Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
21:14, 17 марта 2013

Адай көтерiлiсі

Астана. 14 наурыз. Baq.kz- 1929-32 жылдары Кеңестер империясына қарсы Қазақстанның түкпір-түкпiрiнде орын алған халықтық қарулы қақтығыстардың ішіндегі ең ірілерінің бірі Адай көтерілісі болды. 1928 жылғы жұт және оның соңын ала келген ашаршылық түбек халқының түп көтерілуіне түрткі болды. 1930 жылғы тамызда Адай округiнiң таратылып, Гурьев және Ақтөбе округтерiне бөлшектенуi де халық толқуына өз әсерiн тигiздi. ОГПУ «Сопы», «Адайды құтқару», «Ақбота» астыртын ұйымдарын құрып, кеңес үкiметiне қарсы күрес жүргiздi деген күдікпен 61 адамды қамауға алып, 21 адамды ату жазасына кестi. Кезiнде «Адай ханы» болып танылған Тобанияз Әлниязұлы бастаған азаматтардың түрмеге жабылуы да елдiң наразылығын одан сайын күшейтті.

Blog post image


Адай көтерiлiсiне ОГПУ-дың есебi бойынша елуден астам жасақтар қатысқан. Бастапқыда әр жер-әр жерде бұрқ ете қалған бүліктердің бiрте-бiрте ұйымдасқан сипат алып, 1931 жылы түбек халқының біртұтас майданына ұласты. Халық қозғалысы Маңғыстауды, Жылой, Табын аудандарын қамтыды. Көтерiлiсшілер әр аймақтарда өз хандарын сайлады. Мәселен, Бозашының батыс бөлiгiнде – Берiш Мамай Салпықов, Қызау, Ақшымырау өңiрiнде –Бөкен Қарабатыр Қаралдин, Оңтүстiк Орталықтағы бергi үстiрт аймақтарында –құнанорыс Мырзағали Тынымбаев, Солтүстiк үстiртте – Майлан жары Боқмаш Шоланов хан болып тағайындалды.
Көтерiлiсшiлер қаруды 1920 жылы-ақ иемденген. Ақ генерал Толстовтың дивизиясы қызыл әскерлерден шегiнгенде Гурьев қаласы арқылы Маңғыстаудың үстiмен өттi. Қыс кезiнде аш-жалаңаш толстовшылар қаруларын жергiлiктi халыққа болмашы азық-түлiкке айырбастаған. Жергiлiктi тұрғындардың бiрқатары қаруға осындай жолдармен қол жеткізген екен. Бiрақ, жаңадан құрылып жатқан кеңес үкiметi қазақтың совет-иттерді жақтырмайтынын сезгендіктен, елдегі қаруды тез жинап алуға тырысқан. Дегенмен, қызылдардың қырағы көзінен таса қалған қару аз емес еді. 
Әйтсе де, жалаңтөс халық жасағы үшін бақайшағына дейін мұздай боп қаруланған жау әскерімен соғысу аса ауыр да зардапты болды. Азаттық үшін күрескен дала батырлары мезгіл-мезгіл қызылдарды талқандап тастағанымен, оларға Орталықтан ұдайы тың күш қосылып отырған. Басын оққа байлаған сайын дала ұлдарының осы жеңістері қамыққан қара халықтың көңіліне медет болып, орыс отаршыларының алаңсыз бейбастақтық жасауына мүмкіндік бермеді.
Мәселен, Тұщықұдық, Шебiр, Ақшымырау бағытында тегеурiңдi қимылдар танытқан Мамай Салпақовтың жасағы қызыл жендеттердің ұжымдастыру кезiнде халықтан тартып алған малын бiрнеше рет иелерiне қайтарып жүрді. Елге тiзесi батқан шолақ белсендiлер мен қызметiн асыра пайдаланған милиция қызметкерлерiнiң жазасын беріп отырған.Елге үкiмет әскерлерiнiң келуiн тежеу үшiн кемелерге белгi беретiн маяктарды қиратты, телефон- телеграф апараттарын бүлдiрдi. Есіл ер Шәудiр жерiнде күшi әлденеше есе басым қызыл әскерлермен шайқасып жеңiлiске ұшырады.Үкiмет әскерiне күшi жетпейтiнiн түсiнген Мамай өз жасағымен көшiн Иранға алып өтпек болып, үстiрттiң тасалау жерлерiмен шегiндi. Бейнеу ауылынан 100 шақырымдай жердегi Бесшымырау құдығы маңында жаудың қоршауына түсiп, мерт болды.
Смақұмы мен Орталық үстүрттiң қарабауыр беткейi, Қарамая көлi мен таулары маңы көтерiлiсшiлердiң мықты тiректерiне айналды. Бұл аймақтарда Ақшолақ Жанаев, Мамай Салғараев, Өткiлбай Батынов, Бәйiмбет Жангелдиев, Нәзiр Бекенов, Қарабатыр Қаралдиндер басшылық жасады.
Ақтаудың батыс және шығыс Қаратау аумағындағы көтерiлген елге Жармағанбет Қожабаев пен Жұмабай Үсеновтер басшылық еттi. Олардың қарамағында мыңға тарта атты жасақ болған. Жазалаушы отряд көтерiлiсшiлердiң iзiне түсiп үнемi шабуылдап отырды. 1931 жылы маусым айында Қарақын құдығының маңында Сырма жазалаушы отряды Қоғабай сарбаздарымен кездесiп қалды. Ал Босаға жерiнде Бәйiмбет пен Мырзағали Тынымбайұлының жасақтары 68-шi дивизион жазалаушы отрядымен айқасқа түседі. Бұл кезде Мырзағалидың жасағының саны жазалаушы отрядтан әлдеқайда көп едi. Бірақ, жазалаушы отрядта үш станокты екi қол пулеметтерiмен қаруланған 110 жауынгер болды. Осы шайқаста ауыр жараланып, берiлуден бас тартқан Мырзағалиды қызылдар қылышпен шауып өлтiрдi. Сол күнi Қараған Босағада Мырзағалидың қарулас досы Өткiлбай Батынов та қаза тапқан. Оның 16 жасар қызы Тұрған жаралы әкесiнiң басын сүйеп отырып, екi қызыл әскердi құс мылтығымен атып түсiрiп, өзi де оққа ұшыпты.
Боқмаш Шоланов бастаған жасақшылар қоршауға түсiп, тiрi қалғандары түгел тұтқындалып, мал мүлкi тәркiлендi. Адай көтерiлiсiне қатысқан дарабоз батыр Құрмаш Қосжанов отарлаушылармен шайқасып, ақырғы оғы қалғанша берiлмей атысып, мерт болды. Сондай-ақ даңқы көтерілісшілердің бiрi Құныскерей Қожахметов те өте өжеттігімен, айлакерлігімен жаудың зәре-құтын қашырған. 
Көтерiлiстi басуға құрамында ОГПУ-дiң кавказдық 400 жауынгерi мен 100 адамдық атқыштар тобы 2 станокты пулеметпен, 70 адамдық саяси басқарма әскерi, «Атарбеков» күзетшi кемесi атыс құралдарымен қоса жiберiлдi. Бұларға қоса Саратов отрядының 2 станокты 6 пулеметімен 100 жауынгер, Гурьев дивизионының 40 баскесері және 2 қол станокты пулеметымен қоса 110 жауынгер, 39 кiсiлiк атты әскер, 8 автокөлiк аттандырылды.
Ресми дерек бойынша, көтерiлiс басылғаннан кейiн 137 винтовка мен бесатар, 542 аңшы мылтығы, 3349 патрон тәркiленген. Осы деректе көтерiлiсшiлерден 168 адам өлiп, 22-сi жаралы болып, 1715 адам қамауға алынды деп көрсетiлген. Бірақ бұл ақпарда шикілік бар. Кез-келген соғыста жараланғандар саны өлгендерден әлде қайда көп болуы тиіс. 
Көтерiлiс басшылары Боқмаш Шоланов, Қарамырза Ембердиев, Рахмет Бақмашев, Демеген Айтжанов, Қоғабай Алдасүгiров, Өтебай Жанасов, Қойшығұл Жантiлеев, Демберген Есембердиев, Көбеген Құрманов, Қайсары Қайдағулов, Әмiр Нысанов, Қазақ Шененов, Көбейсiн Қуантыров, Жұмабай Үсенов және Лұқпан Сарғуловтар үштiктiң шешiмi бойынша атылды. 10 адам дүние-мүлкi тәркiленiп, 10 жылға итжеккенге айдалды. 200-дей адам әртүрлi жылға бас бостандығынан айырылды. 100 адам жер аударылды.

 
0
1445
0