВ, Журналист:
Есағаң - ескінің көзі, жаңаның өзі. Екі ортадағы алтын көпір.
МЕЙРАМБЕК БЕСБАЕВ, Әнші:
Сіздің орныңыз өте бөлек болады, Сіздің орныңыз тарихта қалды. Бүгінгі алпыс жасыңыз құтты болсын!
ЕСЕНҚҰЛ ЖАҚЫПБЕК:
(14.11.2013. "Айтылмаған әңгіме")
Мектепте де әбедиет үйірмесінен сабақ бердім, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бердім. Мектепте бір жақсы жері - балалардың көңіл-күйі таза, аурасы таза.
Өзі де бала сияқты, жаны нәзік ақын соңғы жылдары Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінің бас редакторы болып қызмет етті. «Бастау», «Ағымнан жарыламын», «Біздің елдің жігіттері», «Сарғайған сары терезе» атты кітаптары жарық көрген. Ел арасына кеңінен тараған көптеген әдемі әндердің авторы.
"Көк аспаннан бара жатыр, өмірімнің жұлдызы ағып." Өзінің өлеңіндегідей болды. Кеше кешкісін ғана күлімдеп студиямызда отырған Есенқұл аға туралы бүгін таңертең қаралы хабар келді. Ақынның бала жүрегі мәңгілікке соғысын тоқтатты. Арда азамат, қазақ поэзиясының қадірлі ақынының біздің арнада ғана тойланған алпыс жылдық мерейтойының толық нұсқасы ертең сағат 19/30-да "Айтылмаған әңгіме" бағдарламасында болады. Өткізіп алмаңыз!