Yvision.kzYvision.kz
kk
Екпiн
Екпiн
Екпiн
431 постов3 подписчика
Дарынды жастар мен замандастарымыздың өмірлік тәжірибесі, мақсаттары, ойы, ұстанған қағидалары жайында сөз етеді. Фоторепортаж, шолу, тарихи маңыздылығы бар материалдармен бөліседі.
8
21:06, 05 октября 2013

Асхат Еркімбай: «Оқытушы — бірінші кезекте, шығармашылықтың адамы, ол — робот емес»

Blog post image

Айжан Кәрібаева

журналист

 

Бүгін елімізде Ұстаздар күні аталынуда, бұл мерекеге орай интернет саласында жүрген көптеген журналист, блогерлерге ұстаз бола білген адаммен сұхбат жасауды жөн көрдік.

Жаңа медиа, Қазнет дегенде көп жағдайда Асхат Еркімбай есімі бірге аталады. Кезінде "Өрімтал" блогын оқымаған, блог жайлы одан кеңес алмаған қазақ блогшылары кемде-кем. Ал білмейтіндері болса, бүгінгі қонағымызды қысқаша таныстырып өтсек.

Асхат Еркімбай - көпшілікке қазақ блогосферасының іргесін қалаушы ретінде белгілі журналист, блогшы. Колумбия университетінде, Малайзияда білімін шыңдаған. "Жаңаеуразия" сайтының редакторы, "Мінбер" журналистерді қолдау орталығы жетекшілерінің бірі болды. АҚШ, Ларами қаласындағы University of Wyoming магистранты.

Асхат Еркімбаймен болған сұхбатта оның оқытушылықтағы басты мақсаты мен міндеттерін, неліктен мектеп мұғалімі болмағанын, болашақ журналистердің кемшіліктерін, т.б. білім беру мен оқытушылыққа байланысты көптеген ақпараттарға қанық бола аласыздар.

Blog post image

Педагогикадағы алғашқы қадам

Мен негізі Жезқазғанда қазақ тілі әдебиеті және шет тілі факультетінде оқыдым. Алайда, о баста журналист болуды армандағанмын. Менің мектеп бітіріп, жоғарғы оқу орнына түсер кезімде алғаш рет ҰБТ науқаны басталды. Журналистика мамандығы қазақ тобына бар болғаны он грант бөлініп, ол жаққа түсу мүмкін емес еді. Сөйтіп профильді пәнім әдебиет болғандықтан, қазақ тілі әдебиет факультетіне эксперименталды тобына түстім.

Екінші курста парақорлық туралы мақала жазғаным мұғалімдерге ұнамай, Алматыға, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне (АГУ) ауысып келдім. Оқытушы мамандығы болғаннан кейін, біз 4 курста қазақ тілі, әдебиетінен өндірістік тәжірибеге жіберілдік. Үздік оқитындарды дарынды балаларға арналған №2 мектеп-интернатына бағыттады.

Оқытушы мамандығынан үлкен әсер алған кезім - сол мектептегі кез болды. Ол мектептің табалдырығын аттай салысымен, оқушылардың тәрбиесі мен әдептілігі, білімдері бізді тәнті қылды. Олар тіпті басында өзімізге тест кітабынан сатырлатып сұрақ қойып тексеруге алды. Сөйтсе, бізге дейін тақтаға қате жазатын бір практикантқа шағымданып, кері қайтарып жіберген екен. Солай біз сабақ алдында түнімен дайындалып, группаластарымызбен бір-бірімізге кеңес беріп, оқытушылықтың қызықтарына ене бастадық.

Кейін 5 курста ағылшын пәнінен қала мектебіне жіберілдік. «Г» сыныбы. Ол деген оқымайтын сынып дегенді білдіреді екен. Мұғалімдердің өздері балаларға сондай таңба басып қойғандай. Солай балаларға қазақ грамматикасымен байланыстыра отырып ағылшын тілін үйреттік. Бәріне ұнады. Бірақ сол кезде мен мұғалім болудың үлкен жауапкершілік екендігін сезіндім. Өйткені сен бір сөзді қате айтсаң, алдыңда отырған 20 бала да сен сияқты қате сөйлейтін болады. Екінші жағынан, мектептегі атмосфера өзін кері жағынан көрсетті.

Мұғалімдер арасындағы қарым-қатынас, сол кездері шыққан жас мұғалімді ұрып кету, т.б. мектеп айналасындағы өрескелдіктер сол 2000 ж.ж. басында қатты өрши бастады. Мүмкін соның әсерінен менімен бітірген группаластарымнан үздік бітірген студенттердің ешқайсысы мектепке мұғалім болып бармады. Бәрі де оқып жүріп, соңғы курстарда басқа салаларды қарастыра бастады. Мен сол кезде журналистикаға кеттім.

Оқытудағы менің басты мақсатым...

Ал керісінше, сабақты үйтіп-бүйтіп бітірген, қазақ тілі грамматикасын жақсы білмейтін таныстарымыз мектептерге орналасты. Кейін мысалы, журфакқа сабақ беруге келгенде, студенттердің қазақ тілі нормаларынан үлкен қателіктерге ұшырап жататынын көрдік. Ол, әрине, мектепте қазақ тілі әдебиеті сабақтарының кемшілігінен. Менің алдымда мынадай міндет тұрды: деңгейі әр түрлі балалар бар, барлығының арманы журналист болу, алайда базалық білім деңгейлері әлсіз. Енді оларды қалай қызықтыру керек? Сонда мен оларды интернетпен қызықтырайын деп ойладым.

Басты мақсат, оларды блогосфераға алып келу не интернет журналистика саласына әкелу емес, өзіне деген сенімділігін қалыптастыру болды. Оны мен өзім қатысқан талай тренинг, курстардан көрдім, яғни self-confidence қалыптастыру. Егер оқушыда өзіне деген сенімділік қалыптаспаса, басқасының бәрі бекер. Миллион жерден оған ақпарат құйғаныңмен, егер ол өз-өзіне сенімді болмаса, ол білімді қолдана алмайды. Білген нәрсені қолдана білу – нағыз білім болып саналады.

Бірінші сабақта мен студенттерімнен бұл пәннен сендер не күтесіңдер деп сұраймын. «Мен сендерге не істейін? Менен не күтесіңдер?» сынды сұрақтарға жауап аламын. Егерде студенттердің басым бөлігінен жауап алынса, онда бір үміттің болғаны. Оқытушы мен студент арасында бір байланыс пайда болады. Әлі сенім емес, бірақ олардың мотивациялары байланыс орнатады. Екіншіден, «Сен өзіңнен не күтесің?». Осы кезде көптеген балалардың проблемалары ашыла бастайды. Яғни, олар өздерін болашақта көрмейді, кім боларын, не істегілері келетінін білмейді, өздеріне деген сенім жоқ.

Ендігі шешім - оларға қате жіберудің қалыпты дүние екендігін түсіндіру. Студент болғаннан кейін, ешкім де біліп түспейді, сен бұл сыныпқа бір нәрсе білу үшін келдің деймін. Алайда студентті мақтағанда да оны тек нақты ісіне қарай мақтау керек. Студентті асыра мақтап алдамшы сезімін оятқызудың кейін оған да, саған да кесірі тиеді.

Одан соң, мен журналистикадан сабақ бергендіктен, студенттерді еркіндікке баулуға тырысамын. Басты мақсат ақша немесе мансап қуу емес. Мақсат – өзіңе ұнайтын нәрсемен айналысу. Үшіншіден, әрдайым өз-өзіңді жетілдіріп отыру. Міне, оқытушылығымда басты осындай қағидаларды үйретуге тырысамын. Алайда, мен өзімді ұстазбын деп есептемеймін. Құдайдың жолында жүргеннен кейін, егер сен бір нәрсе біліп, оны өзгелермен бөліспесең, онда судың да сұрауы бар дегендей, оның да сұрауы болатынына сенемін. Шет елде оқып келдің, құнды білім алып келіп, ешкімге айтпай басыңда сақтап жүруге болмайды. Менікі сол, өз оқыған, білген нәрсемді үйрету, айту ғана.

Білім беру жүйесі

Оқытушы бірінші кезекте, шығармашылықтың адамы болу керек, ол - робот емес. Таң атқаннан кешке дейін тек қана сабақ бере берсе, оның өз біліктілігін дамытуына, кітап жазуға немесе қарапайым педагогикаға байланысты мақала оқуға уақыты қалмайды. Мұғалімдерге көп еркіндік беру керек. Ал бізде барлығы да рейтингке негізделген. Мұғалімнің жалақысы рейтинг есебімен анықталады. Егер ҰБТ-дан оқушылар көп балл жинаса, мектептің рейтингісі жоғарылайды. Ал мектеп рейтингісі жоғарылағаннан кейін, мұғалім жалақысы өседі. Түптеп келгенде, мұғалімдер рейтинг үшін жұмыс істейді.

Бұл ретте маған Финляндия үлгісі ұнайды. Ол жақта әр мұғалімге еркіндік берілген. Жоғарыдан ешқандай тест, емтихандар келмейді. Студент білім деңгейін қалай бағалағың келеді, өзің білесің. Үй тапсырмасын бересің бе, кітап оқытқызасың ба, бағалау өз еркіңде. Нәтижесінде соңғы 4-5 жылда Финляндия дүние жүзі бойынша білім беру жүйесінде алғашқы орында келе жатыр. Тіпті Американың өзі оған таң қалады. Ал бізде білім беру де, бағалау да бір арнаға, жоғарыдан келетін бұйрықтарға, шектеулерге салынып қойылған. Ол шектеуден шығуға болмайды.

Алайда, жас ел болғандықтан, бірте-бірте жүйе түзеледі деп ойлаймын. Ал қазіргі жүйеде өзін еркін сезінгісі келетін адамдарға жұмыс істеу қиын сияқты. Мысалы, қарапайым нәрсе - профессорға, оқытушыға берілетін офис жоқ. Студенттер келіп, шай-тәттіден алып отырып, түсінбеген нәрсесін емін-еркін сұрап отырса, арада мықты сенім қалыптасушы еді. Олар дос, әріптес деңгейінде сөйлесе алу керек. Әрине, барлық өзгеріс бір уақытта бола салмайды. Ол дұрыс емес те. Әрбір өзгеріс үшін белгілі бір сәт, кезең керек.

Дәл қазір біраз батыстық үлгімен жұмыс істейтін, айлығы жоғары мектептер бар, мысалы, Назарбаев зияткерлік мектебі. Егер де мен дәл қазірде оқу бітіргенімде өзімді сол жаққа қарай дайындар едім. Сол себепті педагогикада оқып жүрген студенттердің құлағына алтын сырға.

Жалғасы бар.

Сұхбаттың келесі бөлімінен ауыл студенттері мен қала студенттерінің айырмашылығын, педагогикадағы психологиялық аспектілер және америкалық ғылыми жетекшілердің неге әкедей болып кететіні жайлы білетін боласыздар.

8