Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
07:14, 06 декабря 2012

Жаңа премьераларға шолу: Мелодрамалар шеруі

Құрметті киносүйер қауым, бүгіннен бастап еліміздің кинотеатрларын «жаулап» алатын фильмдер тізбегі бұл жолы ескі де жаңа мелодрамаларының көптігімен ерекшеленеді. Бұрынғы өткен күндерді еске аламын деген адам да, романтикалық көңіл-күйде боламын деген жан да осы аптада өз қалағанын экрандардан таба алады. Енді ретіне келсек.

Апартамент 1303 3D / Апартаменты 1303

Blog post image

Комедия, мелодрамаларды қоя тұрып «Апартамент 1303 3D» туралы сөз қозғайық. Әлдебір пәтердің жаңа тұрғындарының басына «шай қайнататын» бір әйел мен оның қызының рухы туралы үрейлі фильм хоррорсүйер қауымға әбден ұнауы мүмкін. Аяқ асты пайда болатын түрі жаман бейнелер мен «бісміллә» дегізетін кадрлар 16 жастан асқан көрермендерге ғана рұқсат етілгенін естен шығармассыз.

 

Все просто

Blog post image

Ресейлік комедия һәм мелодрама. Ескіден де ескі оқиға: Лондонда оқитын Надя мәскеулік жігіті Женяны қуантпақ болып, күтпеген жерден ресейлік астанаға келеді. Алайда оның өзін тосын сый «қарсы алады».

Туындының сапалы әлде сапасыз екені белгісіз, осы демалыс көрсетеді оны.

 

Мінсіз жоспар / Замуж на 2 дня

Blog post image

«1+1» фильмінің продюсерлері ұсынып отырған керемет мелодрама. Оның үстіне еуропалық. Оның үстіне Дайан Крюгер ойнайды... Ұзын сөздің қысқасы, Киностан көруге кеңес береді :)

Изабель атты сұлудың бір арманы тұрмысқа шығу. Бірақ, сөз салған жігіттің ешқайсысы тұрақтамайды. Ақыры мұндайдан жалыққан Изабель бірінші кездескен бойдақты алдамақ болады. Алайда оған өзі ғашық болып қалады.

 

Сұлу мен Құбыжық 3D / Красавица и чудовище 3D

Blog post image

Осыдан 21 жыл бұрын жарыққа шыққан классикалық Disney мультфильмінің жаңа нұсқасы. Көнекөздер үлкен-кішіге бірдей ұнады деп баға берген «Сұлу мен Құбыжық 3D» бұл күннің балаларына да қызықты болары сөзсіз.

Қараңғы ормандағы қорғанда елдің көзінен таса өмір сүретін құбыжық пен оған ғашық болған қыз туралы хикая көп шығарма арқау болған-ды. Белль мен Құбыжықтың махаббат оқиғасын сіз де тамашалаңыз.

 

Жеңіс үшін ойнау / Мужчина нарасхват

Blog post image

Джерард БатлерДеннис КуэйдДжессика БилУма ТурманКэтрин Зета-Джонс... Осындай актерларды бір түсіру алаңына жинаған фильм қол ұстасып киноға барып қайтуды жөн көрген қыз-жігітке де, у-шу болып кешті көңілді өткіземіз деген достарға да ұнауы мүмкін.

Футбол жұлдызы келісті жігіт балалардың жаттықтырушысы болып мектепке жұмысқа орналасады. Жүре келе ол өзінің шәкірттері үшін ғана емес, олардың аналары үшін де маңызға ие болады.

 

Заңсыз / Самый пьяный округ в мире

Blog post image

Осы аптаның ең үлкен премьерасы. Режиссер Джон Хиллкоуттың қылмыстық драмасы «Заңсыз» актерлік құрамымен ерекшеленеді. Енді ойлап қараңыз, Гари ОлдманШайа ЛаБафТом Харди, Джессика ЧестейнГай ПирсДжейсон КларкМиа Васиковска секілді таланты мен шеберлігі шүбәсіз актерлар тобы қай-қай көрерменнің болсын көзі мен көңіліне қатар ұнауы сөзсіз.

Тамағын тиым салынған бизнес арқылы тауып жеп жүрген ағайынды Бондуранттардың өмірі сипатталатын «Заңсыз» АҚШ-тың оңтүстігіндегі құрғақшылық заң мен Ұлы тоқырау кезеңін суреттейді.

 

Ортаға Бум шығады / Толстяк на ринге

Blog post image

Кевин Джеймстің («Хитч әдісіндегі» Уилл Смиттан сабақ алатын, қызға қырындауға ебі жоқ толық жігіт есіңізде ме?) керемет төбелесін, Сальма Хайектің әдемі көздерін көремін десеңіз «Ортаға Бум шығады» фильмін жіберіп алмаңыз.

Биолог мұғалім ережесіз төбелеске қатысып мектепте қысқартуға ұшыраған музыкантқа көмек бермек болады. Жас кезінде күреске қатысқаны бар, оны-мұны еске түсіріп әупірімдеп рингке шыққан мұғалімнің оқиғасы кешкі көңілді көтеруге кепілдік береді.

 

Тэд Джонстың хикаясы / Тэд Джонс и Затерянный город 3D

Blog post image

Тэд атты қарапайым чикаголық құрылысшы туралы испаниялық мультфильм. Қарапайымы қарапайым-ау, бірақ, таңғажайып жаңалықтар мен қауіпті оқиғаларды жанындай сүйетін Тэд тағдырдың жазуымен Перуге, инктердің қазынасын іздеуге шыққан топты бастап кетеді.

Арманының орындалғанына қуанған бас кейіпкер уақыт өте келе ерте мәз болғанын түсінеді...

 

Құрметті киносүйерлер!

Киностан алдын-ала хабарланған, бірақ дер кезінде прокатқа шықпай қалған туындылар үшін жауап бермейді.

Шолу Киностан сайтында жарияланған мәліметтер негізінде дайындалды.

Сіздерге тек қызықты фильмдер тілейміз!

Дінмұхамед Зиядин

0
2411
0