Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
-5
01:23, 23 марта 2013

Молданың айтқанын істе

Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын! 

Қазақта «Молданың істегенін істеме, айтқанын істе» деген сөз бар. Бұл кейбіреулер ойлайтындай молдаларды мысқылдау, және сол арқылы дінге көлеңке түсіру емес. Мұның төркінінде терең мән жатыр. Дін қызметіндегі молдалар қарапайым мұсылмандардан шариғи білімі мен қызметі бойынша жоғары тұрғанмен, жеке бастарының қасиеттері жағынан алғанда өзгелерден көп артықшылықтары бола бермеуі мүмкін. Себебі, олар да пенде, яғни оларға да кемшіліктер мен әлсіздіктер тән. Сол себепті де дінді молдалардың бойларынан емес, олардың тілдерінен көбірек іздеген жөн болады.

Қанша жерден түзу болса да, молдалардың істеген істеріне қарап дінді жан-жақты түсіну мүмкін емес. Дін ілімін тек олардан сұрау арқылы ғана игеруге болады. Осы дінді дұрыс түсіндіру, барлық мәселелерде де тек шариғат бойынша ғана үкім беру молдалардың басты міндеттері болып табылады. Жеке бастарының қасиеттері жағынан белгілі бір шамада ақсап жатса да, әрбір молда дін, шариғат мәселелеріне келгенде ештеңені де ойдан қоспай, білгенін ғана айтуға тырысады. Ал, олардың білімдері аздық етіп жатса, немесе олар екіжүзділік жасап дінді бұзып жүрсе, онда бұл басқа мәселе.

Егер әрбір мұсылман адам молданың, яғни имамның жеке басының қасиеттеріне шүйлігіп, оны сынап-мінеуден аулақ болса, және оның айтқандары бойынша дін ілімін игеріп, өзін дін талаптарына сай ұстауға мейлінше тырысса, онда екі тарап та өз міндеттерін мүмкіндіктерінше дұрыс атқарған болып табылар еді. Бірақ, өкінішке орай, кейбір мұсылмандар өздері дін ұстап қарық қылып жүрмесе де, имамдарды сынауға келгенде өте «ыждағаттылық» танытады. Тіпті, имамдар қаншалықты тырысып, түзу жүретін болса да, ондай міншілдер бәрібір олардан бір кемшілік тауып алып, тілге тиек етуден танбас еді.

Егер дәл осылай әр молдадан кемшілік тауып алып, «мұндай адам имам болмауы керек» дей берсек, онда діни қызмет атқарып, халықтың рухани қажетін өтейтін мінсіз адамды қайдан табуға болады? Осылай имамдарды түрткілеп, оларға жұмыс істетпейтін болсақ, онда бірте-бірте дін ұстаудан да мүлдем қалатын боламыз. Молда атаулыны қудалап жүргенде Құран оқып, жаназа шығара алатын дені дұрыс адамы қалмаған дүмше халыққа айнала жаздағанымыз кеше ғана емес пе еді?..

Егер халықтың дінге деген ықыласы жақсы, діни сауаты жоғары болса, онда ол халықтың имамдары да жаман болмас еді. Кейбіреулер ойлайтындай Исламның талаптары тек молдаларға ғана арналмаған, шариғаттың әрбір үкімі күллі мұсылман қауымына ортақ. Тек имамдар ғана емес, әрбір мұсылман да бес парызын толық орындап, діннің барлық талаптарына сай болуға мейлінше тырысуға тиісті. Егер әрбір мұсылман өзіне осындай мақсат қоятын болса, онда ол діннің талабына толық сай болудың қаншалықты қиын екенін түсініп, имамдарды сынап-мінеуден тартынған болар еді.

Дін дегеніміз - өзінің шынайы табиғатында өте биік, өте таза, өте кең, әрі өте кемел ілім. Ал, адам баласына ондай кемелдік тән емес. Сондықтан да, діннің биігіне кез келген адамның ойы жете бермейді, ал ойы жеткен жерге оның қолы жете бермейді. Олай болса, түсіне білген адамға «Молданың істегенін істеме, айтқанын істе» деген қарапайым сөзде үлкен даналық жатыр.

«Ислам және өркениет», №2, 11-20 қаңтар, 2011 ж. http://galym.jimdo.com

 
-5
4498
0