Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
05:32, 06 сентября 2013

«Меломен» тобының әншісі Жігер Ауыпбаев күнделік жазып, ән, өлең шығарады екен...Тіпті спортпен де айналысады. Қарап шығыңыздар!

Blog post image

Жуырда «Үш дос» деген әніңіз жарық көрді. Адамға серік болар дос жөнінде айта кетсеңіз...
– Бұл әннің мағынасы өте тереңде жатыр. Адамның тіршілігінде үш дос болады екен. Біріншісі – туған-туысқандары, жора-жолдастары, жары, бала-шағасы болса, екіншісі – мал-мүлкі, атақ-даңқ. Ал ең қайырлысы – иманы, бұл дүниеде жасаған амалдары. Қас-қағым келте дәурен өте шығады. Жанымыз тәнімізден бөлінгенде алдыңғы екі дос емес, соңғысы бірге еріп баратынын санаға берік орнатады. Арман Бердалиннің жинақтарын қарап отырғанымда, осы өлең жүрегіме жылы тиді. Делебем қозып, денем түршікті. Ыңылдап отырып, өздігінен ән туындай кетті. Жолдастарыма осы әнді орындап бергенімде, көздерінен жас ыршып түсті.
– Тағы қандай ән жаздыңыз?
– «Меломен» тобы құрылғанда қай-қайсымыздың да жеке шығармашылықпен айналысу ойымызда болмаған. Продюсеріміз рұқсатын берген соң, жан дүниемді жарып шыққан әндерді ғана орындауға бекіндім. «Түнгі қорқыныш, «Ей, жаным», «Хат жазып тұр», жуырда жарыққа шыққалы тұрған «Жылайды жүрек» әндері буырқанған көңілден туындаған. Кейбір әндердің сөзін де жазғанмын. Бірақ өзімді композитор, ақын санамаймын. Жеке шығармашылығым – ішкі жан дүниемнің көрінісі.
– «Жылайды жүрек» әні тыңдарманға қашан жол тартады?
– Бір-екі апта көлемінде көпшілік назарына ұсынылатын болады. Бұдан өзге «Қарлығаш құсым», «Сағыныш», «Кешір мені» атты әндерім кезек күтіп тұр.
– Әндердің арасы жиілеп кетіп, тыңдармандарыңызды жалықтырып алмайсыз ба?
– Олай ойламаймын. Сыншы – халық. Қажетін өздері сұрыптап алады.
– Бір бағдарламаның түсірілімі кезінде сізді жылан шағып алған еді. Осыдан кейін жыланнан қорқып қалған жоқсыз ба?
– Мен оның алдында да жыланнан қорқатын едім. Ауылда жүрген кезім. Жаздық науқан уақытында ағаларымызбен шөп жинауға шыққан едік. Бір сүйем шөпті арбаға айырмен сала бергенімде, мойныма жылан орала кетсін. Содан бері жыланнан үркіп қалған жайым бар. Бірақ бойымдағы үрейді жеңу үшін бағдарламаға қатыспақ болдым. Бағдарлама барысында жылан шағып алғанда, қайтадан сескеніп қалдым. Қарақұрт кездеспесе екен деп тілеп едім. Ол жағынан жолым болды.
– Ең бойшаң әншілердің бірісіз. Негізі бойыңыз қанша?
– Бойым – 1,85. Мектеп қабырғасында жүргенімде Алмас екеуміздің бойымыз ұзын еді. Мәдени шаралардан қалмайтынмын. Волейбол, күреспен шұғылданып, жүгіруден жарысқа қатыстым. Сыныпта спорт секторы болдым. Денешынықтыру сабағында ең бірінші болып тұратынмын.
– Қазір спортты тастап кеткен жоқсыз ба?
– Спорт пен өнер бір-бірімен етене жақын. Себебі, ән айтқаннан соң, тыныс алу жолдары жақсы жұмыс істеу керек. Сахнада кейде жүгіріп, билеп жүріп ән шырқайтын кездер болады. Ол үшін бассейнге барамын. Суға малтығанда рахат сәтке бөленемін. Былтыр бокспен айналысқан едім. Қазір аяқсыз қалды. Қайтадан қолға алсам деп жүрмін.
– Хоббиіңіз қандай?
– Жастықтың буына алданып қалмауды ойлаймын. Бос уақытымның бәрін жеке шығармашылығыма арнап жатырмын. Ымырт үйірілгенде қолыма қаламсап алып, оқта-текте күнделік жазамын. 2009 жылдан бері жазған-сызғандарымды оқып отырсам, естен шыққан жайттарды кезіктіремін. Қатты шаршағанымда табиғатқа серуендеп, тауға шыққанды жаным сүйеді.
–Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Салтанат СҮГІР

http://www.halyksozi.kz/news/view/id/2476

0
3336
0