Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
2
11:15, 06 июля 2013

Өлген ақындар қоғамы (Dead poets society) көркем фильмнің құдіреті!

О, сана! Адамға берілген құдіреттің бірі - ол саналы ойлау қабілеті. Осы тұжырымды әр адамзат баласы өзіне күнде қайталай жүріп есінде сақтағаны жөн. Адамзат барлық тірі жандылардан ерекшелігі ретінде санасының дамығандығын әдетте алға тартады. Бірақ, сол адамзаттың ерекшелігін көрсету не дамыту үшін, адамдар, соның ішінде достарымның қайсысы бір амал жасап жүр? Кей кезде айналамдағыларға және өзіме қарап, өмірдегі маңызды шешім қабылдаған кездері санамыздың қаншалықты сыртта қалып кететінін байқамай қалатынымыз шындық деп есептеймін. Бұл жерде айтқым келген бар ойым, ол осы бізге берілген қысқа өмірде жасалатын тәжірибеде сананы көбірек қолдануға тырысқандарымыз абзал шығар?!

 

Жаңа ғана көріп бітірген 1989 жылы түсірілген "Өлген ақындар қоғамы" атты көркем фильмнің ойға берер сабағы орасан деп айтуыма тура келеді. Мен осы фильмді көре отырып, өзімнің мектептегі балалық шағымды, сол кездерден жалғасып келе жатқан ішімдегі әр алуан түрлі арпалыстардың негізін түсінуге көмектесетін үлкен мағыналы кино екеніне қазір көзім жетіп отыр. Кейде емес, көбінесе, біздің қоғамның өзінде ата-ананың, мұғалімдердің және тағы басқа қоғамдағы "жетекші" рөл атқаратындардың авторитарлық бұйрықтары бората жөнеледі. Сол бұйрықты райда айтылған әңгімені жиі еститін өсіп келе жатқан жасөспірімдердің іші қандай күйде десеңізші?! Көкірегіндегі талпынысты, құлшынысты көре тұра, сол жасөспірім қалаған затын өшіремін деп қалайша сол жас кісіге қиянат жасағанын байқамай қалатын ата-аналарға таң қаламын. Артық жасаймын деп әдетте көбісі тыртық жасап, баласына қиянат келтіреді. Ата-аналардың сондай әрекет жасап жүріп, соңында қайғылы оқиға алып келетін зардабын өздері көргісі келмегендей, одан қалса өзінің жасаған "қылмысын" мойындағысы келмей, кінәні айналасынан осының барлығына түрткі болған тамаша дарынды мұғалімге де кінәлісің деп мойнына іле салуы көңілді қатты қынжылтады.

 

Құрметті, құрбы-құрдас пен жас ата-аналар! Қазір өсіп келе жатқан буын болып есептелетін бала-шағаны өздеріңнің авторитарлық бұйрықпенен өсіруге ешқашан тырыспаңыздар! Ол бағытта жасаған әрекетіңіз әрқашанда жас балаға түбінде кері әсерін тигізіп, баланың болашағына ойран салады, одан қалса, сол абайсызда жасаған қиянаттарыңыз өздеріңізге айналып келіп бумеранг ретінде теріс жағымен тиетінін біліп жүрген ықтият. Ол соққы кез-келген адамға өте ащы болатынына күмәнім жоқ. Қазақстандық келешек азаматтар ешқандай қорқынышсыз өздерінің дарынды потенциалын көрсете алатындай ішкі "МЕН" дегенін жоғалтып алмай дамығандары дұрыс деп есептеймін. Сол келе жатқан ұрпақтың көзіне қарап елімнің ертеңінің болашағы осылар деген тұжырымға келетіндей көңіл табыңыздар! Сол өсіп келе жатқан жас буын бізді бақытты қыла білсін, бірақ сондай болу үшін біздер өздеріміз дұрыс бағытта тәрбие бергеніміз жөн!

 

Қысқа түрде оқиға желісі:

Оқиға ағылшын тілінің мұғалімі Джон Китингтің АҚШ-та орналасқан ақылы элиталық орта мектебіне жаңа мұғалімдікке келіп, өзінің поэзия сабағында бір сынып оқушыларының ішкі жан дүниесін толықтай өзгертіп тебіреніске жеткізе алуы туралы болады. Бірақ, мына әділетсіз қоғамда жиі кездесетін санасыз соқырлық пен бір құбылысты біле тұра оны мойындамаушылықтың кесірінен өте жақсы бастаманың ақыры трагедияға айналып кетуі оқиға желісінің соңы ретінде аяқталуы мені қатты мазасыздандырды. Сол Китинг мұғалімнің оқушыларының бірі қатты әсер алса да, мектеп айналасындағы театрда ойнаймын деген талпынысын байқағысы келмеген әкесінің қисық мінезі не түсінігі кесірінен, ішінен қатты қиналады. Бұл оқушы әкесінің қаталдығының кесірінен ішіндегісін ашып айта алмай, өзі қаламайтын "дайындалған" мақсаттарға келісе береді. Ақырында әкесінің авторитарлық бұйрығына қарсы шыға алмаған байқұс жасөспірім, өздерінің үйінде қобдишада сақталатын тапаншаны алып, түн жамыла өзіне қол жұмсайды. Сол жасөспірімнің осы жас шағында психологиясының лабильді екенін мойындағысы келмеген қатігез әкесі баласын өзін-өзіне қол жұмсауына тікелей болмаса да мәжбүрлейді. Ал, ендң не болды десейші! Әкесінің баласына деген қандай жоспарлары бар еді, ең обалы сол жоспарларды жасай отырып соны жүзеге асыратын негізгі рөлді ойнаушы баласымен мақұлдаспауы, әкесінің негізгі қателігі деп ой түйемін. Осының барлығын ана сұмырай әкесі түсіне білсе ғой, баласын ДОС ретінде былай шығарып сөйлесіп, ішкі жан дүниесін түсінуге тырысса, мүмкін фильмдегі туған баласы тірі қалар ма еді? Амал нешік, фильмде баласы өледі. Осы оқиғаның ізін суытпай, мектеп басшылығы атақты мұғалімі, Китингті кінәлайды және сол кінәға далел жасау үшін жасөспірімдерді қысып, күшпен келісімін алады. Фильм соңында ақындық сабақты өтетін бөлмеде Китинг пен авторитарлы мұғалімнің арасында пайда болған теке-тіресте оқушылар Китингке қарай бас игенін көрсететін белгі көрсетеді. Ол белгілері Китингтің өзі үйреткен парта үстіне шығу әдеті. Осы әдетті қайталау мақсатында сынып ішіндегі оқушылары авторитарлы мұғалімді тыңдамай парта үстіне шығып, Китингке қарай "О, Капитан, о, капитан!" деп дауыстай есік жақтағы Китингке қарайды... Осылай фильмнің соңы қалай келгенін байқамай қалып, қимай бітіресің.

 

Негізінен, бұл көркем фильмде қарапайым мұғалімнің оқушыларды ішкі жан дүниесін аша білу қабілетінің арқасында қаншалықты құдіретке жетуге болатынын ашып көрсеткен және тамаша сипаттаған. Осы фильмде рөлдерді ойнаған әртістерге де мың алғыс!

 

Фильм туралы сілтеме:

http://www.imdb.com/title/tt0097165/?ref_=fn_al_tt_1

 
2
953
2