Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
09:21, 25 марта 2013

Бекасыл әулие

 

Бекасыл әулие

...Тектіден текті туады,

Тектілік тұқым қуады.

Тектілердің тұяғы,

Таңдайды құз-қияны.

Шын тектілер халқы үшін,

Өлімге басын қияды.

Жақсы, жаман деместен,

Жанына жұртын жияды...

Бекасыл әулие.

Бүкіл саналы ғұмырын халықтың руханиятын көтеруге жұмсаған, мешіт салдырып, бала оқытқан Бекасыл баба  (1822-1915 ж.ж.) туралы көп естеліктер жазылды, айтылды. Әлі де жазылары, айтылары хақ! 

Өкінішке орай, неше жерден «көзіміз ашық» дегенмен, бабаның  әзірге табылған жалғыз мұрасы ―«Жұлдызнаманы»  толық меңгеру тұрмақ ―оқуға, түсінуге ешбіріміздің тісіміз батпай отыр.  Сондықтан, біз өреміз жеткенше бабаның шыққан тегі мен ел аузында сақталып қалған жекелеген сөздерін саралауға тырысып көрдік...

Жоғарыда көрсеткеніміздей, ғұламаның «тектілік» төңірегінде көп толғанғаны байқалады, тіпті осы тұрғыда жазылған еңбектері де болуы мүмкін.

 

Сонымен «тектілік» деген не?

Генетик ғалымдардың айтуынша, тұқым қуалаушылық арқылы барлық тірі ағзалар өздерінің белгілерін, қасиеттерін және ерекшеліктерін ұрпақтарына беріп отырады. Ол қасиет арнайы құрылымы бар заттардың (генетикалық аппарат) генетикалық коды арқылы беріледі дейді ғалымдар. Тірі ағзадағы барлық клетка осы ДНК-ң бақылауында болады.

«Тектілік адам бойындағы асыл қасиеттердің, парасаттылықтың ұрпақтан-ұрпаққа тұқым қуалаушылық арқылы берілуі. Осыған қарап, жақсы адамның кездейсоқ қалыптаспайтынын, ата-бабалардан берілетін  дүниетанымдықділдікпсихологиялық,  т.б. бейімділіктері болуға тиістілігін көрсетеді. Тектілік гендік түрде берілетін  биологиялық қасиет қана емес. Нағыз тектілік  кешірімпаздықтан,   сыпайылықтан, мейірбандықтан  көрініп, осы ізгі ниетпен ешкімді төмендетпей, шеттетпей биіктеуге мүмкіндік береді. Халқының, Отанының мүддесін жоғары қоя білген адамдардың қатары көбейген сайын тектіліктің де қадірі артып, қоғамдағы қайшылықтар шешімі жеңілдейді»- деп ой қорытады осы тұрғыда еңбектеніп жүрген Аманжол Ақын.

Ал, енді Бекасыл әулиенің ата-тегі кім деген сұрақ

төңірегінде ой өрбітіп көрейік!

Арғы жағын қазсақ, шамамен, 6 - 7 ғасырлар тоғысында өмір сүрген Қарашаұлы Бәйдібек мен 12-13 ғасырларда өмір сүрген Майқы биге барып тірелеміз (Шежірелерде Майқы би деген атпен өмір сүрген бірнеше тұлға кездеседі. Алғашқысы  Майқы би Мәнұлы б.з.б. 178-89 жылдары өмір сүрген және аңыз бойынша би атанған тұңғыш адам. Кейбір зерттеушілер оны біздің заманымыздан бұрынғы Үйсін мемлекеті билеушілерінің бірі деп есептейді. Ал, біз айтып отырған, екінші Майқы би Төбейұлы (1105-1225) Шыңғыс ханның замандасы әрі оны хан көтерген 12 бидің бірі болған).

Бергі жағын таратсақ ... Дулат―Жаныс―Жантудың  Жайылмысынан өрбитін Қожамбердінің  бел баласы, заманында «тоғыз ұлды Құдайберді»  атанған бабамыздың Түгелбай, Данай, Ақтай, Бақыбек, Қарашәуке, Қарасопы (Әжібек), Құдайменде, Тоқпан, Әлібек атты ұлдары болған.

Ал, Құдайберді - Есім ханның заманында ханның оң тізесінде отырған, қазақтың бір қанаты Үйсін (Ұлы жүз) ұлысының «ұлыс бегі»- биі болғаны тарихтан белгілі.

Міне, Бекасыл Биболатұлы осы  Құдайберді бидің ұлы Түгелбайға шөпшек болып келеді (Түгелбай―Мырзакелді―Сарыбатыр―Биболат).

Қазақтың көне тарихы туралы сөз қозғалғанда, халық ауыз әдебиетін айналып өту мүмкін емес. Бекасыл әулиенің шәкірті, халық ақыны Қазанғап Байболұлының (1891 – 1945) «Төле бидің тарихы» (Қазанғап Байболұлы «Төле би» кітабы-1993 ж.) дастанынан төмендегі жолдарды келтіре кетейік:

...Қожамбердіден және де,

Туылыпты жеті ұл.

Ақберді мен Құдайқұл,

Ғараптан Нүкіс ел болып,

Қосылады Жамбайға.

Жаспын деп ақшамдайын

Қадірберді, Қадірқұл,

Олжағұл және Сұлтанқұл.

Құдайберді үлкені.

Есімханның тұсында,

Осыған билік тіркелді....(184 бет)

1620 жылы Есiмхан Алтын ханмен, Ноғай ордасымен бiрiгiп, отыз мың қолымен ойратқа шабуыл жасады (Есім ханның «Еңсегей бойлы Ер Есім» атала бастауы осы соғыстан кейін). Қара Ертіс бойында өткен осы соғысқа арғын Ағынтай, алшын Жиембет, қоңырат Алатау, шапырашты Қарасай батырлармен бірге, Құдайберді би де қатысады.

Есім ханның осы жорыққа аттанар сәтін,  өзінің «Еңсегей бойлы ер Есім» (Қазанғап Байболұлы «Төле би» кітабы-1993 ж.) дастанында Қазанғап Байболұлы былай толғайды:

...Ынтымақпен сайлады,

-Құдайберді –Жаныстан,

Ең әуелі болғаны.

Орта жүздер сайлады,

Арғын Шаншар мырзаны.

Қаздауысты Қазыбек,

Осыдан тарап шығады.

Кіші жүз Алшын Жидебай,

Баласы мұның Айтеке

Шежіреде шығады....(69-бет).

Ал, Қазыбек бек Тауасарұлының  "Түп-тұқияннан өзіме дейін" атты кітабында төмендегідей  жолдар  бар:

...Есім ойраттардың біржола үнін өшіргісі келді. Сөйтіп, 998 жылы(1620 ж. Ө.Ш.) отыз мың қолмен ойратқа лап қойды....Қара Ертістегі соғысқа....Қарасай батыр қоластында Есімнің белгілі батырлары Арғын Ағынтай батыр, қоңырат Алатау батыр, алшын Жиембет батыр, дулат Жақсығұл батырлар бар еді....Дулат – Жаныс Құдайберді билер де ұрысқа қатысты.... Құдайберді – Төлебидің атасы... (Қазыбек бек Тауасарұлы "Түп-тұқияннан өзіме дейін" –Алматы-«Жалын» баспасы-1993 ж.193-бет).

Міне, өздеріңіз көріп отырғандай екі дәуірде –бірі 18-ғасырда, ал екіншісі 20-ғасырда жазылған шығармалар, бірін бірі толықтырып тұр.

Құдайберді бидің туған жылы әзірге белгісіз, ал қайтыс болған жылы шамамен-1627 жылдың бас кезі болса керек. Әкесінің орнына Әлібектің «Ұлыс бегі» болғанын, Есім ханның оған әкесі Құдайбердінің қайтыс болуына байланысты «көңіл» айтқанынан  байқауға болады:

....Мына сәлем ханыңнан,

Қабыл көргін жаныңмен.

Құдайберді баласы-

Әлібек деген Жанысқа,

Әкеңнің берсін иманын.

Аман еді барыста,

Шалқайма жатып алыста,

Жақында болса бірлесіп,

Айқайлағын алысқа.

Хан Тұрсынмен мінеки,

Тағы түстім жарысқа.

Ер өледі намысқа,

Барларыңды қарышта!...

«Еңсегей бойлы ер Есім» (Қазанғап Байболұлы «Төле би» кітабы-1993 ж.-105-бет).

...Аман еді барыста,...яғни, осында айтылған «Барыс» жылы – 1626 жылы Құдайберді әлі өмірден өтпеген. Ал, «Барыстан»  кейінгі  «Қоян» жылында  Есім ханның  ордасынан Әлібек биді көреміз.

...Би сайланған Әлібек,

Құдайберді биден соң,

Опат болып жасында,

Құдайменде ағасы....

«Төлебидің тарихы» (Қазанғап Байболұлы «Төлеби» кітабы-1993 ж.185-бет).

Енді, кезекті Қазыбек бек  Тауасарұлына берейік:

... «1005 – қоян жылы (1627 ж.Ө.Ш.) Еділ мен Жайыққа Тобылдан ығысқан қалмақтар шабуыл жасап, Алшындарға күн көрсетпей жатыр деген хабар жетті....Осы ұрыста қаңлы Сарыбұқа батыр кескілесте бір құлағынан айырылып, Түркістанға шұнақ болып қайтты.....Түркістанға келген соң Есім хан сұрапты: -Ей, Сарыбұқа құлағың қайда?-депті...-Құлақты Жайықты жұтпақ болған жайынға бердім депті. Сонда сол жерде отырған Дулат Әлібек би іліп алғандай: - Басқа келген пәледен бастан құлақ садаға,-депті. Бұл кейін мақалға айналып кетті.... (Қазыбек бек Тауасарұлы "Түп-тұқияннан өзіме дейін" –Алматы-«Жалын» баспасы-1993 ж.199-бет). Ауыл арасындағы қатардағы бидің ханмен мәжілістес бола алмайтыны бесенеден белгілі, яғни қайтыс болған Құдайбердінің орнына Әлібектің «би» сайланғаны көрініп тұр.  Екіншіден, Әлібектің хан алдында еркін сөйлей алуы да біраз жайды аңғартса керек! Ал, Әлібек болса Түгелбайдың туған бауыры.

...«Тұрсын әмірмен болған екінші соғыста Тұрсын Есім ханмен жекпе-жекке шықпай қашты. Ақыры оны Есім хан  Сайрамсудан  Ташкентке дейін қуып, Ташкент түбіндегі хан Абат деген жерде өлтірді...».( Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы «Түп-тұқияннан өзіме дейін»). Ел басына күн туған шақта Есім хан ордасын тіккен төбе әлі күнге Кеңесарық ауылының кіре берісінде мен мұндалап көрінеді.

Жоғарыдағы бұлтартпас деректерден, Бекасыл әулиенің арғы  атасы Құдайберді мен оның  ұлдарының  Қазақ мемлекеттілігінің  нығаюына,  қазақ тарихындағы ең алғашқы  «Азамат соғысы» Есім мен Тұрсын хандар арасында болған ұрыстарда Есім хан жағында болып,  ұлтының  тұтастығының  сақталуына  өзіндік үлестерін қосқан  билер әулетінен болғанын білуге болады.Тіпті, тереңірек зерттесек, аталған билердің Есім хан тұсында жасалып, халық аузында "Есім ханның ескі жолы" атанып кеткен қазақ халқының ғұрыптық заңдарын жасауға қатысу мүмкіншілігін де жоққа шығаруға болмайды!

Қазақтың ғұрыптық заңдары мен нормаларын  зерттеп жүрген зерттеушілердің «құлағына алтын сырға» - қазақтың басқа жүздеріне қарағанда,  Ұлы жүзде «ұлыс бегі», яғни  «би» сайлауы  өзгешелеу! «Ұлыс бегі»  атадан балаға мұрагерлік жолмен қалып, әулеттегі бойынан көсемге тән қасиет бар ұлға   тиесілі болып отырғанын байқаймыз.   Мысалы үшін  Төле би мен оның билік құрған ұрпақтарын еске алсақ жеткілікті.

Ең бастысы, осы норма қатаң сақталып, басқа ағайын – туыс билікке таласпай, сол билердің қызметінде жүрген. Құдайбердінің енші бөліспеген ұлдары , қашанда аттары қатар аталатын Түгелбай мен Данай ұрпақтарының Төле Ордасының маңайында болуы заңды нәрсе. Өз кезегінде Бекасыл баба да өзінен бұрынырақ өткен туысқан атасы  данышпан Төле бабамызды өзіне пір тұтып өткен.

Реті келгенде айта кеткен абзал: «Қауға беріп, малға қой» деп жүрген үйсіндердің  М.Х.Дулатидің (1499-1551) «Тарих-и-Рашиди» кітабында жазылған, 13-14 ғасырлар тоғысында өмір сүрген Шағатай ұлысының орнында, «Моғолстан» мемлекетін құрып, Шыңғыс ұрпақтары арасынан «қуыршақ» хандар тағайындап, хан атынан елді басқарған дулат «Ұлыс бегі»  Әмір Полатшы мен оның ұрпақтарының  тарихы мүлдем аз зерттелген. Керей мен Жәнібекке Шу бойы мен Қозыбасыдан  жер бөліп берген де, дулат бектері «тағайындаған»  «қуыршақ» хан Есен Бұға емес, дулат бектері болатын.

Өкінішке орай, белгілі алаш арыстары мен Т.Рысқұловты 80-90 жылдан кейін  бір-біріне қарсы қойып, «соғыстырып» жүрген  қазіргі қазақ тарихшылары мен зерттеушілерінің Қазақ хандығының құрылу барысындағы дулат бектерінің ролін саралауға қолдары жетер емес!  Ал, мемлекетіміздің шынайы тарихын қалыптастырамыз десек, бұл мәселеден айналып өтуге болмайды. Ол үшін,  М.Х.Дулати бабамыздан бастап, ортағасырлық ғұламаларымыздың барлық мұраларын қайта зерттеумен қатар, әлем елдерінің үлкен кітапханалары мен мұрағаттарын ақтаруға тура келеді.

Енді, Бекасыл әулиенің ел жадында сақталып қалған сөздерінің айналасында ой өрбітсек...

«Тарих адаспау үшін қажет»

Бекасыл әулие

     

Көріпкел баба не айтқысы, неден сақтандырғысы келді?

Жоғарыдағы сөздерге тереңірек үңілсек, әулие баба тарихты ұмытудың салдары қандай болатынын сезген секілді.

Бекасыл бабаның заманында, XIX-ғасырдың соңғы ширегіне дейін жазылған  Түркстан өлкесін зерттеген орыс зерттеушілерінің  еңбектерін зерделесек, қазақ халқы туралы  оң пікір басым. Мысалы, 1858 ж. Сырдария бойында Қоқан әскерлерінің қолына түсіп, Жаңақорған мен Түркстан бекіністерінде 1 ай тұтқында болған орыс ғалымы Н.А. Северцов «қоқандық қырғыздардың өзге қоқандықтармен салыстырғанда адамгершілік деңгейі әлдеқайда жоғары»  екенін атап көрсеткен («Месяц плена у коканцев» Русское слово. № 11,1859 г.).

Түркстан өлкесінің қазақ, қырғыз, түркімен секілді  көшпелі халықтарының қоғамдық құрылымы туралы «Әскери-статистикалық жинақта» (1868 ж. жарық көрген) түркімендердің қоғамдық қатынастарын сипаттай келіп, былай дейді: «...Қоғамдық қатынастарда  қарақырғыздар  (түрікмендерден)  бірнеше саты жоғары тұр, олардың солтүстік көршілері қазақтар – одан да жоғары тұр» («...На несколько высокой ступени общественного развития стояли дикокаменные киргизы, а еще выше – их северныя соседя, киргизы...»).

«Түркстан өлкесі» атты энциклопедиялық басылымда В. И. Масальский «қырғыздар (қазақтар – Ө.Ш.) ақыл-ойы  жақсы дамыған, өте қабілетті, оқу-үйрену оларға қиындық тудырмайды...Қырғыздар көпшіл, көңілді, тапқыр, айлакерлік мен қулықтан да кенде емес, бірақ салыстырмалы түрде адал. Қырғыздардың тағы бір ерекше қасиеті поэзияға деген махаббаты, шешендігі мен ойының айқындығы» деп көрсетеді. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, үйренуге қабілеттіліктің  келеңсіз жағы да болатыны айтпаса да түсінікті.

Ал, Н. А. Северцов: «Тамбовтықтың (Тамбов - келімсектің туған жері-Ө.Ш.) бойында тың жерді жыртып, біраз жыл пайдаланған соң, оны тастай салып, басқа жерді жыртатын солтүстік америкалық скваттер (Солт.Америкаға қоныс аударып, бос жерлерді басып алған еуропалықтар)  сияқты жыртқыштық көзқарас басым... Ал, біз надан санайтын қырғыздар табиғат сыйын үнемді пайдаланады, тоқымдай жерден мол өнім алуға тырысады, өздерінің жайылымдарын күтіп ұстап, тиімді пайдаланады, дала мен тау бөктерлеріне ағаш отырғызады. Арыс, Шыршық өзендері бойындағы тоғайлар мен  Тянь-Шань тауларының ормандарын көзінің қарашығындай сақтауға тырысады. Біз келгенге дейін Орал тауының оңтүстігі мен шығысындағы дала ормандары мен  Наурызым, Аманқарағай және т.б. қарағай ормандарын сақтап келген....Сонда, қалайша орыс мұжығынан ғана емес, шетінен өнертапқыш - механик саналатын солтүстік америкалық скваттерден де, әлі күнге жерағашпен жер жыртып жүрген қырғыз егіншісі өркениеттілеу?»- деп таң қалады.(Н. А. Северцов. «Путешествия по Туркестанскому краю и исследование горной страны Тянь–Шаня, совершенные по поручению Императорского Русского географического общества доктором зоологии, членом Императорского Русского географического и других ученых обществ Н. Северцовым». — СПб., 1873.).

«1890 жылдың соңында Қарамұрт болысында Ақсу өзенінен тартылған үлкен арықтың құрылысы аяқталды» деп хабарлайды А.Дингельштедт.

Ал, Шымкент уезді бастығының жоғары басшылыққа тапсырған рапортынан  3500 сом қаражат жұмсап, Ақсу өзенінің жоғарғы ағысынан тартылған арықты қаздырған Қоқан билігі тұсында датқа болған, Қарамұрт болыстығының  1887-89 жылдардағы болысы Қасымбек Қожабеков екенін білеміз. Ояз бастығы  арықтың суымен қосымша 1500 десятинадан астам  жерді суландыруға болатынын қуана хабарлайды. Шынында да, ол арықтың қызығын XX-ғ. басында келімсектер орнатқан Самсоновка, Подгорное селоларының тұрғындары көрді.

Жалпы, Шымкент уезінде XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында 130  бас арық немесе канал және  255 жанама арықтар болған. (Түлкібас, Төлеби аудандарындағы тау бөктерлерінде  сол арықтардың  іздері мен сілемдері әлі күнге сайрап жатыр).

«Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дейді дана халқымыз.  Қазақ халқы да келімсектердің маскүнемдік, парақорлық, жағымпаздық т.с.с. жағымсыз әдет-ғұрыптарын бойларына сіңіре бастады. Алғаш елді аралауға шыққан отаршыл өкіметтің шенеуніктеріне  «қонақжайлылық»  танытамыз деп арақпен бай-бағландар ауызданса, бірте-бірте қарапайым қазақ та  базаршылап кентке түсе қалса, баяғыдай бозаны місе тұтпай, «ащысудан» ауыз тимей қайтпайтын болды. Бірте-бірте атамыздың  асындай болып кетті.

«1868-70 жылдардағы болыс-старшын сайлауларында ел алдында өз ақыл-парасатымен, шешендігімен бедел жинаған адамдар жеңіске жетті» дейді ресейлік тарихшы Г. А. Арандаренко (Между туземцами степного уезда / Досуги в Туркестане. СПб.,1889). «Бірақ, қағілез көшпенділер орыс өркениетімен ілесе келген орыс етігін кию, шарап ішу және  құмар ойнауды   ғана емес, «шар тастау» арқылы дауыс беру барысындағы сайлау қулықтарын да  тез үйреніп алды» дейді автор. 1890 жылдары болыстық орын үшін берілетін пара мөлшері 9000 сомға жетті. Салыстыру үшін айта кетейік:1892 ж. Түркстан өлкесінде 1 пұт еттің бағасы- орта есеппен 1,7- 2 сомды құрады. («Обзор Сырдаринской области за 1892 г.». Приложение к  всеподданнейшему отчету военного губернатора.Ташкент. Типо-литография С.И. Петухова – 1894 г.). Ал, Түркстан өлкесін тексеру үшін  Ресей Сенаты құрған комиссияны басқарған сенатор граф Паленнің есебі негізінде жасалған  Әскери Министрліктің 1906 ж. «Түркстан өлкесінің мемлекеттік және қоғамдық-экономикалық мұқтаждықтары туралы жазбаларында»  көшпенділер арасындағы болыс, старшын, би  сайлаулары туралы былай дейді: «...сайлаушыларды сатып алу мен үгіт-насихат жұмыстарына  40-50 мың сомға жететін орасан көп ақша жұмсалатын болды. ...Сайлаушыларды сатып алу жүйесі кең етек алды», «Билікке осындай жолмен келген лауазымды қызметкер ең алдымен өз шығынын қайтаруға тырысатыны –табиғи жағдай, сондықтан лауазым иесі тегін саусағын қимылдатпайды, ал сыйақы үшін барлығын шешеді»...

«Болды да партия, ел іші бүлінді...»,  «Қалың елім - қазағым...» ―деп Ұлы Абайдың күңіренетіні осы кез.  Қазақтың жаңа атқамінерлері параға жұмсалған шығынның барлығын қара халықтың мойынына салды.  Елде арты адам өлімімен аталатын «барымта, барымтаға қарымта» дегендей ұрлық-қарлық, оның арты бірінің үстінен бірі оязға шағымданып, екі жақты жем болу көбейді.

Бұрын жанындағы ақын-жырау, сал-серілерімен мақтанатын қазақтың бай-бағландары, енді баукеспе ұрыларымен бәсекелесетін жағдайға жетті. Ең сорақысы, қазақтың би-болыстарына «жандаралдың» (генерал-губернатор) қолынан медаль алу дүниедегі ең үлкен мәртебелі іске айналды. Ал, Бекасыл бабамыз генерал Черняев арнайы ауылына іздеп келіп жапқан шапанды, генерал аттанып кеткен соң өртеп жібергені белгілі. Өкінішке орай, аталарының отаршылардың   қанға малынған қолынан алған «салпыншақтарын»  мақтан ететін ағайындар әлі күнге арамызда баршылық.

1871 ж.  Верный қаласында бүкіл  Түркстан өлкесі үшін православия дінінің  епархиясы ашылды.

1881 ж. 19 маусымда Түркстан епархиясының басшысы Александр Түркстан генерал-губернаторы  Г. А. Колпаковскийге монастырь ұйымдастыру  туралы хат жолдайды. «...Монастырь ― тек өзге діндегілерді православия дініне тартып қана қоймай, сонымен қатар бұратаналар арасында  орыс мәдениетін насихаттайтын орталық болар еді. Монастырьдің ашылуының діни маңызы ғана емес, мемлекеттік маңызы үлкен» деп аяқтайды ол өз  хатын.

Осыған байланысты Түркстан епархиясын  ХХ-ғасырдың басында басқарған епископ Димитрий (Абашидзе) статистикалық зерттеулер жүргізген. Жарты ғасырға (1867-1917 ж.ж.)  жуық уақыт ішінде бар болғаны  8 қарақырғыз, 2 түркімен, 3 өзбек (түпнұсқада сарт деп көрсетілген), 1 тәжік  христиан дінін қабылдаған. Есесіне, осы уақыт ішінде 9 келімсек  мұсылман дініне өтіп кеткен.

Миссионерлердің ісі Жетісуда өнімді болды.  Лепсі-Сарқанд маңын мекендейтін қалмақ арасынан 139 адамды христиан дініне кіргізгені үшін Василий Покровский деген поп императордан «3 дәрежелі Қасиетті Анна» орденін алған.

«Бұратаналардың» ішіндегі дініне ең берігі  қазақтар болып шықты. Қазақтарды қалайда дінге тарту мақсатында, 1910 ж. Қазан қаласында араб әрпімен қазақ тілінде  Библия шығарылды. Бірақ бұл да көмектесе қоймады. Жергілікті халық арасында христиан дінін уағыздауға әрекет жасағаны үшін Шымкент маңындағы Вревск қыстағының  попы  И.И.Лавринецті қазақтар Библиясын тартып алып, өзін  ұрып  өлтіреді.

Қазақ арасына христиан дінін тарату қиын екенін түсінген патша өкіметі басқа әрекеттер жасай бастайды. Қазақ даласына Ресейдің арнайы мектебінен өткен татар молдалары көптеп жіберіле бастайды. Олар әскери міндеткерлік пен салықтан босатылады.

1900 жылы «Аравияда індет шықты» деген сылтаумен Мекеге қажылыққа баруға тиым салды.

Осы арада, XIX-ғ. соңында-ақ, қазақ арасына христиан діні мен дәстүрін  ғана емес, бүгінгі күні қоғамның «бас ауруларының» біріне айналған қыз балалар  мен әйелдердің бетін бүркеп, ерлерден оқшаулау сияқты араб дәстүрін тарату әрекеттері де  орын алғанына тоқтала кеткен ләзім. «Ташкент маңындағы Жаңабазарда бұрынғы болыс, молда Мұса мен  Жұматай өз үйлерінде «әйелдерді оқшаулау» (затворничество женщин)  ғұрпын енгізуге тырысты. Бірақ, «әйелдерді бүркеу ата-бабамыздың салтында жоқ» деп қырғыздар олардың үстіне басып кіре берді. Молда Мұса қызының ұзату тойында да  «сарттар өлең айтпайды» деп ән салуға кедергі жасауға әрекет жасады, бірақ қырғыздар оған көнбеді» деп жазады Н.И.Гродеков  («Киргизы и каракиргизы Сыр – Дарьинской области. Том первый. Юридический быть, Ташкент Типо-литография С.И.Лехтина -1889.).

Отаршылардың жергілікті халық арасына соншалықты қарқынмен кіріскен дін тарату әрекетінің күткен жемісін бермеуі ... «Құранда «Ей, адам, өзіңді тәрбиеле, өз басыңның тазалығын ойла» деген өсиет бар. «Өзіңді өзің тәрбиеле дегені ―өз дініңді, өз әдет-ғұрпыңды, салт-санаңды қасиеттеп, сақтай біл дегені. Жер бетіндегі адамның іздегені ―табыс. Оны біз мал дейміз. Қазақ «Малым ―жанымның садағасы» дейді. Малды біз қу жан үшін жинаймыз. Ал Құран аяты Ар тазалығы бәрінен жоғары, Арыңды қасиеттеп, қадірлей біл дейді. Құран басынан аяғына дейін адамзат баласын сабырлылыққа, төзімділікке, имандылыққа шақырады. Құран ―Алланы танудың, әлемді танудың кілті. Құранға жетер күш жоқ»...деп имандылықты ұран етіп, Ар тазалығын насихаттаған  Бекасыл әулие секілді тұлғалардың рухани күресінің, қарсылығының  нәтижесі екені ақиқат!

Қоғамымызда бүгінгі күні орын алып отырған жемқорлық, әсіредіншілдік, экологиялық проблемалардың түбіне терең үңілсек, барлығы өз тарихымызды, салт-дәстүрімізді, ата дінімізді ұмытудың салдары болып шығады.

Көріпкел баба бізді осыдан сақтандырған екен!

(Осы тақырыпты зерттеу барысында Бекасыл ғұламаның шәкірті Қазанқап Байболұлының туған  жері ОҚО, Төлеби ауданы «Ұзынарық» ауылындағы ақын аты берілген мектепке соқтық. ... Қазанқап Байболұлы атындағы орта мектептің кітапханасында ақынның бірде бір кітабы болмай шықты. Ауыл түгілі, ауданға «бренд» боларлық тұлғаға деген көзқарастан-ақ, біздің өз тарихымызға деген «құрметті» аңғарғандай болдық?!)

Сөздіктерде  «Әулие» (араб тілінен аударғанда — желеп-жебеуші) деп — ерекше діндарлығымен, дін жолына кіршіксіз берілгендігімен халық сеніміне ие болған қасиетті тұлғаны айтады екен. Әулие - халық арасына ерекше діндар-тақуалығымен, шипа дарытқан емшілігімен әйгілі болған, керемет қасиетке ие, қауымға рухани тәрбие жүргізуші тұлға.

Әулие - уәли деген араб сөзінің көпше түрі, қазақша қасиетті деген мағынаны береді. Бұл сөз Құран Кәрімде Алла мен пайғамбарға қатысты жебеуші, жарылқаушы деген мәнде кездеседі. Ал хадистерде жақын болу деген мағынада, яғни, Уәли Аллаһ - Аллаға жақын, дос, Алланың мейірі түскен деген ұғымда ұшырасады.

Міне өздеріңіз байқап отырғандай, Бекасыл әулие бейнелеп айтар болсақ, айдалада кездейсоқ өсіп шыға салған жалғыз дарақ  емес, мөлдір қайнарлардан бастау алған өзен жағасында бой түзеген БӘЙТЕРЕК іспетті биік тұлға, көзі тірісінде «ӘУЛИЕ» атанған кемеңгер!

Жаратылыстың адам санасы жете қоймайтын көп тылсымдарының  бірі―жоқтан бар пайда болмайды, бар нәрсе із-түзсіз жоғалып кетпейді. Меніңше, тылсымның тілін білген ғұлама, көріпкел Бекасыл әулиенің жасырылған  еңбектері де, бойында генетикалық код сақталған, сол еңбектерді түсінетін ұрпақ дүниеге келгенде табылады!  Тіпті, ол ұрпақтың  осы күні арамызда жүруі де ықтимал! Бәрі тек бір Аллаға ғана аян!

 

Өмір Шыныбекұлы –тарихшы.

Шымкент қаласы

make7862@mail.ru

   
0
17347
0