Замана ағымы сондай ма, әлде көрерменнің қалауы сол ма, кім білсін, әйтеуір қазақ телевизиясына «ойын-сауықтың ордасына айналды» деп, сын айтып, мін тағушылар көп. Күз түскелі отандық телеарналарда дамыл жоқ. Әр телеарна көрерменін баурап алудың тың әдістерін ұсынуда. Әйтеуір қазақша ет дәріптеліп, аналар мен балалар өзара сынға түсіп, шетел асып, өзге елдермен спорттық бәсекеде бақ сынасып, көкке қол созған тарландардың өмірін насихаттау - отандық телеарналардың негізгі міндетіне айналған. Бүгінгі қазақ телеарналарынан жаныңызға жайлы, талғамыңызға сай бағдарламаны оңай табасыз. Ал отандық өнім көңілден шықпаса, Ресейден дайын күйінде сатып алынған жобалар тағы бар.
Телевизия - тәрбиелеуші құрал. Күні бойы қосулы тұратын «көгілдір экраннан» көргенімізді санаға түюге асығамыз. Осы ретте телеарналар арқылы отбасы құндылықтарын насихаттап, жанұя атты маңызды институттың мерейін өсіріп, мәртебесін асырған жөн. Өйткені отбасы - кішігірім мемлекет. «Астана» телеарнасы «Саған сенемін» ойын-сауықтық жобасын назарға ұсынды. Бағдарлама барысында ерлер білгені мен көңілге түйгенін, күші мен ақылын сынға салса, нәзікжандылар барынша ерін қолдайды. Динара Сәтжан әйелдердің пікірін біліп, ерлерге қолдау білдірсе, актер Берік Тұрсынбеков ерлер сайысының көркін қыздырады. Бағдарлама туралы сан түрлі пікір айтылуда. Біз бүгін жобаға қатысып, бағы мен бабын сынап көрген азаматтардың пкірін білуді жөн көрдік.
«Отан отбасынан басталады» демекші «Астана» арнасындағы «Саған сенемін» жобасы орыс және қазақ аудиторияларына жақсы сый болды.
«Бағдарлама ойымнан шықты. Біздің қоғамға осындай жобалар керек деп есептеймін. Отбасы мүшелерінің атсалысуымен өтетін тәрбиелік маңызы зор, ойын-сауықтық бағдарламалардың көптеп шығарылғаны жөн-ақ. Отбасы бірлігі әрқашан бірінші орында тұруы керек. Сонда ғана болашағымыз жарқын болады. Егер елімізде «Саған сенемін» деп ерін сыйлайтын аруларымыз бен жарын қорғайтын ерлеріміз көп болса, онда Қазақстанда барлығы дұрыс деген сөз» дейді әнші, продюсер үш баланың әкесі Қыдырәлі Болманов. Ал актер Рахман Омар бағдарлама-
ның тәрбиелік мәнімен қатар көрермендердің көңілін көтеруге мол септігін тигізетінін тілге тиек етті. «Саған сенемін» атты жобаға қатысып, бағымызды сынап көрдік. Ойын өте керемет болды. Көптеген танымал тұлғалар жұбайын көпшілікке таныстырып жатыр. Негізі, көрерменге жұлдыздардың жеке өмірі құпия болып келеді. Осы бағдарлама арқылы көпшілік қарап, өз бағасын береді. Бізді отбасына көңіл бөлмейді, тек өз өнерімен ғана жүреді деп ойлайтын шығар. Ал негізінде отбасыда біз қарапайым әке, жармыз. Отбасымызға көңіл бөліп қараймыз. Ойынға қатысардағы басты мақсатымыз - әдемі ойын көрсетіп, көңіл-күйімізді көтеру. Берілген тапсырмаларды орындау ешқандай қиындық тудырған жоқ. Ең бастысы, тапқырлық әрі қулық керек екен. Нәзікжандылардың сеніміне ие болу үшін тау қопарып, тас көтерудің еш қажеті жоқ. Сенімін ақтап, тапсырмасын орындасаңыздар болды» дейді актер.
Жасы алпысты еңсерсе де, бабын жоғалтпаған Ақжол Мейірбеков те жобаға қатысып, жеңімпаз атанды. Жоба барысында аяғына ролик киіп, кез келген қиыншылықты оңай еңсерген әнші ағамыз «Саған сенемін» сынды отбасылық бағдарламаның тәрбиелік мәнін ерекше атап өтті. «Осы бағдарламаның алғашқы жеңімпазы болғаныма қуаныштымын. Алпыс жастан ассам да, әлі күш-жігерімді жоғалтқан жоқпын.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, өзіміздің жан-жақты екендігімізді көрсете білуіміз керек. Ән айтып, сахнаға шығып қана қоймай, басқа да қырымызды көрсетуіміз керек. Жаңадан үй болып, бас қосқан жандарға бір-бірін қалай сыйлап, түсінісу керектігін көрсету маңызды. Ойынға берілгенім соншалық, өз-өзімді ұмытып кеттім. Керемет әсер алдым. Бұл бүгінгі қоғамға керек бағдарлама екен. Өйткені әйел мен ер адам тең құқылы заманда олар бір-біріне сенім арта білуі керек. Бұл бағдарлама қазақтың менталитетіне келеді. «Саған сенемін» - қосағына адал жандардың, сезіміне берік жарлардың думаны. Арулар дем беріп, азаматтар қиын жерден қаймықпай, тар жерден тайсалмай өтетін думан» дейді ол.
Әрине, бағдарлама барысында негізгі салмақ та, күш те ерлерге жүктеледі. Ал кез келген қиындықты еңсеруге нәзікжандылардың сенімі күш берері хақ. Осы ретте, «Саған сенемін» жобасына қатысты Майра Ілиясова былай пікір өрбітеді. «Бұл ойын-сауықтық жоба тың дүние екені көрініп тұр. Танымал әртістеріміздің үлгілі отбасы ретінде бақ сынап жатқандары қуантады. Өйткені жастарымыз осы азаматтарға қарап бой түзейді. Жарын сыйлаған жандарды халық та құрметтейді. Динара Сәтжан мен Берік Тұрсынбековтің осы бағдарламаны жүргізетіндері жақсы болған деп ойлаймын. Екеуі де халыққа өз қабілеттерімен танылып жүрген жандар. Жүргізу тәсілдері жобаның әрін келтіріп тұрғандай.Жобада қазақы дәстүріміз - жілік сындыру сияқты сайысты көрдік. Болашақта сайыс ретінде қазақы дәстүрлеріміз көбірек қолданылса құп болар еді. Көрермендерге айтарым, осы бағдарламаны көріп үлгі алыңыздар. Өйткені отбасында береке-бірліктің болғаны, еліміздің бейбітшілігіне әкеледі. Жобаның ғұмыры ұзақ болғай».
«Сен бар жерде терезем тең сияқты, Тең сияқты керегем кең сияқты». Жұбайлардың бір-біріне деген сенімі осындай болсайшы. Қазақ отбасында әрдайым ер-азаматты сыйлау, сену сияқты қасиеттер берік болған. «Саған сенемін» жобасы халыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, бүгін үй болып, ертең ажырасуды дағдыға айналдырған жастарға үлгі болса, қазақтың отбасының керегесі кең, терезесі тең болары айқын.
Әйгерім ДОСЫМ