08.11.12.
Алматыда Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің бастамасымен, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен халықаралық тренинг басталды. Оған Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Тәжікстаннан денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы министрліктерінің жауапты қызметкерлері, Ресейдің эпидемиолог, микробиолог ғалымдары, сондай-ақ АҚШ-тың жұқпалы ауруларға қарсы қызмет мамандары, Дания техникалық университетiнiң ғалымдары және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жауапты қызметкерлері қатысуда.
Жиында Қазақ тағамтану академиясының басшысы, академик Төрегелді Шарманұлы елімізде тағам инфекцияларын болдырмау барысында Үкімет тарапынан қомақты қаржы бөлініп, денсаулық сақтау саласы мамандарының біршама жұмыстар жүргізіп отырғанын тілге тиек ете келіп, әлемде миллиондаған адам тағамға қауіпті өнімдерді пайдаланудан ауруға шалдығып, қайтыс болып жатқанын айтты. Сондықтан қазіргі кезде тағам өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету - еліміздің ұлттық саясатының басты міндеттерінің бірі.
Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығында эпидемиологиялық ахуалды халықаралық деңгейде қадағалау және шұғыл шешімдерді қабылдау бойынша ДДСҰ ақпараттық жүйесіне қол жеткізуге болады. Инфекцияны сырттан әкелу қаупі төнгенде кешенді эпидемияға қарсы шаралар дер кезінде қабылданады. Бір қуанарлық жайт, санитарлық дәрігерлер мен дәрігер-эпидемиологтардың жүйелі атқарып отырған, аурудың алдын алу мақсатындағы кешенді жұмыстарының арқасында биылғы он айда өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда жұқпалы аурудың 30-ға тарта түрі азайды. Бұл ретте елімізде денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы оңтайлы орындалып келеді деп айтуға болады. Елімізде тағамнан пайда болатын ауруларды эпидемиологиялық қадағалау жүйесі жұмыс істейді және апта сайын науқастардан және дені сау азаматтардан бөлінген өсінділердің микробтық пейзажына зертханалық мониторинг жүргізіліп, тағам өнімдерінің, сүттің сапасы қадағаланады. Йод жетіспеушілігі жағдайларына мониторинг жүргізіліп, базаларды пайдалану тұрақты түрде қадағалануда. Тағам өнімдерінің құрамы және сапасының стандарттары белгіленіп, үстіміздегі жылы Үкімет тағам өнімін шығаратын, оны көтерме және бөлшектеп сататын нысандарға, сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қайта қарап, бекітті. Қазақстанда денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Кеден одағының санитарлық шаралар жөніндегі келісімі жүзеге асып, санитарлық шаралар саласында екі Заң ратификацияланды және Дүниежүзілік банктің «Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі шеңберінде тағам өнімінің қауіпсіздігі» жобасының «F» компоненті іске асуда. Былтыр жұмыс істейтін облыстық орталықтардың базасында мамандандырылған, оның ішінде күйдіргіні және бруцеллезді диагностикалайтын зертханалар құрылып, біздің орталықта тағам өнімінің қауіпсіздігі бойынша республикалық референс-зертханасы және тағам өнімдерінің қауіпсіздігін бақылайтын мамандандырылған 3 зертхана құрылып, жұмыс істеуде. Қазіргі кезде зертханалар қосымша және заманауи құрал-жабдықпен (ПТР, хроматорграфтар, атомдық абсорбциялық спектрофотометр) жабдықталып, Дүниежүзілік банк жобасының «F» компоненті бойынша республиканың 11 санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталықтары толықтай заманауи 39 қондырғымен жабдықталуда. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық орталықтардың 55 маманы, оның ішінде алыс шетелдерде 33 маман оқытылып, білімдерін халықаралық стандартқа сай жетілдірді. Үстіміздегі жылы 6 айда 25 елден әкелінген өнім зерттеліп, 714 сынама зертханалардан өтті. Сондай-ақ ауызсу арқылы пайда болатын қауіпті жұқпалы аурулардың бірі тырысқақ екенін ескерсек, бұл аурудың эпидемиологиялық жағдайы әлемде күрделі деңгейде сақталып отыр. Тырысқақты қадағалау мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық қызметі эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіп, тырысқаққа қауіптілік тобынан барлығы 27 мыңнан аса адам тексерілді, соның ішінде арнайы тәртіптегі мекемелер, әлеуметтік оңалту мекемелеріндегі, психоневрологиялық диспансерлер мен стационарларда, шетелден келген азаматтар, босқындар және уақытша мигранттар бар. Эпидмерзімде (мамыр, қазан) қоршаған орта нысандардан тырысқаққа 21 мың су сынамасы, шаруашылық және ауызсудың орталықтандырылған суқұбырларының санитарлық қорғау аймағындағы үстіңгі су айдынынан 2,5 мың су сынамасы зерттеліп, тырысқақ вибриондары бөлінбегені анықталды. Сонымен қатар демалыс аймағы, бассейндер, фонтандар, аквапарктер жалпы рекреациондық суды қолдану орындары, сонымен қатар тырысқақтан эпидемиологиялық мағынасы бар орыннан 15 мыңға жуық су сынамасы зерттеліп, тырысқақ вибриондары бөлінген жоқ. Ашық су айдындарында таралатын 01 серотопты және 01 серотопты емес тырысқақ вибриондарының барлық жергілікті штамдарының авируленттілігін, тырысқақпен ауыратын науқастың болмағанын ескере отырып, еліміз аумағында таралатын тырысқақ вибриондары эпидемиялық жағынан қауіпсіз деген қорытынды жасауға болады. Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі мәселелерінің өзектілігіне байланысты және оларды шығару, қайта өңдеу, әзірлеу, оны ары қарай ғаламдық, дүниежүзілік деңгейде тарату мәселелерін ескере отырып, өткізіліп отырған семинар өз нәтижесін береді деп ойлаймыз және еліміздің денсаулық сақтау саласында қызмет жасап жүрген мамандар өздерінің тәжірибелік, теориялық білімдерін пайдалана отырып, халық денсаулығын қорғауда аянбай еңбек ететіне сеніммен қарауға болады. Шалғынбай ЖАНДОСОВ, |
0
04:44, 08 ноября 2012
Тағдырыңызға таза тамақ та әсер етеді
0