Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
-5
02:06, 24 марта 2013

Хиджабтан мемлекет неге қорқады?

Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын! 

Біздің мемлекетіміздің Ата заңы бойынша мемлекет пен дін ажыратылған. Сол себепті де мемлекет діннің ісіне араласпайды, ал дін мемлекеттің ісіне араласпайды. Сөз жүзінде солай, бірақ, іс жүзінде бұл қағиданы ұстану үнемі мүмкін бола бермейді. Өйткені, шешімі мемлекеттің қолында тұрған, сол себепті де оның араласуын қажет ететін діннің істері де бар. Соның бірі қоғамымызда өзекті бола бастаған хиджаб мәселесі.

Дін үшін қашанда өз істерінде Алланың үкімдерін басшылыққа алу қажет. Бұл талап тиісінше орындалмаған жағдайда ол өзінің туралығынан айрылып, дін ретінде құнын жоя бастайды. Сол себепті де ол өзінің негіздеріне беріктік танытып, мәңгілік құндылықтарынан таймауға тиісті. Бірақ, әртүрлі мемлекеттердің қол астында болуына байланысты Ислам дінін ұстанушы мұсылмандар сол мемлекеттердің Ата заңын да ескеріп, белгілі бір шариғат талаптарынан бас тартуға мәжбүр болады. 

Солай десек те мұндай келісімпаздықтың шегі діннің негізі болып табылатын парыз құлшылықтардан әрі кетпеуі тиіс. Мысалға, әрбір мұсылман өзіне қатаң міндеттелген бес уақыт намаз, бір айлық ораза, және қажылыққа бару тәрізді діни парыздарын өтеу мүмкіндіктері шектеле бастағанда, олар мемлекет заңдарының аясында өз наразылықтарын білдіруге тиісті.

Осы тұрғыдан алғанда, хиджаб мәселесі мемлекет тарапынан түсіністікті қажет ететін ауқымды мәселе болып табылады. Өйткені, мұсылман әйелдер әурет жерлерін жабатын жабық киімдерді киюге міндетті. Ол киімдердің түсі мен үлгілерінің қандай болуы дін ғұламаларының пікірлері бойынша маңызды емес. Ең маңыздысы ол киім бет пен қол-аяқтардың бастарынан басқа жерлерді түгел жабатын, дене бітімін көрсетпейтіндей тығыз матадан кең етіп тігілген болуы тиіс. Және мұндай киімдердің қалай аталуы да маңызды емес. Бізде жалпылама түрде оларды хиджаб деп атау қалыптаса бастады. Міне, осындай жабық киімдерді кию мұсылман әйелдер үшін міндетті түрде орындалуға тиісті діни парыз болып табылады.

Олардың мектептерде, жоғары оқу орындарында, және жұмыс орындарында болуы олардың мойындарынан бұл парыздарды түсірмейді. 
Бірақ, бұл мәселені жете түсінбеудің салдарынан елімізде хиджабқа қарсы қоғамдық пікір орнығуда. Соның нәтижесінде хиджаб кигендерге қатысты қысым күшейіп, олар өздерін бұл мемлекетке қажетсіз, жат адамдар ретінде сезінуде. Олардың арасында мұндай көңіл-күйдің күшеюі мемлекеттің де, қоғамның да мүддесіне де жауап бермейді. Сондықтан да мемлекет өзінің тең құқылы азаматтары болып табылатын мұсылман әйелдердің мұң-мұқтаждықтарына түсіністік танытып, олардың талап-тілегін ескеріп, олардың да мүдделерін қорғауға тиісті.

Бұл үшін туындап отырған мәселенің қай тарап үшін қаншалықты маңызды екеніне мән берілуі қажет. Осы тұрғыдан келетін болсақ, мұсылман әйелдер үшін хиджаб киюдің маңызы өте зор. Өйткені, ақирет күні осы парыздарын тиісінше орындамаулары олардан сұралады, және бұл мәселедегі салғырттықтары оларды мәңгілік тозаққа түсіруі мүмкін. Ал, хиджабқа қарсы шығып жүрген жандарға келсек, олар үшін бұл мәселе соншалықты маңызға ие емес. Қоғамдық орындарда, мектептерде, жоғарғы оқу орындары мен қызмет мекемелерінде хиджаб кигендердің жүргені оларға ешқандай да қиындық тудырып, құқықтарын шектемейді.

Хиджаб мәселесінде мұсылман әйелдерге кері шегініп, көнімпаздық танытуға мүмкіндік жоқ. Өйткені бұл шегініс оларды тозаққа құлатып тынатын қате қадам болуы да әбден мүмкін. Ал, хиджабқа қарсылар үшін, керісінше, шегінуге кеңістік мол. Олардың арттарынан тіреп тұрған шешуші маңызы бар таңдау қиындығы жоқ. Қайта олар үшін бұл шегініс күнадан қашып, Аллаға жақындау болып табылады. Сондықтан да олар үшін мұндай қадам зор игілік болары сөзсіз.

Хиджаб мәселесінде екі тараптың қай жағында қатты толқыныс туып, қай жағында күшті наразылық сезімі пайда болатынын да ескерген жөн. Осы тұрғыдан алғанда хиджабқа қарсы адамдарға қарағанда ақирет есебін еске алып, тозақ азабынан қорқатын хиджаб кигендердің де, жалпы намазхан жамағаттың да бұл мәселеге зор мән беріп, терең күйзелетіндері еш күмансыз.

Хиджаб мәселесінде оның киюдің зияны мен пайдасы да зерделенуі қажет. Бұл тұрғыдан алғанда хиджаб кигендер қазіргі қоғамымызды ірітіп, қазақтың тұқымын тұздай құртып жатқан небір жаман істерден аулақ болады. Олар зинадан қашады, соның нәтижесінде отбасылардың бұзылуы, некесіз бала туу тиылады. Олар баладан «сақтанбайды» да, түсік те жасатпайды. Соның нәтижесінде өсімі тежеле бастаған ұлтымыз үшін бұл мәселенің де шешімі табылады. Олар балаларынан безініп, оларды қоқысқа тастап, үкіметке де тапсырмайды. Соның нәтижесінде әр бала да анасының құшағында жақсы тәрбие көріп өсіп, ұрпақ тәрбиесі де өз шешімін табады. Олар ішімдік, темекі, есірткі және басқа да зиянды нәрселерден аулақ болады. Соның нәтижесінде олардың денсаулықтары жақсарып, дені сау, сапалы ұрпақты дүниеге әкелетін болады. Олар өсек, өтірік, ғайбат сөздерден тартынып, өздерін сабырлылыққа тәрбиелейді. Соның нәтижесінде отбасылық, туыстық қарым-қатынастар жақсарып, татулық, ауызбіршілік қалыптасады. Осының бәрі де әйелдің иманына, ар-ұятына, абыройына қорған болып, әйелге тән барлық жақсы қасиеттердің қалыптасуына септігін тигізетін хиджабтың пайдасы болып табылады. Олай болса, өз халқын жек көріп, оған қастық ойлайтын жандар ғана хиджабқа қарсы шықсын.

Хиджаб мәселесінің мемлекет азаматтарының отаншылдық сезімдеріне тигізетін әсері де есепке алынуы тиіс. Хиджаб кигендерге қысым жасалып, олардың ел азаматы ретінде құқықтары тиісінше қорғалмаған жағдайда олардың отаншылдық сезімдеріне үлкен нұқсан келетін болады. Олар өздерін отанының толыққанды азаматтары ретінде сезіне алмағандықтан да «менің елім осындай!» деген перзенттік мақтаныш сезінбек түгел, өз елін еріксіз жеккөре бастайтын болады. Онсыз да отаншылдық мәселесі өзекті болып тұрған кезеңде оны одан әрі ушықтырудың қажеті қанша?

Мәселеге осылай кеңірек қараған кезде хиджабқа қарсы шығып, мұсылман әйелдердің құқықтарын шектеудің мемлекетімізге де, қоғамымызға да пайдалы болмайтынына көзіміз жетеді. Негізінде, мемлекеттің ішкі тұрақтылығы оның азаматтарының бір-бірімен санасып, өзара төзімділік танытып, ортақ келісім таба білуіне де байланысты. Көптеген қиындықтар өзара түсіністіктің, төзімділіктің жетіспеуінен туындап жатады. Егер кейбір жандар хиджаб кигендерге бар болғаны түсіністік танытып, төзіммен қарай білсе, бұл мәселе өзінің оңды шешімін тапқан болар еді. Өздері үшін соншалықты маңызы жоқ нәрседе дау қоздырып, бұл мәселені ушықтыру олардың тарапынан парасаттылықты да, әділдікті де көрсетпейді.

Кейбір оқу орындары мен фирмалар, және мекемелер өздеріне тән киім үлгілері бар екенін алдыға тартады. Солай болғанда да сол киім үлгісінің етек-жеңін ұзартыңқырап, таңдалған түсте орамал тарту мүмкін болмас па еді? Бірақ, олардың басшылары сәл ғана төзімділік танытып, кеңшілік еткеннен көрі хиджабты толықтай шештіріп тастағанды оңай көреді. Мұндай ұжымдар қайтсе де өз араларына хиджаб кигендерді енгізбеуге тырысады. Мектептегілер «мектеп бітірген соң да киерсіңдер» деп оқушыларды көндіріп, хиджабтарын шештіреді. Ал, мектеп бітірген соң олар хиджаб киіп жоғарғы оқу орнына барса, ондағылар «оқуды бітіріп диплодарыңды алған соң да киерсіңдер» деп хиджабты тағы шештіреді. Ал, оқу бітірген соң дипломын алып алып жұмысқа тұруға барса, ондағылар «бізге хиджаб кигендер керек емес, жұмысқа тұрғың келсе хиджабыңды шеш» деп үзілді-кесілді талап қояды. Егер осылай әркімнің айтқандарына көніп, дегендерін істей беретін болса, онда мұсылман әйелдер қай кезде Алланың алдындағы парыздарын орындайтын болады?

Жалпы, «әйелдерге хиджаб киюге болмайды» деп Ата заңымызда жазылмаған, және онда «хиджаб кигендердің білім алуға, жұмыс істеуге құқықтары жоқ» деп те жазылмаған. Олай болса, «біздің ішкі өз тәртібіміз бар, сол тәртіпке бағынып хиджабыңды шеш» деп мемлекет ішінен мемлекет құрып, өз билігін жүргізуге тырысатын кейбір оқу орындары мен мекемелердің басшыларының істері Ата заң негіздерін өз қалауларынша бұрмалау болып табылады. Бұлай әркім өз заңын шығарып, Ата заңға қиғаш келетін істерді істей беретін болса, онда Ата заңның да, оны басшылыққа алып тәртіп орнататын мемлекеттің де қаншалықты қажеті бар? Бұлай өз азаматтарының елеулі бір тобының заңды құқықтарының шектелуіне жол беру мемлекеттің мүддесіне жауап бермейді. Өйткені, ол мемлекет үшін қосымша қиындықтар тудыратын жаңа мәселелердің пайда болуына жол ашады.

Біріншіден, еліміз тарихи негізде, және халқының басым көпшілігінің мұсылман болуы себепті де мұсылман елі болып табылады. Сондықтан да көптеген мұсылман мемлекеттері бізге іш тартып, түрлі саяси қадамдарымызға қолдау көрсетіп отырады. Ал, хиджабқа қатысты түрлі шектеулер мен қысымдар орын алған кезде олардың алдындағы беделімізге едәуір сызат түсетін болады. Өйткені, діннің негіздеріне жататын хиджаб мәселесіне ондай мемлекеттер қатты қарайды. Сондықтан да олардың мемлекетіміз жөніндегі пікірлері де едәуір өзгеретін болады. Бұл мемлекетіміздің сыртқы саясаттағы беделіне нұқсан келтірері сөзсіз.

Екіншіден, хиджабқа байланысты туындаған мәселеленің оңды шешімін таппауы елімізде жасырын әрекет етіп жүрген шариғатпен жүретін Ислам мемлекетін құруды қалайтын, және мұсылмандарды бір халифаттың қол астына біріктіруді мақсат еткен мұсылман топтарын күшейтетін болады. Өйткені, заңды құқықтарын қорғамай шетке қаққаны үшін мемлекетке наразы болатын көптеген мұсылмандар осындай топтардың ықпалына түсе бастайды.

Үшіншіден, хиджаб кигендер мен оларды жақтаушылардың дауыс беру құқығы бар ел азаматтары екенін де ұмытпаған жөн. Және олардың қатарлары жылдан–жылға өсе отырып қоғам өміріне елеулі ықпал ететін салмақты күшке айналып келеді. Мұндай жағдайда келешекте пайда болуы мүмкін небір әсіре партиялар олардың мүдделерін қорғауды уәде етіп, олардың қолдауына ие болуға тырысатын болады. Соның нәтижесінде олардың едәуір дауыс жинап билікке келу мүмкіндіктері арта түседі. Және еліміздің мұсылман азаматтарының тарапынан да Ата заң бойынша бекітілген өз құқықтарын тиісінше қорғау мақсатында Ислам партиясын құруға деген мәжбүрліктің пайда болатынын да ескерген жөн.

Төртіншіден, көптеген орындардың хиджаб кигендерді жұмысқа алмауларының нәтижесінде жұмыс орындарын ашуға мүмкіндігі бар намазхан азаматтар хиджаб кигендер мен оларға түзу қарайтын намазхан азаматтарды қол астына жинауға мәжбүр болады. Және, хиджаб киген қыз-келіншектердің білім алуларына мүмкіндік берілмеуі себепті, олар үшін орта, және жоғарғы білім алуға барынша жағдай жасалған арнайы оқу орындарының ашылуын да күтуге болады. Соның салдарынан қоғам үшін де, мемлекет үшін де пайдасыз халықтың жіктелу үрдісі қарқын ала бастайды.

Бесіншіден, білім алу, жұмыс істеп табыс табу мүмкіндігін шектейтін, соның ішінде де әсіресе, оқудан, жұмыстан шығу қорқынышын тудыратын түрлі қысымдар хиджаб киген әйелдер тарапынан күшті наразылық тудыратын болады. Өйткені, олар бір жағынан оқудан, жұмыстан айрылудан қорықса, екінші жағынан Алланың қаһарынан қорқады. Бұлай екі оттың арасында қалу кімді болса да шарасынан шығарып, оның кеудесінде күшті бір өшпенділік оты бұрқ ете қалатыны сөзсіз.

Бұлай хиджаб киген мұсылман әйелдерді тығырыққа тіреу қоғам үшін пайдалы емес. Әйел дегеніміз ана. Балаға ең жақын болып табылатын адам оның анасы. Құрсақта жатқанда да, жарық дүниеге келгенде де ана мен баланың арасында күшті бір рухани байланыс болады. Сондықтан да анасының жек көргенін баласы да жек көріп, анасының жақсы көргенін баласы да жақсы көретін болады. Сондықтан да нәзік жанды, әлсіз жаратылған әйел затының шарасыздығымен ойнауға болмайды. Кей жағдайда әйелдің шарасыздығы кек болып балаға беріліп, баласы оның кегін қууға шығады. Осындай себеппен де қоғамға наласы бар әйелдерден болашақта қоғамды жек көретін төңкерісшіл балалар туып жатса бұған не себеп болды екен деп таңғалудың қажеті жоқ.

Мәселені осылай екшелей келгенде мемлекеттің бұл мәселеге белсенді түрде араласып, хиджаб кигендердің пайдасына түпкілікті шешім шығаруы ең дұрыс, және ең әділ шешім болып табылады. Бұл шын мәнінде, мемлекетіміздің дамыған елдер қатарына қосылған құқықтық мемлекет екендігінің айқын көрінісі болар еді.

Қазіргі кезеңде кейбір мемлекеттерде хиджаб кигендердің діни құқықтары шектелуде. Соның нәтижесінде олар оқу, және жұмыс орындарынан аласталып, олардың көптеген қоғамдық орындарға келулеріне, тіпті көшеге шығуларына да тиым салынуда. Бұлар христиан дінін ұстанатын, немесе солардың ықпалында жүрген мемлекеттер. Сондықтан да олардың бұл істері біз үшін өнеге болып табылмайды. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деп халқымыз айтқандай көрінгенге көзсіз еліктеу біз үшін жат болуы тиіс.

Халқымыздың ұлт ретінде бай дәстүрі мен өзіндік дүниетанымы, және өскелең рухы бар. Оның жарқын көріністері қай саладан болмасын азды-көпті көрініс беруде. Соның бір айқын көрінісін саясаттан да байқауға болады. Біздің мемлекетіміздің дүниежүзілік саясатта өзгелер мойындаған өзіндік қолтаңбасы қалыптаса бастады. Соның нәтижесінде көптеген мәселелерде біз өзгелерге емес, өзгелер бізге қарап бой түзеп, еліктейтін дәрежеге де жетіп қалдық. Олай болса, мемлекетімізді басқарып отырған саяси басшыларымыздың туындап жатқан дін мәселелерінде де өзіндік көзқарасы, өзіндік ұстанымы, өзіндік тың бастамалары болатыны сөзсіз.

Халқымыздың саяси басшылары мен оларға қолдау көрсетіп «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» отырған рухани басшылардың мұндай бастамаларды көтеруге білімдері де, қабілеттері де, қажыр-қайраттары да толық жетеді. Сондықтан да дін саласында туындап жатқан, және алдағы уақытта да туындауы мүмкін кейбір мәселелердің, соның ішінде хиджаб мәселесінің де өзінің оңды шешімін табатынына сенейік.

Маса. кз. 01.03.2011.  http://galym.jimdo.com

-5
893
0