Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
22:35, 08 ноября 2012

Қатерлі ісіктен қауіп көп

 
 
09.11.12.
Сүт безінің рагы - онкологиялық сырқаттардың ішінде көп таралған түрі. Елімізде сүт безі рагының алдын алу мақсатында 5 жыл бұрын маммографиялық скрининг бағдарламасы енгізілген. Скринингтік тексеру еуропалық стандарттар бойынша жүргізілмек. Осыған байланысты Италияның жергілікті мамандарымен онкология және радиология саласының мамандары алдын алу скринингтік зерттеу біліктілігін арттыру үшін шеберлік дәрістерін өткізуде.

Соңғы он жылда, елімізде онко­логия­лық сырқаттар ішінде сүт безі рагы бірінші орынға шықты. Жүз мың адамның 20-дан астамынан осы сырқат белгісі табылған.
Жалпы, скрининг дегеніміз - адам бойындағы сырқаттың бар-жоғын ертерек анықтау мақсатында алдын ала тексеру. Президентіміздің тапсырмасына орай қа­былданған «Қазақстан Республикасында 2011-2016 жылдарға арналған онколо­гиялық көмекті дамыту» бағдарламасының басты бағыттарының бірі де осы - онко­логиялық сырқаттарды ертерек анықтау және скринингтік зерттеулерді кеңейте түсу.
Қазіргі кезде Қазақстанда сүт безі рагынан қайтыс болатындардың көр­сеткіші Италия, Германия, Ұлыбритания сияқты Батыс Еуропа елдерімен бірдей. 100 мың тұрғыннан шамамен 20-30 әйел сүт безі рагынан көз жұмады. Дегенмен науқастардың қатары Еуропаға қарағанда аз, өйткені ондағы көрсеткіш екі есе артық. Сол себептен де Қазақстанда маммографиялық скрининг жүргізу арқылы сүт безі обырының асқынуына жол бермеу керек.
«Соңғы бес жылда елімізде алғаш рет сүт безі рагымен сырқаттанған әйелдердің саны 434-тен 472-ге артса, оның ішінде аурудың асқынып кету үлесі 2007 жылдағы 7 пайыздан 2011 жылы 3 пайызға дейін төмендеді» дейді Алматы қаласы бойынша бас онколог Диляра Қайдарова.
Денсаулық сақтау жөнінен деңгейі жоғары елдер скринингтік бағдарламалар мен ертерек диагноз қоюды насихаттау арқасында науқастардың 90 пайызының өмір сүру ұзақтығын бес жылға жеткізген. Өйткені маммография жасату арқылы, сүт безі рагын ертерек анықтап, аурудың алдын алуға болады.
Елімізде бұрындары сүт безі рагы, әсіресе, үлкен жастағылардың арасында та­ралса, қазір жастар арасында да тір­келеді екен. Сондықтан жасының қан­шада екеніне қарамастан, кімде-кім кеудесінде қандай да бір ісік пайда болған жағдайда онкологқа қаралуы керек. Себебі денсаулықты күту - әрбір жеке адамның басты міндеті.
«Маммографиялық скринигтің еуро­палық стандарттарын Италияның маман­дары біздің елімізге енгізуге тырысуда. Ал Италиядан келген профессордың шебер­лік-кластары еліміздегі мамандарға дұрыс диагноз қоя білуге және ультрадыбыстық аппаратты дұрыс қолдануды үйретпек. Сондай-ақ профессор Марко Росселлидің арқасында маммограммаға түсірілген суретті екінші рет оқыту жүйесі енгізіліп отыр. Бірінші оқылуы алдымен емха­на­ларда жүргізіледі, кейін маммограммаға түсірілген сурет біздің онкологиялық орталыққа жеткізіліп, екінші рет оқылмақ. Екінші рет оқылудың арқасында бірін­шісінде байқалмаған ісік ауруларының алғашқы сатысы анықталмақ», - дейді Ал­маты қаласының бас онкологы. Ма­манның айтуынша, келер жылы онко­ло­гиялық ауруларға сырқаттың диагнозын ер­терек анықтауға көмектесетін аппа­рат­тар сатып алынбақ.

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ


 
0
644
0