Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
22:38, 15 июля 2013

Астанада Азия чемпионатында 8 медаль олжалаған спортшыларға қошемет көрсетілді

Blog post image

Астанада Азия чемпионатында 8 медаль олжалаған спортшыларға қошемет көрсетілді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

1-8 шілде аралығында Иорданияның астанасы Амманда өткен бокстан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 7 алтын және 1 күміс медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Дүбірлі додада ел абыройын асқақтатып қайтқан спортшылар мен бапкерлерді сенімді жеңісімен халықаралық бокс қауымдастығының (АИБА) вице-президенті, Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев құттықтады.

«Сіздерді бокс федерациясы атынан шын жүректен құттықтаймын. Азия чемпионатындағы бұл жеңіс – әлемдік спорт аренасындағы Қазақстан боксының бұрын-соңды болмаған толағай табысы. Бұл үлкен оқиға. Азия чемпионаты өте маңызды жарыс. Қазақстан құрамасы Азияда ең мықты екенін, ал әлемде мықтылардың қатарында екенін дәлелдеді. Енді жанкүйерлеріңіз сіздерден жаңа жеңістерлі күтеді», — деді Тимур Құлыбаев.

Сондай-ақ ол бокс федерациясының ережесі бойынша Азия чемпиондары мен бас жаттықтырушы құрамға сыйақы қарастырылғанын атап өтті.

«Бұл тек қана спортшылардың жеңісі емес, бүкіл федерацияның табысы. Үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Халықаралық жарыстарға тыңғылықты дайындаламыз. Спорт базалары қажетті құралдармен жабдықталған. Сондықтан, спортшылардың осы жарыста үлкен жетістікке жетпеуі ұят болар еді. Барлығы тырысып, жақсы өнер көрсетті. Алдымызда биыл үлкен жарыс – әлем чемпионаты тұр. Жарыс алғаш рет Қазақстанда өтеді. Сол себепті спортшыларымыз жақсы дайындалып, ұлттық құраманың жаттықтырушылары бар күшін салып, елімізде өтетін әлем чемпионатында Қазақстанның мәртебесін көтеріп, абыройын асқақтатуға тырысамыз», — деді Қазақстанның бокстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов.

Жиында сөз алған бокстан ұлттық құраманың капитаны, биыл «Азияның үздік боксшысы» атағын иеленген Данияр Елеусінов бокс федерациясының көрсетіп отырған қолдауы үшін алғысын білдіріп, алдағы байрақты бәсекелерде ел сенімін ақтайтынын, «боксшыларымыз үлкен жеңістерден үмітті» екенін жеткізді.

Еске сала кетейік, Теміртас Жүсіпов, Берік Әбдірахманов, Мерей Ақшалов, Данияр Елеусінов, Жәнібек Әлімханұлы, Антон Пинчук пен Иван Дычко Азия чемпионатында алтыннан алқа тағынса, Әділбек Ниязымбетов күміс медаль иеленді.

Айымгүл ӘБІЛЕВА, фото Бауыржан ЖУАСБАЕВТІКІ
 
0
180
0