Айжан Кәрібаева
журналист
«Қыз келбеті» айдарында біз аруларымыздың бет күтіміне қолданатын, күнделікті әрлеуші косметикаларын сұрастырып, бьюти-кейстерінің сырын ақтарамыз. Сонымен біздің алғашқы қонағымыз:
Сандуғаш Бексырғаева, @sandi_beksirga "Хит-тв" арнасының визажисті.
Қысқаша мәлімет: Алматы облысы Шелек ауданында 1986 жылы туған. Алматыдағы №147 мектепте, Өтеген батыр ауданындағы (грэс) М.Мақатаев атындағы №13 мектепте оқыған. Сымбат сән академиясын дизайнер мамандығы бойынша бітірген. 2011 жылдан бастап визажист болып жұмыс істейді. Визажист курстарын Диля Абдуллаевадан алған. 2013 жылы сәуір айында өткен "Голден Азия-6" чемпионатының II орын иегері.
Бет күтімі жайлы
Жалпы мен бұрында табиғи әдемілікті жақтаушылардың бірі болдым, яғни косметиканы мүлде қолданбайтынмын. Негізінде бет терім анама тартқан - құрғақ, бірақ жасөспірім кезімде онымен безеу сияқты проблемалар болған жоқ. Тек 19-20 жасқа келгенде, бет терісі құрғақтай бастады. Сол кезден бастап белсенді түрде күтімді бастадым. Өйткені құрғақ терілерге күтім жасамаса, олар әжімдерге бейім болады.
Күнделікті күтім
Міндетті түрде кешке тоникпен бетімді сүртіп, артынша крем жағамын. Өйткені ұйықтаған кезде де адамның беті жұмыс істеп жатады. Егер дұрыс күтім болмаса, бет терісі тезірек қартая бастайды. Ал таңертең бет жуғыш гельмен жуынып, одан соң тоникпен сүртемін. Кейін кремімді жағамын немесе тоналды крем жағатын болсам оның астына база қолданамын. Бет жуғыш гель, тоник, крем сияқты күтімге арналған өнімдердің барлығы - Missha корейлік маркасы. Ол менің бет теріме жұмсақ тиеді әрі құрамы табиғи.
Ал база және де басқа да декоративті косметиканың бәрі - Make up Studio атты Амстердамнан келетін марка. Ол маркада "3 в 1", яғни база-крем-тоналды крем өнімі бар, соның бір тамшысы бүкіл бетіме жетеді әрі оны толықтай қорғап тұрады. Ол үш өнімді бөлек-бөлек жағып отырғанша, біреуін тез қолданған ыңғайлы.
Сандуғаш Бексырғаевадан кеңес: Егер бет теріңіз құрғақ болса, онда тоналды крем мен база жақпас бұрын ылғалдандырушы креммен бетіңізді ылғалдап алыңыз, тек кейін база, артынша тоналды крем жағуға болады. Егер бет теріңізді қорғамай, тоналды крем жағатын болсаңыз, ол ақырындап бет теріңізді "жей" бастайды. Ерте әжім түсе бастауы мүмкін.
Ал салондық күтімді алатын болсақ, косметологқа да жиі бара берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Жылына екі рет: көктемде және күзде барса болады. Бет терісін жаңарту үшін тазарту процедурасына медициналық білімі бар косметолог-дерматолог құрбымның салонына барамын. Абай мен Достық көшелерінің қиылысында "Акис" деген салон. Сондай-ақ Missha-ның 1500 тг-лік ішінде 10 данасы бар маскаларын аламын. Маскаларды екі күнде бір рет, кейде 2-3 күнде бір рет жасап отырамын.
Әрлеуші косметика
Күнделікті боянбайын десем де, жұмысыма орай боянып жүруге тура келеді. Өйткені маған келетін адамдардың алдында визажистке сәйкес болу керек (күліп). Ертерек тұрып, әрдайым шашымды реттеп, жеңіл макияж жасаймын. Жаңағы айтып өткен "3 в 1" база-крем-тоналды кремді, одан соң пудра жағып, бет коррекциясын жасаймын. Яғни ол дегеніміз бет сүйегін, мұрынды айқындау. Одан соң қасымды жөндеп, подводка жағып, кірпігімді бояймын. Күнделікті бет әрлеуім осылай ғана 15 минутты алады.
Күнделікті жеңіл макияж жасаған дұрыс. Ол қатты көзге көрінбейді және де кейбір кемшіліктерді жасырып тұрады. Ал бірден көзге көрінетін, ашық макияжды кешке қарай, мейрамхана, клубқа барғанда жасаған дұрыс. Телевидение, сахна макияжы мүлде бөлек. Біз әртістерге силиконды тоналды крем жағамыз. Ол ұзаққа дейін жақсы ұсталып, бет терісін тартып тұрады. Алайда оны да жиі қолдана берсе, 4-5 жылда бет терісі тез қартайып кетеді. Сондай-ақ "водостойкий" кірпік бояуларын күнделікті жағуға болмайды. Ол көзге зиянды. Ол көбінесе суға шомылуға барғанда, жаңбыр астында түсірілімдер болғанда қолданылады.
Соңғы екі жыл бойы тек қана Make up Studio-ның әрлеуші косметикасын қолданып келемін. Бағасы да үнемді, сапасы да мені толықтай қанағаттандырады.
Шаш күтімі
Шашымды кез келген супермаркеттен алуға болатын Лореаль маркасының қызыл түсті сусабынымен жуамын. Одан соң дәл соның Лореаль маскасын жағып 15 минут ұстаймын. Шашың бірден жұмсақ болып шыға келеді. Әрі ұштанудан жақсы сақтайды. Шашқа тым кәсіби өнімдер қолданған дұрыс емес деп ойлаймын. Ол оның өзіндік табиғи қорғауын жойып жіберуі мүмкін. Шашыма утюжок қолданбаймын.
Визажист ретінде айтарым
Көшеде кетіп бара жатып байқайтыным, көптеген қазақ қыздары өздеріне жараспайтын түстерді жағып алады. Көк, жасыл түстер біздің қазақи бет терісіне жараспайды. Бізге көбінесе қоңыр, қара, күлгін түстер жарасады. Жалпы біздің, қазақ қыздарының, әдетте бет сүйегі айқындалмаған, томпақ болып келеді және көз қабағымыз төмен орналасқан ғой. Сол себепті бронзатор алып, жеңіл ғана бет сүйегін айқындауға болады. Негізінде біздің қазақ қыздарын көбінесе қазақ визажистері жақсы бояйды деп ойлаймын. Өйткені олар көз үлкейтіп, қабақ ашуды автоматты түрде үйреніп алған. Олар Еуропаға, Америкаға барса, оп-оңай жұмыс істей береді. Ал керісінше еуропалық визажистер біздің қыздарды бояй алмайды. Біз жиі визаж сабақтарын, мастер класстар өткізіп отырамыз. Егер де дұрыс боянуды үйренгілері келетін қыздар болса, топ жинап келулеріне болады.
Өз басым бір орында тұрғанды ұнатпаймын. Әрдайым жаңа нәрсе іздеп, жаңашылдық енгізіп отырғанды жақсы көремін. Жақында он күнге Нью-Йоркқа барып қосымша курстар оқып келдік. Сол жақтан "напыление" дейді, яғни аэрографпен тон жағу. Соны сол жақтан сатып алып, қазірде жеңіл макияжды қалайтын қыздарға қолданып жүрмін. Ол арқылы бетте тоналды крем бары мүлде көрінбейді.
Дүние жүзінде негізі макияж техникасы бірдей. Оны тек әркім әрқалай жасайды. Әркімнің өз стилі болу керек. Кейде біздің мамандығымыз жайлы "бет бояу не, одан не ақша табады" деп ойлайтындар бар. Шынын айтсам, банкте жұмыс істейтін қызметкерлерден 4 есе көп табамын деп ойлаймын. Ол да өз еңбегіңе байланысты. Жақсы жасасаң, бір адамнан екіншісі естіп, бір-біріне кеңес беру арқылы-ақ сені жарнамалап жатады. Кешкілік макияжымның бағасы - 8 000 тг.
Материалды өзге сайттарға көшіруге редакцияның рұқсатынсыз жол берілмейді