Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов42 подписчика
Всяко-разно
0
03:56, 19 февраля 2013

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ АЙЫП ПА?

Жақында керекулік Руза Бейсенбайтегінің қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткені үшін Sulpak сауда белгісінің дүкендерінің бірінен қуып шыққаны туралы ақпарат тараған. Бұл оқиғаның ізін суытпай Ақтөбе қаласында да осындай сорақылық орын алды. Бұл туралы қала тұрғыны, жас белсенді Оралбек бей Өтеғұлов редакциямызға жолдаған хатында баяндап берді. Қазақстанда қазақша сөйлегені үшін жазықты болған қазақ қызының жағдайын төменде жариялап отырымыз.

http://janaozen.net/ayma/aza-tlnde-yzmet-krsetu-ayyp-pa.html?lang=kz

«17 ақпаны күні «Мега Ақтөбе» ойын-сауықтың сауда орталығының үшінші қабатында орналасқан «Taksim food» кафесінде отрыған кезімде сары шашты 30-40 жас шамасындағы бір әйел «Где ваш администратор?» деп келе сала барлық адамдардың назарын өзіне аудартып, сатушы қыздарға даурыға айқайға басты. Сөйтсек жағдай былай екен: Сәл ғана уақыт бұрын кішкентай қызын кафеге сатып алуға жұмсапты. Қызының түрі қазақтан айнымайтын болған соң қазақ деп ойласа керек, сатушы қыздардың бірі оған қазақша сөйлеп, мән-жайын сұрапты. Сол бойда әлгі кішкентай қыз «Маған қазақша сөйледі» деп шешесіне барып шағымданыпты. Бар дау содан басталған екен. Сатушы қызға барып ашуға булыққан әйелдің аузынан ақ ит кіріп көк ит шығып жатты. «Білімсіз, көргенсіз, тәрбиесіз. Неге ондай адамдарды қызметке алады? Ұлтшылдық мәселесін көтеріп жатсыңдар. Ұлтшыл болып қалыпсыңдар! Қазақстанда тұрып екі тілде сөйлеу керек» деп аузына келгенін көкіп, қазақтың намысына тиетін сөдердің неше түрін айтты. Сатушы қазақ қыздары болса «біз олай деп айтқан жоқпыз» деп ағынан жарылып әлек. Жағдайға араласпасам болмайтынын түсіндім. Себебі жалғыз өзі бірнеше қазақ қызын түтіп жеп бара жатыр. «Өзіңіз айтқандай Қазақстанда тұрып екі тілде сөйлеу міндет болса, сіздің қызыңыз неге қазақша сөйлемейді?» деп сұрақты төтесінен қойдым орысшалап. «Себебі ол орыс» деп орысшалап жауап берді. Орыс болса не болыпты? Ол да Қазақстанның азаматы емес пе?» деп сұрағымды қайыра қойып едім ол менің сұрағыма тура жауап беруден қашқақтап, «Мен мұны телевидениеде көтеремін. Бұл не деген масқара деп қазақ тілінде қызмет көрсеткен қазақ қызының аты-жөнін сұрап, үстінен шағым жазамын деп қолына қағаз бен қалам алып жазуға кірісіп кетті. Сол аралықта шағым жазуға кіріскен әйелді суретке түсіріп те үлгердім.

«Сен сияқтылардың кесірінен соғыс басталады» деп менің өзіме сөзбен тиісе бастады. Мен де шамам келгенше бар білетін орысшамның басын құрап жауап беріп жатырмын. «Қазақстан көп ұлтты мемлекет» деп соғады. Сондағы айтпағы сендер ұлттық мемлекет құра алмайсыңдар дегені. Иә, расымен да 16 миллионнан астам халқы бар Қазақстанда 130 дан астам диаспора тұрады. Ал 7 миллион халқы бар бір ғана Лондон қаласында 400 ден астам ұлт өкілі тұрады. Бірақ «көп ұлтты Лондон» дегенді қайдан кездестірдік? Тәуелсіздік алғанымызға 22 жыл болса да өз елімізде өз тілімізде сөйлегеніміз үшін жазықты болатын жағдайға жеткеніміз бе сонда? Мұндай ұлтқа қатер төндіретін арандатушылық, қазақтың намысына тиетін әрекеттер қашанға дейін жалғаса бермек?

Blog post image

Сонымен не керек, әлгі әйел шағым хатын жазып, қазақша сөйлеген қыздың аты-жөнін көрсетіп шағым жәшігіне салып кетті. «Сен мені суретке түсіргенде менің сені түсіруге хақым жоқ па» деп мені де ұялы телефонына суретке түсіріп алды. «Молокосос» деді, басқа деді, әйтеуір менің де намысыма тиетін сөздерін айтып жөніне кетті. Мен «Қазақша сөйлеп жазықты болған» әлгі сатушы қызға әрекетінің дұрыстығын айтып өзімше қолдау білдірдім. Айтпақшы, Қазақстанда тұрып қазақша сөйлегені үшін жазықты болған қазақ қызының есімі – Эльмира.

Blog post image

P.S. Ең жаныма батқаны сол жерде қаншама қазақтың қыз-жігіттері, аға-апалары тұрса да бірде-бір адам қазақ қызы Эльмираны қолдап сөйлемеді... Бірақ шу көтерген әйелге де қолдау көрсеткен ешкім болмады. Бұдан түйгенім, қазақтың әлі де болса ұлт мәселесіне селқос қарайды. Мұндай селқостық бізге абырой әпермейтінін міне, бүгін көріп отырмыз».

Оралбек бей ӨТЕҒҰЛОВ. Ақтөбе қаласы.

 
0
665
1