Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
05:30, 26 апреля 2013

Бас Прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалық етуімен Бас прокуратураның алқа мәжілісі болып өтіп, онда Жайық-Каспий бассейніндегі балықтың бағалы тұқымдарын сақтау және өсіру жөніндегі жұмыстың жай-күйі қаралды.

Blog post imageАлқа жұмысына Парламент депутаттары, ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев, Қоршаған ортаны қорғау Министрі Нұрлан Қаппаров, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің, Ішкі істер министрлігінің, Кедендік бақылау комитетінің басшылары, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының жергілікті атқарушы органдарының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Бас Прокурор атап өткендей, Жайық-Каспий бассейніндегі балық қорларын қорғау және пайдалану мәселелері жөнінде 2010 жылы Атырау қаласында өткізілген ведомствоаралық жиналыстан кейінгі үш жылдың ішінде осы саладағы жағдай айтарлықтай жақсарған жоқ. Қалыптасқан жағдай, ең алдымен, уәкілетті органдар қызметінің тиісінше ұйымдастырылмай отыруының салдары болып отыр, әзірге көбінесе формализмге жол берілуде. Жайық-Каспий облысаралық бассейндік инспекциясы қызметінің тиімділігі төмен күйінде қалып отыр. Мысалға, балық инспекциясының бірқатар бөлімдерінің инспекторлары өткен жылдың басынан бері браконьерлікпен байланысты бір де бір қылмысты анықтамаған.

Ал кейбір мәліметтер бойынша, заңсыз аулау өндірістік қарқынға ие болған. Бұл бекіре тұқымдастары популяциясы санының апаттық деңгейге қысқаруына алып келген – кейінгі жылдары ол ондаған есеге қысқарған – 2006 жылғы 61 млн. данадан 2012 жылы 1 млн-ға дейін азайған.

Соңғы үш жылда Атырау облысында заңсыз айналымнан 440 тонна балық алынды, олардың арасында 12 тонна бекіре тұқымдас балықтар, 318 кг уылдырық бар, 8700 аулау құралдары алынды. Табиғатты қорғау прокуратурасының қызметкерлері Атырау – Астархан тас жолында биылғы жылдың қаңтарында заңсыз ауланған балықтың 16 тоннасы бар автокөлікті ұстады. Атырау – Доссор тас жолында жалған құжаттары бар 11 тонна балық тиелген КамАЗ көлігі ұсталды. Бірақ та облыстық ІІД браконьерлік фактісі бойынша қозғаған 215 қылмыстық істің бестен бір бөлігі ғана сотқа жолданған.

Әлсіз ведомстволық бақылау, қылмыстық балық бизнесінің жоғары табыстылығы жағдайында ұйымдасқан топтардың қылмыстық схемасына көбінесе браконьерлерге көмек көрсетуші әртүрлі мемлекеттік органдардың арамза қызметкерлерінің араласуы қалыптасқан жағдайды ушықтыра түседі, деді А.Дауылбаев.

Бас Прокурор құқық қорғау және уәкілетті органдардың алдына браконьерлік кәсіпке және бекіре тұқымдас балықтардың заңсыз айналымына тосқауыл қою жөніндегі кезек күттірмес ұйымдастырушылық-құқықтық шараларды қабылдау, ведомстволық бақылауды және прокурорлық қадағалауды күшейту міндетін қойды. Ұсынылып отырған іс-қимыл бағдарламасы балық аулауға салынған тыйымды мүлтіксіз орындау, лауазымды тұлғалардың тарапынан сыбайлас жемқорлық көріністерін жою, бекіре және қара уылдырықтың көлеңкелі айналымын азайтуға мүмкіндік беретін олардың айналымына мемлекеттік бақылаудың неғұрлым тиімді әдістерін қабылдау, балық қорғау қызметтерін кадрлық жетілдіру және техникалық қамтамасыз етуді қарастырады.

Балық саласында заңсыз қызметпен айналысушы ұйымдасқан қылмыстық топтарды, оларды қаржыландыру көздерін және қылмыстық жолмен табылған ақша қаражаттарын заңдастыру көздерін анықтау және жоюға бағытталған бірлескен іс-шаралар жоспарын дайындау және жүзеге асыру маңызды міндет ретінде белгіленді.

Бірлескен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында әуежайларға, темір жол және авто вокзалдарға, тас жолдарға және балық өнімдері сатылатын нүктелерге ерекше назар аудару ұсынылды.

Сондай-ақ Бас Прокурор Үкіметке теңіздің барлық акваториясында бекіре тұқымдас балықтарды аулауға тыйым салу, белгіленген шекте балық кәсібіне бақылау жасауды жүргізу үшін теңіздегі әрбір мемлекеттің жауапкершілік зоналарын анықтау бойынша үкіметаралық келіссөздердің белсенділігін арттыруды ұсынды. Жеке тауарлық бекіре өсіруге мемлекеттік қолдау көрсету қажеттілігіне назар аударылды.

Жиналысқа қатысушылар – Парламент депутаттары, Бас прокуратура жанындағы Қоғамдық кеңес мүшелері ұсынылған шараларды белсенді түрде қолдады. Олар құқық қорғау және уәкілетті органдардың тек келісілген мүдделі әркекеттері браконьерлікпен тиімді күресуге, сыбайлас жемқорлыққа сенімді тосқауыл қоюға, өңірдің басты табиғи байлықтарының бірін сақтап қалуға мүмкіндік беретінін атап көрсетті.

Осыған орай, өңірлік прокурорларға заңсыз балық кәсібімен айналысып жүрген қылмыстық топтарға қарсы іс-қимыл жасау және оларды тарату мәселелерінде құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіру жұмыстарын күшейтуді, осы саладағы анықталған әрбір заңдылықтың бұзылуына принциптік баға беру, барлық кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартуға қол жеткізу тапсырылды.

0
525
0