Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
1
21:28, 04 марта 2013

Абай тірі болса, қай партияда болар еді?

Blog post image

Абай тірі болса, қай партияда болар еді?

Абай тірі болып, қазіргі заманымыздың адамы болса, әрине бүгінгі болып жатқан саяси-қоғамдық үрдістерден шет қалмас еді. Ал егер солай болып жатса, Абай атамыз қазіргі қай саяси партияның белсендісі болар еді?"Айқап.kz"ақпараттар порталы жастар арасында осындай сауалнама жүргізіп мынадай қорытындыға ие болды. 60-қа жуық адам Абай "Нұр Отан" партиясының мүшесі болар еді десе, 15 адам "Ақжол" партиясының белсендісі болар еді дейді. 10 адам Абай "Азат" партиясында, 8 адам“Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясында”, 19 адам "Руханият" партиясында болады десе, екі адам мыңқ етпестен айды аспанға бір-ақ шығарды: ол екеуінің ойынша Абай кеше Парламентте "коммунисттер күні" - деп кәмпит таратқан, әлгі “коммунисттер партиясының” мүшесі болады екен.

Десек те дауыс берген жұрттың дені, яғни 189 адам немесе 65 пайызы, Абай тірі болса ешқандай да партияның белсендісі болмас еді деп дауыс берді. Мысалы үшін Гүлдана деген қыз былай дейді: "Ешқандай партияға мүше болмас еді, арын, намысын долларға сатқан қазақ жігіттеріне даусы жетпей мыңмен жалғыз алысар еді..." Ал Медет деген оқырманымыз: "Барлығымыз Абайды идеолог ретінде білеміз. Көкірегі ояу барша қазақтың көсемі деп білеміз. Сол себепті бұл сауалнамада адамдар өздері қай партияға бауыры жақын болса, соған дауыс берері сөзсіз. Әрбір қазақ Абаймен бір толқында болғысы келер еді. Ал Абай атамыз, жалпы еліміздегі "партия" - деген ұғым жайлы не айтар еді деген ой келіп отыр. Ондай саяси ойындардан биік тұрар ма еді деймін" - дейді. Айгерім атты қарындасымыз: "Нұр Отанға" Абай қалай дауыс береді?? Абайды білмейтіндердің дауысы ғой деймін))" - десе, Думан деген оқырман: "Болды да партия, ел іші жарылды" немесе "Бас-басына би болған өңкей қиқым, мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын!?"- деген Абайдың сөздерін келтіреді. Ал Тілекші деген қарындасымыз: "Ешкандай партияда болмас еді, Абайдың өз ұстанымы өз ойы бар! Өз партиясы болар ма еді мүмкін" - деп қорытындылайды... Шынтуайтында, Абай тірі болса өзінің партиясы болар ма еді? Болса ол қандай болар еді? Келешектің ісі сондай партияны жасақтау шығар мүмкін?

 

Ержан Алаш

"Айқап.kz" ақпараттар порталы

 
1
874
2