Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
02:39, 01 октября 2012

«Ауыл (әулет) тарихы ― қазақ тарихы»

«Ауыл (әулет) тарихы ― қазақ тарихы»

«Мың өліп, мың тірілген» халқымыздың басынан өткен  ең қаралы қасіреттің бірі ―1932-33 жылдардағы ашаршылықтың 80-жылдығына байланысты, осы тақырып  жергілікті бұқаралық ақпарат  құралдарында кеңінен айтылып  жатыр.

Бірақ, өкінішке орай көпшілігі М.Қозыбаев, М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков сияқты белді тарихшыларымыз бен  америкалық зерттеуші  Марта Олкоттың жалпы республика көлеміндегі жүргізген зерттеулері мен Т.Рысқұловтың И.Сталинге жазған хатында келтірілген деректерді қайталаудан аса алмауда.

Бұл дегеніміз, осы бағыттағы зерттеулердің кем екендігінің көрсеткіші болса керек.

Қазақтарды күштеп отырғызу туралы Қазақ АКСР- і ХКК –нің 1928 ж. 30 тамызында қабылданған  «Қазақстанның көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы аудандарын белгілеу» туралы әйгілі Қаулысына дейін қазақ халқының көпшілік бөлігі 10-15 үйден тұратын ауыл (әулеттен) болып, жайылымның ыңғайымен  көшіп-қонып жүргені белгілі. Сондықтан, бүкіл қазақ тарихын білгіміз келсе, мүмкіндігіміз жеткенінше, ауыл (әулет) тарихын зерттеп-зерделеуіміз қажет.

«Ауыл тарихы (әулет тарихы) ― қазақ тарихы» деген ұстаныммен, осы зұлмат жылдардағы Бадам (1932 ж. бастап Ленгір) ауданы «Қарасора»  (қазіргі «Кеңесарық»  ауылы Төлеби ауданы)  ауылы мен ауданның тарихын, мұрағаттарды ақтарып, қариялардың естелігін (диктофонға бірнеше қарияның шамамен 15 сағаттық естелігін жазып алдым) тыңдап дегендей,  шамамыздың жеткенінше зерттеп-зерделеп  жүргенімізге біраз жыл болды.

Осы өңірде 1917-18  жылдары ел жадында  «Жылан тақыр» деген атпен қалған  алапат  аштық  болып, көп  халықтың  қырғынға ұшырағанын жергілікті жазушы Момбек Әбдәкімұлы жазып жүр.

Өңірдің көптеген азаматтарының Қызыл әскерге жазылып, 1918-20 жылдардағы  азамат  соғысына  қатысқаны туралы материалдар ОҚО әкімдігі «Өңіраралық мұрағатында»  жетерлік. Оларды «коммунизм идеясы» үшін соғысты деуге келмес, сірә бір тілім нан үшін немесе зорлықпен  әскер қатарына жазылса керек.

Өкінішке орай, олардың Қызыл әскер қатарында болғаны  ізсіз кетпеді. Шала-шарпы большевизм  идеясымен  «уланған»  олар  азамат соғысынан  кейін  елге  келе,  ауқатты    адамдарға  қырғидай  тиеді. Осыған  орай , күлкілі , әрі қайғылы (трагикомедия)  жағдайлар да орын алған.

Төлеби ауданы Кеңесарық ауылының тұрғыны  Бөртекеев Жолдасбек қарияның  естелігінен: «Кеңес өкіметі» кедейге дем берген кезеңде, тақыр кедей  ағайынды Қ. және Ә. атты әумесерлеу жігіттер, бір бақуат ағайынның  киіз үйін жасауымен, аттарын ер-тұрманымен тартып алды.  Киіз үйдің төбесіне қызыл жалау іліп қойып, Қоңыртөбеге  (Сайрамсу өзенінің жоғарғы  ағысындағы үлкен төбенің бірі) шығып  «Ей, Түгелбай-Данай  (сол маңды жайлаған әулеттің аты) бәріңді тастаққа иіремін!» –деп, айқайлайды екен . Олардан зәрезап  болған біраз азаматтар, қора-қопсысын тастап, өзге жаққа бас  сауғалауға мәжбүр болады. Ауылдың әбден ашынған  бір топ азаматы «Осылардың  бір сілесін қатырайық»―деп ойласады. Сосын біреуі, ауданнан жолаушылап келгенсіп, әлгілерге «Кеңес өкіметі құлады, «ақ» әскері жақындап қалды»- деген «хабар» жеткізеді. Қызылдардың құлағанын естіген  Қ. мен Ә. алғашында сеніңкіремейді. Бірақ, айтқан адам сендірсе керек, біраздан кейін, қалбалақтап,  қызыл туды ақ матамен алмастырып, «ақ» әскерін  сый-сияпатпен қарсы алуға дайындала бастайды. Бірақ, «ақтар»  емес, ГПУ келгенде олар тауға қашады,  себебі, олардың қызыл туды ақ жалаумен алмастырғанын талай жұрт көрді. Әскерлер, олардың үйіндегі жиюлы жүктің астында жатып 3 күн күтеді. Әбден ашыққан Қ. мен Ә. үшінші күні түнде үйіне келгенде тұтқындалады. Екеуі де, түрмеден қайтпай қалды. Көп жыл өткен соң, біреуінің сол жақта туған баласы елді тауып келді. Қазір ұрпақтары осы ауданда тұрып жатыр».

Осындайлардың  «белсенділігін», 1921 жылы  наурызда партияның  X- съезінде  қабылданған  «Жаңа экономикалық саясатқа көшу туралы» шешімі  уақытша тоқтатады.

Біздің өңірде де жаңа экономикалық саясат тұсындағы жеңілдіктерді тиімді пайдаланып, өз шаруаларын дөңгелентіп, қолында  жалшы  ұстаған,  бақуат  азаматтар  тобы пайда болды. (Біздің  қолымызға 1930 жылдары партия қатарына кірген, ауылдың  бір топ азаматының  өз  қолдарымен  жазған  өмірбаяндары  түсті.). Қазіргі тілмен айтқанда  жақсы  менеджерлер –ұйымдастырушылардың  қолында  жалшылықта  болған  жігіттердің  көбі  кейін  колхоз төрағасы және т.б. басқа жауапты қызметкерлер дәрежесіне жетті.

1924 ж.сәуірде  Қазақстанда «Сауатсыздықты жою қоғамы» құрыла бастады..

Кеңесарық ауылының  ең жасы үлкен  тұрғыны Кеуенов  Пансатбек қария (1917-2012 ж.ж.) былай деп еске алады: «Менің  5-6 жасар кезімде  «Жерігенталда» (Сайрамсудың сол жағасындағы жайлау)  «ликбез» (сауатсыздықты жою мектебі) ашылды.   Еркебай  деген  кісінің үлкен   атқорасы  болушы еді. «Қызыл әскерлер»  ат қораны малымен қоса тартып алды. Еркебайдың өзі қашып кетті, Оның  өз кіндігінен  балалары жоқ еді, үйінде  ағайындарының  жетім қалған  балалары жүретін, олар  кетті бытырап, Теңгай деген әйелі бар еді, ол жынданып кетті, ... кейін   көрінбей қалды, өліп қалған  шығар  бір  жерде». (Жоғарыда  айтылған – азамат соғысына қатысқан бір «ағайындар»  тарапынан қудаланған Байтақанұлы  Еркебай -  жетім қалған немере інісі Шыныбекті іздеп шамамен 1930-31жылдары   «Оңтүстік»  ауылына келеді. Бұл кезде, қып-қызыл «белсендіге» айналған әлгі «жауынгерлердің» бірі, Еркебайды  ұстауға ұмтылады, ол  тауға қарай қашады. Соңынан «шолақ  белсенділер» қуып кетеді. Міне, сол кеткеннен, одан еш хабар жоқ, құтылды ма, болмаса, әлгі  белсенділер қуып жетіп өлтіріп тастады ма, ол жағы беймәлім. Авт.).

Жаңа экономикалық саясаттың қызығын халық ұзақ қызықтай алмады. Өлкелік партия ұйымының басшылығына келген Ф. И. Голощекин «ауылды кеңестендіру» ұранымен ауылда тап күресін (ағайындарды бірін біріне айдап салу) шиеленістіру бағытын таңдап алды. Құрылысы рулық қауымға негізделген, қазақ ауылы тұрғындары―ағайындардың арасына түскен  сызат қалыңдай түсті.

Шабындық және егістік жерді қайта бөлу науқанынан кейін  ауылдағы жағдай тіпті шиеленісе бастады. 1926 жылғы көктемде кедейлер байлардың иелігіндегі 1,3 млн. га шабындық және 1,25 млн. га егістік жерді тартып алды.

Дамыған капиталистік елдер тарапынан  экономикалық оқшаулауға (блокада) ұшыраған КСРО –да 1925 ж. желтоқсанда партияның XIV- съезі «Индустрияландыру бағытын» қабылдағаны белгілі. Зауыт-фабрикалар құрылысын жүргізу үшін қаражат керек, ондағы жұмысшыларға азық-түлік керек. Елде   азық – түлік қорлары проблемасын шешу күн тәртібіне қойылды, яғни елдегі (КСРО-дағы) салынып жатқан зауыт-фабрикалардың құрылысшыларын азық-түлікпен қамтамасыз ету  алғашқы кезектің біріне қойылды.

Осы бағыттағы алғашқы қадам ―1927 жылы желтоқсанда болып өткен партияның XV съезі «Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру бағытын»  жариялауы болды. Қазақстанда ауыл шаруашылығын ұжымдастыру ісінің аяқталуы 1932 жылға жоспарланды.Еліміздің  астықты аудандарында колхоз құрылысының негізгі формасы – ауыл шаруашылық артелі, ал мал шаруашылығы аудандарда жерді бірлесіп өңдеу мен шөп шабу жөніндегі серіктестік (ТОЗ) болуға тиіс еді.

1928 жылы қаржы мен жұмыс күшін тиімді пайдалану мақсатында  ауыл шаруашылығын өнеркәсіпке ауыстыру жүйесін қалыптастыру процесі басталды. «Барлық формадағы кооперацияны (бірлесу, ұжымдасу) барынша дамыту саясатын» ұжымдастыру бағытына көшіру көзделді.

1928 жылдың 3 мамыр күні Кремльде  өткен жиында Ф.И.Голощекиннің Қазақстан өлкелік партия комитетінің атынан берген есебін тыңдаған Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партиясының басшылығы өлкедегі болыс, уезд, облыстарды әкімшілік-шаруашылық жағынан аудандастырудың кезек күттірмейтін міндет екендігін атап көрсетті.

Осылайша, 1928 жылы  жаңадан  аудандастыру  іске  асырылды.

Бұрынғы бес буынды (ауыл( село)-болыс-уезд-округ-орталық) басқару жүйесінен төрт буынды(ауыл(село)- аудан- округ-орталық) басқару жүйесі енгізілді.

Келесі қадам ірі байлардың мал-мүлкін тәркілеп, өздерін жер аудару еді.

1928 жылғы 27 тамызда – «Аса ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды кәмпескелеу және жер аудару туралы» декрет жарияланды. Тәркілеу 20 қыркүйекте басталып, 1 қарашада аяқталуға тиісті болды.

Қабылданған декрет бойынша, ірі байларға  көшпелі аудандарда ірі малға шаққанда, 400-ден аса малы барлар, жартылай көшпелі аудандарда 300-ден аса, ал, отырықшы аудандарда 150 бас малдан  жоғары малы барлар жатқызылды. Отырықшы орыс  селоларымен  іргелес отырған  Бадам ауданы отырықшы ауданға жатқызылды.

Бірақ, мұның аяғы «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!» деген ұранға айналып, орташалардың да  малы ортаға түсіп кетті. Тәркілеуге жататын нормаға дейін жеткізу үшін жекелеген отбасы шаруашылықтары әдейі біріктірілді. Қыза келе, бай – кулактар қатарына темір шатырлы үйі немесе 2 аты болғандар да енгізілді.

Ф. Голощекин ауыл мен қоныстарға 4800 уәкіл жіберіп, 31 мың шаруа жазаға тартылды. 1928 жылғы 1 қазан – 1929 жылғы 1 желтоқсан аралығы – 277 шаруа атылды.

Декретте «бай – феодалдар өздерінің мүліктік және қоғамдық ықпалымен ауылды кеңестендіруге кедергі жасайды» деген ұстаным негізге алынды. 657 бай жер аударылып, 145 мыңы тәркіленіп, олардың ауылшаруашылық құралдары – 877 колхозға,  24491 жеке шаруашылыққа бөлініп берілді.

...Халық шет жақтарға қаша бастады.

ОҚО мұрағатында  Бадам ауданынан «мал-мүлкі тәркіленгендердің» барлығының тізімі  бар. Бір өкініштісі, ащы да болса, шындық, жер аудару туралы жарлықтың бәріне Қаз АКСР ОАК-ң сол кездегі төрағасы, жерлесіміз Елтай Ерназаров қол қойған.

1929 жылдың екінші жартысынан бастап республикада колхоз құрылысы жеделдей бастады. Ұжымдастыру мен отырықшыландыруды жаппай жүргізу үшін  орталықтан Қазақстанға 8 мың жұмысшы және 1204 «жиырма бес мыңдықшылар» жіберілді.

Осы жерде айта кету керек, 1920 жылдардың соңында КСРО –да «25 мыңшылар» қозғалысы деген қозғалыс өмірге келді. Оның мақсаты , шеткері ұлттық аймақтарда  «кәмпескелеу», «ауыл шаруашылығын ұжымдастыру»  науқандарын өткізуге зауыт-фабрик жұмысшыларын тарту еді.

Осы қозғалыс аясында, Мәскеу қаласындағы «Красная Пресня» ауданындағы  4-мемлекеттік «Свобода» (1960-80 жылдардағы бет-қол мен аяқ терісінің жарылғанына жағатын кішкене құтыдағы май (вазелин) естеріңізде болар?!) фабрикасы  жұмысшыларының Бадам ауданын шефтік қамқорлыққа алу туралы  Үндеуі жарияланды. Осы үндеу негізінде, кәмпескелеу мен колхоз құрылысын жеделдету мақсатында ауданға    фабриканың  235 жұмысшысы келді.

Аталған науқандарға  жалпы басшылық жасау, осы «25 мыңшылар» қозғалысы өкілдерінің қолында болған. Бадам ауданындағы «кәмпескелеу», артынан «ұжымдастыру»  науқандарын өткізуге  олар құлшына кірісті.

Олар Ресейдегі колхоз жобасын қайталайтын қоныстандыру үлгісін орнықтыруға тиіс болды.

Қарсыласқандарға сол кездегі атақты, ең қатал -58/8 бап пен халық жадында «7 август заңы» деген заңдар қолданылды.

(1927 ж. 25 ақпанда күшіне енген РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58/8 бабы « Кеңес өкіметі өкілдері мен революциялық жұмысшы және шаруа ұйымдарының қызметкерлеріне қарсы бағытталған террорлық әрекет―Жазасы: мүлкі тәркіленіп, «еңбекшілердің жауы» деп жарияланып, өлім жазасына дейін қолданылады».

1932 ж. «7 тамыз» Заңы: Қоғамдық мүлікке қол салу―мүлкі тәркіленіп, ату  жазасына, ал, жеңілдететін жағдайлар табылғанда, мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан кем емес- мерзімге, бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады).

Мұрағат деректері бойынша Сырдария округіне қарайтын 15 ауданнан  89 шаруашылық ( мұны отбасы деп түсіну керек)  мал-мүлкі тәркіленіп,  Орал облысына жер аударылды.Оның ішінде көшпелі аудандардан-27, жартылай көшпелі аудандардан-52, отырықшы аудандардан-10 шаруашылық.

Төменде Бадам ауданында ең алғаш болып, тәркілеуге іліккен азаматтардың тізімін келтіріп отырмыз. Мұндағы Батырбеков Ордабек – Төле бидің ұрпағы, Шойбек датқаның немересі атақты Ордабек болыс.

Бай қожалықтарын тәркілеу

комиссиясының

Бадам ауданы бойынша

өкілі  Жамболовқа

ҚазАКСР  ОАК  мен  ХКК-ң  27.08.1928ж. қаулысына  сәйкес

Бадам ауданы бойынша міндетті түрде тәркіленуге тиісті

азаматтар.

  1. 1. Балпықов Сағатбек
  2. 2. Ниязбеков Заитбек
  3. 3. Қамысбеков Ыбырайым
  4. 4. Манабеков (манақов-болуы мүмкін. Авт.)Сейсенбай
  5. 5. Сұрагелдиев (Сүгірәлиев –болуы мүмкін.авт.) Алдаберген
  6. 6. Шінәлиев Тасполат
  7. 7. Батырбеков Ордабек
  8. 8. Изенбаев (Күзембаев-болуы мүмкін.авт.)Режеп
  9. 9. Мұратов Бәйгебек

Округтік  бай  қожалықтарын

тәркілеу  комиссиясының  төрағасы Макин

 

Белсенділер отырықшыландыруды жоспарланған 3 жылдың орнына 3 күнде аяқтап «жалған колхоздар» құрып, жоспарды «асыра» орындай бастады. Шаруашылықты ұжымдастыру деңгейі үнемі «өсіп» отырды. Егер 1928 жылы Қазақстанда барлық шаруашылықтың 2% - і ұжымдастырылған болса, 1930 жылғы сәуірдің 3 – інде 56,4 % - і, ал 1931 жылы қазан айына қарай 65 % - дай ұжымдастырылды. Нәтижесінде, мұрағаттық деректерге сүйенсек, Бадам ауданында 1930 ж. соңында 104  ұжымшар (колхоз) ұжымдастырылды.

Азық– түлікпен қамтамасыз етудің қиындауына байланысты 1929 жылы  Азамат соғысы жылдарындағы (1919-21 ж.ж.) «Әскери коммунизм» саясаты секілді  «азық-түлік салғырты» (продразверстка) қайта  енгізілді. Мұның мәні-шаруаның үйіндегі азық-түлікті тартып алу. Ал, осы кезде торғайлықтар «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!» ұранын көтеріп жатты. Еріктілік принципі мен қарапайым заңдылықтың бұзылуы әуел бастан – ақ барлық жерге тән сипат алды. Сайлау құқықтарынан айыру, тұрып жатқан жерінен басқа ауданға жер аудару, ұзақ уақыт қамауда ұстау мен қорқыту сияқты күштеу тәсілдері мейлінше дағдылы және кең таралған тәсілдерге айналды. Колхозға кіргісі келмеген кедейлер мен орташалар «бай – кулактар» қатарына жатқызылып, қатал жазаланды.

Оларды қамауда ұстау  үшін 1930 жылы 30 мамырда республика үкіметі жаңа лагерьлер (шын мәнінде - абақты) ұйымдастыруға  Ақмола, Қарағанды округтерінен мерзімсіз, тегін пайдалануға 110000 га жер бөлді.

Отырықшыландыру мен  жекедегі малды қоғамдастыру нәтижесінде, жайылым мен жем – шөптің жетіспеуінен  мал қырыла бастады.

1932 жылғы ақпан айындағы мәлімет бойынша – колхозшы қожалықтарының  87 %,  жекешелердің  51,8 %  малынан түгел айырылды. Зерттеушілердің «Ұжымдастыру қарсаңында – 40,5 млн. мал болса, 1933 жылы 1 қаңтарда 4,5 млн. мал қалды» деп жүргені осы.

Негізгі қорек көзі мал өнімдері болып табылатын қазақ қырыла бастады.

Қазақ зиялыларының өтініштеріне орталық тарапынан жауап болмады. Аштық әсерінен халық санының азаюы жалғаса берді.

Жаппай ұжымдастыру, аштық әсері халықтың көбін көшіп кетуге мәжбүр етті.

Жоғары да айтып өткеніміздей, Қазақ АКСР- і ХКК –нің 1928 ж. 30 тамызында қабылданған  «Қазақстанның көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы аудандарын белгілеу» туралы  Қаулысына сәйкес, жартылай көшпелі аймаққа жататын біздің ел де отырықшылыққа көшуге мәжбүр болды.

Бадам ауданындағы ұжымдастыру

1928 ж. 7 қазанына дейін Бадам ауданында  -5 артель, 2 жер өңдейтін серіктестік құрылды.

1929 ж. 1 қаңтарында  ауданда  9309 жеке шаруашылық болды.

Жекедегі қара мал  саны - 33275, қой  - 194468,  жылқы - 36757 болса,  ал ұжымға біріккен шаруашылықтарда - 902 қара мал, 1275 қой, 386 жылқы болды(ОҚО облыстық мұрағаты: қор-204; жазба-1; Бума-2; Іс-13).

. 1929 жылдың 1 маусымында берілген мәлімет бойынша, Бадам ауданындағы артельдер: «Қаратөбе» артелі  (жалпы жан саны 76 адамнан тұратын  19 отбасыдан құралды), «Диханкөл» ( тиісінше 10―36), «Раушан» (23―89), «Әңгірата» (60―134), «Орта  Бадам»  (26―138), «Бадам-Ақсай» (12―49).

«Ұжымдастыру» қарқыны үдей түсті. Бадам ауданында 1929 ж. 1 қыркүйегінде -10 артель, 2 жер өңдейтін серіктестік болса, 1929 жылдың соңындағы деректер бойынша, ауыл шаруашылық  артельдерінің саны ―51-ге жетті.

Осы жерде БК(б)П Бадам аудандық комитетінің 13.04.1930 ж. болып өткен  бюро отырысының № 84 хаттамасынан үзінді келтірейік...

Қатысқандар: Жолдыбаев, Садуақасов, Ибрагимов, Мырзабеков.

Шақырылғандар: Арипов, Маханов, Жаңабаев, Момынов, Ерденбаев, Бейсенбаев, Тойымбетов, Қадырбаев, Цепков, Сәбитов  және А. Құлмұхамедов бастаған Мәскеу қаласындағы «Свобода» фабрикасының жұмысшылары.

Аудандық комитеттің  секретарі Жолдыбаев бастаған бюро мүшелері, алдымен, 1930 жылдың 26 ақпанынан  бастап, Бадам ауданындағы колхоздастыру жұмыстарын күшейту үшін жіберілген , Мәскеу қаласындағы «Свобода» фабрикасының Ахметсейт Құлмұхамедов бастаған 10 жұмысшысының қызметіне «өте жоғары»  баға береді.

1930 жылдың 13 сәуіріне дейін ауданда 56 колхоздың (артель) құрылғанын, оған 9482 қожалықтың кіргенін, олардың ішінде  батырақтар- 1108, кедейлер саны-6313,орташалар-1796  адамды құрайды, яғни аудан халқының- 96% колхозға кіргендігі айтылған. «Бай-элемент» екендігі анықталып 96 адам колхоздан шығарылған. Ауданда  14310  бас тартатын күш (тягловая сила- сірә, өгіз болса керек. Авт.) бар. Аудандағы партия ұйымының саны-11, партия мүшелері-60, кандидаттар-54, әйелдер-9. Партия мүшелерінің әлеуметтік жағдайы: Батырақ-7, кедейлер-80, орташалар-19, қызметкерлер-7, басқалары-8 адам.

Ауылдардағы мәдени –ағарту жұмыстарына 845 адам тартылған, оның-315-і әйел, жастар-530 адам. Аудандағы мектеп саны-24, сауатсыздықты жою пункті-24, оқу үйі («изба-читальня»)-2, «қызыл бұрыш»-2, балалар бақшасы-2.

Бай-кулактар колхоз құрылысына барынша  кедергі келтіруде (№№14,22 ауылдар).

Партия-совет қызметкерлерін өлтіріп (№24 ауыл),  қастандық жасауда (№28 ауыл).

Бюрода, №22 ауылдағы «Көкбұлақ» колхозы партия ұйымының хатшысы Оспанов деген кісі, жау, байшыл-элемент ретінде қатты айыпталған ( Ол кісінің кейінгі тағдыры бізге белгісіз, сірә атылып кеткен болар. Автор.), осы колхоздағы уәкілдер Егембердиев пен Замятинге сөгіс беріліп, кері шақыртылған.Жіберілген кемшіліктерді жою үшін «Көкбұлақ» колхозына уәкіл болып Жанғазиев деген жіберілген.

Осындай «шаралардың»  нәтижесінде 1930 ж. соңында колхоздың саны 104 –ке жетті (сірә, қосып жазылса керек), 1931 жылдың соңындағы деректерде,  артельдердің саны- 61 деп, көрсетілген.

Бадам ауданындағы колхоздар (1931 ж. соңы)

№№

Шаруашылық атауы

Үй саны

№№

Шаруашылық атауы

Үй саны

1.

Трудовик

68

32.

Жасасын

115

2.

Крестьянин

48

33.

Қарақия

90

3.

Советская степь

59

34.

Еңбекші

100

4.

Путь бедноты

38

35.

Тұрсынай

148

5.

Калинин атындағы

47

36.

Қызыл арық

57

6.

Қызыл Пресня

56

37.

Керейт

91

7.

Төңкеріс

122

38.

Қызылбастау

106

8.

Керегетас

129

39.

Көктәнді

50

9.

Кеңесарық

207

40.

Ленинский путь

55

10.

Белсенді

117

41.

Момынай

137

11.

Ұзын арық

75

42.

Төңкеріс-Октябрь

130

12.

Жаңғыз ағаш

110

43.

Вольная степь

43

13.

8-Март

165

44.

Алтынтөбе

150

14.

Қызыл әскер-5 ауыл

105

45.

Тұрар

94

15.

Қызыл әскер-7 ауыл

207

46.

Крупская ат.

135

16.

Қызыл үй

73

47.

Сайрамсу

?

17.

Алғабас

83

48.

Қызылжалау

?

18.

Әңгір Ата

81

49.

Екпінді

?

19.

Ақбастау

67

50.

Көтерме

?

20.

Қызыл Октябрь

89

51.

Оңтүстік

?

21.

Елтай

88

52.

Карл Маркс ат.

?

22.

Кепесарай

60

53.

Первомаевка

?

23.

Қызылту

46

54.

Дихан жолы

?

24

Жамансай

82

55.

Бұлақ

?

25.

Қараүңгір

50

56.

Новая жизнь

?

26.

Сталин ат.

49

57.

Бірлік

?

27.

Молотов ат.

52

58.

Ленин ат.

?

28.

Ынтымақ

94

59.

Талапты

?

29.

Бостандық

49

?- Үй саны мен екі колхоздың атауы өшіп кеткен (авт.).

30.

Жаңа талап

109

31.

Ықылас Темір

144

 

Ауданда  астық дайындауға (тартып алуға деп түсіне беріңіз) қалай көңіл бөлінгенін төмендегі құжат айқындайды:

Өте құпия

БК(б)П-ң Ленгір аудандық комитетінің 1932 ж. 16 мамырында  өткен  бюро отырысының №46  хаттамасы

Қатысқандар: Аймағанбетов, Горев, Исабаев, Жұмасейітов, Моряков, Лукашевич.

Тыңдалды: Жолдас Моряковтың  23 мамырға дейін, аудандағы бай-кулак шаруашылықтарының дүние мүлкі мен астығын тартып алу (изъятие).

Қаулы қабылданды. Ленгір ауданындағы бай-кулак шаруашылықтарының дүние мүлкі мен астығын тартып алу үшін, аудандық комитет жанынан, құрамында 3 адамы бар комиссия құрылсын: Аймағанбетов (аудандық партия комитеті),  Жұмасейітов( аудандық атқару комитеті), Моряков (ГПУ).

Үштікке жұмысқа кірісе беру ұсынылсын.

Төраға                                                                                                 Аймағанбетов

Хатшы                                                                                                   Хафизов

Малдың бәрін сыпырып алған өкімет, тігерге тұяғы жоқ, әрбір отбасы,астықтан басқа мемлекетке  тоқсан сайын -29 кг. ет тапсыруға міндетті болған.

Бірақ, бәрібір жұмыс қарқын ала қоймады, себебі құрғақшылықтың кесірінен астық шықпай қалды.

Аудандық партия комитетінің 1932 ж. 20 тамызында тапсырған мәліметіне көз салсақ, ауданда астық дайындау 40,8 % орындалғанын көреміз. Яғни, бірде бір шаруашылық жоспарды орындай алмаған. Барлық басшыны соттауға болмайды. Сол себепті, өкімет пен ГПУ-дің (Бас Саяси Басқарма) қаһары, ең артта қалған шаруашылықтардың басшыларына түседі. Аудандағы «Диханкөл», «Советская степь», «Путь бедноты», «Қызыл Пресня», «Елтай», «Алғабас»,  «Интернационал», «Жұлдыз», «Қызыл Октябрь», т.с.с. шаруашылықтардың басшылары орындарынан алынып, істері сотқа тапсырылды.

Қайтсе де, жоспарды орындау мақсатында, аупартком әлгі «үштікке» (әйгілі «тройка») қоса, енді әр шаруашылыққа уәкіл тағайындады. Мысалы, №2 ауылға уәкіл болып, Бекмұратов, Сапуанов, Есбатыров тағайындалды (1932 ж. 28 қарашадағы бюро отырысының № 112 хаттамасы).

Әлдеқалай колхоздан кетпей не тұрақтап қалған шаруаларға алым-салықты шектен тыс көбейтті. «Қайдан тапсаң, оннан тап, қаптың түбін қақ!» деген қиқулы ұран атарман-шабармандардың аузынан түспейтін болды. Сталиншіл жандайшаптар екі сөзінің бірінде момын шаруаға «социализм тұсында сотталмайтын бірде-бір адам болмайды» деп жазықсыз жазалауды күшейтті.

Міне, осы кезең ел есінде «Ұра тап» деген атпен қалды.

Уәкілдер мен белсенділер үй-үйді аралап, үй ішінің астаң – кестеңін шығарып, бұрыш-бұрышты қазып, тінту жүргізді. Халық жаппай ашыға бастады. Біріне бірі сенбеушілік, күдік өріс алды. Әсіресе, жүрісі әлі де болса түзу, бетінің қызылы кете қоймаған адамдар бірден күдік тудырды. Осының үйінде тыққан азығы бар деп олардың артынан, белсенділер аңдитын болды. Құрылған колхоздардың адамдары аштық жылдары қырылғаны қырылып, қырылмағаны босып кетіп, көптеген колхоз тарап кеткен.

Ауыл қарияларының айтуынша, 1932-33 жылдары, нағыз ашаршылық басталып, айналадағы ауылдардың тұрғындары ит, мысық, тышқанды тауысып, адам етін жей бастаған. Ал халықтан тартып алынған астық  поезға тиеп Ресей халқы мен салынып жатқан зауыт-фабрик жұмысшыларына жіберу үшін  Шымкент қамбаларында толып тұрған. Әр колхозға, әр жанұяға белгілі мөлшерде астық және т.б. салықтар салынған. «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» - белсенділер үй ішін астаң-кестең етіп тартып әкететін болған. Олар өзің не жейсің, бала-шағаң қалай күнелтеді – деген сияқты сұрақтармен өз бастарын қатырып, әуре болмаған. Осы, өзіміздің  Төлеби ауданы Кеңесарық ауылында  Н. есімді белсенді өткен. Ол  үйдің ішіне кіреді де, тіке бұрыш-бұрышқа «шаптырып»,  зәр сындырады екен. Зәр тез сіңіп кеткен жерді «Мына жерде ұра бар» деп қаздырады. Егер, жазатайым астық табыла қалса, өлімші болып таяқ жеп, атылмай-айдалмай аман қалсаң құдайыңа  шүкіршілік айтасың.

«Біз ол жылдары Жергенталда тұрдық-деп еске алады Кеуенов Паң қария (1916-2012 ж.). ...Бір күндері үйде талғажау етерлік  бір түйір дән  қалмады, тері бөстек, қайыс тоқым, тартпа сияқтылардың бәрін қайнатып жеп тауыстық. Біз  енді, бір ересектеу ағамыз есіктің алдындағы шөпке , кәдімгі қой сияқты  жайылатын болдқ. Ересектеулеріміз«Мына шөпті же, мынаны жеме, уланып қаласың»- деп ақылын айтып, майда балалардың қасынан ұзамайтынбыз. Тізенің бәрі көкпеңбек болып кеткен, біраз күннен кейін, бәріміз «семіре» бастадық. Бір күні азық іздеп, қаңғып кеткен бір туысымыз бір дорба бидай тауып келді:  Шешеміз сол бидайды аз-аздан қуырып бере бастады. Енді, біз «арықтай» бастадық. Сөйтсек, семірдік деп жүргеніміз― ісініп кеткен екенбіз ғой...».

«Әкем Есебай айтушы еді,  Сайрамсу бойында «Түлкінің сазы» деген жерде отырушы  едік- деп еске алады Есебаев Аралбек (1928ж.т.). Есебай (атақты суретші Бексейіт Түлкиевтің атасы)   бақуат, дәулетті кісі болған.Соны білетін белсенділер  үйдің ішін күн сайын тінткілеп, топалаңымызды шығаратын. Бірақ, қанша тінтсе де астық табылмайды. Сөйтсе, адамнан қулық артылған ба – Есебай ақсақал өзен бойындағы бұлақтардың бірінің арнасын уақытша бұрып, ұра қазып, астықты су өтпейтіндей етіп, жақсылап жасырып, бұлақты  өз арнасына қайта бұрып қояды екен.. Тыққан астық таусылған соң, Есебай  әйелі мен 12 жасар қызы Алтынгүлді алып, тәжік-ауған шекарасынан бірақ шықты. (Алтынгүл Есебайқызы Әліқұлова  бұл күндері - Мақтарал ауданы  «Победа» ұжымшарының 3 бөлімшесінде тұрады)».

Бөртекеев Жолдасбек (1928ж.т.): «Біз аштықтан бұрын ұжымдастыру басталған уақытта атам Бөртекенің бастауымен, алдымен Ангренге бардық. Ангренде құрамалардың арасында  Атай деген ауылдас жігіт ауылкеңес төрағасы еді. Біздің ауылдың жартысы Атайды сағалап сол жаққа кеткен. Біз де өз ағайындарымызға қосылдық. Бірақ, сондағы өзіміздің ағайындардың бірі, құрамалардың малдарын ұрлап сойып, жеп жүргенін сезген, атам «балалар бір пәлеге душар болып қалар» деп, Қырғыз жеріне бастап кетті. Ол жақта да босып, қаңғып жүрген қазақтар, жағдай болмаған соң, тағы да сол атам «өлсек те, ауылға жетіп өлейік» деп кері алып қайтты. Ауылдан жырақтау, Ақсу өзенінің арғы жағында «Масат» деген шағын өзеннің бойындағы «Маматас» деп аталатын үңгірге  5-6 отбасы тұрақтайды. Шөптің тамырын талғажау етіп күнелттік. Бұл өңірде,1932 ж. қатты құрғақшылық болды. Қыстай қар жаумады, жаз бойы жаңбыр түгілі, аспаннан бір шөкім бұлт көрінбеді. Себілген, астық топырақ  құрғақ болғандықтан, өнбей қалды. Есесіне, 1933 жылдың көктемінде әлгі «қодыра» бидай бітіп берді. Әлі  деген көкемнің екі аттық арбасы болатын. Атам өзінің 3 ұлы және Күлшат деген қызы бар, айдың жарығымен жаңағы бидайды орып-бастырып, Ақсудың бойында, ілгеріде «Қан кешу», кейін «Қазына көпір» аталған көпірдің (Қызыл білек ауылының тұсы) жоғары жағында орналасқан «Ізбасардың үңгірі»  дейтін үңгірге көшіп келдік. Сол маңдағы тік құздың түбінен, белге арқан байлап түсіп, топырағын көзге шалынып, күдік тудырмас үшін суға ағызып, ұра қазып, 11 ұра  бидай көмдік. Құдай сездірді ме, енді, атам «Жасым болса келіп қалды, мені өз сүйегіме қосыңдар, өз қорымымда қалайын, ауылға қайтайық. Өкімет алатын нәрсесін баяғыда алып қойды, енді тимейтін шығар, қара басымызда несі бар»–деп айта берді.Ол заманда әртіл (артель) деген болатын,біздің ауыл  әлі колхоз емес еді, оған бір мал қосқан адам ғана мүше болатын. Әкем 2 атының бірін  артельге қосып мүше болды. Ерте көктемде қар енді еріп, жердің ала кезінде, із жасыру үшін қары еріп, қарайған  жерлермен, жүріп отырып, Ақсудың бойына көмген, бидайымыздан әкеп қорек қылатынбыз....

Пошатаев  Қанат «1920-36 жылдар ішінде әкем Пошатай  5-13 жас аралығындағы 14 баласынан айрылыпты, ал аштықтан аман қалған ұлы Қарымсақ Ұлы Отан соғысынан қайтпай қалды».

1930 жылғы қаңтар – 1931 жылғы маусым аралығы – 1 млн. 10 мың адам (281230 шаруа қожалығы)  Қытай, Иран, Ауған жеріне т. б. көшті. Оның 616 мыңы қайтып оралған жоқ, 414 мыңы кейін елге оралды.

Жалпы аштық зардаптарынан 1930 – 1933 жылдары  6,2 млн. адамның  2,1 миллионы өлді. Қазақтардың осы жылдардағы саны 40 жылдан кейін, 1969 жылы ғана қалпына келді.

«Знамя» журналының  89-шы нөмірінде 1928 жылдан бері қарай сол жылдары Совет үкіметі қай елге, қанша астық сатқаны келтіріледі. Онда 1928 жылы 1 млн пұт астық сатылған, 1929 жылы 13 млн пұт сатқан, 30 жылы 48,3 млн. пұт, 1931 жылы қазақтар қырылып жатқанда 51,8 млн пұт астық шетке сатылған. Онымен қоймай 1932 жылы 18 млн пұт астық сатылған. ...Ең болмағанда бір жылғы сатқан астықтың жартысын берсе, сол ашаршылық кезіндегі халықты аштан сақтап қалуға болатын еді.... Мұның бәрі халықты қыру үшін әдейі қолдан жасалған геноциді жоспары дейді,ғалым Әркен Уақ (1930-2003) 2002 жылы Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Сұхбат Азаттықтың мұрағатынан алынды.

Бадам ауданында 1930 ж. соңындағы 104  колхоздан  ашаршыдықтан кейін, 1935 жылы  29 колхоз  ғана қалған.

Біз жоғарыда  сол алапат аштықтан тірі қалған азаматтарымыздың естелігін келтірдік. Ал қаншама адам қырылды, қаншама адам босып кеткен жағынан қайтпай қалды?

Оның дәл санын енді бізге ешкім айтып бере алмайды.

...Бірақ,  екі көзің біріне бірі дұшпан болып тұрған  осы  зұлмат заманның өзінде, қолына тиген азын-аулақ билікті  ел мүддесіне пайдалануға тырысқан азаматтар да болды. Олардың бірі – 1931-34 жылдар аралығында облыстық «Облпромсоюз» мекемесінде төраға орынбасары болып қызмет атқарған Айнабек Ақынбеков атты азамат. Оның  тәркілеу және аштық  жылдары  Кеңес өкіметінің «көзін ала беріп»  ағайынға қалай көмектескені өз алдына бөлек әңгіме.

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ тарихшы. Шымкент қ.

0
4600
0