Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
04:01, 11 сентября 2013

Екіжүзділер мұсылмандарды масқаралаушылардан

Таңертеңнен бері Жолдас құдалыққа барарын, не бармасын білмей, аула кезіп жүрді. Үйге неше рет кіріп, шыққанын да білмейді. Барған үйі құда күтіп отырғасын, арақ-шарап қоятыны белгілі. Оған күмәні жоқ. Бірақ, ащы су қойылатын жерге бармау керектігін, оған Аллаһтың қарсы екенін және біледі. Екіұдай ойдың арасында ақыры бір шешімге келді. Қазақылығы жіберсін бе. «Мен қалайда барайын. Бастысы олардың жанында отырмаймын ғой. Сыртта өзім сияқты бір кісілер табылып қалар. Солармен сұхбат құрып уақыт өткізермін. Туыс-жаран болса да қажет. Бүгін мен бармасам, ертең олар да менің қуанышымды бөліспес. Бұлай жалғаса берсе адам санатынан сызылып қалармын. Жаман да болса туыстан айрылуға тағы болмайды»,-деп іштей күбірледі.

Құдалық

Құдалар қаладан шалғай жерде орналасыпты. Ауылдың кішілігі соншалық мектебі де жоқ екен. Күнкөрістері тек қана мал шаруасы.

Жолдастың тілегені алдынан шыға келді. Өзі тәріздес бір намазхан қария бар екен. Құдалар жағынан бола қалғаны тіптен нұр үстіне нұр боп кетті. Екеуі тіл табысып, біраз әңгіменің басын қайырып тастады. Сәлден соң бесін уақыты кірді, қарт имамдыққа шығып, Жолдас оған ұйыған күйі намаздарын оқып алды.

Осы кезде қонақтар да біраз нүктеге барып қалған болатын. Сарайдан құлып кетсе, иттен ұят кетеді демекші, ащы судан кейін ұятты ғана емес, киімдерін де шешкен күйі құдасы бар, құдашасы бар ер әйел деп бөлінбестен баршасы өзенге күйм-күмп қойысып жатыр. Сырттан бақылағанға сұмдық ерсі көрініс. Қараудан көз ұялып, Жолдас теріс айналып, ойға кетті. «Егер мен де бұрынғыша ішетін болсам, мыналардың қатарында жүрер ме едім? Неткен парықсыздық еді»,-деп жиіркеніп кетті.

Айт намазы

Бүгін оразаның соңғы күні болатын. Ертең айт намазы. Шал екеуі ертесімен іргелес ауылдың мешітінде жамағатпен намаз оқитын болып келісті. Қасиетті Рамазан айы аяқталып, күн арайлаған кезде, бейқам қонақтар доңызша домалап жатыр еді. Ертерек тұрғанымен, Жолдас шалды таппай қалды. Ерсілі-қарсылы іздеп, болмаған соң есік алдындағы орындыққа жайғасты.Түнде екі жақ өзара достасып, мың жылдық құда болысуға стақан соқыстырып жатқан сияқты еді. Енді жан-жағына қараса мына бір сорлының бетін біреу тегістеп кетіпті. Сүйреп әкеліп сарайға жатқыза салғанға ұқсайды. Көйлегі қан жоса. Бет аузы шыбындап, мұрнын кеміріп жатыр. Қыз берген құданың қаншалық сыйлы боп жатқанының көрінісі ғой бұл. Төрден орын алуы тиіс басы, сарайдың табалдырығында жатқаны енді мынау. Алдына бар тағамын қойып, таңдағанын сыпайы жеп отыруы тиіс еді ғой. Ал қазір малды ауылдың шыбындары мұны жеп жатыр. Кеше ғана екеуі қаладан бірге шыққанда «арақ деген адамға опа бермейді ғой»,- деп, сықиып киініп шыққан Мараты ғой бұл. Енді қарасаң хайуаннан артықшылығы қалмапты. Анадайда тағы бес-алтауы күбірлесіп отыр, соған қарағанда әлі ұйықтамаған болуы керек. Әңгімелерінің тақырыптары іріленіп кетіпті. Билікті даттап жатыр. Бірі елбасын «орнынан алу керек»,- деп бөсті. «Кешегі Жаңаөзендегі оқиғаны айтсайшы. Халыққа ие бола алмай отыр ғой»,- дейді тағы бірі. Мәселені шешу енді қолы кітап емес, бөтелке ашып үйренген осы алқаштарға қалыпты. Ал өздері сыртқы жаудан емес, өздерінің ауздарын арақтан арашалап қалуға қауқарсыз екендерінде істері жоқ. Айтып отырғаны жұрттан естігені. Өздік емес, ақпараттық пікір.

Шал ашқан өнер

Бірер сәттен соң көптен күткен шал да екі өкпесін қолына алып жетті. «Сені мазаламайын, ұйықтап жатқан шығар дедім. Пәленше көлігімен көрші ауылға бара жатыр екен сонымен жетіп қалдым»,- деді. Қош! Болар іс болды. Бірақ, әлгі шал өнерді енді ашты. «Ал, «пахан» мынадан алып жібер, ауыз ашуыңмен» деп бір қара доңбай сыра ұсынды. Шал мұны мүсе тұтпағандай: «Бинодан құй, сыраңды ұрайын деп, жағында қалған екі түйір тісін көрсеткісі келгендей» қарқылдай жөнелді. Жолдасқа «ә» дегізбестен, «інім құрғақ бино ғо»,-деп, бір көзін қысты да, шараптан тартып кеп жіберді. Бұрын-соңды мұндай мұнафықты көрмеген Жолдас, кешелі бері ішкендерден емес, намазхан шалдың әрекетінен қорыққан күйі туыстарын күтпестен, келіншегін ертіп, вокзалға тартып тұрды. Жол бойы іштей «Ей, Аллаһым! Мен мұнафықтан, алауыздықтан және жаман мінез-құлықтан саған сиынамын»,-деп келе жатты.

Сөз соңы: Аллаһу тағала Құран кәрімде былай деген: «Ей, мұнафықтар! Аллаһу тағала сендерді осы күйде қалдырмайды. Шынайы мүміндерді мұнафықтардан ажыратады» (Әли Имран сүресі, 7-ші аят)

Мұнафық-екі отар арасындағы қалған қой сияқты, бірде мына отарға қосылады, бірде арғы отарға қосылады.(Хадис шәриф. Сүлукул-Уләма)

0
427
0