Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов42 подписчика
Всяко-разно
0
13:14, 18 сентября 2012

CАҒЫНЫШ

Blog post image

Ұйқыдан ояндым. Таңғы сағат - 7.30. Терезе ашық қалыпты. Далада жаңбыр құйып тұр екен. Түн тыныштығын бұзған ақ жауынға теріскейден салқын жел қосылса керек, үйдің іші суып кеткен. Жаураған тәнім жаралы жүрегімді одан бетер жабырқата түсті. Суық өң, суық төсек, суық бөлме... мен үшін бәрі суық...

Сағыныш атты дерт оттай жанып кеудемді өртеп барады. Тек көнуден басқа амалым жоқ. Өмірімнің онымен өткен күндерін есіме түсіріп, қайта оралмасын мойындайтындаймын. Бірақ пенде шіркін, қанағаттанған ба, жүрегімде сәлде болса да ол күндер қайтып оралар деген үмітім бар. Бала күнімде “Шын сүйгендер қосылмайды” деген сөзді естігенде «неге олай екен?» деп ойланатынмын. Ақиқатында, шын сүйгендер өмірде бір болмайтынына ақыры көзім жетті.

Оның туған айдай көркем келбеті, қайнар бұлақтың үніндей сыңғырлаған сұлу күлкісі әлі есімде. Мен оны ұмытқан емеспін... ұмыта алмаймын да! Жанымнан жырақ кеткеннен бері қаншама күндер сынаптай сырғанап өтті десеңші?! Онсыз атқан әрбір таң мен үшін сәруар сағынышқа толы. Қолынан ұстап, маңдайынан бір иіскеу мен үшін мұң мен арманға айналды. Мен оны қалай сүйетінімдігін еш бір тіршілік атауы жеткізе алмас. Жатсам да, ұйқыдан тұрсам да, алысқа ұзап кетсем де, жабырқасам, күлсем де елесі көз алдымда.

Бүгін тағы түсімде көрдім. Екеуміз бақтың арасында адамдар салған соқпақ жолмен қол ұстасып кетіп барады екенбіз. Ол бақта бізден басқа тірі жан болмады, тек екеуміз ғана. Сағынғаным соншалықты, албырт сезімге толы құшағымнан аңсаған аяулымды бір сәтке босатқым келмейді. Бір-бірімізді қатты сағынғанымызды айтып, ол маған енді мені тастап кетпейтіндігі туралы уәде етіп жатқанда оянып кеттім. Әттең, бұл бар болғаны түс екен! Түс!

Бөлмеде бір минутта қалғым келмейді. Түсім бәлкім, шындыққа айналып қалар деген үмітпен далаға шығып кеттім...

Түсімнің аян екеніне сенгім келгені соншалық, қолыма қолшатыр алуды да ұмытып кетіппін. Жаздың жаймашуақ күндерінің бірі. Бірақ, толассыз жаңбыр жауып тұрғаннан кейін болар, дала суық. Мен оның тұратын үй жағына қарай бет алдым. Үй маңынан әрлі-берлі бірнеше рет өттім. Кездестіріп қаламын ба, деген сеніммен алды- артыма жаутаңдап қарайлаумен кері қайттым.

Жаңбыр жуған көшемен келе жатырмын. Жалғыз. Жан баласы көрінбейді. Жанарымнан тамған жасымды жаңбырдың тамшылары жуып кетуде. Ұшы-қиыры жоқ көк аспан маған жаны ашып, бірге қосылып еңкілдеп жылап тұрғандай. Арасында тіл қатқысы келетіндей, тарс-гүрс дыбыстар шығарады...

«Жалғыздық құдайға ғана жарасады” дейді. Бірақ мен жападан дүзде жалғыз қалған қанаты жаралы құс секілдімін. Биікке самғағым келеді. Алайда, шыңырау шыңға ұшып кетуге құстың сынық қанаты қалай шыдасын?! Майып болған қанатына қарамастан біраз биікке ұшып барып, қайта төмен құлайды. Оның өмірге деген сүйіспеншілігінде шек жоқ. Ақымақ құс қанатының қайрылғанын сезбейтіндей, бұрынғыдай еркін самғап, шартарапты шарлап ұшып кетем деген үмітімен бірде жоғары, бірде төмен құлап, шыр-пыр болып жүр...

Үйге келіп, ауқаттануға еш тәбетім соқпады. Шіркін-ай, түсім жалғасын тапса ғой деген қиялмен жатып, ұйықтап кетіппін. Ертесі оянып, екінші рет енді ол түстің жалғасы болуы мүмкін еместігін түсіндім.

Кейде «Әттең, қасымда болсаң ғой шіркін, меннен өткен бақытты жан болмас еді. Адам ұмытылады, сағат тоқтайды, ағаш шірімей ме өмірде?! Егерде сен мені ұмытқан болсаң, мен сенсіз өткен әрбір минутты ұмытқаным жоқ. Саған деген асқақ махаббат сезімім, сағынышым, сәби кезімдегі бесік басында айтылатын ертегідей, ешқашан орындалмайтын арман болып қала берді....» деп жар салғым келеді жаһанға...

 
0
2182
0