Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
01:37, 08 апреля 2013

ҚАЗАҚСТАН-ИРАН ҚАТЫНАСТАРЫ

  1. Тарихы

Иран мен тәуелсіз Қазақстан арасындағы қатынастар бастапқыда бірқатар сарапшылар күткендей қоян-қолтық болып кетпесе де, бірқалыпты дамып келеді. Кеңес Одағы ыдырап, Орталық Азия елдері темір қырсаудан босап шыққаннан кейін көршісі Түркия бауырластығын алға тартып, бетін осылай қарай бұрып, қоғамның барлық саласында байланыстарды жандандырып жатқанда ресми Тегеран самарқау қимылдады. Әйтпесе сарапшылар, Иран да діни және тарихи жақындығын пайдаланып Орталық Азияға қарай ашылады деп күткен еді. Иран басшылығының неге бұлай шабан қимылдағанын дөп басып айту қиын. Мүмкін мемлекетке сыртқы күштердің қысымы адымын аштырмады немесе ішкі жағдайы мүмкіндік бермеген шығар, болмаса осы мәселені көтеретін стратег саясаткер табылмады, яки жақын аралассақ түрік елдерінің ықпалында қалып кетерміз деп күдіктенген болар... Әйтеуір бастапқыда Иран жағы тек экономикалық байланыстармен шектеліп қалды (оның өзі де көңіл көншітерлік емес). Тек, соңғы жылдары «сең жібіп» бұл аймақпен қатынастарға көбірек назар салуды қолға алды. Ол, Иранның сыртқы саясаттағы басым бағыттарды белгілеген доктринада Орталық Азияның да орын алғандығынан байқалады. Сөйтіп, кейінгі жылдары ресми Тегеранның Иранды транзит ретінде пайдалану саясатына байланысты Қазақстанмен арадағы түрлі барыс-келіс те көбейді.

ҚР сыртқы істер министрлігінің мәліметтеріне жүгінсек екі елдің арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылдың 22 қаңтарынан бастау алады. Иран Ислам Республикасындағы Қазақстан елшілігі 1993 жылы ашылған. Ал Иранның Қазақстанның астанасындағы елшілігі 1992 жылдан бері жұмыс істеп келеді. [1]

ҚР президенті Н. Ә. Назарбаевтың 1999 жылы 6 қазанда Тегеранға жасаған ресми сапарында «Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы өзара қарым-қатынастар туралы Декларация» қабылданды. Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы саясат, экономика, мәдениет салаларындағы жан-жақты ынтымақтастықты нығайту және дамыту, әрі достық байланыстарды тереңдету мақсатында қабылданған декларацияның әр тарауы аталған салаларды жандандыруға бағытталған:

І-тарауы: Саясат саласындағы ынтымақтастық;

ІІ-тарауы:  Экономикалық ынтымақтастық;

ІІІ – тарауы:  Ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастық.

Саясат саласындағы ынтымақтастық тарауында өзара ынтымақтастық, достық, Орталық Азия мен Кавказ аймағындағы тұрақтылықты сақтау, Каспий мәселесі бойынша ортақ келісім жолдарын іздеу және құқықтық статусын анықтауға күш салу, жағалауындағы мемлекеттер арасындағы байланыстарды жандандыруға күш салу, экологиясын сақтау, сондай-ақ Ауғанстандағы бейбітшілікті қалпына келтіруге мән беру сияқты мәселелер қамтылған.

Экономикалық ынтымақтастық тарауын екі ел арасындағы резервтерді пайдалана отырып сауда айналымын дамыту, Каспийдің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану, мұнай саласында, оның ішінде оны тасымалдауда өзара бірігіп жұмыс істеуді көтерген. Сондай-ақ осы тарауда транспорт инфрақұрылымдарын тиімді пайдалану мен Қазақстан бидайын экспорттау және жекелеген кәсіпорындардың өзара байланыс мәселелері де қарастырылған.

Ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастық тарауында көтерілген тарихи-мәдени салалардағы әріптестік мәселесі, екі ел осы салада мұрындық болатын іс-шараларға қолдау білдіру және Жібек жолы бойындағы ойшылдардың мұраларын зерттеу мәселелерінде де уағдаласылды.

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасы Үкіметінің арасындағы Мәдени ынтымақтастық туралы келісім 17.04.1993 жылы жасалынған болатын. [2] Алайда бұл келісім тек қана алты жылдан кейін барып қана жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы 1999 жылғы 30 наурыз N 318 қаулысынан кейін күшіне енді. Осы келісім екі елдің арасындағы мәдени байланыстардың төлқұжаты болды.  Бұдан бөлек «Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Иран Ислам Республикасының Ұлттық кітапхана және мұрағаты арасындағы кітапхана, мұарағат ісі және құжаттама салаларындағы өзара түсіністік меморандумы» жасалып, оған 15.10.2007 жылы Тегеранда қол қойылған. Осының арқасында Ирандағы Қазақстанның тарихына қатысты көптеген құжаттарды зерттеуге мүмкіндік туды.

Жоғарыдағы мәдени ынтымақтастық туралы келісімнен бөлек мұнай-газ, кедендік істер, теңіз сауда кемелері қатынасы, әуе қатынасы және қылмыскерлерді ұстап беру бойынша жеке-жеке салалық келісім-шарттар жасалған. Сонымен бірге Каспий мәселесі бойынша немесе басқа да өңірлік маңызы бар салалар бойынша бірнеше елдің арасында жасалған арнайы халықаралық құжаттар аясында да екі ел өзара қатынастардың басын ашып алған. Екі елдің арасындағы жалпы келісімдердің саны 60-тан асады.

Екі елдің арасындағы байланыстардың бірқалыпты дамып отырғанын, кейінгі жылдары сауда-экономикалық қатынастардың жақсы жолға қойылғанын Сыртқы істер министрлігінен алынған төмендегі мәліметтер де көрсетеді:

«Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамының инвестициялық жобаларына сәйкес, 2010 ж. 19 маусымда Амирабад портында бірлескен астық терминалы және ұн дайындау диірмені іске қосылды.

Қазақстаның батыс облыстарының Каспий теңізі жағалауындағы Иранның провинцияларымен тікелей сауда-экономикалық байланыстары орнатылған.

2011 жылғы екіжақты тауар айналымының көлемі 1,11 млрд. АҚШ долларын (экспорт – 1,08 млрд. долл., импорт – 34,9 млн. долл.) құрады.

Екі ел арасында қол қойылған 60-тан астам мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдер мен құжаттар екі жақты қатынастар дамуының негізін қалады.

Қазақстан және Иран сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық бірлескен комиссиясының (ҮБК) отырыстары тұрақты түрде өткізіледі.

Алайда Қазақстан мер Иран өздерінің экономикалық әлеуетін толыққанды пайдаланып отыр деп айтуға әлі ерте. Өйткені екі елдің арасындағы тауар айналымы 2012 жылы небәрі 1,2 млрд. долл құрапты, бұл соманы бірнеше есе арттыруға мүмкіндік бар екенін сарапшылардың барлығы алға тартады.[3] Екі елдің арасындағы сауда айналымына басты кедергі логистиканың дұрыс дамымағандығында жатыр, яғни елдерді жалғастыратын тас жол мен теңіз жолы әлсіз, ал темір жол мүлдем жоқ. Дегенмен, алдағы уақытта бұл олқылықтың орны толтырылады деп үміттенуге болады.

«2007 жылы Тегеран қаласында Қазақстан, Түркіменстан және Иран арасын жалғастыратын Жаңаөзен-Қызылқая-Берекет-Этрек-Горган теміржолын салу туралы үкіметаралық келісімге қол қойылған болатын. Ұзындығы 934,5 шақырымды құрайтын, жылына 10-12 млн. тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік беретін», [4] бұл теміржол Қазақстанды Парсы шығанағымен байланыстыратын үлкен экономикалық маңызға ие. Балтық жағалауы елдері мен Парсы шығанағы елдерін байланыстыратын халықаралық «солтүстік-оңтүстік» жолының бір бөлігі ретінде қарастырылып отырған бұл жоба, Азия мен Еуропаны жалғастыратын көпір болады деп үміттенетіндер де көп. 2013 жылдың жазында бітеді деп күтіліп отырған Қазақстан мен Иран арасын жалғайтын жол (бастапқыда 2011 жылдың желтоқсан айында бітуі тиіс болатын, алайда Түркіменстан тарапы кешеуілдетті) екі елдің арасындағы сауда айналымын бірнеше есеге ұлғайтары анық. Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Горбан Сейфи: «өткен жылы екі елдің арасындағы тауар айналымы 1,2 млрд. АҚШ долларын құраса, болашақта бұл соманың 5 млрд. дейін жету мүмкіндігі бар», [5] деп айтқан болатын.

Әйтсе де, ресми Тегеранның атом жобасынан бас тартпауына байланысты 2012 жылы салынған экономикалық санкциялар да екі елдің экономикалық байланыстарының жандануына кедергі болуы ықтимал.

Әдебиеттер:

  1. ҚР сыртқы істер министрлігінің ресми сайты: http://mfa.gov.kz/kz (09.02.2013)
  2. Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінің ресми сайты:  http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P990000318_ (13.02.2013)
  3. ИИР ның ҚР дағы төтенше және өкілетті елшісі Құрбан Сейфи. / http://caspionet.kz/rus/personagrata/archive/Gorban_Sejfi... (09.02.2013)
  4. Перекресток железных дорог. http://www.turkmenistaninfo.ru/?page... (06.04.2013)
  5. Железная дорога из Казахстана в Иран откроется к лету 2013 года. / http://kapital.kz/economic/10918/zheleznaya-doroga-iz-kazahstana-v-iran-otkroetsya-k-letu-2013-goda.html (06.04.2013)
 
0
7185
0