Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
06:37, 25 января 2013

Қыздардың қылығына қамығамын

«Заманына қарай - адамы» демекші, батыстық өркениеттің лап беріп кіруі қыздарымыздың қылығына қатты әсер етті. «Қыз қылығымен» деген сөздің бүгінгі өмірдегі мәні көңіл көтеру орындарында түтінін бұрқыратып, еріндерімен емірене сорған темекілеріне тірелгенге ұқсайды. Бүгінде қазақтың қаракөз қыздары темекі шегуді сәнге балап, ермегіне айналдырды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда әлемде әйелдердің 12 пайызы темекі шегеді екен. Әйелдер арасында темекі шегушілік ең көп тараған ел Дания болып отыр. Ондағы әйелдердің 37 пайызы темекі шегеді екен. Ал Қазақстан халқының 35 пайызы темекі шексе, оның 10 пайызын темекіні тұрақты тұтынатын қыз-келіншектеріміздің үлесіне тиеді. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш ұдайы өсу үстінде. Осы сандарға қарап еліміздегі жағдай көңіл көншітерлік емес екенін көруге болады. Қылықты қыздарымыздың кесірлі қылықтарын көріп, төбе шашың тік тұрып, жаның түршігеді.

Blog post image

Осы күнгі бойжеткендеріміздің қазақы тәрбиеден алыстап, рухани байлықтан ада болып, бір күндік ойын-күлкіге қарық болып, көк түтінін аспанға бұрқырата ерлермен жарысып, темекі шегуі халқымыздың намысы мен арының аяққа тапталғаны емес пе?! Батыстық өркениет қыздарымыздың санасын жаулап алғаны соншалық, олар тіпті қоғамдық, көпшілік орындарда, жоғары оқу орындарында көзге шыққан сүйелдей болып, жарқырап, темекінің көк түтінің бұрқыратып, екі беті қызармай тартып тұратынын қайтерсіз!? Ең жаманы, өз шылымқорлығын ермекке балайтын қаракөз қыз-келіншектеріміз ермектің түбінде дертке айналатынын біле бермейді. Білсе де нәпсілерін тия алмай, көздерін жұмып қарайтынын не қыларсыз?! Бір рет тартылған шылым өмірді  15 минутқа қысқартса, жыл сайын әлем бойынша темекі 5,4 млн адамның мерзімінен бұрын өмірден өтуіне себепші болады екен. Тек темекі түтінінің өзі адам ағзасына зиянды 4000 химиялық қосылыстардан тұратынын ескерсек, сонда бір темекінің тұтастай бір өзі адам өміріне қаншалықты қауіпті екенін  көзге елестете беріңіз.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері бойынша Ұлттық орталығы дерегіне сүйенсек, темекінің әйелдердің денсаулығына тигізетін зардабы  ер адамдарға қарағанда көбірек. Мәселен темекі шегетін әйел адамдар ерлерге қарағанда өкпе ауруларына бес есе жиі шалдығатын көрінеді.

Қыз-әйел, қыз-ана, қыз-ақ жаулығы желбіреген апа  емес пе?! Бүкіл адамзат ананы қадір тұтып, анаға бас иеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Жәннат – ананың аяғының астында» деген. Қазақтың нәзік жанды арулары осы теңеуге сай болса екен.

 
0
3104
0