Yvision.kzYvision.kz
kk
Екпiн
Екпiн
Екпiн
431 постов3 подписчика
Дарынды жастар мен замандастарымыздың өмірлік тәжірибесі, мақсаттары, ойы, ұстанған қағидалары жайында сөз етеді. Фоторепортаж, шолу, тарихи маңыздылығы бар материалдармен бөліседі.
10
22:51, 30 октября 2013

Шетелде білім алу: The University of Aberdeen

Blog post image

«Шетелде білім алу» айдарының бүгінгі кейіпкері – Көлік және коммуникациялар министрлігінің бас сарапшысы Жанат Жахметова.

Blog post image

-  Жанат, сәлем! Алдымен өзің туралы қысқаша айтып өтсең? Қазақстанда қай жоғары оқу орнында білім алып едің?

- Мен Жезқазған қаласында туып-өстім, №8 қазақ гимназиясын 2004 жылы аяқтап, сол жылы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түстім. Сегізінші сыныпқа дейін ағылшын тілін сүйіп оқитынмын, кейіннен жаратылыстану сабақтарына қызығушылығым арта бастады. Мүмкін, анамның химия пәні мұғалімі болғаны да рөлін атқарған шығар. Университетті 2008 жылы Органикалық заттардың химиялық технологиясы мамандығы бойынша аяқтап шықтым.

2009 жылы Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығына жұмысқа орналастым, кейін мемлекеттік қызметке ауыстым. Өз мамандығым бойынша Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне орналасқым келіп еді, алайда мені Ақпараттандыру және байланыс агенттігіне шақырды. Екі жыл агенттікте жұмыс істеп, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Шотландияға оқуға түстім.

- Неге Шотландияны таңдадың?

- Абердин университетіне Oil and Gas Engineering мамандығы бойынша оқуға түстім. Ұлыбритания таңдауыма себеп көп болды. Біріншіден, Абердин Еуропаның мұнай астанасы саналады. Мысал үшін, АҚШ-та да көптеген университеттер бар, бірақ маған Абердин жақынырақ болды. Екіншіден, университеттен шақыру алдым. «Болашақпен» оқуға өзім түстім, IELTS тапсырып, 7 ұпай жинадым да, сертификатымды университеттерге жібердім. Абердиннен шақыру келді.

Өзім де үнемі Ұлыбританияны көруді армандайтынмын. Британдықтар да, жаңбырлы, салқын ауа райы да ұнайды. Еуропаның көп елдерінде болдым, ешқайсысында Ұлыбританиядағыдай өзімді еркін сезінбеймін.

- Тіл үйренуден қиындықтар болды ма?

- Тіл үйренуден еш қиындық болмады, мектепте ағылшыннан жақсы білім алып едім. Бірақ, мектепте қалай жақсы оқысаң да, тестілеуге бәрібір дайындалу қажет. Тек тілді білу жеткіліксіз, әр тесттің өз құрылымы болады, оған дайын болу керек. Сонымен қатар, психологиялық дайындық та маңызды. IELTS қиын тесттердің бірі, тіл білсем де, оған жарты жылдай жақсылап дайындалдым.

- Қазақстан мен Ұлыбритания білім беру жүйелерінде айырмашылықтар бары анық. Қайсысымен кездестің?

- Өзім туралы айтсам, бакалавриат пен магистратура арасында біршама уақыт өтті. Содан болу керек, магистратураға деген көзқарасым салмақтырақ болды. Шпаргалка дайындап, не де болса жақсы баға алып шығуды ойлайтынбыз. Ал магистратурада оқып жүрген кезде бір де бір рет олай жасауға тырыспаппын. Жауапкершілік әлдеқайда көбірек болса да, уайымдамаппын да.

Ал оқу жүйесіндегі айырмашылықтар, көбінесе, кредиттік жүйемен байланысты. Қазақстанда оқуға түскенімде, кредиттік жүйе жаңа ғана енгізіліп жатқан еді. Біздің жүйеде студентті қалай да болса аяйды, мысалы лектор 10 тақырыпқа дәріс оқиды да, дәл сол тақырыптар бойынша 100 сұрақ береді. Ал Абердинде олай емес. Дәрісте он тақырып тыңдасаң, емтиханның он бесінің бәрі келеді. Сонымен қатар, баяндау стилистикасы да өзгеше. Бір жылдың ішінде басқа стилистикаға тез ауысып үлгеру біраз қиындау болды.

Blog post image

Blog post image

- Абердин жастары қандай?

- Қазақстанда оқыған кезде әлі бала едік, ол жақта студенттер ересектеу. Мүмкін, өзім де жиырма бестен асқанда оқуға түскендіктен, солай көрінген шығар. Біздің студенттер өте белсенді, пысық, бұл мақтанатын нәрсе. Мысалы, Қазақстаннан барған қыз бір студенттік кеңесті басқарып отырды. Ал британ жастарында сондай белсенділікті аса байқамадым.

Тағы бір айта кетерлік жайт, әркім өзі үшін жауап береді. Ешкім ешкімнен көшірмейді, тіпті көшіріп алуды сұрамайды да. Мүмкін, ондай жағдайлар болып тұратын да шығар, бірақ өзім кездестірмедім.

Тағы байқағаным, британдық жастар өз ісіне берілген. Мысалы, сабақтарын таңнан кешке дейін оқиды да, басқа ештеңеге алаңдамайды. Сонымен бірге, демалуды да біледі. Сабақтарын оқыса, демалу туралы, ал демалса, сабақ туралы ойламауға тырысады.

- Қайда тұрдың? Пәтер жалдау қымбат па?

- Мен жатақханада тұрдым. Оқуға түскенімде өзіме жатақхана керектігін анкетамда көрсеткен болатынмын. Таңдауға бірнеше жатақхана ұсынылды. Тіпті кішкентай қалашық бар екен, университтен 15 минуттық жерде орналасқан. Біріншіден, жатақханада тұру қымбат емес. Өйткені, жарық, су, интернет үшін төлемейсің, оның бәрі тегін. Ал Ұлыбританияда жарық өте қымбат. Белгілі бір соманы кесте бойынша төлеп тұрасың, өте ыңғайлы.

Екіншіден, студент үшін жатақханада барлық жағдай жасалған. Ас үй, вай-фай, оқу залы, компьютер класы да бар.

Үшіншіден, пәтер жалдау кезінде көп қаражатың кетеді, бірге жалдап тұру үшін адам іздейсің, коммуналдық қызметтер үшін төлейсің және пәтерің жатақханадай университет жанында болмайды. Бұл, өз кезегінде қосымша қаражат пен уақытыңды алады.

- Шотландияда тұрған бір жыл ішінде қандай қиындықтарға тап болдың?

- Ең басты қиындық – медицина. Шотландияға келгенде, бірден полиция мен емханада тіркелуің керек. Содан соң, ауырып қалған жағдайда, ауруханаға бармай, телефонмен хабарласасың. Дәрігер қабылдай алатын уақытта ғана келесің, ал ол бір аптадан кейін босауы да мүмкін.

Жазып беретін дәрілері мен рецептері де өзгеше. Бізде бірден антибиотик жазып берсе, британдықтар не ешқандай дәрі бермейді, не жеңіл дәрі береді. Онысы дұрыс деп ойлаймын.

Негізі, баратын жеріңді өзің таңдап, ұнатып барсаң, көп қиындық кездестіре қоймайсың.

- Оқу кезінде қызықты оқиғалар болып тұрды ма?

- Лондонда өткен Олимпиадаға бару мүмкіндігі болды. Ең бастысы, жақын жерде әрі қымбат емес. Бір күнге барып, қазақстандық боксшыларға жанкүйер болып қайттық.

Мен оқыған топта 70 адамдай оқыды, олардың арасында 6 қазақ болдық. Топпен бірге жоба дайындау кезінде бірге жиналып, кітапхана не бөлмелерімізде отырып, басқалармен салыстырғанда өте көп шулайтынбыз. Дегенмен, өте жақсы жоба дайындап, 20 ұпайдың 19-ын жинадық.

Blog post image

Blog post image

Blog post image

Blog post image

- «Болашақпен» шетелге оқуға түсетін жастарға қандай кеңес берер едің?

- Ең бастысы – қорықпау. Мен «Болашақ» бағдарламасымен 2006 жылы да оқуға түсуге тырысқанмын, бірақ өтпей қалдым. Дегенмен, бес жылдан кейін қайта тырысып, оқу грантын жеңіп алдым. Тырысыңдар, өз күштеріңді сынауға қорықпаңдар. Бұндай ерекше мүмкіндік барлық мемлекеттерде жоқ. Африкадан келген көршім оларда тіпті өз еліңде орта білім алатын мүмкіндік болмай жататынын айтты.

Шетелде оқу тек білім алу емес, басқа мемлекеттерді көру, олардың өмірімен, мәдениетімен танысу мүмкіндігі. Оқуға түскеннен кейін, қатты қиналмаңдар. Қазақстандағы жүйе мен шетелдік жүйенің мүлдем әр түрлі екенін есте сақтаған жөн. Басқалардың жетістіктерінен сабақ алуға тырысу керек.

- Қазір немен айналысасың?

- Қазір Көлік және коммуникациялар министрлігінде жұмыс істеймін. Оқуға түскен кезімде де сонда істейтінмін, ол кезде Байланыс және ақпарат министрлігі болатынбыз. Менің басшылығым оқуға түскеніме қуанды, бір жылға академиялық үзіліс беріп, жұмыс орнымды сақтап қалды. Магистратурамды аяқтаған соң, Қазақстанға оралып, қайтадан өз жұмысыма шықтым.

- Қандай кітаптарды сүйіп оқисың?

«Бай әке, жарлы әке» кітабын жақында бітірдім. Кітап ұнады, өте жеңіл, қарапайым жазылған. Оқуға кеңес беремін. Тағы бір ұнайтын кітабым – Chicken Soup for the Soul. Шағын ғана, бірақ сабақ алатын оқиғалар жинағы. Классикадан Джек Лондонның «Ақ азуы» мен Шыңғыс Айтматовтың «Жан пидасын» атай аламын. Негізі, қаржы саласының кітаптарын көп оқимын.

Сұхбаттасқан: Айжан Байтанова

Фото Жанаттың жеке архивынан

Blog post image

«Шетелде білім алу» айдарында жарияланған басқа материалдар:

China University of Petroleum, Beijing

Nagasaki University

University of Cambridge

University of Cádiz

University of Wollongong in Dubai

Central Saint Martins College of Art and Design/CSM

Robert Gordon University

University of Warwick

Gazi Üniversitesi

University of Windsor

Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті

Université de Basse Normandie

Carl von Ossietzky Universität Oldenburg

Universität Greifswald

Шетелде ғылыми тәжірибеден өту: University of L'Aquila

Шетелде ғылыми тәжірибеден өту: Humboldt-Universität zu Berlin

İstanbul Üniversitesi

Institute of French Petroleum (IFP) School

Multimedia University of Malaysia

Oklahoma State University

Высшая школа экономики

10
3241
4