Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
04:50, 08 ноября 2012

Жаңатастағы атыс

 

08.11.12.

Бір жас жігіт өліп, біреуі мүгедек болып қалды. Неге?

Blog post image
«Өлген - не үшін өлгенін білмейді, өлтірген - не үшін өлтіргенін білмейді». Бұл - заманақыр таянғанда қоғамда кең етек алатын көрініс екенін бейнелейтін ежелгі сөз. Осы сөз, осы көрініс бүгінде шындыққа айналғаны былай тұрсын, белең алып барады.

Осыдан бір ай шамасы бұрын, дә­лірек айтсақ, қазан айының 10-ы күні сағат 13.30 уақытында Жамбыл об­лысы, Сарысу аудандық ішкі істер бө­ліміне Жаңатас қаласының 6-ша­ғын­ауданында орналасқан 13-үйдің аула­сында атылған бірнеше мылтық даусы шыққаны туралы хабар түскен. Ара­да он бес минуттай өткенде, Са­рысу аудан­дық орталық ауруханасына Жаңатас қаласының екі тұрғыны ауыр күйде жеткізіледі. Оның бірі: 1986 жылы туған Сыдықов Абзал Жеткергенұлы «сол жақ бүйірінен оқ тиген» деген анықтамамен ауруха­наға жеткен бойда жан тапсырады. Ал 1994 жылы туған Оңғар Асылбек «екі санына оқ тиген, оң жақ аяғы сынған» деген анықтамамен түсіп, мүгедек болып қалған.
Бұл оқиғаны екі топтың арасындағы қанды қақтығыс деуге негіз жоқ. Себебі суық қаруды қарсылас топ қана қолданғанын ескерте кетелік.
Жаңатас қаласы, Панфилов кө­шесі, № 9 үйдің тұрғыны Сыдықов Жеткерген Жұбайұлы редакциямызға жазған хатында: «...Сол күні ұйымда­сып суық қарумен қаруланған он шақты жігіт менің ұлым Сыдықов Аб­зал Жеткергенұлын қос ауыз аңшы мылтығымен он жақ бүйірінен атып, екі жамбасына пышақ тығып, басынан тоқпақпен ұрып өлтірген. Оның қа­сындағы Оңғар Асылбекті екі аяғынан аңшы мылтығымен атқан...» деп осы кісі өліміне бір емес, бірнеше адамның қатысы барын және күдікті деп та­былған кісілердің атын атай келіп, тергеу ісінің дұрыс жүргізілмей жат­қанына шағымданып, көмек сұрайды. Яғни, кісі өлтірушінің серіктестерінің әлі күнге ұсталмай, жан-жақта қашып жүргенін және қанды оқиғадан бері бір ай өтсе де, күдіктілерді қолға тү­сіру былай тұрсын, іздестірудің өзін жүр­гізбей жатқан тәртіп сақшылары­ның жұмысына наразы екенін айтады (Әлі сот ісі болмағандықтан қаралы әке келтірген қылмыстық топтың бел­сенді мүшелерінің аты-жөнін жария­ламай тұруды жөн көрдік).
Бауыр еті баласын тал түсте атып кеткен қаралы әкенің жан шырылын бір отбасының қайғысы емес, бүтін қоғамның қайғысы деп ұғу керек. Қыршын кеткен Абзал былтыр ғана отау көтерген. Жақында тойы болады деп ел-жұртты шақырып қойған. Той емес, топалаң болды. Жап-жас ана жесір қалды. Әлі алты айға да толмаған нәресте жетім қалды. Қасірет пе, қасірет!
Неге екенін, Жаңатастағы болған атыс жайлы ақпарат оқиға болған ауданнан әрі аспады. Әншейінде қа­раң еткенді қағып түсетін «КТК» се­кілді телеарналар да тырс еткен жоқ. Әлде біреулер шетін ақпаратты шетке шығармаудың жолын тапты ма? Біздің қоғамнан бәрін күтуге болады. Адам өлімі ойыншық емес. Жамандық бәрібір жерде жатпайды.
Бар-жоғы жиырма мыңдай халқы бар шағын қала - Жаңатас қылмыс алаңына неге айналып барады?
Баяғы кеңес заманында осы ала­қандай Жаңатаста қанды қол қылмыс­керлер жазасын өтейтін темір торлы түрме де болған. Жастар арасындағы қатыгездік, «ұры-қарлық түсініктер» сол кезден жұғысып, жалғасып келе ме? Мектеп пен колледж оқушыла­ры­нан түрмедегілерге ақша жинау әдісі дәл осы Жаңатаста кешегі тоқса­нын­шы жылдары қатты белең алған, мүмкін, әлі де солай шығар?! Кім біліпті? Әйтеуір алыс аудан орталы­ғында атыс-шабыстың орын алуы жақ­сылық емес.
Жастар арасындағы атыс қаруын қолданып, бір-бірін мерт қылу оқи­ғалары жалғыз Жаңатас емес, Қазақ­станның қай түкпірін алсаңыз да жиі­леп барады. Тіпті, қаршадай балалар­дың мектеп қабырғасын атыс алаңына айналдыруы не деген сұмдық?! Оң­түстік облыстың Сайрам ауданында оқушылар арасындағы жанжалдың соңы өзара атысқа ұласқан. Нәти­же­сінде, 11-сыныпта оқитын бірнеше оқу­шы жарақат алып, ауруханаға түс­кен. Ең қызығы, атыс-шабыс аудандық білім бөлімі ғимаратының дәл түбінде болған.
Шымкентте мектеп оқушылары қару асынып жүретін болған. Мылтық оғынан жараланған үш оқушы ауру­ханаға түскен. Кәмелет жасына жет­пеген екі жеткіншек он бірінші сы­ныптың оқушысына оқ жаудырған. Салдарынан он бір мен он үш жасар қыз балаларға қаңғыған оқ тиген. Сұмдық па, сұмдық!
Жастардың топ болып төбелесуі, мұздай қаруланып атысуы көбейіп кеткен. Бүгінде қылмыскерлер үшін қару сатып алудың жолдары көп. Тіп­ті, тәркілеген қаруларын поли­цейлер­дің өздері сатқан оқиғаны да жақында естідік. Пневматикалық атыс қаруын немесе электрошокерді ешқандай кедергісіз кез келген аңшы дүкенінен сатып алуға болады. Бұдан былай қару сатып алу үшін полициядан арнайы рұқсат алынады және ол тек бес жыл­ға ғана беріледі делінгенмен, ақша жүрген жерде, оның да түрлі жол­-
дары табылады. «Оса», «Стражник» секілді қарулар қорғану үшін емес, қорқыту мен үркітуге, яғни, қылмыс құралына айналған. Заңға сәйкес кез келген 18 жасқа толған Қазақстан азаматы қаруды иемденуге құқылы. Сонда кеше ғана мектепті бітірген бозөкпе, студент болған кезінде қарумен жүруге құқылы деген сөз. Жастардың арасындағы қылмыстың өршуі - осының салдары.
Газды, резеңке оқты тапанша­ларды айтпай-ақ қоялық, нағыз та­паншалардың өзін ақшасы бар жастар кез келген мүйістен сатып алатын заман туып тұр. Жас жігіттер ара­сын­дағы кикілжің төбелеспен тынса жақсы ғой, атыспен аяқталады. Екі жігіт сөзге келіп қалса, бұрынғыдай жаға жыртысу сәннен қалған, ерегісті кейінге қалдырып, оны екі жақ топ болып шешеді. Соңында бір-бірін ата салады.
Жамбыл облысының Мерке ауда­нында кафеде отырған бір топ адамды атып кеткен. Нәтижесінде, әртүрлі дене жарақатымен алты адам ауру­ханаға түсіп, біреуі жан тапсырған.
Күні кеше ғана Алматыда бір топ жастың тапа-тал түсте қалалық ішкі істер басқармасының тап қарсы ал­дында атысқанын теледидардан ес­тідік. Биыл Астананың темір жол вок­залында болған топтық жанжалдың соңы да атысқа ұласқан. Ақтау қала­сында да жазда атыс болып, төрт жі­гітке оқ тиген.
Ал әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университетінің екі студенті кө­лік тұрағындағы орынға таласып қа­лып, екеудің бірі екіншісіне жара­қат келтіретін патроны бар ұңғысыз атыс қаруын ала жүгірген. Осы Ал­матыда «джип» мінген бір азамат жолында тұрып қалған көлік жүр­гізушісін уақтылы машинасын алма­ғаны үшін, «Оса» қаруымен оқтың астына алған. Такси жүргізушісі ақ­ша­сымен келісе алмаған жолаушы­ла­ры­на қарай оқты қарша боратқан. Осы­дан кейін бүгінде танымайтын ортада бөгде біреумен сөзге кеп қалуға қорқасың, травмати­калық тапаншамен тарс еткізіп ата салуы мүмкін. Тіпті, шылымға бола ша­тасып, бір-бірінің өмірін қиып жүрген өрімдей жастарға қарап, өмір­ден түңілгендейсің.
Әйтеуір оқушысы бар, студенті бар, жастардың қолында қару түрлері көп. Ол қару қайдан келіп жатыр? Қызыл жағалылардың ел ішінен жыл сайын тәркілеп жатқан қаруында есеп жоқ. Полициядан сұрасаң, құ­рықталған қылмыскер ол қаруды бір жерден оқтарымен қоса тауып ал­ға­нын айтады дейді. Барлық жауап бір­дей. Болмаса, Кеңес Одағының кезін­де қойшыларға тегін мылтықтар бері­летін, солар дейді. Қайдам?! Әлде, заң­сыз қару шетел асып келіп жатыр ма? Ең өкініштісі, атысып жатқандар да, оққа ұшып жатқандар да қазақтың сайдың тасындай жігіттері.
Жастар мен жасөспірімдердің тәрбиесі мен моральдық-психоло­гиялық жағдайы туралы аз айтылып жүрген жоқ. Дініміз қайта оралды, мешітке баратын жастар көбейді деп мақтанамыз, соған қарамастан, жас­тар арасындағы бұзақылық пен қыл­мыстың көбейіп отырғаны нелік­тен?!.

Төреғали ТӘШЕНОВ


0
1105
0