Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
1
01:59, 06 сентября 2013

ҚАЗАҚША СӨЙЛЕ!

ҚАЗАҚША СӨЙЛЕ!

 

Тауларды шарлап, тоз болды менің кебісім,

Малынды терге, қақталды күнге көйлегім.

Құдайым саған тіліңді берді не үшін?

Қазақша сөйле, қазақша сөйле, сөйлегін!

 

Жұртыма жаны ашымастарға «Қой!» дедім,

Жаратқан сақта өз тілін білмес топастан!

Қазақша сөйле, қазақша сөйле, сөйлегін!

Себебі іңгәң қазақша болды о бастан!

 

Көңілің шалқар – жазира далам, ой-белің,

Көгілдір теңіз, жайлауың жасыл, көк аспан.

Қазақша сөйле, қазақша сөйле, сөйлегін!

Қазақша анаң әлдиін айтты о бастан!

 

Бұдан да қиын кездерде болған тойлы елім,

Құдайдың өзі қазаққа ылғи қарасқан!

Қазақша сөйле, қазақша сөйле, сөйлегін!

Қазақша атаң батаңды берген о бастан!

 

Қазақтың тілі өркендей бермек, іншалла!

Тілі бірлердің жаны бір, әні, сәні бір.

Көңілің өзге тілдерде сайрап тұрса да,

Қырсығып алып, қазақша сөйле бәрібір!

 

Аз ба еді, қазақ, у қосқан балың сен ішкен?

Тарихың толы ұлағат болар үлгілер.

Қазақша сөйлес

орыспен, қытай, неміспен,

Сыйлайды сонда өзіңді басқа тілділер!

 

Тіліңді сенің жолдасың, көршің, танысың

Менсінбей жүрсе, қадірің, халқым, қашқаны.

Қазақша сөйлеу – мұнымен бітпес бар ісің, -

Қолыңнан келсе, қазақша сөйлет басқаны!

 

Балалық арман ауылда қалды, құм белде,

Қалалық етем мені деп, достым, тырыспа!

Қаны мен тері қазақтың сіңген бұл жерде

Қазақша сөйле, қазақ та,

басқа ұлыс та!

   

Садақа берсең, басқасын берме, бер теңге!

Дағдарып қалма, ұлтыңмен бірге үнемдес!

Қазақша сөйле! Бүгін де және ертеңде!

Алайда бәрі тек қана сөзге тірелмес!

Алайда бәрі тек қана тілге тірелмес!

   

Тілің бар текті, онсыз бар күнің қараң да!

Намыстың отын маздатып әркез тұрсын кек.

Қазақша сайрап жатсыншы сенің санаң да,

Жүрегің сенің қазақша соқсын, дүрсілдеп!

 

Жат жұртта жүрсең, жат етпе жақын-жаранды,

Еліңде болған бір күнің тұтас ғасырдай!

Ғылыммен әрі жырыңмен барша ғаламды

Қазақша жаула, Фараби Әбунасырдай!

 

Кімдерің біздің қуғын да сүргін күйді ұқты?

Қиын да болса, халқыма жүрміз қарайлай!

Мақтаудан басы айналып кеткен билікті

Қазақша сына, Құнанбай ұлы Абайдай!

 

Тіліне сенген діліне болар сенімді,

Тілеуін тілдің тілей бер, тынбай, тайынбай.

Егемен үшін еңіреп келген еліңді

Қазақша басқар, Абылай, Әбілқайырдай.

 

Қазағым қайран, сындардан өткен сұрапыл,

Күндейім менің, жұлдыздай, аппақ айдайым!

Қамы үшін елдің ханға да қарсы шыға біл,

Қазақша аттан, Махамбет, Исатайдайын!

 

Қазағым, халқым, жаратқан менің иемдей,

Батасы оның Құдайым берген аяндай!

Сүйетін болсаң, Шескпирдің іші күйердей,

Қазақша сүйгін, Қозы мен сұлу Баяндай!

 

Тіліме бүгін қилы да қиын туды күн,

Қазақша сөйлеу жиында болды арман да.

Керексе асыр кәнігі қазақ қулығын

Басқадан бірақ «қазақбайланып» алданба!

 

Азамат егер құлықсыз болса, құптар кім?

Сөзіне әрі өзіне қояр Өмір шек.

Қарасаң, қара көңліне

басқа ұлттардың,

Бірақ та ретсіз «қазақша» болма көңілшек!

 

Қазағым, халқым, қиындық көрдің қаншама!

Түспесін күнің дүбәралар мен дүмшеге!

Арыңды сатпа, мал менен жанды алса да,

Тіліңді сатпа, теріңнен таспа тілсе де!

 

Басқа тіл түзген санаң бар болса, жат сана!

Қағазда қалса, кез келген заңың - әфсана!

Тіліңді сатпа, тіліңді кесіп жатса да!

Көңілді сатпа мансапқа және ақшаға!

     

Тылсым да терең тіліме бар ма таласың?

Мойындар оны ғаламшар мынау мың тілді!

Қазақша бірге бола бер Алты Алашым,

«Қазақша» руға, жүздерге бөлмей жұртымды!

 

Ананың тілін сүйеді әрі біледі ұл,

Бір нәрсе шығар өз тілін білген сол ұлдан!

Қазақ боп келдің өмірге,

өмір сүре біл,

Қазақша, яғни жаман сөз ермей соңыңнан.

 

Тіліңді ұқпай, басқасын білу – не теңің?

Бір күні сен де өтерсің жазғы жаңбырдай.

Қазақ боп келдің өмірге,

одан кете біл,

Қазақша, яғни жаман сөз артта қалдырмай!

 

Қашанғы тілім кешеді кезең өтпелі?

Қашанғы тілім қала береді бұғаулы?

Қазақша сөйле,

ана дүниеде өйткені

Ана тіліңде алады дейді сұрауды...

 
1
1823
0