Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
01:47, 14 ноября 2013

Әділбек Жақсыбеков пен Чарльз Хейгел қорғаныс саласындағы екіжақты ынтымақтастықты талқылады

Blog post imageҚазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков ресми сапармен Америка Құрама Штаттарында жүр. Вашингтонда Қазақстан Қорғаныс ведомствосының басшысы өзінің америкалық әріптесі - АҚШ Қорғаныс министрі Чарльз Хейгелмен кездесті.

Екі жақты кездесу кезінде Қазақстан мен АҚШ қорғаныс ведомстволарының басшылары әскери және әскери-тиехникалық ынтымақтастықтың бүгінгі жағдайы мен келешекте дамуын талқылады.

– Америка Құрама Штаттары Қазақстан үшін стратегиялық серіктес болып саналады. Қазақстан мен АҚШ көшбасшылары арасындағы жүйелі кездесулер, сондай-ақ бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту мәселелері бойынша жалпы түсінушілік біздің елдер арасындағы қарым-қатынастың тереңдей түсуіне ықпал етеді. Ынтымақтастықтың маңызды аспектілерінің бірі – әскери саладағы өзара іс-қимыл болып саналады,- деді Әділбек Жақсыбеков.

Қазіргі кезде Қазақстан мен АҚШ қорғаныс ынтымақтастығы ұзақ мерзімді сипат алған және бесжылдық жоспарлау негізінде жүргізіледі. (Анықтама: 2013-2017 жылдарға ынтымақтастыққа арналған бесжылдық жоспарға 2012 жылы қараша айында Вашингтон қаласында қол қойылды). Қазақстан-американ әскери ынтымақтастығы бітімгерлік пен әскери білім сияқты салада дамуда.

Тараптар Ауғанстан мен Орталық Азияда тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау мәселелерін талқылады. Қазақстан  Ауғанстандағы жағдайды  тұрақтандыру жөніндегі халықаралық бастамаларды қолдайды және бесенділік танытады деді ҚР Қорғаныс министрі.

– Біздің елдің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан Ауғанстанға экономикалық және гуманитарлық көмек көрсетуде. Қазақстан қорғаныс ведомствосы Қазақстанның Ауғанстанға жәрдем беру жөніндегі саясатының жүзеге асырылуына қатысады. Біз аймақтағы басқа да елдерге ықтимал қатерлерге қарсы тұру шеңберінде қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігінің артуына қолдау көрсетеміз, -деді ҚР Қорғаныс министрі.

Өз кезегінде АҚШ Қорғаныс министрі Чарльз Хейгель Қазақстанның Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға қосып отырған  зор үлесін атап өтті. Ол сондай-ақ американ тарапы Қазақстан Қарулы Күштерімен ынтымақтастықты кадрлар даярлау, бірлескен жаттығулар өткізу, сондай-ақ қорғаныс-өнеркәсіп кешені саласында жалғастыруға мүдделі екендіктерін айтты.

Бүгін Қазақстан Қарулы Күштерінің дамуын белгілейтін үрдіс оның кәсібилендірілуі болып табылады. ҚР ҚК Жоғарғы Бас қолбасшысының тапсырмасы бойынша әскери ведомство құрамы мен құрылымы жағынан тең, кез-келген қауіп-қатерге қарсы тұра алатын, жоғары жауынгерлік даярлығы бар заманауй армия құрып, кәсіби негізге көшуді аяқтау кезеңінде тұр.

– АҚШ Қарулы Күштерінің әскерді кәсібилендіруде жақсы тәжірибесі бар. Осыған байланысты бізге кадр саясатында, персоналдарды жинау әдісінде, бюжеттік жоспарлау мен әлеуметтік қамтамасыз етудің ерекшеліктерін зерделеуде тәжірибе алмасу қажет. Сөз жоқ, кез келген қайта ұйымдастыру кадрлық әлеуетке байланысты және біз үшін қазақстандық әскери қызметшілерді АҚШ-тың оқу орындарында оқыту маңызды. Біз америкалық және қазақстандық әскери оқу орындарының ынтымақтастығына мүдделіміз және әскери ғылым саласындағы өзара іс-қимылға дайынбыз, – деді Әділбек Жақсыбеков.

Екі ел қорғаныс ведомстволарының басшылары әскери-техникалық ынтымақтастық, оның ішінде қорғаныс-өнеркәсібі саласындағы қарым-қатынасты дамыту мәселелерін де талқылады.Өз кезегінде Қазақстан Қорғаныс министрі АҚШ-тың

Қорғаныс министрлігі мен қорғаныс-өнеркәсібі кешендерінің өкілдерін «KADEX-2014» халықаралық қару-жарақ және әскери мүлік көрмесіне қатысуға шақырды.Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының Қорғаныс министрлері Әділбек

Жақсыбеков пен Чарльз Хейгелдің кездесуі конструктивті және әріптестік үнқатысу жағдайында өтті. Екі ел қорғаныс ведомстволарының басшылары бесжылдық жоспардың мақсаттарын жүзеге асыру уақыттарын белгіліп, осы сапар қазақ-америка әскери ынтымақтастығына қосымша қарқын беріп, қорғаныс саласындағы өзара іс-қимылды тиімді дамытуға әсер ететініне сенім білдірді.

Қорғаныс министрі бастаған қазақстандық әскери делегация General Atomic, Boeing Defense, OshKosh, Lockheed Martin, Sikorsky сияқты АҚШ қорғаныс-өнеркәсібі кешендеріне кіретін жетекші компаниялардың өкілдерімен кездесті. Әділбек Жақсыбеков олармен бірқатар екіжақты кездесулер өткізіп, өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін талқылады.Сол күні ҚР Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтің қатысуымен АҚШ Стратегиялық және халықаралық зертеулер орталығында дөңгелек үстел өтіп, Ауғанстаннан коалициялық күштер шығарылғаннан кейінгі болуы мүмкін оқиғалар сценарийі мәселелері талқыланды.

ҚР ҚМ Баспасөз қызметі

0
276
0