Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов42 подписчика
Всяко-разно
0
23:35, 13 января 2013

КӨК ТУДЫҢ ЖЕЛБІРЕГЕНІ

АСТАНА. 22 қазан. BAQ.KZ - Белгілі ақын Алмас Ахметбекұлы 1961 жылы Қытай Халық Республикасында дүниеге келген. Ақынның «Дауыс», «Ширығу» атты жыр жинақтары жарық көрген. Атажұртын аңсап жеткен ақыннның отты жырларынан бірнешеуін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Blog post image

КӨК ТУДЫҢ ЖЕЛБІРЕГЕНІ

Көктудың желбірегені -

Қазақтың асқақ беделі.

Махаббат, қайрат екеулеп,

Шымырлатқаны денені.

 

Көктудың желбірегені -

Жаныма қуат береді.

Таласқа түссе жан мен ту

Жан емес,

Маған керегі-

Көктудың желбірегені.

 

Көктудың желбірегені-

Елдіктің асқақ өлеңі,

Әр жаққа тартпай, Қазағым,

Бір сөзге жинал дегені.

 

Көктудың желбірегені -

Бақыттың елжірегені.

Қиырда қалған Қазақтың,

Азат Отанға жете алмай,

Көзінің мөлдірегені.

 

БІЗ КІМБІЗ?!

 

Ағайын, «кімсің »деме,

Оралманбыз.

Үйірінен адасқан тай секілді,

Бір ақмылтық боранда жоғалғанбыз.

Көкірегі тіреліп көк найзаға,

Мал мен жаннан мың мәрте тоналғанбыз.

   

Ағайын, «кімсің » десең,

Қызыл қанбыз.

Иілмеген бастарын қылыш кесіп,

Руымен у ішіп қырылғанбыз.

Бір қайырылып соғатын күнді күтіп,

Түйе құлап, жүк ауып, шұбырғанбыз.

   

Ағайын, «кімсің» деме,

Ақтабанбыз.

Ері мылтық, қатыны бесік алып,

Фамир, Алтай, Әлпіні таптағанбыз.

Туған жердің бір шымшым топырағын,

Алтын сандық түбінде сақтағанбыз.

   

Ағайын, «кімсің» десең,

Қара орманбыз.

Ұстараның жүзіндей бұл дүниеден

мың түңіліп, мың мәрте оңалғанбыз.

Қарғыбауға мойынын ұсынбаған,

қабағына кек қатқан көкарланбыз.

   

Ағайын, «кімсің »десең,

Оралманбыз.

Көк туына тамызып көздің жасын,

Сағынышын сарыққан мол арманбыз.

«Қазақстан, бір жаным садағаң» деп,

Жас Отанға жармаса оралғанбыз.

   

Ағайын, «кімсің» десең,

Қара орманбыз.

Ағайын «кімсің» десең,

Көк арланбыз.

   

АТАМЕКЕН

 

Сенен туған қыршының

елеңдепті сағымға,

жүрегінің дүрсілін

жаңа сезген шағында.

 

Әлде неге бекіпті

тартып міне ат жалын.

Боз даладан өтіпті

шұбатылған ақ сағым.

 

Болар бәлкім ол дағы

дәм - тұзының шектеуі:

саған қайтып қонбады

алып ұшып кеткелі.

 

Қарлы таудың бөктері

құжынаған тіршілік;

Сонда өмір өткерді

бір күліп, бір күрсініп.

 

Құлай құшқан жасында

арманы мен сезімін,

туған екем мен сонда

нұры болып көзінің.

***

Біздің ауыл жастайын

(мен ес білген мезетте)

Бесбастау деп атайын

бес тұмалы өзекте.

 

Балдырындай бақаның

шалшық сулар іркулі,

бұрқ - сарқ етіп жататын

тұмасы бар бір түрлі.

 

Бір бейнеге енетін

мұнар тұрып кешқұрым;

Құлағыңа келетін

әуендері ескінің.

 

Төбеттері үретін

әр іргеден жалбырап.

Төментінде жүретін

тұсаулы аттар қарғылап.

 

Шудалардай желкілдек

бұлттан

сәуле шашатын

көгілдір күн көкілдеп,

батып бара жататын.

 

Әкем менің сонда бір

қараушы еді ынтыға,

Қаратаудың қазбауыр,

қорғасындай бұлтына.

 

Маған қарап сонан соң,

үнсіз тұрып бір ауық:

«Ұғасың ба, балам, сен»

дейтін бәсең қуарып.

 

Тартып мені қасына,

қиялдан сәл айығып:

«Сонау бұлттың астында

жатыр, - дейтін, - жайылып -

 

Жатыр қандай бір дала

сонда жарық өріп ем»,

деп бастайтын мұндана,

нұсқай беріп қолымен,

 

Дем алатын бүйірден,

әлде неге қол жайып,

күзгі талдың иілген

жапырағындай сарғайып.

 

Атап туған жерінің

қай бұлағын, қай тасын.

Аңқау бала кезінің

қылықтарын айтатын.

 

Еске алатын ауылының

қайсы дана шалдарын;

Еске алатын бауырының

қалай дүние сағанын.

 

Есіне алып даланың

жадыраған жаздарын;

Атаушы еді көгалын,

Айтушы еді қаздарын.

 

Буырыл шашын сұйылған

сылай беріп артына.

Қараушы еді қиырдан

жанарымен талпына.

 

Әлде нені көргендей

жаудыраған көзінен-

Көкірегін кергенде

күрсінісін сезіп ем.

 

Ұққанмын бір арманын

баяу күрсінуінен.

Сағыныштың бар зарын

көкейіме сіңіргем.

 

Сезілетін жан лебі;

Жүрегіме түйгемін.

Есіме алып әрнені

сырқырайтын сүйегім.

 

***

Мекені деп бабамның,

мекені деп батырдың,

бір шетінен далаңның

боздап келе жатырмын.

 

Болар бәлкім ол дағы

ырыздықтың шектеуі -

кіндік қаным тамғаны

саған емес, шеткері.

 

"Бауы берік болсын" деп

тілей бере бір тілек,

тауға бұлттар көлкілдеп,

күн жауыпты күркіреп.

 

Ауыл болдық біз сонда

сол ұлыңнан таралған!

Ауыл болдық біз сонда

арпалыстан жаралған!

 

Алуан -алуан бояумен

мархабатың еселеп,

түс көруші ем ояу мен

сағынышым жетелеп.

 

Қилы -қилы түсімнен

қандай күйге түсіп ем;

Сенің нендей күшіңнен

бір құдірет күтіп ем.

 

Сол тұяғың шет жерде

жүргенінде дәм айдап,

сан егілді мекенге

бір келуді сан ойлап.

 

Аңсауынан әкемнің

талай көңіл босаттық:

Сонан арнап әкелдім

(Көз жасынан тосап қып).

 

Бұлттарыңа төксем бе,

бар далаңа себілсін!

Самалыңмен өб сен де

бір елжіреп сол үшін!

 

Жапан құмда, кім білсін,

маған беріп шөлмегін

созып соңғы тынысын

құлағандай әлдекім.

 

Құшағыңды жай маған!

Бір сөзім бар айтамын;

сусыныңнан арнаған

бір жұтым ап қайтамын.

 

Желпілдетіп нар үміт,

әлсін - әлі тамсанам.

Ауыл болып зарығып,

құлап келем мен саған.

 

***

 

Сәлем, Ата мекенім,

көп сағынған бұл дала!

«Қайбір сәтте жетемін»

деуші едім - ай мұңдана.

 

Не көрейін өзімді

жеткеніме мен саған,

Ұрттап кәусар сезімді,

әлсін - әлі тамсанам.

 

Бір ауылмыз біз сонда

сол ұлыңнан таралған.

Бір ауылмыз біз сонда -

сағыныштан жаралған.

 

Тұяғымын әкемнің

сол ұлының көзімін.

Сол ауылдың әкелдім,

саған деген сезімін.

 

Бала күнде аңсаудан

түстеріме бір кірген,

әкем менің қай таудан

теріп еді бүлдірген.

 

Ақ сүйекті лақтырып,

қай сазыңда жүгірген,

табанына қақа қылып

көгалыңның нілінен.

 

Қай сайыңа бардым әкем,

қай талыңа асылып.

Қай төбеде қалды екен

балалығы шашылып!

 

Асып қырқа белеңін

қыратымен, сызымен

жүгірейін деп едім

сол ұлыңның ізімен.

 

Көбейгенде тілегім,

қайсы бірі ұнамай

шымырлады жүрегім -

шымырлаған тұмадай.

 

***

Мекені деп бабамның

ақтарыла аңсаған,

бір шетінен далаңның

боздай жеттім мен саған.

 

«Әпекем бар мұнда бір

қалған сол, - деп, - ескіден»

даналығын мың да бір

әкемнен сан естіп ем.

 

Ара түнеп асыға,

қай бір күні түсте мен

соның ақ ордасына

алқына кеп түскен ем.

 

Есік тұрған түріліп,

кіре бере мен одан

еріндерін жымырып,

қарайды бір кәр адам.

 

Бәлкім, іштей таныды,

қапелімде таңданып.

Жыбырлайды әжімі

әлде нені аңғарып.

 

Домалай кеп құшады,

шылауышы шұбалып.

Дірілдейді құшағы,

кемсеңдейді қуанып.

 

«Сұңғақ екен бойың да,

жүзің ақшыл, сәл сынық»

деп іркіле уайымға

сөйледі кеп таусылып:

 

"Ойсыз суға семірер

Жүзіңде емес әңгіме.

Бір үмітке берілер

салтыңды бір мәңгіге.

 

Жанарыңнан әсерің

байқалады, қыршыным.

Алып қап па ең әкеңнің

бір өкініш, бір сырын.

 

Ұлым, әлден жасыма!

бір құдірет болатын -

бұйырғаның басына

сәті келіп қонатын"

 

Бір үмітім қабарып,

бір уайым өшті лез,

әр тұрғыдан қадалып,

андыз - андыз ескі көз.

 

Толғанысым қаншама,

Атамекен, сендегі.

Шетте ғасыр болсам да,

бір күніңе тең бе еді!

 

Көп ойлаудан кезіктім,

боздап келген бір ұлың,

қайбір күні сезіппін

аруақтардың күбірін.

 

Көрдім анық түсімде,

шошынудан тұрып ап,

аруақтарым үшін де

алаңдадым бір уақ.

 

Апам ертіп әкелді

ыждағатын бұраулап.

Қызыл жалдың етегі

бейіт екен бір аулақ.

 

Жатыр зират жер құшып.

Шөп өсіпті не түрлі.

Топырағы желге ұшып,

жеңілдеген секілді.

 

Қас қағымға жүдедім,

басыма кеп дүйім мұң.

Шым етті де жүрегім,

топыраққа сиындым.

 

Жан пейілі қосылып,

жүректегі дүрсілмен,

апам аят оқыды

мұңы таныс бір тілмен.

 

Сонан бір кез сөйледі

ағыл - тегіл елжіреп.

Көк шұбалаң көйлегі

тау желімен желбіреп:

 

«Елі үшін тұсында

сүйегіне қарысқан

ескілер бар осында

жаратылған намыстан.

 

Өткен мынау өңірде

найзақұмар аттылар.

Балаушы еді өмірге

түтіндерін ақ мұнар.

 

Бір лақап бар тау жақта,

бәлкім, елдің өсегі,

кей түндері аруақтар

шуылдайды деседі.

 

Түн қараңғы болғанда

жатад дейді от жанып,

Сондай тұстар бұл маңға

келсем деп ем оқталып».

 

Апам көкке қарады,

сыбырмен сәл естілер

дейді, - сиреп барады

әттең, біздің ескілер.

 

"Не болар деп жан - жағым,

не болар деп бұл мекен,

тілегінің саңлағын

баптап, күтіп жүр ме екен.

 

Қай бір күннің қай таңы,

ұйықтап жатсам келді олар,

әлденені айтады

«Аян» деген сол болар"

 

Тарылғанда бар демім,

жиіледі тынысым,

жастығыма әлдекім

жанығандай қылышын.

 

Көремін де түсімде,

шошына бір тұрып ап,

аруақтарым үшін де

алаңдадым бір уақ.

 

***

Сағынышын қотыра

бір ұлыңның елінен

ұқсап жалғыз ботаңа

боздай - боздай келіп ем.

 

Зарығымнан селдеткен,

елжірейді өзегім.

Әр күнімді сенде өткен

бір өмірдей сеземін.

 

Оттар жылт - жылт жанады

әр жерінен өзектің.

Көкке шұбап барады

ақ түтіні тезектің.

 

Тауларың бір есінеп,

бұлт тарайды демінен.

Кімдер кетті шетірек,

сол бұлтыңның легімен.

***

Қай күні сол апама

«бауырыңның еліне

аттанайын,

босама»

дедім әрең деміге.

 

Жылтылдайды жасынан

өшкін көздің жалыны.

Сипайды кеп басымнан,

жыбырлайды әжімі:

 

-Сол бауырымдай тұр өңің,

өзі едің сен, көзі едің,

Дүрсілдейді жүрегім

бір дертіңді сеземін.

 

Келер кезі болмады,

сол бауырым қиырдан.

Мекен болды - ау ол дағы,

топырағы бұйырған.

 

Көзін жұмды демеймін,

түтіндері шұбап тұр.

Оралғандай көрейін,

сені құштым құлап бір.

 

Бір ерікпен бекулі,

азабында үміттің

мен де інім секілді

өзімді сан ұмыттым.

 

Көбі кетіп сан қырдың

азы қалды демедім.

Көрсетерін тағдырдың

көремін деп келемін.

 

Бір жолыңды пір сана.

Кезің емес семетін.

Әкең көзін жұмса да,

бір мұратқа сенетін.

 

Жарау аттар таңасар

кез туады, қарағым,

Қартайғанға жанаса,

уайымшыл боп барамын.

 

Бір тілегім үгіліп,

себілер ме бұл маңға,

бұлдыраған бір үміт

көз ұшында тұрғанда

 

Керек десең анаңмын

жалғызымдай көрер ем.

Керек десең даланың

бір қымбатын берер ем.

 

Онан да сен осынау

шөберемді ерте кет.

Ғажап емес басыма

бір күн ғайып келсе дөп.

 

Жолың әке, ағасың.

Сенсің тауы, қорғаны.

Бабасы мен даласын

қастерлесе болғаны.

 

Бір кез сезім өңгеріп,

күтем сенше келуін.

Сонда алдынан мен болып,

көріседі келінім, -

 

Қарайды апам үңіліп,

телігендей бұл маңға,

Көз ұшынан бір үміт

сөніп кетпей тұрғанда.

 

Күрсінуден мен өзім,

өзегімді кемірдім.

Бүтіндейін демедім

жарқышағын көңілдің.

 

Бір қамығып қалды апам.

Бір қамығып қалды жер.

Менің, ием, бар болсаң,

бір сорапқа сап жібер!

 
0
945
0