Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
4
00:45, 26 декабря 2012

Тезек технологиясы

АҚШ үкіметі тегін отынды аяқ астынан тауыпты. Біз бұл сөзді тура мағынасында айтып отырмыз. Кәдімгі аяқ астында шашылып жататын мал қиынан қуат өндіретін әлемдегі алғашқы биореакторды салу үшін АҚШ үкіметі WESTERN PLAINS ENERGY компаниясына бес миллион доллор грант бөлген екен…

Адамзат өз қайнарына орала бастағанының дәлелі осы ғой. Жуырда туған ауылым Арысқа жазғы демалысқа барып қайтқам. Жасы жетпіс екіге келсе де, арқасына қап салып, ақшаңқан түсте сиырдың жапасын теріп жүрген Жалғас апамды көріп америкостардың әлгі жаңалығы тағы да есіме түсіп, күлкім келіп кетті.

Әсіресе, сырқырайтын аяғын билете басып, ауыл сыртын адақтап жүрген апамды көріп, жанымдағы қалалық құрбым аңтарылды да қалды. «Қазекемнің көгілдір отын, кесек көмір дейтін тұрмыстың жетістіктеріне қолы жетіңкіремей жүргені қандай жақсы болған бір есептен» деймін іштей.

Арыста құбырмен келетін газ жоқ. Көршілес Өзбекстаннан баллонға сығымдай құйған отын мен Қарағанды, Екібастұздан келетін тас көмірді қашан да шекесі шылқымай жүретін ауыл қазағы қайдан сатып ала қойсын. Тезек жасау технологиясы бізде осындай кеппен сақталып отыр.

Апамыз қалалық қыздың қызығушылығын қанағаттандыру үшін тезек жасаудың технологиясымен таныстыруға шын кірісті. Өзі де әккі. Әуелі жүзімнің саясындағы тапшанға отырып, дәм сезгіш қасиетіміз арқылы теориясын ынтықтыра тыңдатты: ұсақ қиды үгітіп салып қайнатқан шоқ самаурыннан шәйді сыздықтатып құйып беріп отырды. Қи исі сіңген күрең шәй кеңсірігіңді жарып жіберердей. Оның үстіне күлге көміп пісірген жаппа нанды сары майға шылап жеп отырдық емес пе. -Еңбектенген жанның өзегі талмайды. Балаларын аяқтарынан тік тұрғызу үшін Көлбай атаң екеуміз жатпай-тұрмай жұмыс істедік,-деп әріден бастады әңгімесін. - Атаң ауылдағы бар жантақты өз қолымен орып алатын. Көп жыл бойы шопыр болды да, темір жолда да аянбай қызмет етті. Қазір ғой қарға адым жер мұң болып, қара кемпірге қарап қалғаны...

Аяғын әзілге ұластырып жіберді. Шалының жағдайын Жалғас апа өзі жасап отыр. Енесінің талабына шыдай алмаған жас келіні мен қарашаңырақтың иесі еншілерін алып бөлек кеткен. Сегіз баланы тәрбиелеп өсірген «Алтын алқа» иегері зейнетақымен күн көреді. Таңертең үйдегі малдарын өріске айдап салғаннан кейін кірісетін күнделікті күйбеңінің бірі – отын дайындау. Бүгін үлкен ұлы Базарбай көмекке келді.

Қазақ арасында таныс тезек дайындаудың үш түрлі әдісі біздің ауылда да тегіс қолданылады. Бірі - әлгіндей далада жатқан кепкен жапаны жинау. Кетіп бара жатып, бет жағы қаудырлап қалған жапаны төңкеріп кете бересің.

Ал екінші түрі – қыстай үйілген көң мен биылғысына сабан қосып, аздап қойдың құмалағының үгітілген күбірін араластырып, қалыпқа салып соғатын тезек.

Жаймашуақ жаз күндерінде ересектер сумен жібіткен көңді әбден иін қандырып араластыру үшін бала-шағаны қаптатып жібереді. Ауыл балалары таласып қалады ондайға. Себебі, башпайларын жуғаннан кейін ағарып шыға келеді. Әбден араласқан қойыртпақты қалыпқа құйып, қолмен шапаттайды. Жалғас апам бізге тырысқаны ма, тезегін құдды көрмеге қоятындай әдеміледі. Арасы дымқыл болып қалмас үшін ортасына саңылау жасады.

«Кепкенше жаңбыр жауып кетпесе екен деп тілеп отырамыз. Кепкен соң, жеп-жеңіл болып шыға келеді. Сол кезде арбамен тасып, жабық қораға, жаппа астына үшбұрыш, пирамида, дөңгелек сықылды әдіспен жинаймыз»,- дейді ұлы Базарбай. Қидың мұндай жеңіл түрі тез жанғыш. Сондықтан оны қыста отқа тамызық қылуға пайдаланады. Үстінен керорсинді тамызып жіберсе болды, гүр ете түседі.

Ал үшінші әдісті көбіне қорасына ақтылы қойы барлар жасайды. Қыстыгүні үйілген көңді қотанға жаймалап, атпен бастыртып алады немесе қой қамайды. Қысы-жазы малдың бауыры жылы жатады. Күздігүнгі қотан ауыстырып, әбден тапталып, кәдімгідей тектоникалық қабат түзген шымтезекті күрекпен ойып, аудара бересің. Мұндай тезек көмірдің орнына жүреді. Шоғы қызарып, ұзақ жатады.

Арыс тұрғындары үшін тезек таптырмас өнім. Былтыр түнге қарай осы үйдің 200 тезегін кепкен жерінен ұрлап кетіпті. Ауылдың кержалқауларынан келген іс. Әйтпесе, бұл да бизнес. Тыңайтқыш ретінде тезек сатып аламын немесе сатамын дейтін жарнама қаптап тұр. Мұнда сары тезектің бір кесегінің бағасы – 5 теңге болса, қара тезектікі – 8 теңге, ал ойма көң – 10-15 теңгеден сатылып жатыр.

Ақтөбе өңірінің тұрғыны Павел Ледаков қолды былғамай-ақ тезек жасайтын агрегат ойлап тауыпты. Кәдімгі ет тартқышқа қарағанда үлкендеу. Мотордан қуат алады. Комбайнды қосып, көңді лақтырып үлгерсең болғаны. Шұжықтың ұзындығындай болып шыға келеді. Үш литр бензин құйсаң, түске дейін бітіресің.

Осы күнгі ауылдықтар үйді жылытудың тағы бір керемет түрін ойлап тапты. Қойдың құмалағын, жапаны көмірдің ұнтағымен араластырса, шоғы ұзақ маздап жанады екен. Кесек көмірге қарағанда арзандау әрі исі де шықпайды. Тек кемшілігі – күлі көп.

«Бұл тәсілді Әндіжанның өзбегі Садырохун Софиев ойлап тапты деп жүр жұрт. Қайдам, біз баяғыдан бері үйімізді осылайша жылытып келеміз»,- деп шындығын айтты Жалғас апа. Шамасы, электр қуаты күніне алты сағат болмайтын көрші өзбек еліндегі «өнертапқыштық та» осындай тұрмыс таршылығынан туса керек.

Былтыр көрші ауылда ошаққа көмір салып, түнде ұйқыға кеткен әйел мен екі баласы уланып, таңертең жатқан жерлерінен тұрмай қалған. Содан бері ауылдықтардың зәре-құты қалмай, тезекпен үй жылытуға көшіпті. Тезектің күлі де радиоактивті. Жас тезек шіріген кезде метан деген газ бөледі. Экологтардың айтуынша, мал жеген азығының 40% органикалық затын, 50-70% азотын, 80% фосфорын және 95% калийді қимен бөліп шығарады. Бірақ қидың исінен адам ешқашан уланбайды.

«Әсіресе фермерлер биогаз құрылғысын орнатса, құрамындағы 60 пайызды құрайтын газды шығарып, тыңайтқыш ретінде қолдануға болады»,-дейді осындай құрылғыны ойлап тапқан қостанайлық Серік Қажиев. Ол өнертабысын жалпыластыруға инвестор таба алмай жүр.

Ежелдегі жаугершілік заманда тезектің түтіні белгі беру үшін қолданылған көрінеді. Қышқылтым исімен «жиналыңдар» деген белгі беретін болған. Ата-бабаларымыз жаз жайлау, қыс қыстауда жүргенінде, танауын желге тосып, қи маздатқан иістен ауылдың қай маңда орналасқанын анықтаған.

Тезекті Үндістан мен Қытай б.з.б. 3 мың жыл бұрын пайдаланып келеді. Мысалы, Қытайда тезекті кәдімгі тандырға ұқсатып, үйдің қабырғасына жапсыра береді екен. Этнограф және жиһангез М.Пессель Гималайда үй пештеріне тезек жаққанда, хош иісті шайырды еске түсіретінін еңбектерінде айта кетіпті. Ал Орталық Африкада сиыр жапаларын масаларды бездіру үшін жағады.

Лев Толстойдың «Байлық деген қи сияқты, үйілген сайын сасиды. Шашылса жер тыңайтады» деген сөзі қалай дөп айтылған. Мына қызыққа назар аударыңыз, қиға өлген жануардың денесін көмсе, тез шіриді екен. Яғни, шіріту процесін үдетеді. Үндістан, Қытай, АҚШ сияқты елдерде көп мөлшерде жиналатын қиды тезірек пайдалану жолға қойылған. Қытайда 1960-шы жылдары қаланы жылқы қиымен ластамау мақстанында шаһарға келгендердің аттарының сауырына дорба байлатқан екен. Малдың тезегіне салық салу былтырдан бастап біздің елде де пайда болды. Әзірше шаруа қожалықтарына жүретін салық ережесі бойынша мал тезегінің әр тоннасына 0,009 АЕК немесе 10 теңге көлемінде салық төлеу талап етіледі.

Бар гәптің басы мыңжылдық мұздықтарды мүжіп жатқан жаһандық жылымықтың негізгі катализаторы – көліктен, зауыт-фабрикадан бөлінетін көмірқышқыл газ емес, зардабы одан жиырма есе күшті қой мен сиырдың желдетуі мен жапа тастауынан бөлінетін парниктік газ болып тұр ғой. БҰҰ-ның Азық-түлікпен қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы жөніндегі ұйымы 2030 жылға қарай ірі қарадан келетін зиянды булы газ – метанның көлемі 60%-ға дейін артуы мүмкін деп қауіп қылады. Сондықтан да әлемнің биоинженер, агроном ғалымдарына не Зеңгі баба төлінің рационына өзгеріс енгізу керек, не ірі қара басын азайту жөніндегі ғаламдық шартты жүзеге асырамыз деп көлденең талап қойды. Екеуі де орындалуы неғайбіл іс қой. Ал американдықтардың мына бір маңызды қадамы 2017-жылға қарай баламалы қуат көздері бойынша әлемдік EXPO өткізгелі жатқан Қазақстанға да, басқасына да керек іс екен.

 

Салтанат Сүгір

   
4
4990
6