Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
22:19, 23 мая 2013

Ауыр атлеттеріміз Өтешев пен Седов Азия чемпионатына қатыспайды

Blog post image

 

Бүгін Талдықорғанның «Жастар» спорт кешенінде ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты байрағын көтереді. Мамырдың 29-ына дейін жалғасатын ел біріншілігінде жеңімпаздар маусым айында Астанада өтетін Азия біріншілігіне қатысуға мүмкіндік алады.

Дәл қазір Қазақстан біріншілігіне қанша облыстан қанша спортшы қатысатынын тап басып айту мүмкін емес. Өйткені, өкінішке қарай, ауыр атлетика еліміздің барлық облысында дерлік керемет дамыған деп айта алмаймыз. Ақсап тұрған аймақтар да бар. Ішкі чемпионатқа қанша ауыр атлеттің қатысатыны бүгін кешке өтетін ұйымдастырушылар алқасының отырысында анықталады. Алайда әдеттегідей қатысушылар саны жүзден асып жығылады деген үміт бар.

Сондай-ақ Лондон Олимпиадасының жеңімпаздары да Қазақстан чемпионатына қатыспайды. Ұлттық құрамамыздың бас бапкері Алексей Нидің айтуынша, Илья Ильин, Светлана Подобедова, Майя Манеза, Зүлфия Чиншанло сынды саңлақтар биылғы додалардың барлығынан босатылған.

Олар қазір демалып, жеңіл-желпі жаттығуларға ғана қатысып жүр. Лондон Олим­пиадасына дайындық барысында бұл толағайлар біраз күшін сарқып, әбден шаршады. Енді тынығып алғандары дұрыс. Ал биыл екінші нөмірлі атлеттерге, жас спортшыларға мүмкіндік беріп, баптары мен бақтарын сынап көреміз, – деді бұл туралы Алексей Геннадьевич.

Дегенмен Ильиндерсіз де ел біріншілігінің қызықты әрі тартысты өтетініне дау жоқ. Қатысушылардың арасында Анна Нұрмұхаметова, Жазира Жапарқұл, Нұрсұлтан Рахатов, Александр Зайчиков сынды мықтылар бар. Ал ел чемпионатының жеңімпаздары маусым айының 20-сы мен 26-сы аралығында елордамыз Астанада өтетін Азия біріншілігіне жолдама алады.

Негізі, Азия чемпионатына дайындықты жаңа жылдан бастап кеткенбіз. Қазір құрама спортшылары 90 пайызға анықталып қойды. Есімдерін атамай-ақ қояйын. Олардың әрқайсысы сары құрлық додасына жеке бағдарлама бойынша дайындалды. Ел чемпионаты олар үшін дайындықтарын пысықтаудың бір кезеңі ғана. Дегенмен босаңсуға болмайды. Өкшелерін басып келе жатқан өрендер көп. Егер олардан мықтылар шығып жатса, команданы өзгерте саламын. «Ерді кебенек ішінен таны» деген сөзді айтты маған. Мағынасы ұнады. Біз де осындай чемпионаттар арқылы ел ішінде жүрген дарындарды іздейміз. Қазақстан ауыр атлетикасына Ильин, Подобедова секілді рухы мықты спортшылар керек, – деп қосып өтті Алексей Ни.

Сондай-ақ Қазақстанның биылғы ішкі біріншілігіне 94 келідегі Алмас Өтешев пен Владимир Седовтың да қатыспайтындықтары белгілі болды. Тіпті бұл екеуі Астанада өте­тін Азия чемпионатына да қатыспайтын көрінеді. Бас бапкердің айтуынша, Алмас пен Володя қазан айында Варшавада өтетін дүниежүзілік додаға дайындалуда.

 
0
216
0