Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
4
06:35, 28 августа 2013

Speed dating: екінші жартыңызды табуға мүмкіндік бар ма?!

Жұмысбасты жандарға таптырмас таныстыру ұйымдастырудың жаңаша формасы – speed daiting жайлы кинолардан көргенім болмаса, барып қызықтау мүмкіндігі болмаған еді.

Қыз-жігіттерді бір-бірімен таныстыру мақсатында кіші-гірім кездесулерді қазір көбінесе мейрамханаларда ұйымдастырады. Кеш жабық форматта өтеді. Википедияға назар аударатын болсақ, speed dating форматын отау тіккісі келетін жастарды бір-бірімен таныстыру мақсатында 1998 жылы Лос-Анджелестік Яков Дево ойлап тапқан. Осындай алғашқы кеш Беверли Хиллзде сол жылы Pete’s Caféде өткен екен. Көп ұзамай, бұл үрдіс табысты, бірақ жұмысбасты жалғызбасты жандарды бір-бірімен қосудың революциялық әдісі ретінде барлық әлемге тарап кеткен. Лондондағы кештер аншлагпен өтеді екен. АҚШ-та бұл сәнге айналған үрдіс, оған «Секс в большом городе», «Правила съёма: Метод Хитча», «Симпсоны» тәрізді кинолар куә бола алады.

Кеше сондай бір астаналық кештердің біріне бас сұқтым. Жалғыз емес. Қасымда екі құрбым бар. Сол жағалаудың әдемі мейрамханасында ұйымдастырылған шараға 7 қыз, 7 жігіт қатыстық. Анкета толтырып, қыздарды жеке-жеке үстел басына отырғызды. Әр таныстыққа небары 7 минут уақыт беріледі екен. Бірақ соның өзі жеткілікті көрінді маған. Сосын жігіттер келесі үстелде отырған қызбен танысуға барады.

Қатысушылардың барлығы бірінші келген қонақтар екен. Өзім тәрізді. Бірақ жас шамасы әртүрлі. Студенттер және орда бұзбаса да, жастары 30-дан асқан сүр бойдақ жігіттер де арасында жоқ емес екен. Алдын-ала аздап шарап ішкен жігіттер біраз жігер жинап қалыпты. Қимылдары, сөйлеген сөздері батыл.

Хош, сонымен алғашқы таныстығымыз да басталып кетті. Жігіт келді, сыпайы амандасты. Жүзінде ұяңдық. Жасы 24-тер шамасында деп түсіндім. Әскери қызметтегі адам, Алматыдан. Отбасысы, арман-мұраттарымен бөлісті. Кездесу жайында кездейсоқ біліп келген екен. Тіпті қайда келе жатқанын жете түсінбегенге ұқсайды.

Екінші жігіт Қытайда білім алып келген, көзінде оты бар бала, бірақ өзіне деген сенімділігі, әңгіме арасына әкесінің мықтылығы жайында біраз мақтаулар қосып жібергені бірден көңілімнен шықпады.  Экспресс-кездесуге де мақсатсыз, досының шақыруымен келген екен. Қытайда оқитын, білім алып келген жастарының қауымдастығын құру ойында бар екен. Сөзіне қарағанда, бұл тиімді, әрі өзінің амбициясын іске асыруға қажетті жоба. Әңгімеміз Қытай мен Қазақстан арасындағы бірқатар даулы мәселелер төңірегінде өтті. Ертіс өзені, жер дауы, өз мигранттары үшін визасыз режимді алу үшін жан салмай жүрген саясаты және т.б.романтикалық кеште айтылмайтын әңгімелер. Белді университетте инндустрия-иннновация мамандығы бойынша оқуын тәмамдаған жігіт бұл салада қызмет еткісі келмейді екен. Өйткені, біздің елде индустрия, оның сөзіне қарағанда, мүлде дамымаған. Кешіріңіз, сонда мемлекет сізді шетелге не үшін жіберді? Озық білім алып, ел игілігіне жаратып, қалтқысыз қызмет етсін деп жібергенін қалай ұмытасыз?! Жүргізушілер уақыт өткенін хабарламағанда, біздің қызу әңгімеміз аяқталмас еді.

Тағы бір Ержан атты жігіт елордамыздағы Пирамида маңайында орналасқан фонтандардың жұмысын реттеуші (суының дұрыс шашылуын қадағалап, қосып-сөндіруші) және Еуразия ұлттық университетінің магистранты екен. Өмірге деген көзқарасы ұнады. Жастарда еш проблема жоқ дегені әсіресе. Түнде қала тұрғындары шелектеп фонтаннан үйіне су таситындығы туралы да біраз айтып күлдіріп алды. Кітап оқығанды ұнататын жігіт әжесінің ескі шатырынан Чегавара жайлы көп ақпаратқа кенеліпті.

Айбар, мен жоғарыда айтқандай, жасы 31-ден асқан сүрбойдақ жігіттің өзі екен. Жұмысы алыс-жақын жерлерге сапарлармен байланысты болғандықтан, қалыңдығын әлі күнге дейін кездестірмеген көрінеді. Осы кешке досымен бірге келуге уағдаласқанмен, соңында бір өзі ғана келіп отыр. Ақылына көркі сай, спортқа ынтық жігіт экспресс-кездесуге ақ маңдайлы келін іздеп келгенін жасырмады.

Жалғас, жасы 29-да. Қорғаныс министрлігі қатарындағы қызметкер. Әрине, әскери адам. 7 минуттың өн бойында өзі, өмірі және сүйікті хоббилері жайлы айтумен болды. Егер сіз 1 миллион ұтып алсаңыз, сүйіктіңізге жұмсар ма едіңіз деген кенеттен қойылған сұраққа еш бөгелместен, «әрине, жоқ!» деп жауап берді. Менің «сау болыңыз!» деуден басқа лажым қалмады.

Әсерлі әңгімелер де болды. Бір сұхбаттасыммен адамның бақытты сәттері туралы сыр шертіссек, енді бірімен өмірдің мәні, мағынасы жайында әңгіме өрбіттік. 7 минуттың осындай таныстық барысында аз екені білініп қалып жатты. Жаныңызға жақын жандар тапқаныңызда тіпті ерекше әсерге бөленіп, көңіліңіз сергіп қалады.

Кеш барысында қыз-жігіттер бір күнде осынша қызықты таныстыққа ие болып, түрлі эмоциялар алғандарын айтып, қуаныштарын жасырмады. Кешті «мафия» ойыны қыздыра түсті.

Ереже бойынша, кездесу соңында сіз танысқан жігіттердің есімі жазылған парақшаларға өзіңіздің «+»/«-» деген бағаларыңызды қалдырасыз. Көңіліңізден шыққан адам да сізді таңдаған жағдайда, ұйымдастырушылар байланыс орнату үшін қосымша ақпарат алмасуға мүмкіндік береді.

Біраз қыз-жігіттермен бүгін хат алыстық. Жаңа дос, жаңа мұңдас, замандас дегендей.

Әрине, ұйымдастырушылардың қалт жіберген тұстары бар. Біріншіден, қатысушылардың жас ерекшеліктері мен қызығушылықтары ескерілмеген. Екіншіден, әр қатысушының мақсат-мүддесі назарға алынуы тиіс. Ақпарат аз, әлі де болса жастар сенімсіздікпен, бір жағынан тың дүниеге ұяңдықпен қарауы мүмкін. Сол себепті, кешке қатысам деушілер жас ерекшеліктеріне қарай іріктеліп алынуы тиіс.

Енді екінші жартыңызды іздеп, танысу сайттарында тіркелудің, хаттарға үздіксіз жауап жазудың немесе клубтардың табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ.

Менің ойымша, мұндай шаралар жастарға аса қажет. Әсіресе, үлкен қала ритмінде өмір сүретін жандар үшін. Кеш форматын өзгертуге де болады. Мәселен, қатысушылардың қызығушылығына, хоббиіне қарай кітапханаларда, мұражай қабырғасында немесе мұз сарайында өткізуге болады. Ал ұйымдастырушылық қабілеті бар жастар үшін бұл бизнестің тың түрі.

Айтпақшы, қатысу бағасы әртүрлі, 3000 мен 12000 теңге арасын қамтиды.

 

P.S. Материалда кейіпкерлердің есімдері өзгертілген.

Жаңа дос тауып, жар таңдау көптен бері ойыңызда жүрсе, осындай кештерде туатын мүмкіндікті қалт жіберіп алмаңыз!  Ұйымдастырушылардың парақшалары әлеуметтік желілерде бар.  Сәттілік!

4
573
3