Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
04:58, 26 февраля 2013

Тағдыры тарих, ұлағатты әже — Әпуза

АСТАНА. 26 ақпан. BAQ.KZ – Тарыдай шашыраған қазақ халқының қилы тағдыры күн өткен сайын ұрпаққа мәлім болып, айқындалып келеді. Біздің әңгімеміз аумалы-төкпелі заман куәгері Советтер одағы Моңғол достығының дәнекершісі, екі елдегі ағайын-туысты табыстырып қуанышқа бөлеген қазір жасы жетпістің бел ортасына келген Ресей мемлекетінің Алтай Республикасы Қосағаш ауданы Жаңа ауыл селосының тұрғыны, ауылының ақылманы, көптің көзайымы болған әншісі де сыйлы да сымбатты әже Әпуза Әміреқызы туралы болмақ.

Blog post image

Ол 1937 жылы 16 сәуірде Қосағаш ауданының бір кезде Қазақ селосы атанған Ақтал ауылында дүниеге келген. Шығыс Қазақстанда туған әкесі Әміре Әпузаның төрт айлығында жазықсыз тұтқындалып, сол жылы қазан айының 27-сінде Қызылөзек деген жерде атылғанын «Звезда Алтая» газетінен оқып біледі. 
Шешесі қарақас руынан шыққан Қайша Үрімжіқызы Қытайда дүниеге келген. Анасы 14 құрсақ көтерген. Әкесі ұсталғанға дейін 10 баласы қайтыс болып, екі ұл екі қыз қалған екен. Екі ұлы кешікпей Ұлы отан соғысына аттанады. Екі қызымен зар илеп қалған анаға көптік еткендей Әпузаның әпкесі Әпиза да дүние салады. Бір отбасында қаршадай қыз бен қарт ана қалады. Ел басына күн туған алмағайып замандағы ауыр салмақ енді Әпузаға түседі. Ол кішкентайынан отын тасып, мұз ойып, шөп тасып анасына көмекші болумен шыңдала түсті. Намысшыл болды, ер баланың жұмысын істеп, қыз бала болып іс тігуді үйренді. Анасына еріп ән айтып көңілдерін жұбатты. Осылай соғыс жылдарындағы азапты ауыр күндерді анасы мен бірдей өткеріп тірлік қамымен жүріп он жасында 1-сыныпқа барып, 7 жылдық білім алды. 1955 жылы Қазақ селосының кітапханасында жұмыс жасай жүріп сырттай орта білім алады. Жастайынан қиыншылықты бастан кешкен қолы шебер, іске бейім, әншілік өнері де бар 23 жасар Әпузаның іскерлік ұйымдастырушылық қабілетін байқаған Өлкелік партия ұйымы 1960 жылы Қазақ селосының Ауылдық Кеңес бастығына тағайындайды. Әпузаның жолдасы Нұрмаш 1963 жылы кенет бақилық болып өрімдей үш бала мен қарт анасымен қалған ол отбасының тірлік қамын ойлап, 1966 жылы Қазақ селосының Ауылдық Кеңес бастығынан өз өтініші бойынша босап қайтадан ауылдық кеңес кітапханасына жұмысқа орналасып, 1989 жылы зейнеткерлікке шығады. Отыз жылдай Қосағаш аудандық және Ауылдық Кеңес депутаты болды. «Озат комсомол», «Ауылдық Кеңес ісіне сіңірген еңбегі үшін», «Еңбек сіңірген кітапханашы», «Мәдениет саласының озат қызметкері», «Облыстық көркем өнерпаздар байқауының жүлдегері» және 2004 жылы Әжелер ансамблінің әншісі ретінде арнайы диплом, медальдармен марапатталды.
Ақтал ауылы өзен жағалай өскен тоғайлы алқапта орналасқандықтан, ауыл арасын су жайлап, соның салдарынан 1988-1989 жылдары Кеңес-Моңғол шекарасынан 25 шақырым қашықтықтағы жол бойына көшіріліп Монғолияның Бай-өлке аймақтық құрылысшылар көмегімен жаңадан мектеп, мешіт, қазақ ұлттық музейі, мәдениет үйі және Финдік жобамен көптеген тұрғын үйлер салынып 100 пайыз қазақтар тұратындықтан «Жаңа ауыл» деп аталады. Мұндағы ағайындар күні бүгінге дейін Моңғолияның қазақ аймағындағы құрылысшылар қауымы Алтайдың қазақ селосына естен кетпес көмек көрсетті, «қанына тартпағанның қары сынсын» деген осы шығар деп мақтан тұтып отырады. Бұл жайлы Әпуза өз өлеңінде:
11 жылдық мектеп бар керегелі,
Керейлер мектеп салды қолы өнерлі.
Өлгейден 40 үй кеп келісіммен,
Бітірді тоғыз айда шеберлері-,дейді.
Тағы бір өлеңінде:
«Өлгейден келді туыс жиыстырып,
Кірпіштен мектеп салды қиыстырып.
Жанына жатахана тағы салды,
Мектептің дәл қасына сиыстырып.
Жаңа ауыл бір жақ шеті Бұратыда,
Шопандар мал жаяды қыратына.
Бес жылда Жаңа ауылға түгел келіп,
Қалмадық дос-дұшпанның ұятына.
Туыстар көп рахмет жас-кәріңе, 
Құрылысшы ағайын дос, бәріңе.
Жаңа мектеп есігі ашылғанда,
Қуанбаған адам жоқ бұл өңірде-, деп Бай-өлкелік ағайындарға алғысын білдіреді.
Қайша анамыз қызы Әпузаға:«Менің Боранбай, Мекенбай, Шалқарбай деген бауырларым болған. Мүмкін Монголияда болар бар ма, жоқ па кім біледі...» деп айтып отырады екен. Ана сөзін ойына тоқыған зерек Әпуза нағашыларын іздеуді қолға алады. «Іздегенге сұраған» дегендей сол жылдары Бай Өлке аймағы Алтай Республикасының Онгудай ауданынан ағаш материалдарын таси бастайды. Әпуза ағаш тасушы шоферлерді бастап жүрген Жұмаханұлы Зиябайға жолығып өзінің нағашыларын іздеп жүргенін, тірісі болса бір хабар алып беруін өтінеді. Мән жайды тыңдап саралай келе Әпузаның іздеп жүргені өзінің қайын атасы Боранбай екенін біліп, таңғалып танысып қуанышты жолығысумен жолға түседі. Көп ұзамай Зиябай Қосағаштағы арманын арқалаған ағайындарын Бай-өлкеге қонаққа шақырып табыстырып ұмытылмас қуанышқа кенелтеді. Осылай қаншама жылдар екі елде бірін-бірі білмей көрісе алмай жүрген нағашы-жиендер 28 жасар Әпузаның іздеу салуымен 1965 жылы Бай-өлкеде табысып, араласып өмір сүруде. Бауырларын бір көруді армандаған Қайша ана аңсаған арманы орындалып 93 жасында, інісі Боранбай 100 жасында балаларының қызығын көріп өмірден озды. 
Әміреқызы Әпуза суырып салма ақындығы да бар, әнді нақышына келтіріп орындайтын әнші, киіз ойып сырмақ, өрнек салып текемет, көрпеше тігетін он саусағынан өнер тамған ісмер. Әпузаның істеген бұйымдары бірнеше көрмеге қойылып лайықты бағаланды. 
Алғаш 1965 жылы Өлгейге келгенде айтыскер ақын Тоқтамұратпен бір түн айтысқан болса, Ресейдің Новосибирь облысының үлкен сахнасында ән салып дипломмен марапатталған. Зейнеткерлікке шықса да сахнадан түспеді. «Әжелер» ансамблінің әншісі, қоғамдық жұмыстың белсендісі болып көптің көңілінен шығып жүрді. Осындай елеулі еңбегінің арқасында Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының III құрылтайына қатысты. 2004 жылы Алтай Республикасы өкілдерімен бірге Кузбассқа барып облыс губернаторы Аман Төлеевтің қабылдауында болды.
Қолы қалт етіп босай қалғанда қағаз бетіне түсірген өлең, жыр, толғауларын құрастырып 2010 жылы «Асыл Шүй туралы ой толғау» атты кітабын оқырманға ұсынса, қазір екінші кітабын баспаға әзірлеуде. Әпуза алғашқы жолдасы Нұрмаш қайтыс болғаннан кейін 1971 жылы соғыс зардабын көріп өзіндей өмір кешкен төрт балалы Ысмайлұлы Қанашпен тұрмыс құрып екі балалы болды. Қанаш 2001 жылы 73 жасында өмірден озды. Ер мінезді ақ жарқын, кең пейілді Әпуза екі әкеден қалған он шақты баланы оқытып тәрбиелеп өзі туып өскен Жаңа ауылында ұлын ұяға, қызын қияға қондырып немере-шөберелерінің ортасында Аллаға құлшылық етіп қазақ халқының, ағайын-туыстың балаларының амандығын, береке бірлігін тілеп 76 жасқа келсе де қолынан қаламы түспей, реті келсе әнін айтып, үлкенге тағдырлас, кішіге ақылшы болып бақуатты өмір кешуде.


Автор: Өнерхан Жексенбай
Дайындаған Майгүл СҰЛТАН

 
0
1556
0