Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
07:59, 12 февраля 2013

ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЛАРЫНДАҒЫ ҚАРАЖАТТЫ ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ ҚОЛЫНА ҰСТАТУҒА БОЛМАЙДЫ

«Үкіметтің бірыңғай зейнетақы қорын құру мақсаты мүлдем түсініксіз. Кезінде Марченконың өзі құрған зейнетақы жүйесін енді өзі қайта өзгерткісі келеді. Сондықтан мұның астарында белгілі бір тұлғалардың мүдделермен қатар, саяси себептер де болуы мүмкін». «Бірыңғай зейнетақы қоры (БЗҚ) қажет пе?» атты бүгін өткен баспасөз конференциясында экономистер үкіметтің ұсынған зейнетақы қорының тиімсіздігін айтты.

Жиынға зейнетақы қорлары ассоциациясының төрағасы Айдар Әлібаев, кәсіпкерлердің тәуелсіз ассоциациясының президенті Талғат Акуов, «Ұлы дала» қоғамдық қозғалысының төрағасы Ғабиден Жәкеев қатысты.

http://janaozen.net/oam/zeynetay-arazhattaryn-sheneunkterd-olyna-statua-bolmaydy.html?lang=kz

Экономистердің айтуынша, бірыңғай зейнетақы қорларының құрылу еліміздегі 22 заңның, 8 кодекстің және жүздеген құқықтық-нормативтік актілердің өзгеруіне әкеледі. Бұл қазіргі зейнетақы жүйесін түбегейлі өзгертіп, барлық қорларды мемлекеттендіру әрекеті болып болмақ. Сол себептен де, жиынға қатысқандар салымшылар мен қорлардың таңдау еркіндігі, құқығы шектеліп, оның арты заңсыздыққа ұласып жатқанын ашық айтты.

Кәсіпкерлердің тәуелсіз ассоциациясының президенті Талғат Акуов өз сөзінде қазіргі зейнетақы қорлары жүйесін өзгерту себебі мен мәнін не үкімет не басқа шенділердің түсіндірмегеніне наразы. Кәсіпкер әлі күнге дейін қазіргі қызмет етіп жатқан зейнетақы қорларының шенеуніктерге не үшін жазықты болғанын білмей отыр.

Blog post image

«Кезінде Марченконың өзі құрған зейнетақы жүйесін енді өзі қайта өзгерткісі келеді. Не үшін? Сонымен бірге, мемлекеттік және жеке зейнетақы қорларын біріктіру белгілі бір тұлғалардың мүдделерімен қатар, Тұран әлем банкі, Альянс банкілеріне қатысты жағдайлар секілді мұның да астарында саяси себептер болуы мүмкін. Сондықтан, біз әлі күнге дейін Келімбетов, Марченко бастаған тұлғалардың зейнетақы қорларын ауыстыру идеясының басты себептерін, мақсаты мен мәнін түсінбедік. Қорлар қазірдің өзінде қалыпты жұмыс істеп тұр», - дейді Акуов.

Әріптесінің сөзін жалғастырған Айдар Әлібаев жиын барысында үкіметтің жаңа жобасының алдын ала ойластырылмаған, кемшіліктерге толы, толық зерттелмеген, сараптамалық қорытындысы жоқ екенін жеткізді. Экономист зейнетақы қорларының болашағы өз уақытында бөлінген қаражаттары ұшты-күйлі жоқ болып кеткен медициналық сақтандыру жүйесінің «тағдырын» қайталау қаупінің барын ескертті. Сонымен қатар Григорий Марченконың жеке зейнетақы қорларын сатып алуға ұсынған бағасы қорларды қанағаттандырмаса, ол қорларды БЗҚ-ға кіруге қалай көндіретіні үлкен сауалдар тудыратынын мәлімдеді. Ол зейнеткерлердің ақшасы мемлекетке, яки шенеуніктердің қолына тиетін болса, барлық қаражаттардың ұрланып не инфляцияға ұшырайтынына сенімді.

Blog post image

«Егер салымшылардың қаражаттарына байланысты қандай да бір келеңсіздік туындаса, жеке меншік қорлар олардың алдында жауап беріп, бар жауапкершілікті өз мойындарына алса, мемлекетік шенеуніктер салымшыларға түсіндірмек түгілі, ақшаларды ұрлап шетелге қашып кетеді немесе қызметі төмендеп, басқа орынға ауысып кете салады. Еліміз жемқорлық деңгейі жоғары мемлекет, сондықтан қарапайым халықтың ақшасын шенеуніктердің қолына ұстатуға болмайды», - деді Әлібаев.

Экономистердің есептеуінше, бүгінгі таңда зейнетақы қорлары жылына 5-6 пайыз, кей қорлар 7 пайызға дейін кіріс беретін болса, мемлекет кепілдік беріп отырған бірыңғай зейнетақы қоры тек 1,37 пайыз кіріс түсірмек. Бұған қоса, егер барлық қорлар біріктірілетін болса, онда қорлардағы қызметкерлердің 12-20 пайызы жұмыссыз қалмақ.

Дегенмен де, экономистер биліктің бірыңғай зейнетақы қорының бір ғана ұтымды жағы – әкімшілік кедергілердің азаюы мүмкін дейді.

«Бірақ бір ғана тиімділік қаншама кемшіліктердің қасында түкке тұрғысыз. 15 жыл бойы қалыптасып келе жатқан зейнетақы қоры жүйесі бір күнде құрдымға кетуі мүмкін. Жеке өзім, менің жақындарым бұған қарсымыз. Зейнетақы қорын ауыстырмаймыз, керек болса, соттасуға дейін барамыз», -дейді Айдар Әлібаев.

Атап өту керек, әзірше бірыңғай зейнетақы қорын құру туралы соңғы шешім шыққан жоқ. Экономистер баспасөз жиынын ұйымдастыру арқылы үкіметтің бұл жобасының қабылдануын алдын алып, тиімсіз жүйеге қоғам назарын аударғылары келеді.

 
0
455
0