Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
00:32, 08 октября 2012

Үш жылдық бюджеттің жобасы әлеуметтің әлеуетін арттырады

 
 
06.10.12.
Blog post image
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің бас болуымен өткен «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының кеңейтілген жиналысында 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы мен 2013-2017 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы таныстырылды.

Мемлекеттің ең басты қаржылық құ­жатын талдауға Үкімет жетекшісі Серік Ахметов, партия Төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, Ұлт­тық банк төрағасы Григорий Марченко, Экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаев және Президент ап­паратының атқамінерлері мен Үкімет мүшелері, сондай-ақ халық қалаулылары қатысты.
Жиынды бастаған Мәжіліс төрағасы ел Президенті парламенттің күзгі сес­сия­сының ашылуында 3 жылдық бюджеттің жобасы мемлекет қазынасынан шашау шығармауға бағытталуы тиіс екенін қадап айтқанын тілге тиек етіп, аталмыш құжат Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жаңғыруы мен ұзақмерзімді дамуының негізі болып табылатындығына тоқ­талды.
- Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, бүгінгі күні әлеу­меттік салаға мол қаржы бөлініп қана қоймай, оны ең алдымен, заң жағынан қамтамасыз ету керек. Сондықтан біздің қазіргі негізгі мақсатымыз - әлеуметтік заңдарды қайтадан жаңарту. Бұл - өте маңызды мәселе, - деді Н.Нығматулин.
Республикалық бюджеттен бөлінетін қаржының 2 трлн 411 млрд теңгесі «Ең­бекпен қамту - 2020», «Бизнестің жол картасы - 2020», «Қолжетімді баспана - 2020» және «Ақбұлақ» сынды мемлекеттік бағдарламаларға, сонымен қатар білім беру мен денсаулық сақтау саласын дамы­туға, шағын шаһарларды шырай­ландыруға шығындалады. Биылғы бюджеттің айырмашылығы мұнда сыртқы конъюнктураның ахуалы назарға алын­ған. Яғни шартты шығындар тетігі қарас­ты­рылған.
Мемлекеттік маңызы бар мәселе талқы таразысына салынған жиында бас баяндамашының міндетін атқарған Үкі­мет жетекшісі өз сөзін Қазақстан жаһан­дық бәсекеге қабілеттілік индексі бойын­ша 21 сатыға биіктеп, 144 елдің ішінде 51-орынға тұрақтағанынан бас­тады.
- Еуроаймақтағы дағдарыстың терең­деп, Еуроодақ елдері мен АҚШ-тағы эко­но­микалық даму қарқыны бәсеңдеп жатқан уақытта біздің осындай көр­сет­кішке қол жеткізуіміз бағытымыздың дұрыстығын дәлелдейді, - деді С.Ах­метов.
Оның айтуынша, жыл басынан бері еліміздің жалпы ішкі өнімі 5,6 пайызға өсіп, макроэкономикалық һәм қаржылық тұрақтылық сақталып қалған. Өткен 9 айдың ішінде инфляция деңгейі 3,9 пайыз­ды құраған. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 6,2 пайызға пара-пар болған. Жыл басынан бері еліміздің халықаралық қорлары Ұлттық қордың қаржысын қоса алғанда 10,9 миллиард долларға өсіп, 83,8 мил­лиард долларға жеткен.
- Қазақстандықтардың табысы артты. Ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айла­рында орташа жалақы 11,7 пайызға ұл­ғайып, 98 мың теңгеден асты. Ал жұ­мыссыздық деңгейі 5,2 пайызға азайды. Дегенмен еліміздің негізгі сауда әріптес­теріндегі экономикалық құлдырау олар­дың тарапынан сұраныстың азаюына, елі­міздегі өнеркәсіп өндірісінің қыс­қаруына әсер етуде. Бұл әсіресе, металлур­гиялық өнімдер өндірісінде анық байқалып отыр. Осыған орай Үкімет жыл аяғына дейін экономика салаларының даму көрсеткіштерін нақтылауға кіріседі. Сонымен қатар биылғы жылғы респуб­ликалық бюджет параметрлерін де қайта қарайтын болады, - деді Премьер-министр.

Бұдан кейін С.Ахметов 2013-2017 жылдар аралығындағы жылдық инфляция деңгейі 6-8 пайыз ара­лығында болатындығын баяндап: «Өсімнің жоспарланған парамет­р­леріне қол жеткізу - әлеуметтік-сая­сатты бірқатар бағыттарда тиімді іске асыруға оң әсерін тигізеді. Біріншіден, үйлестірілген ақша-несиелік және салықтық-бюджеттік саясат есебінен макроэкономикалық тұрақтылық қамтамасыз етіледі. Екіншіден, эко­номиканы ауқымды түрде әртарап­тандыру арқылы және елдегі бизнес-климатты жақсартып, бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы тұрақ­ты экономикалық өсім қалыптасады. Үкімет жұмысының үшінші басым бағыты Елбасының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында айтылған бағыттарға сәйкес, әлеуметтік жаңғырту болмақ» деді.
Оның сөзінше 2017 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің жан басына шаққандағы өсімі 24,5 мың долларға жетеді. 2013 жылы бұл көрсеткіш 14,5 мың АҚШ долларын құрайды.
Әңгіме ауаны республикалық бюджеттің шығыстарына ауысқан тұста үкімет жетекшісі 2013-2015 жыл­дарға арналған республикалық бюджет жобасы еліміздегі және әлемдегі болжанған экономикалық негізге сүйене отырып жасалғанын және оның параметрлері ортамерзімді кезеңдегі даму және әлеуметтік-экономикалық саясат мақсаттарына толық жауап беретінін жеткізді. -2013-2015 жыл­дарға арналған рес­публикалық бюджет жобасында шығыстар көлемін 2013 жылдағы 6,2 трлн теңгеден 2015 жылы 7,1 триллион теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр, - деді ол.
Бас министр салық саясатын да сөз етті. Оның айтуынша, ортамерзімді ке­зеңде салық саясаты экономиканың шикізаттық емес секторының дамуын ынталандыруға, қолайлы инвес­тициялық және бизнес-ахуал құруға, отандық өндірістердің бәсекеге қа­білеттілігін қолдауға бағытталады. Бұл туралы ойын министрлер кабинетінің жетекшісі: «Инфляцияны жоспар­лан­ған дәлізде тежеп тұру үшін ішкі на­рықта бағаның тұрақтылығын қам­тамасыз ету бойынша кешенді ша­­раларды жүзеге асыру жалғасын та­батын болады. Табиғи монопо­лия­лардың тарифін жоғарылату олардың инфляцияға шекті үлесін ескеру ар­қылы жүргізіледі. Сондай-ақ ке­ден­дік-тарифтік реттеу тетіктерін қол-дану жалғасады» деп түйді.
С.Ахметовтың баяндамасында 2013 жылы Астанада құны 215 млрд тең­гені құрайтын газ құбыры жобасын іске асыру жоспарланып отырғаны да ай­тылды.
- Астанаға газ керек екенін біз жақсы түсінеміз. Енді, оны жеткізу қа­­жет. Солтүстік құбырына қатысты, яғни «Қарталы-Тобыл-Көкшетау-Ас­тана» жобасы талқыланып, Ел­ба­сы­ның нақты тапсырмасы берілді. Бұл жоба бойынша техникалық не­гіздеме бекітілді, - деді үкімет бас­шы­сы.
Осыдан соң С.Ахметов жинал­ған­дарды 2013 жылы әлемдік эко­но­миканың өсу қарқыны баяулай­ты­нынан құлақдар етіп: «Еу­роай­мақтағы дағдарыс қарқын алып келеді. Жалпы, біз жаңа қаржылық және эконо­ми­калық дағдарыстың мүмкіндігін жоқ­қа шығармаймыз. Халықаралық қаржы институттары мен агенттік­терінің болжамы бойынша 2013 жылы әлемдік экономиканың өсу қарқыны баяу­лайды деп күтілуде. Бүгіннің өзінде Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк әлемдік жалпы ішкі өнімнің 3,9 пайызға дейін тө­мендейтінін болжап отыр, - деді.
Баяндамасының соңында үкімет басшысы бензин бағасының қайта көтерілуіне түсінік беріп: «Өздеріңіз білетіндей, көтерме және бөлшек сау­да бағасы арасындағы айырма ша­мамен 17 теңгені құрайды. Бұл жа­нар­май құю бекеті үшін өз шы­­ғындарын жабуға әрі белгілі бір маржа алуға мейлінше жеткілікті. Сондықтан да мұнай бағасы барреліне 104 долларды құраған кезде сәй­кесінше, бензиннің де, дизель оты­нының да бағасы сол деңгейде болды. Яғни өздеріңіз білетіндей 90 теңге және одан жоғары. Бензин бағасының соңғы қымбат­тауына келетін болсам, бұл мұнай бағасының барреліне шамамен 114 доллар құрауына байланысты болды әрі сәйкесінше біздің бөлшек сауда рентабельділік пен кірістің сол дең­гейін ала алған жоқ. Олар өткен айлар ішінде барынша мол шығынға ұшы­рады. Сондықтан да есептерге арқа сүйеген монополияға қарсы комитет әртүрлі маркадағы бензин бағасын 3-тен 4 теңгеге дейін көтеру туралы ше­шім қабылдады» деді.
Бұдан кейін ол таяу арада Пар­ламент осы саладағы кейбір мәселе­лер­ді реттеуге мүмкіндік беретін «Жанар-жағармай бағасының шекті деңгейі туралы» заң жобасын қарас­тыратын тілге тиек етіп: «Менің ойым­ша, біздерге бұл мәселені бір­лесіп, дұрыстап қараған жөн. Бәрі де нарықтық жағдайда болуы керек, авиакеросин бағасы төмендесе, билет бағасы да құлдилауы керек» деді.
Кезегі келгенде мінбеге мінген Ұлт­тық банктің төрағасы Григорий Марченко Қазақстанның халық­ара­лық қоры қыркүйектің соңында 85,5 млрд АҚШ долларына қол жеткізге-нін жариялап, еліміздің халықара-
лық резервінің өсуі Ұлттық банкке ұлт­тық валютаны тұрақты ұстап тұру­ға мүмкіндік бергенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, тап қазір Қазақ­станның банк жүйесінде де оң өзгеріс жүріп жатыр. Себебі несиелер мен депозиттердің өсімі байқалуда.
«Ағымдағы жылдың 9 айындағы банктер берген несиелердің жалпы көлемі 7,7 пайызға өсіп, 9 трлн 492 млн теңгені құрады. Депозиттік ұйымдар­дағы резиденттердің депозит көлемі 8 ай ішінде 6,4 пайызға көтерілді ал халықтың банктерге салымы қаңтар-тамыз айларында 13 пайызға өсіп, 3 трлн 118 млрд теңгеге жетті.
Екінші деңгейлі банктердің ак­тивтері 1 қыркүйектегі жағдай бойын­ша жыл басынан бергі аралықтағы 8 айда 3,5 пайыз өсім көрсетіп, 13,3
млрд теңгені құрады. Сақтандыру ұйымдарының да активтері өсіп, соңғы 8 айда 12 пайызға артты. Со­нымен қатар зейнетақы жинақтары да жыл басынан бері 12,7 пайызға ұлғайып, 3 трлн теңгеден асып түсті. Бұл - жалпы ішкі өнімнің 10,5 пайы­зы» деді Г. Марченко.
Осы отырыста сөз сөйлеген партия тө­рағасының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев жаңартылған жүйедегі бюджет Елбасы қойған ау­қымды міндеттерді жүзеге асыруға лайықты жағдай жасайтынына тоқталып: «Республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы айқын әрі нақты мақсаттарға жұмсалады. Бұл - пар­тияның сайлауалды тұғырнамасының басты бағыты» деді.

Қанат МАХАМБЕТ

Астана


0
307
0