Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
05:34, 05 декабря 2012

Жастар: ақырын жүріп, анық бас

Blog post image

Кеше Алматыда ҚР мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі Тұжырымдамасының жобасын талқылауға арналған пікір алмасу алаңы ұйымдастырылды.

«Нұр Отан» ХДП жанындағы «Жас Отан» Жастар қанаты игі іске бастамашы болды. Іс-шараға тек билік партиясының жанындағы өкілдер ғана емес, сонымен қатар басқа партиялардың мүшелері, ғылыми институт қызметкерлері, БАҚ өкілдері, блогшылар мен сарапшылар да қатысып, пікірлерін ортаға салды.

Жастар мәселесі, жастар саясаты бір жиын шеңберінде талқыланып бітетін тақырып болмағандықтан, баяндамалар нақты да тиянақты болып, ұсыныстар шашыраңқы болмасын деген мақсатта пікір алмасу келесі мәселелер төңірегінде өрбіді:

1) Ауыл жастарының мәселелері және оның шешу жолдары;

2) Жұмысшы жастардың қоғамдағы орны;

3) Жас отбасы: құндылықтар, әлеуметтік мәселелер.

Осы категориялар шеңберінде талқылауды жүзеге асыру тиімді болды деп айтуға болады, өйткені бос әңгімеге жөн берілмеді. Бұл бүгінгі іс-шараның бірінші ерекшелігі.

Отырыс жұмысын "Жас Отан" ЖҚ атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықов бастады. Өз сөзінде ол жастар саясаты мемлекет пен қоғам үшін өзекті мәселе екенін тағы бір рет атап өтіп, 2012 жыл жастар саясатында жемісті болғанын, себебі:

1) жастар саясатына қатысты заң жобасына нақты ұсыныстар берілгенін;

2) жастар саясатының 2020 жылға дейінгі Тұжырымдамасының әзірленгенін айтып кетті.

1999 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жастар саясатының концепциясы жастардың, мемлекеттің, қоғамның талаптарына жауап бермейді. Қазіргі уақытта Елбасы тапсырмасымен жаңа Тұжырымдама әзірленуде. Бұл Тұжырымдама жастардың негізгі құжаты болып табылып, олардың негізгі мәселелерін өзінде қамтиды.

Нұрлан мырзаның айтуынша, Тұжырымдаманы әзірлеу барысында "Жас Отан" еліміздің аймақтарын аралап, бүгінгідей пікір алмасу алаңдарын ұйымдастырып тұратын болады. Ол бірінші кездесуді Алматыда өткізудің себебін Оңтүстік астана жастар қаласы болып табылады деп түсіндірді. Сонымен қатар атқарушы хатшы бүкіл партиялардың жастары мен жас сарапшылар бірлесіп жұмыс жасау керектігін айтты, себебі жастар мәселесі әр алуан. "Тұжырымдама келесі жылы қабылданады, бірлігіміз жараспаса, ол іске аспай қалады", - деді Нұрлан Сыдықов.

Сонымен қатар қазіргі уақытта мемлекеттік жастар саясаты негізінен ұйымдасқан студенттік жастарға бағытталып, ауылдық жерлердегі жұмысшы жастар назардан тыс қалып отырғаны айтылды. Осындай кемшілікті жою үшін пікір алмасу алаңдары тек ірі қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де ұйымдастырылатын болады. Бұл қуантарлық жағдай.

Жастар саясатына қатысты заң биыл қабылдану керектігіне қарамастан, заң жобасы Мәжілістен кері қайтты, себебі ол жастар талабына сай емес болып шықты. Алдағы уақытта қабылданатын Заңның негізгі тармақтары Тұжырымдамаға сүйенетін болады, сол себепті осындай пікір алмасуларда жастар мәселелерін жан жақты талқылаған дұрыс.

Blog post image

"Ақ жол" демократиялық партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасының м.а. Мақсат Жақау ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, осындай басқосулар мәселелердің бір жақты шешілуін алдын алатындығын айта отырып, өзінің "Жас отбасы: құндылықтар, әлеуметтік мәселелер" тақырыбындағы баяндамасында қазіргі кезде отбасының шырқы бұзылып, рухани дағдарыс болып жатқанын айтты. Бұның негізгі себептері ретінде жабайы нарықтық қатынастар, сан алуан ақпараттық және діни ағымдардың кері әсері көрсетілді. Отбасыны бұзатын тек ішкі факторлар ғана емес, сонымен қатар қоғамдық факторлар екені атап өтілді. Қазіргі кездегі жастардың ахуалы, Мақсат мырзаның пікірінше, 1970-80 жылдардағы АҚШ-тың "адасқан" деп аталған жастардыкіне ұқсайды. Ол кезде отбасылық құндылықтар шетте қалып қойып, жастар жаңа идеалдарға еліктей бастады. Осы феноменді зерттеу үшін Құрама Штаттарда арнайы институттар құрылды. Мақсат Жақау осы мысалды келтіре отырып, біздің елде де жастар мәселелерімен айналысатын орталықтардың қажеттілігіне тоқталды. Жергілікті әкімшіліктер жастардың әлеуметтік мәселелеріне назар аударуы тиіс, әлеуметтік жауапкершілік артуы қажет. Сонымен қатар қазіргі ақпараттық саясат сынға алынып, жастарға бағытталған ақпараттық саясаттың күшейтілу керектігі сөз болды. "Мәселен, "Ел Арна" арнасы бастапқыда жастар арнасы деп құрылды, ал қарап отырсақ, оның қазіргі көрсететіні әншілер жайлы әңгімелейтін бағдарламалар. Тәрбиелік бағыттағы бағдарламалар жетіспейді", - деді Мақсат Жақау.

Осыдан басқа ол жас кәсіпкерлердің қателіктері жайлы, себебі кәсіпкерліктің қай күйде болуы жас отбасының халіне тікелей әсер етеді. Атап айтқанда олардың несиеге жүгініп, қиыншылықтарға тап болатынын айтты. "Ақ жол" партиясының өкілі Қытайдың мысалын зерттеуге шақырды, көршілес елде жас кәсіпкерлер несиені тек қажетіне ғана алады, ал белгілі компаниялар олардың гаранты болып табылады. Коммуналдық қызметтерге төленетін салықты 30%-ға дейін шегеру және үкіметтік емес ұйымдардың жастардың рухани бағыттағы мәселелеріне көңіл бөлу керектігі айтылды.

Мақсат мырза жас отбасылар мәселелерін зерттейтін орталықтар бөле, нағашы және т.б. туысқандар өздерінің "лауазымдарына" сай өз қызметтерін атқарып отыруын қадағалау керектігін ұсынды.

Blog post image

Алматы қалалық коммунистік халық партиясының хатшысы Елнұр Бейсенбай жұмысшы жастардың қоғамдағы орны туралы баяндады. Ол әрбір жастың жақсы жұмысқа тұруына сапалы білімнің болуы кепілдік беретінін айтып, кейбір жеке университеттерді сынға алды, себебі, оның пікірінше, олардың жастарға сапалы білім беруі күмән туғызады. Осындай жеке ЖОО-лар рейтингтерде ұлттық университеттерден кейін жүреді. Елнұр мырзаның пікірінше, қазіргі уақытта жастардың жұмыспен қамтылу көрсеткіштері сенімсіздік туғызады, өйткені ЖОО-ларда әрбір бітіруші студент еш жерде жұмыс істемесе де, өзінің жұмыс істейтіні туралы анықтама тапсыруы тиіс.

Елнұр Бейсенбайдың пікірінше, жастар арасында мәдени-әлеуметтік дүмпу орын алып, жаңа сана қалыптасуы тиіс. Жастар арасында жұмысшы бренді қалыптасса игі. Жұмысшы жастарды осындай пікір алмасуларға тарту керек.

Журналист Руслан Желдібай "Жастардың азаматтық белсенділігі" тақырыбында баяндама жасады. Оның айтуынша, соңғы жылдары жастардың белсенділігі күрт төмендеп кетті. Оның себебі жастар ұйымдарына сенім кемуде, себебі олардың жұмыстарының нәтижелері көрінбейді. Русланның пікірінше, жастар талапты дұрыс қоя білсе, Үкімет ешқайда кетпейді. "Егер осындай жиындарға қатыса алмасаңдар, депутат, Үкімет мүшелеріне хат жазып, ұсыныс жасауға болады. Қазіргі кезде электрондық байланыстардың дамуы осындай мүмкіндікті береді", - деп атап өтті Руслан Желдібай. Сонымен қатар жастар арасында рухани құлдырау байқалады, жаңа Тұжырымдама осыны болдырмаудың жолдарын қарастыруы қажет. Русланның жасаған тағы бір ұсынысы: "Жас Отан" жанында арнайы комиссия құрылып, ол тұрғын үй саласындағы ахуалды бақылау керек, себебі "Алматының өзін алатын болсақ, жастарға тиесілі баспананы бірнеше үйлері бар адамдар иеленіп жатыр". "Осындайды тоқтатпасақ, жастар арасында радикализм күшейеді", - деді ол. Нұрлан Сыдықов бұған "Қолжетімді баспана" бағдарламасы жастарға да арналғанын атап өтіп, ол туралы жастардың біразы біле бермейтінін айтты. "Біз қазір жастарға арнап "Қолжетімді баспана" туралы анықтама кітапшасын дайындап жатырмыз. Жастар сол жерден барлық мағлұматты ала алады", - деді.

Blog post image

Жиынның екінші ерекшелігі - барлық саяси бағыттағы партиялар мен қозғалыстардың өкілдері мәселені жұмыла талқылауға шақырылды. Дегенмен, кейбір қозғалыстар жиынға қатысуды қажет деп санамаған секілді. Соған қарамастан, пікір алмасу жемісті өтіп, барлық ұсыныстар Тұжырымдаманы дайындауда ескеріледі деп уәде берілді. Отырыстың соңында Нұрлан Сыдықов "Жас Отанның" барлық тараптармен конструктивті диалог жүргізуге дайын екендігін айтты.

0
2367
2