Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
08:55, 10 февраля 2013

Бөлеубай мен Женя. Соғысты өткерген әйел мен еркек. 71 жыл Ұлы Отан соғысы басталғанына

Тағдырына соғысты өткеруді жазған Бөлеубай ата және Женя апа, сіздердің аруақтарыңыздың құрметіне!

Уақыт тоқтаған емес, секундарын минутқа, сағаттарын тәулікке, жылдарын-жылға қосқанда отыз жыл өтіпті. Жаз шыға үй іші мені ылғида жоғалтып жүретін.

-Біздің кішкетай ұлды көрдіңдер ме?

-Көрген жоқпыз.

Дәл сол мезетте көрші Бөлеубай ата мен Женя апаның  үйінің ас ішетін бөлмесінде отыратынмын. Жеген ішкенім есімде жоқ, бірақ қолымда ұстаған үлкен күміс ас қалақ еміс-еміс көз алдыма елестейді. Үзік-үзік болып есте қалған тәтті естеліктердің бірі.

Қарын толтырған соң үйдің көлеңкесіне бет аласың. Женя апа жазда алаша тоқитын. Тоқылып жатқан алашаның бетінде біртіндеп өрнектері түсетін, соны қызықтайтынмын. Тоқыма сәл қараусыз қалса, керілген түрлі-түсті жіптердің арасынан өтетін арқау жіпті соғатын қылышқа* жармасатынмын. Әйтеуір үлкендердің аяқтарына оралып, жағаласу. Жағаласып жүргеннің пайдасы да болыпты, өсе келе оны да түсіндік.

Бала кезде барды-бар деп қабылдайсың. Неге көрші апаның аты Женя? Ұлты украин? Сұрақтарыма жауап іздей бастағанда, әкем маған:

-Соғысты өткерген әйелге, еркекке кешірімді қарау керек, оларды айыптауға болмайды, өзің кейін өскенде түсінесің,-деп айтып еді, осылайша түйсігім қорыта алмайтын әлектен бетімді қайырып тастады.

1943 жыл, Украин жеріндегі соғыстың шешуші кезеңі. Бөлеубай ата неміс-фашистердің қолына тұтқынға түседі. Соғысқа дейін тракторды, сосын ең алғашқы округте пайда болған ағаш кабиналы жүк көлігінің жүргізушісі болған. Орыс тілінде бітірген төрт кластық білімі бар. Техникум бітірген, отыз жасында өз заманының алдыңғы азаматы. Сүйікті күйеу.

Жаздың кешкісінде жаңбыр жауды. Тұтқындар қамалып тұрған қорада тізе бүгетін жер жоқ. Фашистер қораның жартысын алып, шошқаларды қамап қойды. Қораға шошқаларды қамап жүрген тұтқын шошқалардың жеміне айналды. Шамасы кетіп жығылғанда, шошқалар тез арада, әлгі сорлының маңына жиналып, оны тірідей тұтқындардың көзінше жеп қояды. Қорада бірге қамалып тұрғанда, аш шошқалардың қасында тізе бүгу, өзінді оларға жем етумен тең еді.

Тұтқындардың беттеріне ұстара тимегеніне қаншама күн, беттері сақалмен жабылған. Төбеден тамған су тамшылары сақалдарын сулап,  сақал түптерінде қанмен бірге кеуіп қалған биттерді жібітті.

Жауын қатая түсті. Найзағай жарқылы, дүрілі қатар жүрді. Бөлеубай қасында тұрған тұтқын:

-Бисміллә-рахман-рахим,-депті. Таныс жақынның дауысы. Күні бойы нағашысының білегі-білегіне тиіп жұмыс істесе де танымапты. Тұтқынға түскенен бері орысты, белорусты, полякты көрсе де, қазақты көріп, жақыны болып шығатынын күтпеген еді.

Деревня сыртында фашистер бекініс құрылыс бастағанына бір жұма өтті. Қайта-қайта жауған жаңбыр, жұмыстарын қиындатты. Қолмен қазып жатқан шұңқырларына су толып, батпақ көжеге айналатын. Аштықтан, жұмыстың ауыртпалығынан, терінің езген сыздан, жараға түскен құрттан қорадан жұмысқа шықпай қалғандары көп болды.

Хутордың** ауаласының арғы шетінде үш-төрт сиыр байлайтын үсті жабық жайда* жиырма жасар украин қызы сиыр сауатын. Көйлегінің оң жеңінде свастик салынған байлауыш танылатын. Осылайша ету -тірі қалудың шарттының бірі. Амалсыздан хутор иесінің қызынан күніне айналған Женя еді.

Жауған жаңбыр толасар емес. Тастай қараңғы түнекте, сырылдап аққан жуының суының дыбысының арасынан Женяның дауысы қалғып тұрған Бөлеубаға жетті:

-Хлопця збігати.. Бөлеубай дауыс шыққан жаққа жүре берді. Қабырғаға тірелді.

Женянаның дауысы дәл астыңғы жағынан:

-Нагинати сюди, -деп естілді. Қабырғаны бойлап тізерледі, сол кезде тізесіне Женяның қолы тиді. Ашыққан шошқалар қораның қабырғасының түбін қазып сыртқа шығып, далаға жайылып жоқ болады. Түнде осыны байқаған Женя Хутордан амалын тауып білдіртпей сыртқа шығады. Күзетте тұрған солдат өз орынында жоқ болған соң қазіргі әрекетіне бел буады.

Қараңғыда Бөлеубай Женяның қолынан ұстап еріп жүре берді. Далада, орманда ай ішінде адасып жүріп, жау шебін бұзған Совет әскерлер бөліміне тап болады.

Соғыс аяқталады, Бөлеубай Женяны өзімен бірге қазақстанға алып келеді. Өз аулына қайтіп оралмайды. Нағашысы тұрған ауылға қоныстанады.

Себебі де белгілі еді. Тұтқында кездестірген нағашысы, әрқашанға украина жерінде қалды. Екінші жағынан сүйіп, жар қылып алған әйелінің қасына қалайша Женяны апарып отырғызады?

Уақыт өтеді, Женя дүниеге төрт бала әкеледі. Бөлеубай ата еңбек демалысына шықанға дейін прораб болып, ауылда жүрген құрылыстарды басқарды. Өскемен-Алматы тас жолының салынуына ат салысты. Немере сүйді.

Мен көрген Женя апа қазақша сөйлегенде, қазақтың өзін жаңылдыратын. Женя апа, хат жазып жүріп, туыстарынан жалғыз тірі қалған бауырын тауып алады. Ауыл адамдарының арасында әлі күнге дейін Женя апаның бауырына арнап пысырған «пирогы» туралы аңыз жүр. 1970 жылдың соңында бауырына арнап пирог пысарады екен, сол пирогты ауыл адамдары Киевке жеткізіпті деседі..

 

* жүзі қылыш сияқты жұқартып жонылған, ортасы дөңестеу келген, өрмектің арқауын соғып, тығыздап отыру үшін қолданылатын

** жеке шаруашылығы бір үйдің ауласында шоғырланған шарауаның үйін айтады

 
0
504
0